• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:11:35
Алматы
+35°

04 Мамыр, 2017 NEWS

ОРЫСША АРАЛАСТЫРЫП СӨЙЛЕУГЕ, ӘСІРЕСЕ, «ҚАТЫН-ҚАЛАШ» ҚҰМАР КЕЛЕДІ

Мәскеу басқарған Кеңес Одағы заманында көршілес, тілі бір, діні бір бауырлас ұлттарға қарағанда тілінен, салт-дәстүрінен, ұлттық сана-сезімінен көбірек айрылып...

Мәскеу басқарған Кеңес Одағы заманында көршілес, тілі бір, діні бір бауырлас ұлттарға қарағанда тілінен, салт-дәстүрінен, ұлттық сана-сезімінен көбірек айрылып, көбірек орыстанып кеткен ұлттың бірі – қазақ екені рас. Әсіресе, өз ана тілінен, ата-баба дәстүрінен мүлде безіп кеткендер де бізде көбірек болды. Бұл жеке тұлғаның ғана мәңгүрттенуі. Ал тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып кеткен қазақ ұлты өз жерінде егіліп, өз жерінде орылып, өзі диірменге тартып  пісірілген нанының өзін «московский», «бородинский», «белый русский», «крестьянский» тағы-тағы деп неліктен орысша атайтыны туралы ойланып көрдіңіз бе? Бұл жеке тұлғаның емес, тұтас ұлттың мәңгүрттенуі емес пе? Егер сіз ұлттық санадан, ұлттық намыстан жұрдай мәңгүрт болмасаңыз, өз наныңызға өзіңіз орысша ат қойып жеп отырмас едіңіз ғой. Ал, сіз өз еліңіздің нанына немесе басқа бір тағамына орысша ат қоюдың аржағында қандай әнжілік саясат жатқанын білесіз бе? Бұның аржағында бұл «наш русский хлеб», «наш московский», «наш бородинский хлеб», так что қазақтың нанын жеп отырсың деп шалабыңды шайқамай-ақ қой деген ішкі арам пиғыл жатқанын аңқау қазақ түсінбейді. Шовинистік, империалистік сол саясатты түсінбек түгіл дүкенге келген қазақ атаулының «бір булка беріңіз», «булочка қандай», немесе кәдімгі күлшені, «лепешка», көмешті «кирпич нан», «пирожок» деп тілін қырық бұрап тұрғанын көресіз. Сондайларға қарап тұрып, «апыр-ай, осы біз анау мәңгүрт, мынау мәңгүрт қой соны қойшы» деп жеке адамдарды күстаналап жатамыз, ал шынында тұтас ұлт ретінде, яки, түп-түгел ұлттық санадан, ұлттық намыстан айрылған мәңгүрт ұлтқа айналып,  соны байқамай жүрген жоқпыз ба?-деген үмітсіздік уайымға түсіп кеткеніңді де сезбей қалады екенсің. Әлде надандық па, әлде әйел жынысты пенденің қаңсыққа таңсықтығы басым бола ма қайдам, әйтеуір жаңағыдай орысша араластырып сөйлеуге қазақтың жалпақ тілімен айтқанда әсіресе «қатын-қалашы» құмар келеді. Солар кәдімгі төрт бұрышты көмеш нанды «кирпич» деп тұрғанда ең киелі, ең қасиетті тағамды қорлап тұрмын деп ойлай алмайтыны, ұлттық сана, ұлттық намыс дегеннен махұрымдығы ішіңді ит тырнағандай етеді. Ал өзімізбен күнделікті ыдыс-аяғына шейін араласып кеткен ұйғыр халқы базарға апарып сататын алақандай нанына «учпұшмақ» яғни «үшпұшпақ» деп ат қойып алған. Егер соны қазақ пісіріп сататын болса оны «треугольник» дей ме Құдай білсін!

         Қазақ  енді өзі қысы-жазы арқа еті-арша, борбай еті-борша боп асырап-баққан малының етінен жасалған тағамдарға да орыстың, украинның, ата-бабасы түгіл өзі көзімен көрмеген ағылшын, тай, француз сияқты ұлттардың тағамының атауын беретін болды. Әйтпесе, сонау Шалқардағы – Шөмішбайлар, Шұбартаудағы – Шерхандар қыс-аязға қарылып, жаз-ыстыққа ысталып жүріп бағып-қаққан жылқысының шұжығын «колбаса Московская», «Киевская» деп, өзінің есігінің алдындағы ақбас тұқымды сиырынан сауып алған сүтіне «Мумуня», «Крестьянская», «Зорькин луг», «Одари», «Мое молоко», «Домик в деревне» ал балтамен шауып жемесе тіс өтпейтіндей етіп қатырған ірімшігіне «голландский» т.т деп ат қойғаны несі? Қазақ баяғыда жылқы, түйе, сиырын ірі қара деп жалпы атаумен атайтын. Қазір сиырын орысша «крупный рогатый скот» дегеннен тәржімалап «мүйізді ірі қара» дейтін болды. Бұл енді қазақтың өзі түгіл тілінің де орысшадан тәуелсіздік ала алмаған отар тіл қалпында қалғанын көрсетіп-ақ тұр. Қазір асханаға барып «сорпа бар ма?» десең «говяжий», «баранина» бар дейді. Базарларда сиыр етінің үстінде «Говядина», жылқы етінің үстінде «конина», қой етінің үстінде «баранина» деп жазулы тұр және солай жазып қойып сатып отырғандардың бәрі қазақтар. Олар жылқының, сиырдың жілігін жілік демейді, «лытка» дейді.

         Иә, ақыл-есі түзу ұлт та, сол ұлттың ақыл-есі дұрыс адамы да өз жерінде өзі бағып-қағып өсірген малдың еті мен сүтінен, өзі егіп өзі пісірген наннан жасалған тағамды өзін ғасырлар бойы езгіде ұстап келген ұлттың тілінде айтпаса керек. Амал не. Әрине, бұның бәріне жәй қаратабан қазақты кінәлауға болмайды. Бұл сірә, бүгінде бүкіл билікті де, байлықты да қолына алып алған кешегі кеңестік отарлық санадан арыла алмай, әлі де  Ресейдің қолшоқпары күйінде қалып қойғандардың кінәсі болуы әбден мүмкін. Ондайларды қазақ «күшігінен таланып қалған» дейді. Олардың құлдық мінезден құтылуы екіталай. Біздің бұндай зар-запыранға түсетінімізді қайран бабаларымыз Ресей қазақ даласына дендеп кіре бастағанда-ақ байқаған екен. Сонау заманда-ақ Кіші жүз Тілеу руынан шыққан Сарышолақ шайыр Боранбайұлы орыс отаршылдары елін де, жерін де, тілін, дінін де жалмауыздай жалап-жұқтап, бүлдіріп ойына келгенін істеп баратқанын көргенде

         Әулие Мөңке айтқаны

         Айнымай келді алдыма

         Бағымның неден қайтқаны

         Құдайдың көңілі қалды ма

         Елімді билеп барады

         Кешегі келген қаңғыма,-деп күйініштің уын ішкендей зар төгеді. Ал ұрпағының тілі шұбарланып, орысша сөйлегенді сән көріп жүргенін аңдаған Әбубәкір Кердері «Тілі екеудің – діні екеу» деген әулиелік сөз қалдырды артында. Олардың да бержағында өз елінде қолда бар байлығынан, жер-суынан, тілі мен дінінен, ата-салтынан айрылып баратқан ұлтының басшыларының бейқамдығын, тіпті, өз халқын Ресей ұлықтарының табанына салып беріп отырғанын көрген, қарулы орыс жасақтарына қарсы тұра алмай Қарақалпақ асып бара жатқан Есенгелді Ақпан жырау:

         Шер-шемендей қайнайды-ау

         Көкіректің санасы-ай,

         Санасыз болып барасың

         Сары қазақтың баласы-ай

         Орысқа елін жем қылған

         Билердің аузы аласы-ай,-деп ат жалын құшып тұрып еңіреп жылапты дейді әкелеріміз. Сол Ақпан жырау атамыз бүгінгі орысша сөйлеп, орысша ойлайтын қазақ министрлер, қазақ заңгерлер немесе қазақ банкирлер сияқты ешқандай юрфак, ешқандай экономфак бітірген емес. Ол ешқандай саясаттану, философия ғылымдарымен айналыспаса да сол кезде Ресей жақтан қазақ даласына баса-көктеп келіп жатқандар онысымен қоймай қазақтың жас ұрпағын, ұл-қызы, ұлттық санасынан айыруға, тілінен, салт-дәстүрінен айыруға күш салуда екенін сол кезде-ақ аңғарды. Айырғаны, ұрпағымыздың санасызданғаны емей немене бүгінгі ұл-қыздарымыз қазақтың қымыз, қымыран, шұбат, айран, іркіт, шалап, ірімшік, құрт, қаймақ, кілегей, сүзбе, сықпа, торта, малта, сарысу т.б. сияқты сүт тағамдарын да білмейді. Асылған етті «бешбармак» деуді ғана білетін қазақ жастары сол қазақта еттен бастап, қазы, қарта, жал-жая, сүрет, бұж, әсіп, қуырдақ, үзбен, қақпыш (қақталған ет) т.б сияқты ет тағамдары бар екенін, орыста соның жүзден бірі де жоқ екенінен бейхабар. Олар атауының өзі ерсі амлет, котлет француздікі, хот-дог (ыстық ет дегенді білдіреді), коктейль (әтештің құйрығы деген сөз) ағылшындікі, ал борщ украиндікі екенінен де бейхабар. Біз жастайынан өз ұлтының тағамының дәмін татып өспеген ұрпақ ешқашан ұлтжанды, отансүйгіш азамат боп өспейтінін естен шығармауымыз керек. Біздің Ресейден азаттық алдық деп той-тойлап шуылдағанымызға 25 жылдан асып кетті ғой. Ендеше, бүгін осындай әңгіме көтеріп, өз жерімізде өз нанымыз бен өз ет-сүтімізді қай тілде атайтынымызды талқылап мақала жазып отыруымыздың өзі кісі күлерлік іс емес пе? Ал, қазір бірін-бірі «братаным», «сестренкам», «моншаны», «баня» деп атайтын қазақ бүйте берсе, көп ұзамай нанды-хлеб, етті-мясо деп атайтын бейшаралық күйге түспесіне кім кепіл?! Украинада орыс тілінде сөйлеуге, теледидар арқылы орысша хабар таратуға тыйым салынды. Өйткені, олардың тілі мүлде жойылып кетудің аз-ақ алдындағы күйге түскен. Эстония, Молдова, Литвалар да сөйтіп жатыр. Олардың тілі, салт-дәстүрі бұзылмаған күйінде сақталып қалса да сөйтуде. Мына тұрған Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанда орыс газет-журналдары жоқтың қасы, ал телеарналары түгелге жуық өз тілінде. Олардікімен салыстырғанда біздің тіліміз де, ұлттық салт-дәстүріміз де, тіпті ұлттық санамыз да орасан зор өзгеріске ұшырағаны рас. Ендеше не істемек керек? Бұл мәселені қолға алуды кімге, кімдерге тапсырамыз?

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір