• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:52:52
Алматы
+35°

20 Шілде, 2017 Әлеумет

Қазақ тойы қазақтың мазағына айналды

Тойда масқарасы шықты... Осы сөзді соңғы кездері жиі естіп те, көріп те жүрміз. Ар-намысты ту еткен қазақтың тойында неге масқара жағдайлар жиі кездесіп жүр?

Тойда масқарасы шықты... Осы сөзді соңғы кездері жиі естіп те, көріп те жүрміз. Ар-намысты ту еткен қазақтың тойында неге масқара жағдайлар жиі кездесіп жүр? Суретші бояймын деп сақалын бояпты дегеннің кебі ме әлде?! Кез-келген ата-ана ұлының немесе қызының тойы керемет, мінсіз өткенін қалайды. Ол белгілі де, анық дүние.  Бірақ олар заманауилыққа салынамыз деп барлық абыройынан, намысынан айырылып жатқандарын байқамайды да, сезбейді. Ғаламторға «қазақтың тойы» деп жазсаңыз небір оқиғалар мен видеолар шыға келеді. Оларды іздеп, көре берсеңіз ұшы-қиыры жоқ дерсіз...

Бұрынғы қазақтың тойы қандай еді десек, қазір XXI ғасыр деп ашуға булығамыз, қызға қырық үйден тиым десек, қазір демократия, әркім не істесе де өзі біледі деп жауап қатамыз. Иә әркімнің өз қалауы бар екені рас. Алайда кей адамдарға «ұнаған дүние» осыған дейін қанын төгіп, жанын берген қазақтың  шыққан шыңынан төмен қарай құлатса  қайтпек керек? Иә, қазіргі кезде қарапайым той арқылы қазақ деген текті халықтың абыройын айрандай төгіп жүргендер жоқ деп тіпті аз деп айта аламыз ба?

Қазіргі қазақтың тойындағы масқаралықтар қоғамымыздағы ұятсыздықтың бір бөлігі, бөлшегі ғана. Масқараның бәрін жинай берсек, айта берсек тауыса алмаймыз.

Тойларды басқаратын кей асабалар ойын ойнатып елді күлкіге қарық қылдық деп ойлайды. Алайда халық  біреудің арты ашылып, абыройы көрінгеніне немесе бір адамдардың соншалықты төмен деңгейге түскеніне қарап күліп жатқанын  біледі ме екен? Білсін, білмесін, түсінсін, түсінбесін болары болып, бояуы сіңді енді. Бұрынғы қазақ қызы етек жеңін қымтап ұстайтын, жігіттеріміз намыстың не екенін түсінетін... Қазіргі қоғамға қарасаң біз шынымен де сондай текті халықтың ұрпағымыз ба деп ойланасың, кейде. Қазақ ойын-сауықта да өз абыройына нұқсан келтірмеген.  Ал қазір өмір бір-ақ рет беріледі, ойнап-күліп қалу керек дегендер көбейді. Иә, өмірдің бір-ақ рет берілетіні шындық, алайда сол өмірді абыроймен өткізген дұрысырақ емес пе?

Тойлардың бәрінде бар абыройын көрсеткен қыздар өзі танымайтын еркекпен билейді, тіпті егде жастағы ер адамдардың өзі ащы судың жетегіне еріп тыр-жалаңаш тойда билеп жүргенін көргенде аузыңыз ашылып, қарағаныңызға ұяласыз. Тағы бір тойда бір қызды көтеріп алған жігіт оны домбыра ретіде көтеріп алып,жамбасымен ойнап отыр. Ең сорақысы бұл асабаның ойлап тапқан ойыны екен. Халық күліп отыр, бәрі риза шетінен... Осындайда сонша адамның арасынан «қой» дейтін бір қарияның немесе ақ жаулықтының  болмағаны ма? Енді бір тойда қазақ қызы тыр жалаңаш шешініп,  жастардың арасында кеңінен танымал болған стриптиз биін бөтен еркектің алдына тұрып билеп жатыр. Халық қол шапалақтауда... Бұл не сонда? Керемет біздің қазақ заманауи болып келеді... Біз айтуға ұялатын дүниені олар еш қымсынбастан жасап жүр. Міне, қазіргі заманауи қазақ тойы... Біз осындай деңгейге дейін түстік...

Сонымен бірге қазіргі тойларды басқаратын асабалардың көптігі сонша санынан жаңылуға болады.  Қазіргі асабалардың көбісі өтірік әзілдерді жаттап алып той басқарғысы келеді. Жарайды, олардың әзілдері қызықсыз бола қойсын. Қазір оған да шүкір ететін болдық қой. Бір асабалар бар, бүкіл дүйім жұрттың алдында анайы, ұятсыз әзілдерін айтып, өзі де бірге ыржалақтап күліп тұрады. Тойда еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін отырады. Жо-жоқ... Ол асаба заманауи тойды басқарып тұр ғой. Қазір далада XXI ғасыр, барлығын ашық айту керек... Ол әзілді тыңдап отырған адам ұялғаннан езу тартып, күлген болады. Сөйтіп, әлгі асаба бүкіл тойды біртүрлі әзілдерімен өткізіп, ақшаны қалтаға басқан соң келесі тойын да дәл осылай өткізе береді.

Ақыл айту барлығының қолынан келеді, әрине... Алайда айтпасақ сөздің атасы өледі демекші, кей кемшіліктеріміз түртіп отырмасақ алға жылжи алмайтынымыз тағы бар. Қазақта ойланатындай дүние көп. Әр қазақ өзгенің мінін термей, өзінен бастаса ғана тектілігіміз бен намысымызды сақтай алатынымыз ақиқат. Масқара тойларымыздан, абыроймен өткеретін тойымыз көп болсын!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір