• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:42:28
Алматы
+35°

05 Мамыр, 2017 Айтты-ей, бауырың!

Көлік кептелісін асханадағы кезекпен салыстырудан не ұтамыз?

Жұмыс уақытын әр түрлі етудің пайдасын бір ғана қарапайым мысалмен түсіндіре кетсем.

Жұмыс уақытын әр түрлі етудің пайдасын бір ғана қарапайым мысалмен түсіндіре кетсем.
Мәселен, Сіздерде жұмыста түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін. Сіз де әріптестеріңізден қалмай түстенуге 13:00-де асханаға барасыз. Кезекте тұрған жұртты көресіз. Өйткені олар да ешкімнен қалмай 13:00-де шыққан. Ал қызмет көрсетуші, даяшылар, кассирлердің саны өзгермейді, таңертең де, түсте де, кеште де сол персонал. Ал егер сіз 13:00-ге дейін немесе 14:30-дан кейін асханаға барсаңыз асханада кезек болмайды. Еркін келіп, еркін кетесіз. 
Қала мен жолдардағы кептеліс те тура осылай:
Мысал үшін жоғарыда айтқан Сіздің жұмыс орныңызды "қала" деп, асхананы "жұмыс орныңыз" деп, ал персоналды "жолдардың өткізу мүмкіндігі" деп алып қарасаңыз бәрі де ап-айқын.
Қала халқының барлығында дерлік жұмыс таңғы сағат 09:00-да басталады, кешке 18:00-де аяқталады. Жұмыстан кешікпес үшін олар бәрі бір уақытта жолға шығады, бірі өз көлігіне мінеді, бірі автобусқа мінеді, әйтеуір бәрі жолға шығады. Осы кезде кептелістің көкесі басталады. Қайтқанда да осы картина. Ал жолдардың өткізу мүмкіндігі сағатқа қарап өзгеріп кетпейді. Түсте 2 жолақ жол, таңғы және кешкі кептелістерде 4 жолаққа айналмайды. Сол қалпы қалады (персонал өзгермеген сияқты).
Ал егер әкімдік ұсынған өзгерістерді алып қарасаңыз, қала халқы біркелкі емес, әркелкі жұмыс, оқу, қызметтерін бастайды. Демек, олардың жолға шығу уақыты да әркелкі болады. 
Бір ғана мысал, ЖОО және колледж студенттері таңғы сағат 8-де елмен жағаласып сабаққа барғанша, асықпай 10-да барған әлдеқандай тиімді емес пе (олар бәрібір бірінші пардан қалып жүреді). Астанада 80 мыңға жуық студент барын ескерсек, осынша жолаушы негізгі көлік ағынынан 1-2 сағаттан кейін шығып, көшелердің жүктемесін азайтады деген сөз.
Автобус жолақтарына қатысты. Қала тіршілігінде, басымдық бірінші кезекте қоғамдық көлікті пайдаланушыларға берілген. Одан кейін вело және жаяу жүргіншілер, ең соңында автокөлік жүргізушілері. 
Ойлаңыз, көшенің бір бөлігінде 70 жеке көлік тұр делік, әрқайсының ішінде 1-2 адам, ары кетсе 3-4 адам. Ал автобуста 70-90 адам кетіп бара жатыр. Қала үшін 70 көлік емес, 1 автобустың жетер жеріне кешікпей әрі қауіпсіз жетуі маңызды. Паркинг те солай, парковка да солай, көлік алдың ба, комфорт керек пе, шыдайсың. Ұнамаса автобуспен жүр. 
Ол үшін де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Міне, тағы 380 су жаңа автобус желіге шықты. Қаланың автобус паркі жыл сайын жаңартылып, қоғамдық жолаушылар тасымалы қызметі күннен-күнге жетілдіріліп келеді.Бұның бәрі де бірінші кезекте қоғамдық көлік пайдаланатын жолаушылар үшін.
Мектепке бала тасыған ата-аналарға келсек. Қазір қала мектеп автобустарын көбейтіп, оларды жолға жүйелі түрде шығарып жатыр, мектептерде бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Одан бөлек қалада қалалық такси қызметтерінің арзан бірақ сапалы қызмет етуі үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түсінген адамға қазір жеке көлік ұстауға кететін шығын аз емес. Ол туралы Елбасы да жақсы мысал келтіріп, айтып берген болатын.
Астанадағы көліктің саны 3-4 есе емес, 10 есе өскен. 2000 жылдары елордада 40 мың көлік тіркелген болса, қазір 400 мыңнан асып барады. Бұл үрдіс күннен күнге өсіп келеді.
Егер осы айтылғандардың бірін атқармай, жеке көлік иелерінің қалауынан шығу үшін жағдай жасай беретін болсақ, шынымен де Еуропа бола алмаймыз.
Ал Еуропаның дамыған елдерінде (бүкіл Еуропа деп айтуға келмейді, өйткені ол құрлықта да мәселелері шешілмеген елдер көп) тура осындай шешімдер қабылданып, реформалар жүргізілгендіктен қазіргі жағдайға жетіп отыр. Американың, Еуропаның дамыған елдерінің қоғамдық көлік тасымалы, көше мәдениеті тағы басқа жүріп өткен жолдарын парақтап қарап көріңіздер, бәрі де қазіргідей керемет боп кетпеген. Олар да ақырын-ақырын, біртіндеп өзгерістер енгізіп, заманына сай тиісті шаралар қабылдап осы күйге жеткен.
Абай айтпақшы, "Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз" демекші, Еуропаны көріп отырып, оның жолын қайталамасақ, онда бұл мәселе одан әрі ушыға да, күрделене де береді.
Сондықтан, ертеңгі күнгі комфорт үшін, бүгінгі күнгі өзгерістерді қолдау керек. Ал қала тіршілігі осында өмір сүріп жатқан әр тұрғынға қатысты.

 

Жомарт Айқазы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір