23 Тамыз, 2017 Әлеумет
Түс көрудің мәлім және беймәлім қырлары
Адамның көңіл-күйі, ойы, қиялы - барлығы түске әсер етеді
Адам өмірінің ¼ бөлігін ұйқыға және оның 6 жыл уақытын түс көруге жұмсайды. Ал оянғаннан кейін өз түсін ұмытып қалатындар да кездеседі. Аталарымыз «Түс – түлкінің тезегі» деп, түсті еске түсірмеуді жөн санаған.
Түс дегеніміз не?
Түс – адамға берілген табиғат сыйы, оның бойындағы сан алуан қабілетінің бір қыры, дүниедегі ең құпия, күрделі құбылыс. Түс – қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі. Түс – ұйықтап жатқанда көрінген тылсым белгілер. Түс – тылсым құбылыс. Ол кейде адам болашағынан хабар беріп, өміріне ықпал етіп жатады. Ерекше түс көре қалсақ, күні бойы өз-өзімізге келе алмай, айналамыздағыларға қайта-қайта айтумен боламыз. «Түс – тәңірдің аяны» дегенге сеніп, көрген түсіміздің ненің нышаны екендігін білуге асығатындар да бар. Ал енді біреулер «Түс – түлкінің тезегі» деп, қолды бір сілтеп, мән берместен жүре береді. Сонымен қатар түсті жоруға асығатындар да жетерлік...
Дін не дейді?
Түстің шайтанисі де болады, Рахманисі де болады. Түсті жору терең ілімді талап етеді. Біз оны ажыратып біле алатындай ілімге ие емеспіз. Әр адам жори алмайды. Әсіресе мына заманда бұл ілімді білетін адам жоқ десе де болады.
Хазреті Имам Раббани “қуддиса сиррух” Мәктубат кітабының 1-ші том 32-ші мәктубында: «Түске сенбеңдер! Өйткені көбі қиялмен көрінеді, дұрыс болмайды. Шайтан – күшті дұшпан. Оның алдауынан құтылу қиын», – деген.
Көрген түсіңді кімге айтуға болады?
Егер көрген түсімізді біреуге, айтқымыз келсе, тек жақсыларын салих (намаз оқитын, ашықша күнә істемейтін) кісілерге айту керек. Өйткені салих кісі түс жору ілімін білмесе де, түсті жақсылыққа жориды, сондықтан одан зиян келмейді. Жаман, аралас түстерді ешкімге айтпаған жөн.
Түс жору
«Түсті көруінен емес – жоруынан қорық» демекші, түсті жақсыға жорыған дұрыс. Бір адамның бақилық болғанын көрсеңіз, ұзақ жасайды екен деп жорыған халқымыздың даналығында шек жоқ. Түс жору – ерекше қасиет. Ендеше назарларыңызға адамдар жиі көретін түс пен түстің жорылуын ұсынамыз:
– Биікке немесе тауға шықса, жақсы. Ондай түс көрген кісі өңінде үлкен дәрежеге жетеді.
– Жақсы көйлек кисе, кісіге өңінде қуаныш әкелетін істің боларынан хабар береді.
– Өзінің өліп қалғанын көрсе, онда өңінде ұзақ жасайды.
– Адам әйелдің қойнында жатса, онда өңінде оның дәулеті артады.
– Тыр жалаңаш жүрсе, өңінде барлық қайғы-мұқтажынан арылады.
– Басына тәж кисе, онда ол өңінде байлыққа ие болады.
– Сүйікті адамдарыңның бірін құшақтау, бақытты болудың нышаны.
– Жылаған болса, өңінде қуанады.
– Жылан қуса, әйелдердің арбауына түседі.
– Сақалы ағарса, ауруға ұшырайды.
– Үйі құлағанын көрсе, ұрыс-керіс болады.
– Пышақ қайраса, қауіп-қатер болады.
– Аттан құлап қалса, қатерге кездеседі.
Жиі кімдер түс көреді?
Британиялық ғалымдар түсті кімдердің жиі көретінін анықтады. Олардың айтуынша, 2000 жуық адамды зерттей келе түсті көп жағдайда білімді, интеллектісі жоғары адамдар көреді. Түсті жиі көретін адамдардың IQ көрсеткіші жоғары және көрген түстерін естерінде сақтап қалады. Сонымен қатар адам түсінің ішіндегі түрлі-түсті бояулардың өзі адамның ақыл-ойына байланысты екен. Адам қаншалықты ақылды болса, түс те соншалықты жарық болады. Ұйқысы сергек адамдар ұйқысы қатты адамдарға қарағанда түсті көп көреді. Сонымен қатар түстің бір аурудан хабар беріп, аян беру сынды түрлері де кездеседі. Жанның мазасыздануына байланысты да адамдар түс көріп жатады. Аталған себептердің ішінде аян берудің алатын орны ерекше.
Түс жору алдында нені ескерген жөн?
Түс көруші адамның денсаулығы мен түс көрер алдындағы көңіл-күйін, түс көрер алдындағы шұғылданған ісін, түс көрген сәттегі бөлме ішіндегі дыбыстарды да ескерген жөн. Себебі оның барлығы адамның түсіне үлкен әсер етеді.
Түс пен ми
Көп жағдайда адамдар күндіз басынан өткерген жағдайды немесе ұйықтар алдында ойлаған дүниені түсінде жиі көреді. Яғни, ми мен түс бір-бірімен тығыз байланысты. Адамның ойындағысы, жанына тыныштық бермейтін дүниелері түсіне еніп жатады. Адамның көңіл-күйі, ойы, қиялы – барлығы түске әсер етеді.
Түсті кімдерге жорытуға болмайды?
Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады.
– Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті.
Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде, қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда, қоян шықты.
Осыны жорып берші, – дейді Мөңке би.
Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Бірақ ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді.
Қыз түстің жайын білген соң Сырымға: Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді... Сонда да айтайын, – дейді...
Түсті жорып болған Мөңке бидің қызы:
– Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді депті.
САУАЛНАМА
«Қандай түс көрсем де, оны жақсылыққа жоримын. Және түстерімді тек өзім сенетін адамға ғана айтамын. Себебі түсті қалай жорысаң, солай болады дегенді білемін. Алайда түстің де түсі бар ғой. Жай шаршағандықтан ешқандай мәні жоқ немесе күні бойы ойлап жүргеніңді түсіңде көруің мүмкін. Кейде түсіңнің айна қатесіз қайталанып жататын кездері де болады», – дейді Әсем есімді желі қолданушысы.
Гүлім Жақан: "Түсті жиі көремін. Өзіме ұнамайтын түс көрсем, ешкімге айтпауға тырысамын, жақсыға жоримын. Ал жақсы түс көрсем, міндетті түрде анама айтамын, себебі менің өмірімде бәрінің жақсы болуын шын жүректен қалайтын жалғыз жан – анам" деп пікір білдірді.
Түсіңдегі дүниелер емес, өңіңдегісі маңызды. Түстегі қол жеткізілген және махрұм қалынған дүниелерге емес, өмірде қол жеткізілген және айрылып қалынған байлыққа көбірек мән беріңіз.
Айгерім ТАУБАЙ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір