• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:00:48
Алматы
+35°

21 Шілде, 2017 Әлеумет

Қазақстанда бала өсірудің машақаты: Жәрдемақы қай жыртықты жамайды?

2017 жылдың басында-ақ бюджетпен базалық көрсеткіштер бекітіліп қойған.

Шілде айында Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. 2020 жылға дейін қазақстандықтар санын 20 миллионға жеткізу мақсатына бір табан  болса да жақындадық. Егер көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақы мен жас отбасыларға, сонымен қатар дүниеге келген әрбір баланың күтіміне арналған жәрдемақы мөлшері өсіп, жағдай жасалса бәлкім туу деңгейі бұдан жоғары көрсеткішті көрсетерме еді, кім білсін? Десек те бал ашпай нақты цифрларға сүйенсек.

Қазақстанның демографиялық мәселесін шешу үшін түрлі сыйақылар, жеңілдіктер қарастырылды. Десек те күнін әрең көріп жүрген көп балалы отбасылар баршылық. Оның ішінде үлкен отбасын асырап отырған жалғыз басты аналар мен әкелер де бар. Оларға қалталы азаматтардың көмек қолын созып жүрген жағдайлар да аз емес. Дегенмен, бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етіп немесе балаларына бір қысқа жылы киім сатып алып бергеннен жағдай түзелмейтіні анық. Бұл іштен ғана емес, мемлекеттік деңгейде шешілуі қажет.

«Қазақ көбею керек!» деп әр бұрышта ұрандатамыз. Осы кезде жаңа отбасын құрған жас отбасылар Қазақстанда көп балалы болағынымызбен, олардың барлығын бірдей қажеттімен қамтамасыз ете аламыз ба? Сапалы білім, сенімді медициналық көмек бере аламыз ба деген секілді сұрақтар мазалайды. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстанда бала асыраудың машақаты қандай, мемлекет тарапынан қандай жағдайлар жасалғанын және ол қазақстандық отбасылар үшін жақсы өмір сүруге көмегін тигізе ала ма деген сұраққа жауап іздеуге тырысты.

Бала күтіміне берілетін жәрдемақы

2017 жылдың басында-ақ бюджетпен базалық көрсеткіштер бекітіліп қойған. Соған сай, бірінші балаға – 13070 теңге, екінші балаға – 15452 теңге, үшінші балаға – 17812 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 20195 теңге төленеді.  Ал егер егіз бала дүниеге келсе, олардың әр қайсысына жеке-жеке жәрдемақы қарасытырылған.

Әйелдер бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа кететіндіктен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ай сайын аналардың орташа жалақысының 40%-н төлеп отырады.

Ал мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайы өзгерек. Оларға тағайындалған жәрдемақы мөлшері 25682 теңге. Бұл қаржы отбасының кірісіне байланысты емес. Яғни отбасындағы кіріс мөлшері қанша болса да аталған сомманы алуға құқылы.

Бұл ретте балалардың мүгедектік тобына қатысты да берілетін жәрдемақы мөлшері әртүрлі болатынын ескеру керек.

Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы бір бала күтіміне жеткілікті ме?

Мұнай бағасының түсуі, девальвация, экономикадағы тұрақсыздық, дағдарыс сайып келгенде жаппай қысқарту мен қымбатшылыққа соғатыны белгілі. Осындай нарық заманы мен қымбатшылық жайлаған уақытта балаға қажеттінің барлығын сатып алу қалтаға ауырлық етеді.

Дүниеге келген балаларға кететін шығынды орташа есеппен есептеп көрейік.

  1. Жөргек – санына байланысты бағасы 3000-7000 арасында.
  2. Егер ана сүті аздық етсе қосымша берілетін тамақ тағы бар. Жасанды сүт. Құрамына байланысты бағасы 1000 – 20 000 дейін барады. Ешкіні сүтінде бар дәрумендермен байытылғандары тіптен қымбат.
  3. Медициналық тексеру – тіркеуі барлар тұрғылықты жері бойынша жергілікті емханада ақысыз тексеріледі. Ауруханаға жату қажет болғанда жолдамаңыз болса ауруханаға жатып емделу тегін.

Басқа да шығындарды есептемегенде жергөк пен қосымша тамаққа орта есеппен 20 000 теңге кетеді. Ал мемлекеттен бір балаға берілетін 13 мың теңге тек жөргекке жетеді екен.

Бала өседі. Онымен қоса оған кететін шығын да артады. Әрбір ата-ана бауыр еті баласына ең жақсысын ұсынуға  тырысады. Сапалы ойыншық, қымбат киім, саябаққа апару секілді қыдыртуы тағы бар.

Қазір ойыншыққа лицензиясы бар, денсаулығына еш зиянын тигізбейді деген сапалы ойыншықтардың  бағасы – 1000 теңгеден басталып керек десеңіз 100 мыңға дейін жетіп ары қарай аспандап кете береді.

Балаңызға қарапайым көлікті алып бересіз бе, әлде пультпен басқарылатын, үлкендердің жүргізетін көлігінен аз ғана айырмашылығы бар ойыншықты сатып аласыз ба оны қалтаңызға қарап шешесіз.

Киім-кешек бағасы да көңіл көншітпейді. Балаларға арналған киімдер өлшемі кішкентай болса да, құны қомақты. Балаңызды бастан аяқ киіндіру үшін қалтаңызда кемінде 50 мың теңгеңіз болу керек. Әсіресе мектепке барар кезде тек киім сатып алумен шектелмей, оған қосымша  кеңсе тауарлары, портфеліңізді тағы қосыңыз.

Әріге бармай баланың балабақшаға беру ақысын алайық. Бұл уақытқа дейін балаға берілетін жөргекпұл да тоқтайды. Екі жақтап жұмыс істеп балаларын асырауды мақсат тұтқан отбасылық жұп баласын балабақшаға береді. Ондағы орташа баға баланың жасына байланысты 25 мың теңгеден бастау алады.

Тізбектей берсең көп. Десек те, ең маңызды және көзге көрінетін шығындар да осылар. Мұның барлығы тек бір балаға ғана кететін шығын.

Ал көп балалы отбасылар үйдегі үлкенінің киген киімін тоздырып, ойнаған ойыншығы бүтін жетсе соны місе тұтады.

Әр адам баланы ең алдымен өзі үшін дүниеге алып келетін анық. Оны тәрбиелеп, қатарға қосып, асырау әр ата-ананың басты борышы. Сол үшін ол аянбай еңбек етеді, өзі тоя жемесе де қолындағы бар дәмдісін баласының аузына тосады, өзі 5 жыл бұрынғы тозығы жеткен киіммен жүрсе де бауыр еті баласына соңғы үлгідегі сәнді киім алып беруге тырысады. Қазір қатарынан қалмауы үшін қымбат ұялы телефондарын да ұстатып қойды.

Осындай жарқыраған заманда балаңызды қажеттімен де, қажетсізбен де көмкеріп қоя аласыз. Оған бірінің жағдайы келсе, енді бірінің мұршасы бола бермейді. Қазақстандағы орташа жалақы 100 мың теңгеге жетпейді. Баспана болмаған жағдайда пәтерақы, азық-түлік, жол ақысына кететін шығындар да біраз отбасын қыспаққа алып отырғаны жасырын емес.

«Балаңа кеткен қаржыны шығын деу күнә, іштен шыққан баланың қуанышы мен бақыты үшін жұмсалған қолдың кірі не тәйірі», - десек те әлеуметтік жағдай, қаржылық қиындық бар.

«Жағдайың болмаса баланы не үшін алып келесіңдер? Ал баланы дүниеге алып келген екенсің, мемлекетке міндет қылмай өзің бақ» дейтіндер де табылады. Дұрыс-ақ. Алайда демография сияқты ауқымды мәселені жекелеген отбасы болып емес, ұйымдасқан, жақсы ойластырылған стратегия арқылы жүзеге асатынын естен шығармайық. Ата-ана онсыз да шамасы келгенше үкімет көмектессе де, көмек қолын созбаса да өз баласын өзі бағатыны анық. Алайда екінші құрылған жаңа отбасы сондай машақатты көре тұра көп балалы болуға жүрегі дауалайды ма екен?

Бір үзік сыр

Тарихқа үңілсек қазақ халқы талай нәубеттерді бастан өткерді. Соғысты да, қолдан жасалған ашаршылықты да, түрлі революцияны. Осындай қиын қыстау заманда көптеген қара көз қазақ қаза болды. Миллиондаған қандасымыз қырылды.

Қазір етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздігімізді алып, тарыдай шашылған қазақты тарихи отанына оралуына жағдай жасап жатырмыз.

Көп балалы отбасыларға түрлі қаржы түріндегі сыйақылар қарасытырылып, жас отбасыларға жергөкпұл бекітілді. Осылайша шытынаған Қазақстанның демография мәселесін қолымыздан келгенше жамап, қалпына келтіруге тырысып бағып жатырмыз.

Ата-бабамыздың білегінің күшімен найзаның ұшымен сақтап қалған кең байтақ жерінде осыдан бірнеше жыл бұрын ғана 17 миллион халық тұрды. Әлемдегі жер көлемі бойынша 9-шы орынды алатын Қазақстан секілді ел үшін бұл төмен көрсеткіш. Сондықтан сырттан келетін қауіп те күшті еді.

Барлығын саралай келе қара көз қазақтың санын көбейту алдыңғы шептегі басты мәселелердің қатарына қосылды. Демографияны көтеру үшін түрлі жол мен әдістер бар. Оның бір сара жолы – дүниеге көптеп бала алып келу. Болашақта Қазақстанды жаңа, жоғары деңгейге көтеретін тағы бір қазақстандыққа дүние есігін ашуға мүмкіндік беру. Қазақстың кең-байтақ дархан даласын қорғап, келер ұрпаққа мирас ретінде жеткізетін қазақтың санын көбейту арқылы күшті біріктіру. Сол үшін әрбір қазақстандық баласының аш, жалаңаш қалмасына, сапалы білім алып, қажетті медициналық көмек көрсетілетініне сенімді болатын жағдайға жету жолында жасалып жатқан қадамдардың кем-кетігі тезірек бітеліп, түзелсе деген ниет білдіреміз.

Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір