• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Шілде, 16:52:39
Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа жол ашылды

10 Маусым, 2017 Әдебиет

Келін (эссе)

Арман – Ғалияның тұңғышы.

Арман – Ғалияның тұңғышы.

Ой-хой, ол да бір дәурен екен-ау!

Сүйген жарымен қол ұстасып көркемөнерпаздар үйірмесінде дүрілдетіп жүрген. Ел алақанына салып қарсы алады. Жер-жерде өз ансамбльдерін ұйымдастырып, ауыл-ауылдағы клубтар жанданып, жағалай өнер жарыстырып, бәсекеге түсіп жатқан кез. Көкірек тола арман. Әсем өмір. Татулық. Елдің бәрі  біріне бірі дос. Бірге жүрген қыз-жігіттер бірінсіз бірі қонақ шақырмайды. Жастық шақта той-думан көп, уайым жоқ. Дастархан сайын қыздар үшін ақ бас шампан. Жігіттер жағы өздері «ақмағанбет» деп ат қойып алған ащы су.

Арманның әкесі совет өкіметі кезінде әуелі бөлімше бастық, содан өрлей-өрлей қызметі ауыл, одан әрі аудандық советке басшы болды. Азаматының беделінің арқасында Ғалияның да түкірігі жерге түспеді. Тек бір Арманнан кейінгісінің бәрі қыз болды. Жеті құрсақ көтерді. Қыздары шетінен сұлу, ақылды, сезімтал. Әлі күнге «апа-апалап», үстіне түсіп, өліп тұрады.

Тек мына Арманның келіншегі...

Арманы көркем жігіт болып өсті. Ештеңеден таршылық көрмей, дегенін істетіп ерке өскен бала бір күні шашы жерге сүйретілген сұлуды жетектеп келіп тұр. Әже атануыма ертерек деп, көңілі түскір көнбей, аз-мұз іші ашыса да келінді құшақ жая қарсы алды. Ол да келе сала шекесі торсықтай ұл сыйлады.

Бәрі Арманның үлкен қалаға білім көтеруге кетуімен бұзылды. Мамыражай тірліктері аяқ астынан бұлай өзгерер деген кімнің ойында бар? Сол  жолы келінді жұмсаймын деп өз қасынан шығармай ұстап қалғаны дұрыс болмады ма, кім біледі. Осылай өкінерін білсе өлсе солай істер ме еді!

Иә, Арман астанаға кетті. Еңбегі бағаланды. Білімі сай деп ұйғарып, сол жақта қалатын болды. Ата-ана оған да қуанды. Екі-үш жылдан соң елге қайтып оралар деп жүрген. Араға он шақты жыл түсіп үлгеріпті. Оқтай зымыраған уақыт-ай.

            Әуелгіде ағасын жағалап, қарындастары бірінен кейін бірі сол қалада оқып білім алды. Арман зыр жүгіріп, қарындастарының білім алуына, теңін табуына көмектесті. «Ағам бұзылып жүр» деп хабар берген тағы сол қыздары. Ғалия алып-ұшып өз көзімен көрмекке астанаға жетті. Сүліктей қап-қара волгамен «құдасы» күтіп алды. Жалпылдап амандасып, этаж үйіне әкелді. Құдағиы ыздиып қалған, сөзін қышқашпен әзер суырып алатындай зорға сөйлейтін адам екен. Арманы Мәскеуде. Тағы білім көтеріп жүр дейді. Келіннің іші әжептәуір білініп қалыпты. «Мамочка» деп бетін сілекейледі. Ғалия айран-асыр. Не әрекет істерін, не деп сөйлерін білмейді. Бір шәй ішкен соң «құда-құдағи» өз үйлеріне кетті. Ғалия осы үйде, жаңа «келіннің» қасында қонды. Түнімен кірпік ілмеді. Таңертең қызына хабарласып, соның үйіне кетпекші болды. Келін дереу телефонға жармасты.

          – Мам, пап, конах кетед.

Арғы жағындағылар түсінік сұраған болуы керек.

           – Ну, әлгі Арманның... – деп, созылды «келін» қасында тұрған енесіне қарап, сосын өзіне бұрылып: «кетсе кете берсін» деді, – деп сақ еткізді.

Ішінен «қайтеді, енді. Әке-шешесі солай деп тұрса, әлі бала ғой, естігенін қайталағаны да» деп қанша  «келінін» ақтағысы келгенімен әлдене шор болып көкірегіне байланды. Арманның әкесі марқұмды ойлады. Кеңсірігі ашып, көзі суланды. Қазақша сөйлемекші болып тілін бұрап отырған «келінге» риза болғанымен енді бұл үйде қала алмасын түсінді.

          Қыздарымен әрі ойласып, бері ойласып – ақыры Арманның елдегі келіншегі өзі шешсінге тоқталды. Екі немерені өзі алып қалады да, Арманның туған әйелі астанаға келіп, жағдайды өзі саралап, күйеуімен өзі түсінісер. Үйлесіп кетсе жүда жақсы. Болмаса  – кіналасып өздері шешер деп тұжырымдады.

Сонысы бекер болған сияқты. Ол кезде содан дұрыс шешім жоқ сияқты сезілген.

Арада тағы он жыл зырқырап өте шығыпты. Арман сол баяғыша екінші әйелмен тұрып жатты.

           Қолдан кеткен келін ұзын бұрымды түбінен шорт кесіп, өзінше қалалық болды. Арман екі отбасына кезек жүгіріп жүрді. Одан жағдай жөнделмеді, қайта ушықты. Қайын атасы не олай, не бұлай бол деп тізелеуге көшті. Арман қызметтен қуылды. Сондай жағдайда қалаға, әке-шешенің қасына келген ержеткен немересі нашаға әуес, бойжеткен немересі жеңіл жүріске салыныпты деген сыбыс естілді. Екі немересі де үріп ауызға салғандай көркем болып жетіліп еді. Енді немерелерін уайымдаған Ғалия «осы өмірдің мәні неде» деп шын толғанды.

            Қыздары, шүкір, абыройлы. Бәрі барған жеріне тастай батып, судай сіңді. Екіден-үштен жиендері шапқылап жүр. Тек осы Арман... Арман ғана.

Туған келіні әуелі ауырып жүр дегенде, сосын қайтыс болды дегенде кемпір жаман қиналды. Келінінің ата-енесіне, күйеуіне, тағдырына өкпесі қара қазандай болған болуы керек, өкпесі іріп кетіпті деген диагноз қойыпты. Ол өлісімен ілі-шала немересі түрмеге қамалыпты. Арттынан  іздеп келсе, сұмдық, кешірімге жатпайтын статья дейді...

           Ғалия бүктетіліп қалды. Немере қызын ай бойы іздетіп, әзер тауып қолынан жетелеп, елге алып қайтты…

Бекер істепті. Келінімнің рухы риза болсын, өз қолымнан ұзатармын, күш-қуатым барында жасауын жасап берермін деген. Әжелік парызым деп білген. Ел гу-гу. Тіпті далаға шығудан қалды. Әсіресе, «иегін көтергеннің әукесін қасиды» дегені-ақ тірідей жерге көмді.

           Әй, Ғалия-ай, қайтейін!?..

           Қате қайдан кетті?

           Ұзамай «Арман үшінші  әйелдің қолына кіріп алыпты» деген қаңқу шықты. Бұл хабар жанын тағы жегідей жеді.

           Қыстың бір аязды күнінде немере қызының өлігін үйіне көтеріп әкелгенде, құдай біледі, қуанды. Пендешілік. Кеткен қатесін күнде көріп, күнде көзге шұқыған қаңқу сөзден гөрі, сол қатені жерге жасырғанын тәуір дегені де.

Иә, Ғалия қараңғы түндерде түпсіз қараңғылыққа тесіле қарап, көз жасын жан баласына көрсетпей өзегі өртене күрсінгені болмаса Арманның ана әйелінен ұлы бар екенін медет тұтатын. Өзін ешқашан да «әжем» демесе де, әйтеуір...

Енді белсеніп шығып, мына үшінші келінді де өз көзімен көрмекші болды. Есігін бағып екі күні өтті. Әуелі бұл баласының шырқын бұзған бұзақыдай көрініп, шашынан сүйремекші еді. Екінші күнге айналғанда жәй ғана түсініспекті ойлады. Үшінші күні әйтеуір бір көрсем болды, о да адам баласы ғой деген мейірімнің жұқанасын іздеген пұшайман күйге ауысты. Ақыры, сыртынан да көре алмай, Арманмен тілдесе алмай салы суға кетіп, ауылға оралды.

Күндердің күнінде Арманның төртінші әйелі туралы сыбыс жетті. Бұл жолы «ана жерде қашыр бұзаулапты» дегендей ғана самсоз күйде қалды. Арман, Арман, арман-ай!  Оның кезінде Одаққа дүрілдеп аты шыққаны, неше түрлі ғылыми мақалалар жазғаны енді кімге керек? Өз кіндігінен тараған перзентіне қамқор бола алмаған соң... Өмірдің мәні неде өзі?!

Содан былай ауыл үймен сирек араласатын болып алды. Қыздары алыс-алыс жерлерге, Қазақстанның әр бұрышынан тапқан күйеу балаларымен қол ұстасып кеткен. Әуелгіде соған шүкіршілік етуші еді. Алыста, мына масқараны естімейді. Естісе де дәл мен сияқты күйзелмейді деп өзін жұбатқан. Енді сол қыздарының ең болмаса біреуін жақын жерге, осы ауылға ұзатпағаным-ай деп өкінуде.

Бүгін де басы зеңіп, не істеп, не қойғанын білмей отыр.

          Қой, телеграмма салып үлкен қызды, жоқ, ортаншысын шақыру керек. Ортаншысы Сәуле өте мейірімді. Бірақ, қызметі жайсыз. Күйеу бала тікшілдеу. Көкірек. Кейін қызының бетіне басып, «ауырса келіні бар емес пе, сол қарамай ма» деп жүрер. Үлкен қыз болбырлау, бірақ оның күйеуі ақ жүрек, көрген жерде «мамалап» тұрады. Сол дұрыс болар әлде?

            Қара шаңыраққа қарайлайтын не қалды? Баласының қылығына ұялам деп жүріп, көрші-қолаңнан қол үзіпті. Арманның әкесі атадан жалғыз. Жас кезде екен бәрі дос, бәрі бауыр. Қазір бәрінің өз қаракеті бар, тіпті бұрылып келіп сәлем беруге мұршалары жоқ.

           Ғалия бүкшиіп кеткен белін уқалап, манадан бергі отырған күншуақтағы орнын қимай-қимай үйіне қарай беттеді. Мизамшуақ та өтіп барады. Биылғы қысқа отын да жинамады. Сиырды сауа алмайтын болған соң жақында етке өткізді. Ал уақ жандықты қай  сайдан қуалап жүремін деп баяғыда құртқан. Шалдан соң босағасына ат байланған жоқ. Сиыр еді сүйенгені. Құрт-май, тіпті айранға да әлі келмей қалған соң не жорық. Е, айналайын өкімет бәрін дүкенге сықап қойды, тіпті етке салатын жаймаға дейін дайын. Е, жалғыз адамға тамақ бата ма? Кәше-мәші демесең тамақтан да қалып барады. Қолының терісі жұқарған ба, ана жолы картоп тазалаймын деп саусақтың буын-буынының бәрін қызылшақа жара қылып алды. Және қазір жас кездегідей емес терісі түскір жазылып болмайды екен.

Ертеректе әжесінің құрт-майын, қазы-қартасын жейміз деп жиендер шұбырып келіп-кетіп жататын. Әл-қуаты азайған соң балаларыңа қарай алмаймын деп өзі қабылдамайтын болды. Есейген сайын оларға ауылдан гөрі қала қызығырақ.

           Қыздары кезек-кезек алып кетейік десе біріне көнгісі жоқ. Мүмкін, Ғалия баяғының келінін аңсаған соңғы кейуана шығар? Бұлдыраған көзін сүртіп-сүртіп жіберіп, Ғалия қызыл ала көйлек киген жас келіншекті құшақтай алды.

           – Ой, көкем-ау, келінсің бе? Жарық дүнием-ау, сені өліп қалды деп сандырақтап еді ел. Тірі екенсің ғой! Тірі екенсің ғой! Келе ғой, күнім! Иә, сенің от жаққан жеріңе бір оралып келетініңе сеніп, күткенмін. Азып кеткенсің бе, неғып жүдеусің? Киімің де тозып, оңып кетіпті. Үһ, жан-ай. Мына белі түскір... Келші, күнім, маңдайыңнан иіскейін. Түфф, тастай суық қой, тоңып қалғансың ба? Екеуміз ыстық шәй ішіп, бір көсіліп сөйлеп шер тарқатайық. Өй, құлыным, жетектей бер, жетекте. Қазір біреу демемесе кәрі сүйегім саудырап, әзер қозғалатынға шықтым. Кел, күнім, құшақтасып үйге кірейік, шәй ішейік…

*****

Ертеңінде он жастағы көрші қыз әжейге шәйға қататын сүт әкелгенде әлдекімді құшақтағандай қолдарын арбита көтеріп, қимылсыз қатып қалған кемпірді көрді.

Маркиза БАЗАРБАЕВА

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір