• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 16:30:23
Алматы
+35°

01 Маусым, 2017 NEWS

Махмұт Ыбырайханұлы бүгін 60 жасқа толды

Сыр елі - үлкен жүректі азаматтардан кенде емес. Солардың бірі және бірегейі  Нәлібаев Махмут Ыбырайханұлы. Қазақтың: «Үлкенге құрмет, кішіге...

Сыр елі - үлкен жүректі азаматтардан кенде емес. Солардың бірі және бірегейі  Нәлібаев Махмут Ыбырайханұлы. Қазақтың: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген даналық жолын ұстанған, жүрген жерінде ұлағатты із қалдырып жүретін азаматтың ел үшін жасаған игілікті істері атан түйеге жүк болардай салмақты. Туған өлкесіне мешіт, балабақша, мектеп, медицина орталықтарын, оқу орындарын ашқан игілікті істерінен бөлек талай адамды қажылыққа жіберіп, ел-жұртының алғысын  арқалады. Халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Кеңес Одағының екі дүркін батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет қайраткері Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қор құрды. Даңқты генералдың ғибратқа толы ерліктерін дәріптеуді өзінің азаматтық парызы деп санап, көптеген жақсы бастамалардың ұйытқысы болды. Бұдан өзге қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы, 54 мемлекетте теңдессіз өнер көрсетіп,  48 медаль олжалаған, алып күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш жасатып, оны балуанның туған жеріне орнатты.  Ал оның өнер адамдары мен қарапайым халыққа   жасаған қамқорлықтары  мүлде бөлек әңгіме. Алатаудай айбынды тұлғаның ерен еңбектері еленбей қалған жоқ. Экономика және бизнес саласындағы жобалары жоғары бағаланып, Халықаралық дәрежедегі «Сократ» орденіне ие болды,  еліміздің жоғарғы дәрежелі «Құрмет» орденімен марапатталды.  

           Көптеген ұлттық жобалардың авторы, «Марсель Групп» компаниясының президенті Махмұт Ыбырайханұлының жер қойнауындағы баға жетпес байлығымыз: көгілдір отын-газ саласын иегеріп,   қара алтын мұнайды ел игілігіне айналдырған жетістіктері үлкен еңбек. Сонымен қатар  “Марсель су” компаниясы Ақсу Жабағылы минералды су бұлақ көзін ашып, Қазақстан мен ірі алпауыт мемлекеттердің экономикасын дамытуға орасан зор үлес қосып келеді. Әлемдік нарықтың нарқасқасы,  көптеген ұлттық жобалардың авторы.  Махмұт Ыбырайханұлы,  ұлт ойшылы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы, Түркістан Автономиясының көсемі Мұстафа Шоқайдың ұрпағы болып келеді. Ата-баба алдындағы парызын орындап, Парижде Мұстафа Шоқайдың тұрған жеріне оның мүсінін орнатып, маңайына аллея отырғызу шараларын ұйымдастырып, осы шараны сәтті атқарып қайтуға барған делегацияның толықтай қаражатын өз мойнына көтеріп алды. «Ел үшін туған асыл ер»,- деп халқымыз Махмут Ыбырайханұлы сынды перзентін айтса керек!

            Адамдықтың биік тұғыры – тектілік десек, бұл қасиет адам бойына алыстан емес, әкенің құты, ананың сүтімен дариды.  Махмұттың әкесі Ыбырайхан да өз заманында іскерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен ел аузында қалған арда азаматтардың бірі болған. Еңбек жолын қаржы саласынан бастаған ол ауылдық кеңесті басқарып, облыстық деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарды. Аймақтық кәсіптік-техникалық училищенің басшысы болды. Жаңашашыл адам үнемі игі бастамаларға ұйытқы болып, қоғам істерін белсене атқаратын. Ресей Федерациясына қарасты Чуваш елінің жастарын көшіріп әкеліп,  олардың біздің елімізде білім алып, осында тұрақтап қалуына мұрындық болған да дәл осы Ыбырайхан Нәлібайұлы.  Жаттың өзін жатсынбай бауырына тарта білген  жүрегі кең, дархан жан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес. Атам қазақтың «Бұлақ көрсең көзін аш»,- деген даналығын бойына сіңіріп өскен ол дарынды балаларға қолдау білдіріп, оларға көп қамқорлық жасады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1947-1955 жылдардағы ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президумының мүшесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күріш өсіру бойынша дүниежүзілік рекорд жасаған Ыбырай Жақаев бастаған «жас жақаевшылар» қозғалысының қарқынды жұмыс атқаруына ұйытқы болып, озат мамандар даярлауда ерекше көзге түсті. Ыбырайхан Нәлібайұлының білікті маман, іскер басшы, адал азамат екенін көрген облыс басшылығы  оны Қызылорда облыстық атқару комитеті шаруашылық бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Осы қызметте Ыбырайхан ақсақал табан аудармастан 20 жыл табанды еңбек еткен екен. Бүгінде ел ықыласына бөленген ардақты әкенің айтқан әр сөзінің мағынасына терең үңілуге тырысатын Махмұт ағамыз оның  ел ағасы болу үшін ақыл мен кемел парасат иесі болу керектігі жайлы сөздерін жиі есіне алып отырады.  

Ал Махмұттың анасы Қалыкүл Бақбергенқызы шешенсөз шебері, дүйім жұртты ақылдылығымен аузына қаратқан ел анасы болған. 55 жыл бір шаңырақтың астында жұптары жазылмай ғұмыр кешкен Ыбырайхан мен Қалыкүлдің отбасында  төрт ұл, төрт қыз дүниеге келді. Елге қызмет ете жүріп, ұлдарын ұяға, қыздарынын қияға қондырды, ардақты ата-ана атанды. Сол төрт ұлдың ең үлкені Махмұттың есімі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрметіне қойылған. Кеңес Үкіметі кезінде Қызылорданың Шиелі ауданында орыс, шешен, неміс ұлтының өкілдері көп шоғырланғаны беліглі. Барша ұлт пен ұлыстарды бауырына басқан қазақ халқы олармен туыстай болып, қоян-қолтық араласқан жоқ па?! Махмұттың атын сол туыстай боп кеткен шешен ағайындар қойыпты. Оның да өзіндік сыры бар. Қалыкүл шешей қатарынан 4 қызды дүниеге әкеліпті. Сол себепті бесінші балаға аяғы ауыр болған кезде оның ұл бала болуын бүкіл ауыл болып тілеген екен. Бір күні шешен халқының 96 жастағы Баба анасы түс көреді. Түсінде Қалыкүл ананың омырауына арыстан жабысып еміп жатады. Бір ғасырға жуық өмір сүріп, көпті көрген кейуана Ыбырайханды шақыртып, «Арыстандай ұлды боласың. Атын “Махмұт”- деп қой» деп сұрайды. Арада аз уақыт өткенде өз елінің дәмі бұйырған қарт ана атамекеніне көшіп кетеді.  Ыбырайхан әкей уәде бойынша, жарық дүние есігін ашқан  ұлының атын  Махмұт қояды. Ыбырайхан әкейдің ұлды болғанын естіген кейуана Кавказдың дәмді тәттілерін , анар, мандарин, апельсин сияқты мәуе-шәуесін жіберіп, нәресте Махмұтқа батасын береді. Атам қазақтың «Баталы ерге бақ қонар» дегеніндей екі бірдей арқалы елдің батасын алған бесіктегі жас бала бүгінде елінің ардақты ұлы атанды.

Махмұт ағаның өз атасы Нәлібай мен нағашы атасы Бақберген жас кездерінен ажырамас дос болып, кейін бір-бірімен құда-жекжат болуға уәделескен жандар еді. Алайда, «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей,  Ұлы Отан соғысы басталып, көппен бірге майданға аттанған Нәлібай кескілескен шайқастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Ал Бақберген соғыстан ауыр жарақат алып, елге оралады. Досының шейіт болғанын естіген  Бақберген Нәлібайдың шаңырағының қаңырап қалмауын ойлайды. Сөйтіп досына берген уәдесінде тұрып, 16 жасқа жаңа толған  Ыбырайхан баласына досының қызы Қалыкүлді қосып, келін қылып алады. Өткен күндерге көз жүгірткен Махмұт аға сол кездегі адамдардың көңілдерінің пәктігіне, адамгершіліктерінің жоғары болғандығына тәнті болумен келеді.

 

Алма Серікқали,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазақ радиосының журналисі 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір