• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:33:14
Алматы
+35°

18 Тамыз, 2017 Ұлы көш

Үш ағайындының туыстары: Сот үкіміне де, орындалуына да көңіліміз толмайды

Алайда, Марқұмдардың қара жер қойнына берілгеніне жыл өтсе де туыстары сот шешіміне де, сот үкімінің орындалуына да наразы.

Алматы облысы Жамбыл ауданында айуандықпен өлтірілген үш ағайынды жігіттің бірі Қадылбек Әлімханұлына жылдық ас берілді деп жазады Qamshy.kz. Талдықорғанда өткен жылдық асқа істі бақылауда ұстаған «Қамшы» тілшісі Ерлан Төлеубай арнайы шақырылды. Мың қаралы жиналған асқа істің басы-қасынан еріктілер қосынын ұйымдастырып жүрген Дәулетжан Шаймаран, Омарәлі Әділбекұлы, Шалқар Аxметбай, Абдіраxман Қаманшай, Болат Акрам сияқты атқа мінер азаматтар ат терлетіп келді.

«Qamshy.kz» ақпарат агенттігі мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты Ұзынағаш ауылында болған қылмыстық істің жайын жіті бақылап, оқырмандарын үздіксіз ақпараттандырған еді. 

Qamshy.kz тілшісі Қадылбетің әкесі Әлімхан Ажыдарұлынан соттан кейінгі марқұмдардың отбасының жағдайын сұрады.

«Біз баламыз Қадылбек және оның достары Мұқият, Жарқынбек қатарлы азаматтар қайтыс болғанына бір жыл болды. Қазір Қадылбектің жылдығын беріп отырмыз. Алыс-жуықтан көптеген қамқор аяулы азаматтар нәзірге қатынасып жатыр. Жалпы халыққа, көпке рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Бұл балалардың арт жағына көптің қамқорлығы аз болған жоқ. Өткен жылы қарашада сот болып, үкім шығарылғанын білесіздер. Алайда сот үкімі ішінара атқарылмай жатыр. Сот үкімінің толықтай атқарылуын шын жүректен үміт етеміз. Басқа не айтамыз...», – деді таусыла марқұмның әкесі.

Ал марқұмның жұбайы Нұрипа Дүйсенбай «Қытайдағы туған-туыстардың уақыт ыңғайына қарай Қадылбектің жылдығын ерте беріп отырмыз. Соттан кейін ешқандай нәтиже жоқ десе де болады. Бір сөзбен айтқанда біз сот шешіміне де, сол шыққан сот үкімінің орындалуына да разы емеспіз. Азаматтардың артындағы бала-шағасы қалай күн көреді? Қандықол жақтан ешкім келген жоқ, ол жұмыс істемейді, ештеңесі жоқ деп бізге ешқандай материалдық өтем жасалмады. Билік орындарынан да жағдаймен танысып, хал сұрап келетіні болмаса, нақты көмек жасалмады», – дейді.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы 29 қарашада мал сатумен айналысатын ағайынды үш азамат Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы мен Қадылбек Әлімханұлын өлтірді деген негізгі айыпталушы Талғат Сүлеймановқа сот өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын ерекше түзімдегі колонияда өтейтін болады. Ал, Т. Сүлеймановтың сыбайласы Мұрат Оңалбаев 25 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түзімдегі колонияға жіберілетін болды.

Қанды қылмысты көріп, құқыққорғау органдарына хабарламады деп айыпталған малшы Бақыт Байқасымовқа сот төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Бұдан бөлек, сот шешімімен Т. Сүлейманов пен М. Оңалбаев әрқайсысы қайтыс болған әр азаматтың отбасына 10 миллион теңгеден моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Марқұмдардың туыстары сотқа дейін-ақ: «марқұмдардың туыс-туғандары атынан қылмыскерлерді түгелдей атуын, көздерін құртып, өлім жазасына кесуін талап етеміз!» – деген еді.

Соттан кейін кісі қолынан қастандықпен өлген ағайынды үш азаматтың отбасыларына ерікті азаматтар ұйысып көмек қолын созған болатын.

Айта кетейік, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын.

Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.

Қаперіңізге салсақ, Аталған қылмысқа байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Алматы облысында қылмыскерлер ұсталғаны белгілі болды, тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл халықты алаңдатып отырғандықтан, бұл жайында бізге мәлімет берсеңіз» деп, Қалмұхамбет Қасымовқа істі толықтай өз бақылауына алуын тапсырған болатын.  

Тіпті, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: ««Алматы облысында үш ағайын мал үшін өлтірілді, 9 бала жетім қалды. Бұл қасірет. ІІМ мұқият тергеу жасап, кінәлілердің бәрін жазаға тартатынына сенемін», – деген еді.

Алайда марқұмдардың қара жер қойнына берілгеніне жыл өтсе де, туыстары сот шешіміне де, сот үкімінің орындалуына да наразы.

 

Ерлан Төлеубай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір