• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

04 Мамыр, 2017 NEWS

Көлігіңнің нөмірі мықты болса, төлейтін салығың да қомақты

Енді жол полициясының бірде-бір қызметкері жүргізушілердің өзін фотосуретке және бейнекамераға түсіруіне қарсы шығып, тыйым сала алмайды деп...

Енді жол полициясының бірде-бір қызметкері жүргізушілердің өзін фотосуретке және бейнекамераға түсіруіне қарсы шығып, тыйым сала алмайды деп хабарлайды Қамшы  ақпараттық агенттігі abctv.kz-ке сілтеме жасап. 

Бүгін үкіметтің жалпы отырыстарында мәжіліс депутаттары қолданыстағы «Жол қозғалысы туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» жаңа заңның жобасын екінші оқылымда қабылдап, сенатқа ұзатты.

Палатаның заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусиннің айтуынша, бұл заңнамалық түзетулерді мәжілістегі «халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары әзірлеп шығыпты.

Бұл заңның елді елең еткізген бір жаңалығы бар: ол Қазақстанда ел арасында «блатной» деп аталатын «беделді» автокөлік нөмірлерінің тізімін кеңейтеді.  «Сыбайлас жемқорлыққа алып келетін шарттарды жою мақсатында «беделді» деп аталатын автокөлік  нөмірлерінің тізбесі кеңейтіледі. Бұлар бойынша да енді жоғарылатылған мемлекеттік баж салығы алынатын болады», – деп қысқа қайырды Қанат Сергейұлы.

2014 жылдан бері елімізде 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 секілді «сиқырлы» сандары бар мемнөмірлер «беделді» деп саналып, оларға 300-400 мың теңге көлемінде жоғары баж салығы салынады. Сонымен бірге бүгінде қазақстандықтар арасында «www» секілді тек сандары ғана емес, сондай-ақ әріптері де «тартымды» нөмірлер кең сұранысқа ие бола бастады. Оларды мысалы, қазірден-ақ Астана көшелерінен көруге болады. Бұлар заңнамалық реттеуден тыс қалғандықтан, мемлекетке еш алым түспейді. Бұл олқылықты жою үшін осындай түзету енгізілуде. Тиісінше, осы заң қабылданғаннан кейін үкімет ондай нөмірлер үшін де жеке төлем жасауды талап ете алатын болады.

Айтқандай, көрші Ресей де Қазақстан үлгісінде «крутой» автонөмірлерді сату тәжірибесін енгізудің қамын жасауда. Әзірше, дәл қазір Мәскеудегі ең қымбат әрі беделді автонөмір – «ННН 777 77» болып отыр. Оны иесі 10 миллион рубльге сатуда.

Ал әлемдегі ең қымбат автокөлік нөмірін 2008 жылы аукционда 14 миллион 211 мың долларға Абу-Даби тұрғыны Саид Абдул Гафур Кхури сатып алды. Нәтижесінде жалғыз ғана «1» саны бар автонөмір оны «Pagani Zonda» маркалы «темір тұлпарына» тағылған.

Жалпы, бұл заң арқасында басқа да жаңалықтар өмірге жолдама алады. Мысалға, қазіргі кезде полиция қызметкерлері тоқтатқан жағдайда, жолаушыларға көлік құралын тастап шығуға тыйым салынады. Бұл дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес, енгізілген норма еді. Айталық, АҚШ-та егер тоқтатылған көліктен рұқсатсыз әлдекім шыға бастаса, полицей оған қарсы еш ескертусіз оқ жаудыруға құқылы. Осылайша, Батыста тәртіп сақшыларының өмірі мен денсаулығы қорғалады.

Алайда Қазақстан тәжірибесінде бұл норма халықтың үлкен наразылығын тудырды. Өйткені мәселен, таксиді жол сақшысы тоқтатса, оның ішіндегі клиент уақытын жоғалтпай, басқа көлікті ұстап алу үшін шыға алмай қалатын болды. Сондықтан парламентшілер жаңа заңмен бұл талаптың күшін жоюда.

Жұртшылық тарапынан көңілтолмастық тудырған тағы бір шектеу – жүргізушілерге елді мекендердің көшелері мен жолдары бойында автокөлігін қоюға тыйым салу болды. Қалаулылар бұл норманы да қолданыстағы заңнамадан түп-тамырымен жұлып алып тастауда. Себебі, мұндай шектеу енгізердей Қазақстанның елді мекендерінде тиісті инфрақұрылым, автотұрақтар жүйесі дамымаған. 

Мәжілістегі талқылау барысында заң жобасына жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша түзетулер қабыл алынды. Атап айтқанда, мас күйде көлік айдағандар мен мастығы бойынша куәландырудан өту туралы заңды талапты орындаудан бас тартқандар үшін енді жүргізу құқығынан айыру жазасының бірдей мерзімі (үш жыл) белгіленеді. Яғни, дәрігердің тексеруінен өтуден бас тартқандар автоматты түрде мас күйде көлік жүргізгендерге теңестіріледі.

«Жүргізуші куәлігінен айыру жазасы белгіленіп, енді мүгедек-жүргізушілерге де көлік жүргізу кезінде спирттік ішімдіктер ішуге тыйым салынады», – деді Қанат Мусин.

Бұл заң арқылы бұдан былай жол бойындағы немесе жол үстіндегі белгілерде көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін белгіленетін әкімшілік айыппұлдар көлемі төмендетілмек. Бұл арзандаулар 14 әкімшілік құқықбұзушылық құрамын қамтымақ. Әйтпесе, бұған дейін қоғам өкілдері мен сарапшылар Қазақстанда салынатын айыппұлдар көлемі тым қатаң екенін және халықтың табатын табысының деңгейіне сәйкес келмейтіндей аса жоғары екенін айтып, дабыл қаққан еді.

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің басшысы Игорь Лепеханың түсіндіруінше, жолдағы апаттық жағдайға ықпал етпейтін ереже бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдар мөлшері кемітіледі.

  «Ережені өрескел бұзушылықтар бар және олар жолдағы апаттық жағдайдың деңгейіне әсер етеді, біз олар бойынша айыппұлдардың төмендеуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Сонымен бірге «стоп-линияны» кесіп өту секілді қасақана емес бұзушылықтар да бар. Жерде қар жатқанда, жолға мұз қатқанда ол сызықты байқамай, метрдей алға шығып кетуі де ықтимал. Бұл жерде біз айыппұлды 5-тен 3 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 6 мың теңгедей) азайтамыз», – деді Игорь Лепеха.

Сондай-ақ мүгедектерге арналған тұрақ орнына көлікті қою үшін де жаза жеңілдетіледі. «Қазіргі уақытта ол үшін 50 АЕК (шамамен 100 мың теңге) айыппұл қарастырылған. Біздіңше, бұл басқа баптармен салыстырғанда, тым қатал. Бұл бағытта да елеулі төмендеу күтілуде. Біз сондай-ақ жылдамдық режимін сағатына 10 шақырымға асырып жібергені үшін де қатаңдық таныту қажет емес деп санаймыз. Кез келген, тіпті тәжірибелі әрі адал жүргізуші де ойланып кетіп, не әлденеге елеңдеп, 60 шақырымдық режім орнына 70 шақырыммен жүріп өтуі мүмкін. Мұны да жұмсарттық» деді ІІМ бейінді комитетінің төрағасы. Сондай-ақ депутаттар күндіз шам-фарын жағып жүрмеген жүргізушілерді де бірінші жолы жазаламауды, тек ескерту жасауды сұрады.  

Заң жобасы бойынша көліктің қорап-кузовына аэрографиялық үшөлшемді суреттерді салу да бұдан былай оны пайдалануға тыйым салу үшін негіз болып табылмайды.

Депутаттық түзетулерге сәйкес, енді құжаттарды тексеру құқығы бар құзырлы тұлға көлікті тоқтатса, жүргізушіге оны фото және видеоқұралға түсіруге рұқсат етіледі.  Алда бұл заң жобасын сенат депутаттары талқыға салатын болады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір