• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:24:32
Алматы
+35°

14 Маусым, 2017 Әдебиет

Той өтті. 

Алыстан келген қонақтар түгел ауылдарына қайтқан. Шәй ішіп отырмыз. Мен, күйеуім және атам мен енем. Ұсақ балалар бағана ойынға айналып кетті. Жас келін болып сызылып шәй құйып беріп отырмын. Самаурын түгесілуге айналды. Әзірге шәй ішіп болдық деген хабар жоқ. Қой, самаурын жаңалайын. Орнымнан тұруға ыңғайланғаным сол еді, атам қою қоңыр дауысымен сөз бастады.

 – Құлындарым сол, бәрі сәтімен, орайы келген тамаша той болды. Мен сендер үшін соншалық марқайып, мақтанып отырмын. Ел жабыла мақтап жатыр. Аппақ болған келінімнен айналайын, осындай келін әкеп қолымызды ұзартып отырған ұлымнан айналайын! Ендігі ойымды өздеріңмен ақылдассам деймін.

Атам жалпылама сөйлегенімен негізгі ойы маған қаратып айтып отырғандығын жүрегім сезеді. «Сендер не дейсіңдер» дегендей, ақыл қосқандай, кеңескендей болғандығына көңілім өсіп қалды.

   – Мына Меллат отымның алды, суымның тұнығы. Тұла бойы тұңғышымыз. Ол шешең екеуміздің осы күнге қалай жеткенімізді көріп, өсіп келеді. Қолғанатым. Өзімізбен бірдей қиналды. Ана кіші ұлдарды қойшы. Олар үшін бәрі бірден даяр бола салғандай, бәрі де осылай болуға тиістідей қабылайды. Тек  солар еркелеу үшін жаратылғандай. Кемпір екеуміз ойласа келе шаңырақты ұстап қалатын Меллатым болар деп ұйғарып отырмыз. Құлындарым, осы сөзге не дейсіңдер?

Атамның көп сөзінен ұққаным – олар мәңгі бақи бізбен тұрады. Бірге тұрамыз! Бұндай «үкімді» естігенде бүкіл өкпе-қолқам қопарылып төмен түсіп кеткендей болды. Белім айналып, отыра кеттім. Атам әлі сөйлеп отыр.

   – Құлыным сол! Міне, ата сөзін сыйлаған инабатты келін сендей-ақ болсын! – Менің шарасыз отыра кеткенімді өз сөзін сыйлағаным деп шешіпті. Мен бар ашуымды көзіме жинап, күйеуіме атып жіберердей болып қарадым. Ол болса әкесі жаңа ғана айтқан марапатқа басы айналғандай маған бар жүрегінің нұрын төге көзіндегі махаббатпен мөлдірей қарайды.

  Қайран арман! Күйеуімді жетектеп алып үйден-үйге көшіп, пәтер іздеп сабылатын қалалық романтика! Әдіре қалғаны-ай! Көзім мөлтілдеп, жасқа толып кетті. Ұялып төмен қарадым. Құлағым тарс бітелген. Ендігі сөздің бірін естімеймін. Тек басымды изей беріппін. Енем тұрып, самаурында әкетіп, орнына тоқ шәйнек әкелді, шәй құйып отырмын. Үйреншікті әдет.

Енді осы бір аядай ауылда өмір бақи... Қырықшақты үй, бір мектеп, бір дүкені ғана бар ауылда... Қап, алдап кеткен арман-ай! Қайныларым өсіп, қатын алғанша жүресің десе де бір жөн-ау? Сендердің қолдарыңнан сүйегіміз шықсын деп отырған атам мен енемді қайтемін?

  Құрбы қыздарым бәрі орыс. Немістер тұрған поселкеде туып-өстім. Соңғы сәнмен елде жоқ етегі кең шляпа киіп үлбіреп түскенімді қайтейін. Малды танитыным болмаса оны қалай күтіп-баптайтынынан хабарым жоқ. Құрбыларым айтатын «егер жігітің шын сүйсе, сенің айтқаныңның бәрін істейді» дейтін.

 Қане, сынап көрейік, сүйетіні шын ба екен?!

 – Әй, Меллат, ана шелекті төгіп кел!

Сүйетіні рас болса томпаңдап барып төгіп келеді. Сүймесе... (не деген ақымақтық десейші?!)

Бірақ сол кезде осылай істегенім өзіме дұрыс көрінетін. Ал ауылда зіңгіттей жігіттің боқ шелек көтеріп жүруі масқарашылық, өліммен тең. Оны мен қайдан білейін. Қозғала қоймаған күйеуіме жыным келіп, дауысымды көтеріп тағы дігірлей түсемін. Ол естімеген түр көрсеткен сайын  ашуым қоза түседі. Атам жетеді:

 – Ол не, құлыным, қане мен-ақ төге салайын.

 – Меллат деймін, ұста ана бұзаудың басын! 

Енем жетеді:

 – Қане, құлыным, мен байлай салайын.

Күйеуіме бір бұйрығымды өткізе алмай мен пұшайман боламын. Ол болса теледидар көрген болып, әкесі мен шешесінің ортасында жәй отырады. Білем ғой, дәп сол бағдарламаны қызығып та қарамайтынын. Мен жұмсай бастасам, «сен кімге айттың» дегендей әуелі әкесіне қарайды. Сосын шешесіне қарайды. Былқ етпейді-ау, былқ етпейді. Құрдастары масқаралап, мазақ етеді деп содан қорынатын болса керек.

Ел өсек қылады екен. «Ана директордың орыс келіні (орысша сөйлеймін ғой) ата-енесін шиырып жұмсайды» деп. Масқара-ай! Құлынымдап тұрған ата-енеме тура қарай алмаймын. Қарияларымды сондай сөзге қалдырғаным ұят емес пе? Енді сөзіме өзімді қарауыл қоюды ұйғардым. Ел де ата-енемді сыйлағандықтан шығар мені көрген жерде «төрге шық Секеңнің келіні» деп тұрады. «Құлыным-құлыным» дей жүріп, ата-енем бәрін үйретті. «Біздің күш-қуатымыз бар кезде диплом алып ал» деп, қалаға оқытып та алды. 

 Қазіргі ата-енелерге қараймын да өзімнің жас келін болып түскен кезімді еске аламын. Біреудің үлпершектей жап-жас қызын «оны білмейді, мұны істей алмайды» десіп  кіна тағып, шу көтеріп жатқандары. Елдің бәрі менің ата-енемдей болса, бірде бір жас отбасы ажырасып әуре болмас еді деймін. Мына менің мінім шашымнан көп болған шығар. Сол ата-ененің жақсылығының арқасында ақар-шақар үй болып, бала өсіріп, мақтанып-ақ айтайыншы, бір мектептің басшысы атанып жүрмін.

Маркиза БАЗАРБАЕВА

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір