• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:07:56
Алматы
+35°

30 Мамыр, 2017 Саясат

Владимир Путин Францияны санкцияның күшін жоюға шақырды

29 мамырда Владимир Путин Парижге қонды, мақсаты: француз басшысы Эммануэль Макронмен жақынырақ танысып, ашық әңгіме-дүкен құру. Мәскеу мен Париждің...

29 мамырда Владимир Путин Парижге қонды, мақсаты: француз басшысы Эммануэль Макронмен жақынырақ танысып, ашық әңгіме-дүкен құру. Мәскеу мен Париждің қарым-қатынасынан бастап, Сирия мен Украинадағы жағдайлар жайында сұхбаттасты, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

Жергілікті баспаның мәліметінше, ресейлік қонақты француздар барынша сыпайылықпен, қонақжайлылықпен Версаль сарайында қарсы алды. Қарауылдар сапқа тұрып, қызыл кілем төселді. Макрон Путиннен бұрынырақ жетіп, Ресей басшысын ажарлы күлкісімен қарсы алып, бірінші болып қолын созды. Дәл сол уақытта Мәскеуде жойқын дауыл орнаған еді, ал Парижде 30 градусқа дейін ыстық болды.

Кездесудің басты себебі Петр I Францияға алғашқы сапарына 300 жыл толуына байланысты Үлкен Трианон сарайындағы көрменің ашылуы болды: «Ұлы Петр. Франция патшасы. 1717». Бұл жағдай екі державаның ара-қатынасындағы айрықша байланыстың алғашқы бастауы болды.

Айта кеткен жөн, мерейтой жайында Макрон президент болып сайланғанннан кейін бірнеше күн өткен соң-ақ Ресей басшысына телефон арқылы хабарласып айтқан. «Ресей мен Францияның іргелі мүдделері ағымдағы жағдаяаттан жоғары», деді Путин. «Біз стратегиялық және экономикалық диалогты нығайтқымыз келеді», деді Макрон.

Бұл кездесудің екі ел үшін де маңызы зор болды. Ресей мен Францияның қарым-қатынасы берік екенін айта кеткен жөн, оларды тарихтың өзі қосқан. Версальға алғаш рет аяқ басқан Путин екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңіне бойлады: "Бәрі орыс князі Ярослав Мудрыйдың кенже қызы Аннаның Генрих Біріншімен тұрмыс құруынан басталды. Ол кем дегенде екі корольдік династия құрған, династияның бірі Испанияда бүгінгі таңға дейін басқарып келеді".

«Бұл символикалық мекен. Петр Біріншінің корольдіктің құпияларымен етене танысу үшін Францияға келген алғашқы сапарына 300 жыл толды», деді Макрон. Ресей мен Франция арасындағы сұхбаттың ешқашан таусылмайтынын да айтып қалды.

Сондай-ақ, нақты мәселелрді шешудің маңыздылығы жайында да сөз қозғады. «Егер қажет болса, санкцияны күшейтеміз, бірақ егер деэскалация болса, олай болмайды. Мен дәл деэскалация болғанын қалар едім» деді француз басшысы.

Путин санкцияның Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды қалпына келтіруге көмегін тигізе алмайтынын айтты. Еркіндікті сүйетін француздарды «Экономикадағы шектеулердің күшін жою үшін күресіңдер!» деп шақырды.

Екі басшы үшін де маңыздысы – терроризммен күрес еді. Путин әдеттегідей Сирияға қатысты позициясын баяндады: «Онсыз да ішкі қиындықтардан жапа шегіп отырған елді мемлекеттігінен айырып, террористік қауіпті жою мүмкін емес».

Терроризммен күресуді қолға алған Макрон да үнсіз қалмады: «Мен Сирияадағы терроризммен соғыста жеңіске жеткім келеді» деп айтты ол.

Халықаралық істерден бөлек, олар ұзақ әңгімелесті. Франция Еуроодақ мемлекеті болғандықтан, антиресейлік санкцияға қосылған. Екі ел арасындағы көптеген ынтымақтастық механизмдері кесілді. Бірақ қазіргі кездегі сауданың өсуін айтпасқа болмайды. Оның үстіне, 500-ге жуық француздық компаниялардың бірде-бірі Ресейден кете қоймады.

Сондай-ақ адам құқығы жайында да әңгіме болды. Макрон батыс құндылықтары жайында сөз қозғап, азшылықтардың құқықтарын құрметтеудің маңыздылығын тілге тиек етті.

Версаль көрмесін аралап болған соң Путин өткен жылдың қазанында Эйфель мұнарасының маңынан ашылған ресейлік рухани-мәдени орталыққа да кіріп шықты. 

Шолушы: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір