06 Шілде, 2017 NEWS
СЕКС-РОБОТТАР: АДАМЗАТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП, ҚОЯ АЛМАЙМЫЗ БІЗ МҰНЫ ЖЫЛЫ ЖАУЫП
Хармони – секс-роботтың бір түрі. Ол қозғала алады, серігімен тілдеседі де. Күледі, қуанады, ашуланады. Өзі сондай сүйкімді, кез-келген жанды бірден...
Хармони – секс-роботтың бір түрі. Ол қозғала алады, серігімен тілдеседі де. Күледі, қуанады, ашуланады. Өзі сондай сүйкімді, кез-келген жанды бірден баурап алады. Қожайынымен тіл табысудың жолын да жақсы біледі. Жан бауырыңды елжіретіп жібереді, сені сол ғана түсінетіндей күйге енуің мүмкін.
Бірақ, бірақ... Ол адам емес, жай ғана қуыршақ. Дене бітімі кәдімгі адамдай болуы мүмкін, алайда ол – адамның қолымен жасалған робот қана. Сізді түсініп тұрғандай болуы мүмкін, бірақ ештеңені сезбейді, көрмейді, естімейді, сізге ұрпақ сыйламайды, тіпті сізді танып та әуре болмайды.
Міне, бүгінгі заманның көрінісі осындай!
Кинодағы қиял өмірдегі шындыққа айналған
Бұрындары робот деген дүниені тек көгілдір экраннан тамашалайтын едік. Көрген адам таңданысын жасырмайтын, кішкентай балалар роботым болса деп армандады, үлкендері бүкіл жұмысымды роботтар атқарса екен деп қиялға батып жатты. Уақыт өте келе адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін роботтар жайлы да небір фильмдер жарыққа шыға бастады. Мәселен, «Искусственный разум» («Жасанды ақыл»), «Суррогат», «Бегущий по лезвию» («Ұстараның жүзімен жүгіру»), сондай-ақ «Мир Дикого Запада» («Жабайы батыс әлемі»).
Осылардың ішіндегі «Жабайы Батыс әлемі» фильміне тоқталып көрелік. Картинаның желісіне сәйкес, әлемде адамдардан айырмашылығы жоқ роботтар пайда болады. Әлгі роботтарды арнайы «Жабайы батыс» деп аталатын саябаққа келген бай адамдардың көңілін көтеру үшін жасап шығарған. Жезөкше-роботтар байларға тән рахатын сыйлады. Үндіс-роботтар жолаушыларға тап беретін, ал ковбой-роботтар қонақтарға оқ жаудыратын, алайда ол бағдарламалық оқ болғандықтан әсері жоқ. Фильмнің соңында адам қолымен жасалған туынды сол адамдардың өздеріне шабуыл жасайды.
Не керек, кинода көргеніміз өмірдегі шындыққа айналып шыға келді. Алғашқы болып Жапония халқы роботтарды жасап шығарды, кейіннен өзге мемлекеттер шығара бастады. Алғашында түріне қарап робот екенін тани алатын құрылғылар шығарылған. Олардың міндеті – адамдарға ауыр болатындай физикалық жұмыстармен айналысу еді. Уақыт өте келе робот атаулының міндеті ұлғая түсті. Тек қана физикалық тұрғыдан емес, адамдарға тән рахатын сыйлайтын роботтар шыға бастады, шыға бастаған жоқ, ондай роботтарды адамдар өз қолдарымен жасады.
Секс-роботтар немесе секс-қуыршақтар
Теорияда дәлелденгендей, біз қаншалықты адам образы типтес роботтар шығарсақ, өз туындымыздан соншалықты үрейленеді екенбіз. Калифорния штатындағы Сан-Маркоса төңірегіндегі білінер-білінбес фабрикада бүгінде дәл осы болжам расталған.
Фабриканың іші іш-киімедегі сұлу әйелдер мен костюм-шалбар киген сымбатты ер адамдарға толы. Тек олар жасанды және жасандылығын жақындап үңіліп қана байқай аласың.
Мэтт Макмаллен – RealDoll қуыршағын шығаратын Abyss Creations компаниясының бас директоры.
Өзі Хармони қуыршағын ерекше жақсы көреді. Сол қуыршақтың жанынан бірелі шықпайды.
«RealDoll қуыршағын сатып алған әр адам оның секс-ойыншық екенін ғана байқап қоймайды. Олар қуыршақты сезе бастайды, оны қоғамның бір мүшесіне айналдырады. Жасанды интеллект әлемде жаңа, әрі ерекше тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деген еді Макмаллен өз сұхбатында: «Мен адамдардың тек қуыршаққа ғана емес, оның мінезіне де тәуелді болғанын қалаймын».
Секс-қуыршақтарды жасап шығарушылардың жарнамаларына көз салып қараңыздаршы: «серігіңіз ешқашан көзіңізге шөп салмайды, жүкті болмайды, не істеп, қайда жүргеніңізді тексеріп жатпайды. Қартаймайды, тамақ жемейді, салмақ қоспайды. Сіз жанкүйер болған футбол командасына ол да жақатасады, сіз сүйіп қарайтын сериалдарды ол да қарайды, көңіліңіз түскенде көтереді, мұңайғанда жұбатады». Мұндай жарнамаға өмірден түңілген кез-келген еркектің еріп кетуі әбден мүмкін ғой.
Сондай-ақ, әр қуыршақтың мінезін таңдайтын параметрлері де бар көрінеді: «қырсық», «ашуланшақ», «мейірімді».
Ал Хармони қуыршағында «қызғаншақ» параметрі де кездеседі.
Секс-қуыршақтардың шығу тарихы
Роботтардың шығуына алғаш түрткі болған мемлекет десе, бәріміз Жапония дейміз. Дұрыс-ақ... 1980 жылы олар сапасы жоғары пластикадан жасалған қуыршақ ойлап тапты. Үстіңгі және астыңғы бөліктері алынатын, аяқтарында тігісі бар, түрі ұсқынсыздау, алайда робот деуге келмейтін қуыршақтарды шығарған. Ал америкалықтар аталмыш іске 1993 жылы кірісті. Дуглас Хайнс есімді құрастырушы секс-қуыршақтың прототипін жасады, оны Труди деп атады. Алайда сапасы нашар болды, оған жақындаған адамдар жарақат ала бастады. Адамдарға достық пен махаббат керек еді, бірақ пластикалық зат адамдарға керегін бере алмаған екен.
Ол уақытта Хайнс Bell Laboratoriesу жасанды интеллектіінің инеженері болған. Кемшіліктерді зерттей отырып өзінің жеке Truecompanion фирмасын ашты. Жобаны дамытуға $500000-нан $1000000-ға дейін қаражат кетті. 2010 жылдың 9 қаңтарында Хайнс екі секс-қуыршақты ойлап тапты: Roxxxy (әйел) және Rocky (ер адам). Бұл жобасы сәтті шықты. Әр қуыршағының бойы 170 см, ал салмағы 54 келі болды. Қуыршақтар синтетикалық теріден жасалды, бағдарлама адамның эмоциясын тани алатын күйге жетті. Олардың тіпті механикалық жүректері болған. Не керек, түнде қорылдауды да білген екен, ұйықтамаса да.
«Ол сіздің талғамыңызға сай жүреді. Егер сізге «Порше» ұнаса, ол да «Поршеге» қызығады. Сіз футболды жақсы көрсеңіз, ол да сізбен отырып футбол көреді», - деген еді өз жұмысына көңілі толған Хайнс.
Секс-қуыршағы бар «ер адамдар» не дейді?
Марк Янг Аризона тұрғыны. Маи Лин есімді секс-қуыршағы бар. Не себепті қуыршақ алғанын былай деп түсіндірді?
«Мен көптен бері жалғызбын. Көп қыздармен кездескенмін. Қарым-қатынастарға уақытымды зая кетірдім. Болашақта жақсы қыз кездестіргім келеді. Ал әзірге қуыршағмынң барына да қуанамын», - дейді.
Оның үстіне, әлгі қуыршақ оған сөз қайтармайды, қалаған киімін алып береді, қалаған жеріне апарады. Ал қуыршақ ләм-мим демейді, айтқанына көнеді. Осы сынды әрекеттер жігіттің көңіліне жаққан секілді.
Алайда мұның бәрі уақытша екенін ол түсінер ме екен. Қуыршаққа үйреніп қалған адам, жаны бар әйелдерге төзер ме екен. Төзбесі де, сүймесі де, үйренісе алмауы да айдан анық. Жалғыздықтың дәмін татып қалмасына кім кепіл?
«Оның көздерінде бір сиқыр бар. Жұмыс күнім аяқталған соң ол мені күтеді, бәрі дұрыс секілді. Дене бітімі сұлу, мінсіз. Сапасына көңілім толады», - деп сипаттайды Selobl деген лақап есімі бар ер адам секс-қуыршақпен ара-қатынасы жайында. Ер адам өз сезмдеріне сенімді: «Нағыз махаббат осындай болса, онда мен дәмін татудамын».
Джек RealDoll есімді секс-қуыршақтың иесі. Өз сөзінде әйелдер оны қызықтырмай қалғанын айтқан. «Мен RealDoll-ды сатып алғаныма қатты қуанамын. Ол жай ғана зат емес, менің құрбым, ханшаймым, мен оны жақсы көремін. Бірге болғанымызға 6 ай толды. Келесі жылы жаңа нұсқасын сатып алуды көздеп отырмын. Әйелдер мен үшін қартайып кеткен, оларды қаламаймын».
XXI ғасыр – жаңа технологияның ғасыры. Қоғамды ізгілендіру, білім мен мәдениет жүйесін дамыту жүйесінде ақпараттық технологиялар маңызды рөл атқарады. Сол жаңа технологияның маңызды бөлшегі саналатын компьютер бүгінде адам санасын түгелдей жаулаған. Сөйтіп «жасанды интеллект» деген термин пайда болды. Ол жаңа машиналар мен компьютелік бағдарламаларды құру ғылымы. Иә, заман дамыған сайын ғылымның да алға жылжуы заңды, ескімен қалып қоймай, жаңа дүниелерді қалыптастыру – қалыпты дүние, қашан да солай болған. Алайда артық кететін тұстарын да айтпай кетпеске болмас. Соның бірі ретінде 2017 жылдың аяғында Америкада сатылымға шықпақ секс-роботтарды атауға болады. Бүгін Америкада бар дүние, ертең елімізге келеді. Ол да заңдылық. Алайда санасы биік, ниеті түзу, мәдениетті адамды темірмен қатынасады деген ойдан аулақпыз, әрине. Қай мемлекетте болмасын...
Дей тұрғанмен, адам баласына тән «бірінің көргенін өзгесі қайталайтын» әдетін жасыра адмайсың. Жоғарыда айтылған «секс-роботтардың елімізде саудаға айналуы әбден мүмкін» деген ойдан үрейленген Қамшы ақпарат тілшісі алдын алу шаралары ретінде біраз ақпарат жинастырды.
Қолдан жасалған түрлі дүниелер арқылы өзінің жыныстық қалауларын, нәпсілік қажеттіліктерін өтеу – үлкен күнә
Қазақ бір қадамға бармай тұрып, шариғатқа жүгінетін иманды халық қой. Бұл жолы да бірінші болып имамның пікірін білдік. ҚМДБ, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен өңірі бойынша өкіл имимы, «Халифа Алтай» мешітінң бас имамы Ермек Мұқатай Алла Тағала некелесуді, үйленуді бұйырған дейді. Некелесу, үйлену – Алланың жолы, Алланың сүннеті. Кім Алланың жолын аттайтын болса, тәрк ететін болса, ол бізден емес дейді. Сондықтан аталмыш мәселені имам маңызды деп отыр.
Имам бастыпқыда роботтардың XX-XI ғасырдыағы ғылыми жетістік екенін айта келе, оның міндеттерінің адал болуына тоқталып өтті. Иә, бұл белгіілі еді. Бүгінгі таңда оқыған, тоқыған әр адам ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін алатын заманда. Алайда адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін роботтардың пайда болуы ғылымның жетістігі санала ма? Дін қызметкері сұрақтың жауабын жоққа шығарды, ондай жаңалыққа түбегейлі қарсылық танытты. Бірінші кезекте ер мен әйелдің қарым-қатынасына тоқталып өтті.
"Алла тағала Құранда айтады: «Біз сендерді бір еркек, бір ұрғашыдан тараттық». Адамзаттың бәрі бір еркек пен бір әйелден тарайды, екеуінің қосылғандарынан тарайды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) да айтады: «Мұсылмандар, көбейіңдер! Мен сендердің көп болғандарыімен мақтанамын». Демек, адамзаттың көбеюі, ерлі-зайыпты болу, отбасы болу, шаңырақ көтеру мәселесі қашан да маңызды. Ал әйел адам мен ер адамның шаңырақ көтергеннен кейінгі ара-қатынасы ең жақсы деңгейде болу керек. Өйткені Алла тағала еркектерге былай деп бұйырған: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Оларға зекімей, ұрыспай, әдемі сөйлеп, көңілдерін тауып, оларды құрметтеу үлкен міндет». Отбасының алдындағы міндеттері бар, отбасының алдындағы міндеттері бар. Ер адам болсын, әйел адам болсын, екеуінің қарым-қатынасы қашан да ең жоғарғы деңгейде болған. Ең маңызды мәселе – әйел адам мен ер адамның төсек қатынасы. Ол міндеттелген, некелескеннен кейін, адал жар болғаннан кейін, әйел адам мен ер адам осынын ретке келтіру керек», - дей келе роботпен қарым-қатынасқа түсетін адамдардың өрескел қателігіне тоқталып өтті.
«Адамдардың роботпен қарым-қатынасқа түсуі – өрескел қателік, үлкен күнә, бейәдептілік, моральдік құндылықтарды жерге таптаумен тең. Біреулердің бизнес жасап, адамдардың жанұялық құқықтарын, адами құқықтарын аяқ асты таптаумен тең. Себебі, ерлі-зайыпты жыныстық қатынасқа түсу үшін екеуі некеде болуы керек. Екіншіден екеуінде ақыл болуы керек, олар өз істеріне жауауп бере алуы тиіс, дұрыс істеп жатыр ма, күнә ма, білуі керек. Ол мұсылман болуы керек. Неке шарттары орындалуы керек. Одан кейін жыныстық қатынас рұқсат етіледі, сөйтіп дүниеге бала келеді. Роботқа келетін болсақ, ол темір, ол пласмас, басқасы болсын ішкі қажеттілігін кетіру үшін немесе қажеттілігін қаматамасыз ету үшін роботпен қатынасқа түсу – үлкен күнә. Адам Алла Тағаланың табиғи тұрғыдан жаратып берген әйел заты бар кезде тәрк қыласың, қажет емес деп, темірге көңіл аудару – адамның психологиясын бұзады. Адам бұған құмартып, мұның артынан жүгіре беретін болса, елдің ішінде, отбасында, мемлекетте, халық арасында махаббат, жылулық, сүйіспеншілік деген нәрсе қалмайды, қатыгездік пайда болады. Жанұялық байланыс үзіледі. Ер мен әйелдің арасындағы махаббатты жоққа шығарады. Неке шарттары бұзылады. Олар, бәлкім, ойлауы мүмкін «ол ақылы жоқ, құр темірде тұрған не бар» деп. Адамзаттың бойында, ер адамның бойында Алланың берген күш-қуаты бар. Ол күш-қуатты көрінген нәрсеге жұмсай алмайсың. Өйткені, сенің бойыңдағы күштің жұмсалатын жері белгілі, одан дүниеге сәби келу керек, ұрпақ таралу керек. Ал әлгіндей дүниелерге Алла Тағала рұқсат берген жоқ. Ислам ғалымдарының айтқан сөздері бар: қолдан жасалған түрлі дүниелер арқылы өзінің жыныстық қалауларын, нәпсілік қажеттіліктерін өтеу – үлкен күнә, харам».
Сондай-ақ, дін қызметкері алдағы уақытта осы мәселеге байланысты Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының арнайы пәтуасы шығады деген үмітін де жасырмады.
Кәсіби психолог, сексолог Айя Жоламановамен де тілдесіп көрдік. Ол секс роботтардың қажет тұстары да болуы мүмкін дейді.
Мүгедек адамдер мен ұяңдарға секс-роботтардың көмегі тиюі мүмкін
«Негізінен денсаулығы мықты, физикалық, психологиялық тұрғыдан ауытқушылығы жоқ адам ондай роботтарға жүгінбейді. Ал кімдер үшін керек десек, оған екі жақты жауап беруге болады. Біріншісі, психологиялық мәселесі бар, аутизммен ауратын, ешкіммен араласа алмайтын немесе өз денесінен қысылатын, ашылып ештеңе айта алмайтын адамдар жүгінуі мүмкін. Ал сексуалдық қажеттілік ол табиғи нәрсе, жетілген организм жақын қарым-қатынасты қашан да қажет етеді. Ал екінші категориясы, сексуалдық ауытқушылықтары бар адамдар болуы мүмкін. Мұндай адамдар өздерінің қажеттіліктері жайында ешкімге тіс жарып айта алмауы мүмкін, сол себепті секс-роботпен қарым-қатынасқа түсу арқылы өз мәселесін шешуі мүмкін».
Яғни, психологтың айтуынша, мүгедек адамдар, ұяң адамдар, аутист адамдарға секс-роботтар көмектесе алады.
«Алайда жасөспірімдер үшін бұл аса қауіпті. Себебі жыныстық мүшелері дамымай жатып секс-роботтармен қатынасқа түсетін адамдардың ертеңгі күні өзге адамдарамен араласуы қиынға соғады», - дейді Айя Жолманаова.
Секс-роботтар - адамзатқа төнген қауіп
Расында, жай ғана темір ғой, сезбейді, көрмейді, ешкімге ештеңе айтпайды. Міне, адам баласы осындай ойларға беріліп, бір көрмек ниетте роботпен қарым-қатынасқа түсуі мүмкін. Мамандардың бәрін ақылмен ойластырғаны сонша, әлгі адам құмарта бастайды. Адамнан гөрі роботпен тілдескенді жөн көреді, себебі жұмысына бөгет келтірмейді, артық сұрақ қоймайды, мазасын алмайды. Сөйтіп, роботпен өмір сүрген оған ыңғайлы көрінеді. Енді әлемді дәл сондай роботтар жаулады деп елестетіңіз... Адамдар бір-бірімен араласуын доғарады, мейірімділік сөніп, қатыгездікке ұласады, отбасылық өмірге нұқсан келеді, әлемде жалғыз басты ер адамдар мен әйелдер көбейеді, дүниеге бала келмейді. Өмірі қарапайым темірге байланады да қалады. Жер бетінде мүлкіген тыныштық орнайды.
Оның үстіне, әр заманда мемлекет үшін маңызды мәселе - демография. Ал еліміздің демографиясы мәз емес екені шындық. Бойдақ еркектер көп, өз теңін таппай жүрген әйелдер де жетеді. Ал роботтар келсе, олар үшін мәселенің шешімі табылғандай көрінуі мүмкін. Себебі ағзасы жетілген адам жыныстық қарым-қатынасты қажет етеді, ол - табиғи заңдылық екені айтылды.
Яғни, жыныстық қатынас үшін пайда болған роботтар адамзатқа төнген қауіп қана!
Менің де айтарым бар...
Адам баласы «өмірге не үшін келдің?» деген сұраққа әртүрлі жауап қатуы мүмкін. Бірі өмірдің қызығына батып, қыдырып та, ішіп те, жеп те, билеп те, күліп те, жалпы көңіл көтеруге үлгеріп қалуды көздейді. Енді бірі ақша табу жағына көбірек көңіл бөледі, байлыққа ұмтылады, сезімді ысырып қояды. Басқасы ғылымға бет бұрады, білім іздеймін деп уақыт шіркіннің қалай өтіп жатқанын да аңғармайды. Ал кейбірі отбасылық құндылықты жоғары қойып, қыз балалар «ана» болсам дейді, ер балалар артымнан ұрпақ қалса дейді. Әркімнің өз таңдауы бар, өз қалауы бар, оған ешкімнің таласы жоқ.
Алайда әлемде өзгермейтін бір құндылық бар. Ол – махаббат, сезім. Осы құндылықтар сөнген жағдайда, адам баласының мейірім-шапағаты бірге сөнеді, ниеті бұзылады, небір жамнадықтарға барады, күнәларға бой алдырады. Ал дәл сондай сәтте роботтар адамдарға қарсы қарусыз соғысқа шығады және адамның өзін емес, санасының тас-талқанын шығарады. Сондықтан қолда бар құндылықты бағалау тек адамның өз қолында.
Гүлім ЖАҚАН
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір