• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:19:18
Алматы
+35°

05 Мамыр, 2017 NEWS

«АЛАШ-ОРДА» ДЕП АЙҒАЙЛАҒАНМЕН ҚАЛДЫРҒАН ҒЫЛЫМЫН ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

Биылғы атаулы Алаш орданың 100 жылдығына орай Алаш орда үкіметі, қозғалысы, әскері және қайраткерлері жайында әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, БАҚ-тарда...

Биылғы атаулы Алаш орданың 100 жылдығына орай Алаш орда үкіметі, қозғалысы, әскері және қайраткерлері жайында әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, БАҚ-тарда мақалалар, тарихи тағылымдар жарияланып жатыр. Негізінен бұлар Алаш ордаға тарихи, әдеби, саяси-экономикалық тұрғыдан баға беруге бағытталған. Ал алаш ардақтылары білім мен ғылымға қандай, қай деңгейде үлес қосты деген сұраққа нақытылы, тұшымды жауап пен ол жайында жазылған еңбек жоқтың қасы десек те болады. Осыны арнаулы зерттеу тақырыбы ретінде алып, айналысып жүрген жан да көрінбейді. Осы тақырыпта әңгіме қозғалса айналып соғатынымыз ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы, теміржолшы – Мұхаметжан Тыншпаев, дәрігерлер - Халел Досмұхамедұлы мен Санжар Аспандиярұлы т.б.

Кейбір баспасөз беттерінде Алаш қайраткерлерінің ағарту саласындағы ізденістері немес қызыметтері деп мақалалар берілгенімен мардымды ештеңе жазбай, қайтадан тарихи тұрғыдағы «малтабар мазмұнға» бойлайды.

«Басқаларды жазғыра бергенше, басың жетсе өзінің неге жазып жарытапйсың?» деген ой келері хақ бұндай да оқырманға. Ия жазуға болады, бірақ бұл тарих, ұлт, аруақ алдындағы жауапкершілігі аса күшті міндет. Оған шынымен берілген, кешенді білімі бар жан керек. Сондықтан да бұл тақырыпқа алаштанушылардың қаламы тартылмай жүрген шығар. Дегенмен, алаштанушы ғалымдар мен билікке қарап отырмай, бұл мәселені көп болып көтеріп, кемдіктің орынын толтырудың тағы басқа жолдары да бар. Ол әр сала, әр азамат өз бойына алаш рухын сіңіру. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей қайраткерлердің аққан қан, төккен терінің жемісін ұлықтау.

Ия, сонымен, биылғы еліміз үшін ең атаулы «әп бәле дегізетін де , әттеген-ай дегізіетін де» қуанышы мен жұбанышы ортақ тарихи жылнама Алаш орданың 100 жылдығы болса, тек алаш жұрты емес, адамзат үшін қасіретті жылнама ол Қазан төңкерісінің 100 жылдығы. Соңғысын қоя тұрайық, себебі, ол жайында ешқандай тарихшы мен саясаткер мардымды бірдеме айтып баға беріп жатқан жоқ. Қазір жалпақ жұрт жалпы үрдіске айналдырып, біреулер одан шындық, біреулер шынайы елге қызмет тауып, енді біреулер «атақ» үшін, біреулер «ас» үшін әрекет пен әңгіме еткен – Алаш ордаға келейік. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, бізде жұрттан қалмайық деп, әл-Фраби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология фаультетінің 3 курс ағылышын тобына осы – «Алаш орда - білім және ғылым» атты тақырыптағы тәрбиелік, патриоттық іс-шарасын өткіздік.

Осы іс-шараны өткізу барысында туындаған бірнеше мәселені және оны орнына қоюді төменде жаратушы берген ойымның толғауы мен тілімнің келгенінше айтайын.

Біріншіден, жоғары да атап өткендей  дәл осы тақырып бойынша зерттеу материалдарының жоқтығы.

Екіншіден, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаевтан басқалары туралы ағылшын тілінде деректер жоқтың қасы тіпті қазақша уикипедияда Алаш Орда қайраткерлерінің тізімі деген беттегі 150 ден астам ардагердің ішінен өмір баяны ағылшын тіліндегі уикипедияға енген осы  бесеуі ғана. Бұған бір жағы сын жоқ шығар, себебі өз елімізде әлі тарихи, саяси бағасын беріп үлгірмеген үкімет пен оның адамдарының басқа елге не керегі бар.

Үшіншіден, еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ және орыс тілдерінде жазылған оқулықтар мен оқу құралдарында негізінен алаштықтардың сіңірген еңбектеріне сілтемелер берілмеген. Мәселен, мен биологиялық білім беру жайлы оқу құралын жазып жатырмын делік, ол әрине, қазақстандық, оның ішінде қазақтілді талапкерге арнап жазылады. Енді «Рухани жаңғыру», «ұлттық кодты сақтау үшін» осы саланың кіріспе тарихын әл-Фарабиден бастап Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевті қосуға, Алаш ордалық Мағжаның «педагогикасына», Жүсіпбектің «психологиясына»  талдау жасауға, Әлекеңнің (Әлихан), Ахаңның (Ахметтің) білім мен ғылым туралы айтқан сөздерінен және Алаш париясының «Ғылым-білім үйрету» бағдарламасынан үзінді келтіруге, алаш қайраткерлерінің басым көпшілігінің ауылдарда бала оқытқан, мұғалім қызметін атқарғанын жазуға міндеттімін. Сосын әлемдік, ресейлік (кейбіреуінің өмірде болған болмағанын құдай білісін), кейінгі отандық ғалымдардың еңбектерін атауға тиіспін. Ал біздің мектеп түгілі, жоғары оқу орындарында (тарих, филология салаларынан сырт) оқулық жазғанда бұндай мазмұн қосу жоқтың қасы. Сондықтан, қазіргі қазақстандағы ғылым мен білімнің қай саласы болсын, оқулықтар дайындағанда «көзді жұмып» ескі, жаңа орыс тіліді кітаптарды аудара бермей алаш ордалықтардың, қазақтың ғалымдарын қосуы керек. Міне, бұл жас ұрпақтың санасын жаңғырту болады да, ол әр ғалым мен кітап жазғыштың ұлт алдындағы ұяты мен арының көрсеткіші болып табылады. Төртіншіден, алаш орда және алаш қайраткерлері туралы бар мәліметті бір жерге топтасырған танымдық ортақ, мысалға «Абай әлемі.кз» секілді сайт жоқ. Дерек іздесең әр жерде түйенің құмалағындай шашылып жүр. Оның қайсы шын, қайсы жалған айырып болмайсың. Демек үш не одан көп тілде Алаш-орда мәліметін топтастыратын сайтты қолданысқа енгізу кезі келді немесе кеш болып барады.  

Қорытындалай келгенде, ұлттық сананы сақтау мен жаңғыртудың, отан сүйгіш, рухты ой қалыптастырудың ең тиімді, қарапайым және жалпы беттік жолы ол – ұлттық білім беру мен ұлттық ғылыми айналымды жолға қою. Бүгін мен ертеңнің иесі жас ұрпақтың бойына ұлттық танымды сіңіру үшін олар оқитын әр оқулық, жазбаларда ұлттық «еңбек ерінің ізі» тұруы, ұлттық дәстүрге сай мазмұндар қосылуы, көгілдір экраннан олар бой көрсетуі тиіс. Қазіргі және болашақтың бәсекесіне қабылетті ұрпақ өсіруде бір ғасыр бұрын өмір сүрген орысша оқысада, қазақша ой толғаған Алаш қайраткерлері шешуші рөл атқарады. Тек қадіріне жетіп, қажетімізге жарата алсақ болғаны.

Әлібек Ыдырысұлы

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір