28 Шілде, 2017 Әлеумет
Қыз алып қашу салт па, дерт пе?
Қыз алып қашу қазақтың қанына сіңген салт-дәстүр ме?
Ұлтымыздың салт-дәстүрлері жетіп артылады. Қызды алып қашу көнеден бүгінге дейін сақталып келе жатқан дәстүр. Осы салт-дәстүрді көпшілік дұрыс түсінбей жатады. Негізінде қыз алып қашу –қазақ халқының қанына сіңген үрдіс. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яғни, қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс.
"Қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр ме?" деген сұрағымызға 80 жастағы Назымкүл әжеміз жауап берді. «Біздің кезімізде алып қашу болды. Алып қашуда қыздың келісімі маңызды емес болатын. Қыз келіспей жатқан кезде үлкен жастағы апа - әжелеріміз табалдырыққа жатып алады. «Менің үстімнен аттап өтсең, бағың ашылмайды, саған теріс батамды беремін» деп қызды көндіріп, басына ақ орамал жабатын. Қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Осы дәстүрдің арқасында көптеген отбасы бақытты ғұмыр кешіп, қазіргі кезде үлкен отбасы болып, немерелі, шөберелі болып отыр»,- деді алты баланың анасы Назымкүл әже.
Ал орта жастағы Филология ғылымдарының кандидаты, педагог Самал Дәрібаевтың айтуынша қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызу дұрыс емес. Қыз бала үйінен ұзатылып, құтты жеріне қондырылғаны дұрыс.
«Халқымыз қыз балаға қонағым деп ерекше құрметпен қараған. Екі жақ келіскен соң қызға батасын беріп, ұзату тойын жасайды. Бұл көнеден келе жатқан жол. Әрине, кеңес өкіметінің тұсында екі жастың келісімімен "қыз алып қашу" үрдісі белең алды. Бұл той жасауға мүмкіндігі болмаған кезде орын алды. Тіпті қыздың келісімінсіз алып қашу жағдайлары да кездесетін. Бірақ бұның қай-қайсысын да дәстүр деп айту орынсыз. Ең дұрысы, ғасырдан ғасырға жеткен дәстүрді сақтап, үлкендердің ризашылығын алу»,- дейді Самал Дәрібаев.
Соңғы уақытта көп талқыланып жүрген қыз алып қашу туралы сан түрлі пікірлер бар. Егде жастағы кісілер қызды алып қашуды дұрыс санайды. Ал жастар көп жағдайда аталмыш салтты қолдай бермейді. Махаббат пен сүйіспеншілікке құрылмаған отбасының ертеңі жоқ деп те айтып жатады. Ендеше, жастардың қыз алып қашу туралы пікіріне көшсек.
«Қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызамыз, себебі бұл ертеден келе жатқан үрдіс. Алайда ертеректе қазіргі кездегідей көрсе қызар азаматтар секілді қызды бір көргеннен алып қашпаған. Қыздың келісімімен, рұқсатымен алып қашқан. Бір көргеннен алып қашып кету қазіргі кезде жиілеп келеді. Бұл әрине дұрыс емес. Салт-дәстүр екен деп кез келген қыздың тағдырымен ойнау үлкен күнә»,- дейді Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті Абай Нұрсұлтан.
Біреу алып қашуды салт-дәстүрге жатқызса, кейбіреулер жатқызбайды. Әрине, әркім өз пікірін айтуға құқылы. Ал осы алып қашу шариғат бойынша дұрыс па? Осыны ауыл молдасы Зият мырзадан сұраған едік.
"Алып қашу шариғат жағынан дұрыс емес. Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатымызда қатаң тиым салынған. Бұл адамның ар-намысын аяқ асты ету және күнә іс. Неке мәселесінде қыздың өзі шешім қабылдайды. Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір - біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күндей қастерлі», – деп, адам ар-намысының қаншалықты қастерлі екендігін ескерткен. Қызды тұрмысқа мәжбүрлеп ешкім бере алмайды", дейді Зият мырза.
Бұрынғы кезден бастап ата-бабамыз ислам дінін ұстанып келді. Шариғат бойынша қыз алып қашу дұрыс емес болса, қазақ халқы бұл дәстүрді қайдан шығарған деген сұрақ тууы жөнді. Дінімізде некенің келісіммен болуы керек екендігі айтылған. Яғни, бұл қыз алып қашу екі жастың келісімімен болатындықтан дінімізге сай. Ата-бабамыз кез келген істі шариғат бойынша жасап жүрген. Кез келген қыз бала басына ақ орамал таққысы келеді, бірақ зорлық- зомбылықпен емес. Көптеген қыздар қыз алып қашудың арқасында, отбасылы болып отырған шығар, бірақ үйінен ұзатылып, ата-анасының ризашылығын алса, нұр үстіне нұр болатын еді. Ал сіздің ойыңыз қандай?
Қорыта келгенде бала ер жетіп, қыз бойжеткен шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Бірақ "қыз мұраты – кету" екен деп әй-шәй жоқ, көлденең жүрген көк аттыға ешкімнің де тигісі келмесі анық. Адам тағдыры, сезім, түсінік деген "дүниелерді" ескермей, жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама? Қыз алып қашу қыз бен жігіт жағы өзара келісіммен, сөз байласуымен болатын салт-дәстүр. Бірақ, дәстүрді бұрмалауға болмайды. Ал салт-дәстүрдің үрдісін бұзбаса қазіргі таңда адам ұрлау, қинау, зорлық-зомбылық деген дүниелер болмас еді.
Дайындаған: Ақнұр МҰХТАРХАН
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір