• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:08:53
Алматы
+35°

16 Тамыз, 2017 Ұлт болмысы

Мәңгі емеспін, өлетін бір пендемін...

Мен де сендей болсам деп Мақсатпен мықты түйінем.

«Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы»

әдеби шығармашылық бәйгесіне

Поэзия жанры бойынша:

Бүркеншік есім: Баһадүр

 

АЛЛА ЖОЛЫ

 

Бисмиллаһ деп бастады мен сөздің басын,

Күллі мұсылман бұл өлеңді қабыл алсын.

Алла нұры жүректегі тілден шығып,

Имандылық шумақтары жалындасын.

 

Алла жолы түссең оған адаспайсың,

Шайтан ісі, жамандықпен санаспайсың.

Алла жолын ұстансаң адал болып,

Харам заттың зиянынан алыстайсың.

 

Алла жолы нұр құятын жүрегіңе,

Айналды күллі мұсылман тірегіне.

Алла жолын ұстансаң тайынбастан,

Иман мен мейірім болар жүрегіңде.

 

Алла жолы көркейтеді ажарыңды,

Бұрып әркез Жаратқанға назарыңды.

Алла жолы апарады жұмаққа,

Сәті келіп қарсы алғанда ажалыңды.

 

Алла жолы – иманың, күмәнданбай сенетін,

Алла жолы – қорғаушың қатерлерден төнетін.

Алла жолы – сабырлық, Алла өзі беретін,

Алла жолы – жақсылық, жүрекке нұр төгетін.

 

Алла жолы – махаббат пен жақсы көру сезімі,

Алла жолы – шыдамдылық, жетер бәріне төзімі.

Алла жолы – имандылық, жүрегіңе құйылар,

Алла жолы – несібең ол тек өзіңе бұйырар.

 

Алла жолын  ұстансаң жамандыққа баспайсың,

Жаман әдет бәрін ысырып шетке тастайсың.

Кемелденіп иманың, көкірек көзің ашылып,

Тақуалық, тектілікпен жаңа өмір бастайсың.

 

                                                                                 Тамыз 2010 ж., БАҺАДҮР

 


 

Абай Құнабаевқа арнау

(Сегіз аяқ үлгісімен)

 

 

Бабалар сөзі –

Ақылдың көзі

Ұрпағына өнеге.

Түсінетін нақылды,

Ұрпағы бар ақылды

Бабалар оты сөне ме?!

Бабалар – пірім, әруағым,

Сендерге мен жыр арнадым.

 

Мұңайып ойлап,

Тереңнен бойлап

Қайғымен күнін өткізген.

Өлеңін арнап,

Шындықты жырлап

Сезімін саған жеткізген.

Түсінбей ақын тілегін,

Жараладың жүрегін.

Жүрекке жақын

Өзіңдей ақын

Ғасырлар бойы табылмас.

Қызыл тіл-өнер,

Өлеңге шебер

Өзіңдей ақын жаңылмас.

Шабыты еш талмаған,

Халқына жыр арнаған.

 

Адасты халық,

Білмеді анық

Абайдай ұлық нақылын.

Өксумен кетті,

Өмірден өтті

Абайдай ұлы ақының.

Оттай жанып, гүл жайнап,

Салған ізің тұр сайрап.

 

 

                                                                             Желтоқсан 2003 ж., БАҺАДҮР

 

Уа Махамбет, Махамбет!!!

 

 

Уа Махамбет, Махамбет

Дара туған ер ме едің?!

Жәңгірдейін хандардың

Тіліне сен ермедің,

Патша үкіметіне халқыңды

Қанауға жол бермедің.

«Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедің».

 

Қанат қағып қырандай

Шыңырау көкте самғадың.

Елдік деп қанат қағудан

Шаршамадың талмадың.

Жәңгір менен байларды

Оттай орап жалмадың.

 

 

 

 

Атаңа нәлет хан ұлы-ай,

Тілегін сұрап алған соң,

Ойлағаны болған соң

Патшаға хабар салдырды,

Патшадан әскер алдырды.

Махамбет пен Исатайды

Аяғынан шалдырды.

Исатайды іздеп Махамбет

Ен даланы қаңғырды.

Атаңа нәлет Жәңгір хан

Халықты есінен тандырды.

 

Әй, Жәңгір хан, Жәңгір хан,

Саясатың жарамай,

Халқыңды қуып жібердің

Саз балшықты далаға-ай.

Қара қазақ баласын

Шетінен тізіп айдады-ау

Орынбор деген қалаға-ай.

 

 

* * *

 

 

Толарсақтан саз кешіп,

Елің үшін баз кешіп.

Бекетай құмда, Махамбет,

Еңіреп өскен ер едің.

 

Халқым талай көшкен жер,

Біз ер жетіп, өскен жер.

Исатай мен Махамбет

Солардан қалған жер едің.

 

Бірлігіңді сенің аңсаған,

Тілеген арайлы таң саған.

Исатай мен Махамбет

Солардан айырылған ел едің.

 

Азаттық үшін еңіретіп,

Болашақ үшін тебірентіп.

Маңдайынан шыққан бұрқырап

Қою қан мен тер едің.

 

«Халқымды зар қақсатқан,

Еңіретіп, ақсатқан

Патша менен Жәңгірдің

Түбіне жетсем!» - деп едің.

 

 

 

 

 

 

 

* * *

 

 

Еркіндік үшін күресіп,

Жәңгір ханды қас қылдың.

Ауыр әскер қол жиып,

Исатайды бас қылдың.

«Бір қасық ішкен қара су –

Жұмасына ас қылдың».

Исатаймен қосылып

Жортуын жорттың қасқырдың,

Ақсүйектерді састырдың.

Жәңгірдейін ханыңның

Дұшпаны болып басқа ұрдың.

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықты дос қылдың.

 

Қыраннан туған лашыным,

Тұлпардан туған асылым –

Махамбет пен Исатай.

Алып туған бәйтерек,

Еліне ес болған ертелеп –

Махамбет пен Исатай!

 

                Қазан 2003 ж., БАҺАДҮР

 

 

 

 

 

 

 

 


 

Ақан серіге арнау

 

Әнші және сазгер, ақынсың

Халқыңның жүрегіне жақынсың.

Заманы сұм уақытта өмір сүріп,

Азап шегіп, қиналған бір пақырсың.

 

Жастарға үлгі және нақыл бердің,

Былай деп ұрпағыңа ақыл бердің:

«Еңбек ет, өнер үйрен, ерінбе,

Жалқауланып, босқа жатып керілме».

 

Пір тұтамын Ақан сері ағаны,

Сөзі асыл, ақылы құнды, бағалы.

Өкініш пен қайғы үдеген үсті-үстіне

Удай ащы қасіретті заманы.                                 Наурыз 2004 ж., БАҺАДҮР

 

Шоқан Уәлихановқа

 

Шығысты білсін, танысын бүкіл әлем, – деп,

Бойына еніп, тамырына тереңдеп.

Өзі шыққан ертедегі Шығыстың

Әдебиетін, тарихын зерттеп, дәлелдеп.

 

Зерттеуінен інжу-маржан төгілген,

Құйрықты жұлдыз жарқ етті көгіңнен.

Шоқанына айырылған қазағымның

Қарс айырылып қабырғасы сөгілген.

                                                                                 Қараша 2003 ж., БАҺАДҮР

 

Ілиясқа арнау

 

Құдіретті ақынсың,

Жаныңмен маған жақынсың.

«Халық жауы» атанып,

Жазықсыз кеткен пақырсың ...

 

Тағдырыңа күйінем,

Өнеріңе сүйінем.

Мен де сендей болсам деп

Мақсатпен мықты түйінем.

 

Ақынсың нағыз дарынды,

Халқыңа бердің барыңды.

Дұшпаның қорлап жатса да,

Кірлетпедің бір арыңды.                           Қыркүйек-қазан 2004 ж., БАҺАДҮР

 

Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» – қазақтың тұңғыш романына арнау

 

Көз жүгіртіп өмірдің азабына,

Роман жаздың тұңғыш болып қазағымда.

Шыдамадың қазақтың жас қыздары

Күйгеніне өмірдің тозағына.

 

Сол екен жүрекке азаптысы,

Тірі өлік – қиналған қазақ қызы.

«Қалың мал» бұғауында шырмалды ғой,

Өз еркінде болмай бір азат-күші.

 

Қиын кезең туды ғой жастарына,

Қара бұлт үйіріліп аспанына.

Сүйгеніне қоспады ата-анасы,

Бостандығын бермеді бастарына.

                                                                     Қыркүйек-қазан 2005 ж., БАҺАДҮР

 

Мағжан Жұмабаев

 

Мағжан деген айбаттанған арыстан,

Қараңғылық, надандықпен алысқан.

                                                 Ағажан, ұмытылмас дара тұлғаң.

Ақындығың – ащы шындық айнасы,

Өлеңдерің – ақыл-кеннің қоймасы,

                                                 Перзентің өз қолыңмен жаратылған.

 

Мағжан десе құдіреттің күшін көрем,

Көмейімнен түйдектеліп шығады өлең.

                                                 Өлеңдерің күш беретін қуат маған.

Мағжан десе тебіреніп, толғанамын,

Сенің арқаң қанаттанып, самғағаным.

                                                 Мағжан ақын бұл өмірде қымбат маған.

 

Сен дегенде көмейге жыр келеді,

Жырмен қоса бір зарлы үн келеді.

                                                 Неге сонша ауыр болды тағдырың.

Мағжан аға, өкінбе, болғын қамсыз,

Жалғастырар сара жолды біз бармыз

                                                 Кейінгіге жетті жырың, қалды үнің!

 

                                                                     Қыркүйек-қазан 2005 ж , БАҺАДҮР

 

 

 

Мен де ақынмын Мұқағалиды жырлайтын ...

 

 

Ақынсың сен ерекше жаралған,

Қарасаздың топырағынан нәр алған.

Жазылған жырың аққудың қанатына

Әйгіленген, бар әлемге таралған.

 

Өлеңдерің аспандады өрледі,

Өлеңдерің – арманыңның өрнегі.

Өмірден ерте кетті, амал қанша

Өлеңінің қызығын, әттең, көрмеді!

 

Арналды туған жерге жырларың,

Қазағыңды – өз еліңді жырладың.

Өкінішті, өмірмен ерте қоштастың

Қызықтай алмай өлеңіңнің сырмағын.

 

Сен – қазаққа біткен алып бәйтерек,

Қоштастың өмірмен тым ертерек.

Ақыны сен қазақтың, Мұқағали!

Болдың енді архивтегі құнды дерек.

 

Мұқағали, сен барсың, әлі тірісің,

Ақындардың сыйынатын пірісің.

Мұқағали әлі тірі жүректерде

Жас ақынның жырлайтын сен жырысың.

 

Мен де поэзия үшін жаралдым,

Мұқағали дүниесінен нәр алдым.

Ағаштағы жемісіне қол создым

Поэзия атанған бір аралдың.

 

 

Араласам бітпейтін бір жыр-бақсың,

Махабатты өлең етіп жырлапсың.

Қарасам тұңғиықсың көз жетпейтін

Мұқағали сен мен үшін қымбатсың.

 

Мұқағали жүрегімде лаулап жатыр,

Қара өлеңнің орманы қаулап жатыр.

Көмейімнің қақпасынан өлең сөздер

Тізбектеле арт-артынан заулап  жатыр.

 

Мұқағали, ақынсың сен тұңғиық,

Тұрсың ғой жүрегіме нұр құйып.

Әсері соншалықты өлеңіңнің,

Барады жүрегім жанып-күйіп.

 

Мұқағали, сен – халқыңның асылысың,

Саялайтын ну-орман, жасылысың.

Байқаған төңіректі көз қырымен

Саятшының баптаған лашынысың.

 

Боратамын қара өлеңді көмейімнен,

Шабытым келген сайын төгейін мен.

Мұқағали жырларынан қуат алып,

Ақындықтың бәйгесін көрейін мен.

 

Ақынмын қазақ елін баяндайтын,

Қазағымды танытудан аянбайтын.

Ақындық тұлпарына мініп алып,

Бірде шауып, бірде желіп, аяңдайтын.

 

                    Ақпан 2005 ж., БАҺАДҮР


 

Өмір

 

Оу, дүние, шіркін-ай, жалғаның-ай!

Тірі жанға құрығыңды салғаның-ай.

Небір саңлақ кетті ғой жетегіңде,

Соларды қиып кетпей, алғаның-ай.

Қанын ішіп, жанын алдың талайдың,

Шынымен сұм ,қатігез болғаның ба-ай?!

Ұрладың біреулердің жастық шағын,

Ал енді біреулердің арманын-ай!

Ішім күйіп, өртеніп , өкінемін,

Оу,дариға, талай гүлдің солғанына-ай!

Соны ойлаумен, қам жеумен, о,дүние,

Өзегімнің өртеніп, талғанын-ай!

Өмір, шіркін, бірде жақсы, бірде  жендет,

Жақсыларды жанын жеп, жалмадың–ай!

Басына қиындықты үйіп-төгіп,

Дұрыс басқан аяғын шалғаның–ай.

Осы өлеңді өзіңе «Өмір» атты

Зарлы үнмен, қайғы мен арнадым–ай!

 

Өмір, шіркін! Зымырайды, зулайды.

Бұл өмірде ештеңе мәңгі тұрмайды.

Жақсысың ба, жамансыңба назар бөліп

Қарамайды, мойынын оған бұрмайды,

Жаныңды алмай, жалған өмір қоймайды.

 

                                                                                     Сәуір 2007 ж., БАҺАДҮР

 

Мәңгі емеспін, өлетін бір пендемін...


 

Бұл өмірге жамандық үшін келмедім,

Жақсылықтың бесігін әркез тербедім.

Әділдікті жырлап өтем өлгенше

Мәңгі емеспін, өлетін бір пендемін!

 

Сол үшін артыма жыр қалдырамын,

Өлеңнен зәулім сарай салдырамын.

Белгі қалсын артымда, сол себепті

Өлеңнің  отын үрлеп жандырамын.

 

Ой, дүние-ай, мен де бір күн өлемін,

Арман жоқ артымда қалса өлеңім.

Жазған жырды кейінгілер құп алса,

Мәңгілікке өлмейтініме сенемін.

 

Бұл өмірге келгемін жырлау үшін,

Ақындық өнерімді шыңдау үшін.

Опасыздық, өтіріктің көзін жойып,

Ақиқат, шындық үнін тыңдау үшін.

 

 

Осылай деп кейінгіге жыр арнадым,

Орындалса болғаны осы арманым.

Ойыма түйіп, көңіліме берік ұстап,

Ұлы мақсатпен өмірімді шарладым.

 

Мен өлгенмен артымда сөзім қалар,

Өлеңнің шам-шырағы маздап жанар.

Кейінгі жас өрендер осы жолдың

Бастауын жалғастырса, шөлі қанар.

 

Мен сенемін, өлеңдерім өлмейді,

Өлеңнің өлуіне жол бермейді.

Кейінгілер жалғастырып маздатса,

Өлеңнің шам-шырағы сөнбейді.

 

                    Сәуір 2007 ж., БАҺАДҮР

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір