• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:21:08
Алматы
+35°

30 Тамыз, 2017 Әлеумет

Бұрынғы қазақ бірін-бірі батыр дейтін, қазіргі қазақ бірін-бірі жұлып жейді

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы өзің танымайтын адамды ақтауға да, оған жала жауып даттауға да болады. Бұрындары кітап пен газеттен басын алмайтындар көп ...

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы өзің танымайтын адамды ақтауға да, оған жала жауып даттауға да болады. Бұрындары кітап пен газеттен басын алмайтындар көп болатын дегенді естуші едік, қазір телефоннан басын алмайтын жастар тіпті орта жастағылар көбейіп кетті.  Бүгінде сол телефоннан басын алмай, жаңалықты да басқасын да қарайтын адамдарды оқырман деп атап жүрміз. Бұның қаншалықты дұрыс, бұрыстығы белгісіз, белгілісі өзі араласпайтыны былай тұрсын, жүзін де көрмеген адамдар туралы сұмдық пікір жазатын оқырмандардың саны көбеюде. Сөзге тоқтаған қазақтың жастарының сөзі тіптен майдаланып кеткені де рас. Бір мақаланы оқыған жүз адам жүз түрлі ой жазатыны белгілі дүние. Алайда өз ойын мәдениетті, астарлап немесе көркемдеп жеткізуге де болады ғой. Жо-жоқ...  Қазір қарапайым фейсбуктің өзінде кейбіреулер «өз аузым өзімдікі» деп дөрекі сөзбен бастап анайы сөзбен «керемет» ойын қорытындылайды.  Бұл сөзбен дау түгілі жауды тоқтатқан қазақтың тілінің, намысының, ұлтының дәрежесін түсіреді.

Кейде маған еліміздегі қазақ оқырманының талғамы тым төмендеп кеткен секілді көрінеді... Мен жайдан-жай осындай пікір білдіріп отырғаным жоқ. Себебі бар... Не себепті қазір БАҚ жұлдыздардың тартысы, олардың жеке өмірі туралы жеңіл-желпі ақпараттарға құмар болып алды. Себебі сұраныс бар. Сұраныс бар жерде осы секілді түк мән-мағынасы жоқ ақпараттар көбейеді. Сондықтан жеңіл ақпаратты таратқандар да, осындай ақпаратты оқығандар да өздерін кінәласын...

Сонымен бірге біз, оқырмандар танымал адамдардың тек өнеріне сүйсініп оның жеке өмірі мен құпиясына араласпайтын болсақ,  олар халықты алдап, өздеріне жарнама, яғни пиар жасамас та еді. «Бәленшенің үйленгені рас па?» деген тақырыптағы  ақпарат әлеуметтік желіде таралатын болса, кей адамдар жемтікке таласқан құстар секілді таласа оқып, астына нешетүрлі пікір қалдырады. Егер танымал жігіт үйленген болса, оның жанкүйер қыздары «әйелі әдемі емес, әйелі  оған тең емес» деп пікір білдіріп, болжам жасайды. Қарапайым осы пікір арқылы кей қазақ жастарының талғамы мен батысқа еліктеген «мәдениеттілігін»  байқауға болады.  Жұлдыздар туралы қай ақпаратты алып қарасаңыз да осы секілді кемсітіп жазған пікірлерді оқи аласыз.

Қазірде танымал болған тақырыптардың бірі жұлдыздар туралы болса, енді бірі дін туралы. Дін туралы ақпараттың астындағы пікірден гөрі жоғарыда өзім айтқан пікірлер әлдеқайда жақсырақ па деп қаламын, кейде... Себебі діннен ешқандай хабары жоқ адам «сен кәпірсің, сен тозақтықсың» деп өз «имандылығын» көрсетеді. Дін қылдан жіңішке, қылыштан өткір дүние екенін не үшін түсінбейміз? Кей атақтылар еліміздегі діни мәселені шешеміз деп діннің ауыр, көпшілік түсіне бермейтін тақырыптарын «өздерің түсініп алыңдар» дегендей жұртқа сый ретінде таратады. Ол қоғамдық дауға айналады, кейін бір-біріне жала жауып, «кәпірсің, уаһабистсің» деп балағаттай жөнеледі.  Егер осындай сөзді айтқан адамның діннен хабары бар болса, имандылығы қайда қалды?!

Ендігі кезекте әлеуметтік желідегі оқырмандарды өздерінің жазған пікірлеріне қарай бірнеше топқа бөліп қарастырып көрелік. Cөз өз иесін тапсын...

Ештеңе жақпайтындар... Бұндай адамдар өмірі ештеңеге көңілі толмайды. Жақсы дүние жазсаң да, жеңіл дүние жазсаң да. Олар тырнақ астанан кір іздеп, түрлі пікірлер жазуы мүмкін. Ол көбінесе «осыны да жаңалық деп шығардыңдар ма?, ерекшелік жоқ, көшіріп алынған» секілді пікір білдіреді.

Ақылгөйлер... Біздің өмірімізде қанша адам болса, сонша тағдыр болатыны белгілі. Кез-келген адам өмір сүріп қателікке бой алдырады, кейін сол қателігі өзіне сабақ болады. Өзгелер де өзі жасаған қателікті жасап, өкініп қалмасын деп өміріндегі болған қиын сәтті пернетақта арқылы жазып, оқырман назарына ұсынады.Бәзбіреулер сол оқиғаның жақсы жағын қарастырып, қолдау білдірудің орнына, «былай істесең осындай жағдайға жетпес едің» деп болары болып, бояуы сіңген оқиғаға өз ақылын айтып отырады. Ақыл айтқан жақсы, әрине. Бірақ оның өз орны, жөні болуы керек шығар...

Шерлоктар... Шерлок есімді әлемге танымал кейіпкер туралы естуіңіз бар шығар. Ол кез-келген қылмысты бірнеше минутта, тіпті бірнеше секундта ашып, қылмыскердің кім екенін айтып береді екен-мыс. Әрине бұл адам өмірде болмаған, ол шетел әдебиетінің кейіпкері ғана. Бірақ кез-келген оқиға туралы толық ақпаратты білмей жатып, қалай болғанын және кім кінәлі екеніне дейін айтып беретін оқырмандарды Шерлок деп атауды жөн көрдім.  Мысал келтіретін болсам, бір қарапайым қыз бай жігітке тұрмысқа шықсын делік. Осы ақпараттың астына кем дегенде бір-екі адам «ақшасы үшін тұрмысқа шықты» деп болжам жасай қояды. Керемет, не деген логика!

Мәдениеттілер... Әрине әлеуметтік желіде мәдениетті адамдар жиі пікір жаза бермейтін секілді. Олар тек қоғамдық даулы мәселелер қозғалған кезде ғана бой көрсетеді. Мәдениетті адам ақтаушы болса да, даттаушы болса да өз мәдениеттілігінен таңбай астарлап болсын өз пікірін білдіреді. Дәл осындай адамдар бүгінде біздің қоғамға аса қажет деп есептеймін.

Ештеңеге қызықпайтындар... Бұндай адамдар әлеуметтік желіні пайдаланбауы да мүмкін. Себебі олар елдегі болып жатқан маңызды ақпараттардан басқаларды «өсек» немесе еріккеннің ермегі  деп санайтын да шығар. Олар әлеуметтік желіні пайдаланса да өз жұмысына пайдаланады. Сонымен бірге бұндай қатардағы адамдар өзекті болған тақырыпты оқыса да пікір жазуды артық көреді, тек өзінше ой түйіп, керекті ақпаратты жадына сақтауға тырысады.

Әлеуметтік желідегі адамдардың пікірі арқылы бұдан да басқа топ құруға болар болатын да шығар, Алайда ең маңыздысы осы секілді. Қазір біздер оқиғаның бірінші жаман жағын көреміз. Ең жаман адамның ең болмаса бір жақсы қасиеті болады емес пе?!  Бұрынғы қазақ бірін-бірі батыр дейтін, қазіргі қазақ бірін-бірі жұлып жейді...

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір