• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Мамыр, 15:51:49
+35°

 Таң  құланиектене   Алматының  Қапшағай  бағытындағы  трассасымен  жолға  шықтық.  Қараңғылық  құрсауын  жарып,  тауды  бойлай  көтеріліп келе  жатқан  күн   көліктегі   бір топ  жолаушыға   ақ  жол  тілеп  тұрғандай.  Қызара бөртіп  жүйткіген  көліктің  соңынан  ілесіп келе жатты.  Алдымызда − ұзақ  жол.  Бұл  жолдың  басқа  жолдан  өзгешелігі  бізді  киелі  мекенге, тарихи ескерткішке  бастап барады.  Ол  ХІХ ғасырда  қазақ  даласына  жарық  сәуле   болып  жарқ  етіп,  ерте  сөнген  жұлдыздың  ағып   түскен   мекені – Алтын  Емел жотасы  еді.  Барудағы  мақсатымыз − халқымыздың  маңдайына  біткен даңқты  перзенті, ұлы  ағартушы, жиһанкез,  фольклоршы  Шоқан  Шыңғысұлы  Уәлихановтың  жерленген   жерін өз  көзімізбен  көріп,  әруағына   құран  бағыштау,  мұражайына  барлау жасап,  ұлы  бабамыздан  қалған жәдігерлерді  тамашалау  болатын. Бір  топ  студентті ұйымдастырып,  Шоқанғаалып  барған   әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ  журналистика  факультетінің  профессоры,  ф.ғ.д. Кәкен  Қамзин.

    Сөйтіп  құрамы жұпыны  (жеті  студент,  бір оқытушы  және  көлік  жүргізушісі)  экспедиция  Алтын Емелге  жол тарттық. 

 

Бейіт басында

 Алтын  Емелге  саяхатымызды   Шоқан  бабамыздың   басына  барудан бастадық.  Шоқанның  соңғы  сапарға  аттанған  жері   Алматы  облысы, Сарыөзек  ауданындағы  кіп-кішкене,  моп-момақан  ғалымның  аты  берілген   Шоқан  ауылы  туралы  біреу  білсе,  біреу  білмес. Ауылды  құшағына алған  Алтын  Емел   табиғаттың кіндігі  дерсің.  Жазық  дала  панорамасына  кескінделген  оқшау  таулар,  аласа  шоқылар,   жоталар, алқоңыр даладағы  әлі  еріп  үлгермеген  қардың  қалдығы   − бәрі  сұлу,  жарасымды.  Қатпар-қатпар таулар мен жазық  дала  әсем  үйлесім тапқан.  Күз  болса  да табиғат  өз сұлуын  бермей  жатыр.  Соңғы сапарға  аттанар  жерін  дәлдікпен  тапқанына  қарап, Шоқанның  нағыз  географшы  болғанына  күмәнің қалмайды. 

    Шоқанның   әкесіне  жолдаған ең  соңғы  хатында:  «Қажыдым,  күшім  бітті, қан-сөлім кетіп,  құр  сүйегім ғана қалды,  кешікпей  жарық  дүниеден кетермін. Менің  аяулы туыстарым  мен  достарыммен  көрісуді  тағдыр  жазбай  тұр. Бұл  менің  ең  соңғы хатым. Қош  болыңыздар!», - деп қоштасады. Сөйтіп  өзінің  меңдей түскен  науқасынан  айыға алмай,   1865 жылы сәуір айында осы  Алтын  Емел  жотасындағы  қайын  ағасы   Тезек төренің  ауылында  қайтыс болады. Халқын  оқу-білімге бастаймын  деген  көксеген арманына  жете  алмай дүниеден  өтеді.  Қазақтың  маңдайына  сыймай ордабұзар  отыз  жасында  осы  жерде жан тапсырыпты.  Жарқ  етіп  жанған  сәуленің  соңғы  оты  осы  мекенде  сөнген ғалым  ауыл-аймақтан  шеткері, Шоқан  ауылының  желкесіне  жерленіпті.  Оңаша,  оқшау  жатқан   ол   осы  жерінде  жан  тыныштығын тапқан  секілді.  

    Шоқанның  басына қойылған  мәрмәр  ескерткішті  ХІХ ғасырдағы Түркістанның  генерал-губернаторы  К.П. Кауфманның  бұйрығымен  сәулетші  П.Зенковтың  көмегімен  ХІХ ғасырдың 70 жылдары  койдырыпты. Мәрмәр  тақтаны  Екатеринбургтен алдыртып,  Алтын  Емелге  Омбы  мен  Семей арқылы  жеткізіп,  Шоқан  Уәлихановтың  зиратына  орнатыпты.  Тақтадағы жазуда: «Бұл  жерде 1865 жылы  дүниеден  өткен штабс-ротминстр  Шоқан  Шыңғысұлы Уәлихановтың  сүйегі  жатыр.  Бұл ескерткішті  Уәлихановтың  ғылымдағы еңбегі  ескеріліп,  Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның  тілегі  бойынша генерал-лейтенант  Колпаковский  1881 жылы  орнатты»,− делінген. Тағы  бір  аңыздың  айтуына  қарағанда,  ертеректе  ғалымның  басына   орнатылған сол тастан  біреу  диірмен  ойып  алмақ  болған.  Алайда, алыптың  киесі  ұрды  ма, кім білсін,  бейіт тастың  қиыршығын  әлгінің  көзіне қадалып, діттегеніне  жете  алмай  жан  тапсырған деседі. Кейіннен  тастың  түпнұсқасы  мұражайға алынып,  бейітінің  басына  көшірмесі  қойылыпты. 

    Бейіттің  маңайынан  тағы бір  мүрдені  байқадық.  Алайда  маңдайша  қойылмағандықтан  алғашында  кімнің  мүрдесі  екенін  біле алмадық.  Кейіннен мұражайшыдан сұрастырсақ,   бұл  Тезек төренің  інісі  Көшентоғанның  бейіті екен.  Шоқан  дүние  салғаннан  кейін  жерленсе  керек. Ал  кейін   Шоқанның  маңына  мүрде қоюға  тыйым салынып,  басқа  ешкім  жерленбепті. Шоқан  бейітінің  маңайына   ыңғай  төрелер жерленген  екен.  Халқымыздың  тарихымен  тамырласып   жатқан  ақсүйектер  моласы өрліктің,  тектіліктің символы  секілді көрінді.

     Шоқанның  осы  топырақты  басып, ауасымен тыныстағанын ескеркіші  мен моласынан басқа,  оның  мәңгілік  рухани мұрасы  − зерттеу  еңбектері  де  дәлелдеп  тұрғандай.  Мұнда  Шоқан  Уәлиханов  зерттеу  жұмыстарын  жүргізді.  Алтышар  аймағына  осы Алтын  Емел  жоталары  арқылы  аттанды.  Оның «Қашқар  сапарының  күнделіктері  еңбегінде»:  «Бірінші шілдеде керуен  Алтын  Емел  жотасы  арқылы  Іле өзенінің алқабына  қарай  бет алды.  Ол  кезде  Іледен  өту өте қиын  болатын.  Өзенде  көпір жоқ,  сондықтан  керуен  албан  руының  қайықшы қазақтарының ескі  жалпақ табан  қайықтарымен  өткізіледі»  деуі,  «Іле  өлкесінің географиялық  очерктері» еңбегінде: «Шығысқа  қарай  барған  сайын жер  құнарлана  түсетін сияқты,  қайсақтардың (қазақтардың − автор) өздері  шығыстағы  жерлерді  өте  мақтайды.  Іленің  орта  ағысы  Сібірдің  солтүстік  жеріне  қатты ашық,  оның арғы  тек аласа Шолақ  жотасы және  Арқарлы мен  Малайсары  таулары көрініп тұр. Ал  Алтын Емелден жоғары Ілені  солтүстіктен Кіші  Алатаудың  қарлы  жотасы мен  оның шығыс сілемдері  қалқалап  тұр» деп  жазғаны  соны  дәлелдейді.

     Өзінің  асқан  талантымен, білімділігімен тек  орыстың зиялы  қаумын ғана  емес,  Еуропа  жұртшылығын  тәнті  еткен  ұлы  ағартушы,  ғұлама ғалым, қазақты «бұратана ұлт» деп   білетін  орыстарға  бірінші болып   мойындатқан    Шоқан секілді  алып тұлғаның,   сүйсініп  келген  ірі  адамның  сүйегінің  дәл  қасыңда,   топырақтың  астында  жатқанын сезіну ерекше  бір  құбылыс екен.  

    Шоқанның  бейітінің  басына  келгенде ұстазымыздың:  "Шоқан талай  уақыттан кейін басына  сендер секілді  студенттер  келерін білді  ме  екен? Бір  аунап түскен  шығар", − деуі  бізге  серпіліс   беріп,  келген қадамымызға  қуанып қалдық.  Топтасымыз  болашақ  журналшы,  жас  ақын  Есхат Божан  ғалым бабасының   әруағына   құран  бағыштады. Бала  емеспіз бе, артынан  шуласып суретке  түстік.  Бір қызығы  жұлдыздың  магниті  тартты ма, әлде  сәйкестік пе, кім білсін,  біз сол  маңайдан  кете  алмай  біраз  жүріп  қалдық. Жолшыбай  аңшының кезіге  кеткені.  Астындағы  қаракер жылқысы  мен  екі  құмай  тазысын  қызықтап  айналшақтап жүрдік. Атына  міндік,  құмайын сипап,  фотоға  түсіріп алдық.  Әттең,  қаланың  ақсаусақ  балалары  болып  өстік қой.  Әйтпесе  халқымыздың  сан ғасырлар  бойы  серігі  болған  жылқысы  мен құмай  тазысын  жатырқап,  зообақтан көргендей  таңқалысқанымыз  қалай?   

 Сәтсіздікпен басталған сәттілік 

 Бейітті  барлап  қайтқан соң,  Шоқан бабамыздың  мемориалды  кешеніне (музей, ескерткіш,  обелиск)   ат басын  бұрдық. Бұл  кешен  Шоқан  ауылының  орталығында  орналасыпты.  Біз  жексенбі  күні  барған  болатынбыз.  Демалыс күні  барсақ та,  ашады-ау  деген ойымыз  болған.  Бірақ,  мұражай жабық, маңайында тірі  жан  көрінбейді.   Шын  сасайын  дедік.   Шарасыздықтан  не  істерімізді  білмей  тұрғанда,  келгендегі  ниетіміз түзу  болса  керек,  мұражай  меңгерушісі  Сәуле Әбішева сол маңнан  көлікпен  өтіп  бара  жатып  бізді  көріп бұрылды.  Өкініштісі  сол,  «Ұрлық  қылғанда,  ай   жарық  болыпты» дегендей, біз  барғанда  мұражай  жөндеуге  жабылған  екен.  Сөйтсе  де бізді  мұражайдың  жабық  болуы  мүлде  қынжылтпады.  Қайта  Шоқан  Уәлихановтың ескерткіші мен  мұражайы  толығымен  жөнделетіні  қуантты.  Мемлекеттік  бюджеттен   42 млн.  көлемінде  қаржы  бөлініп,  Шоқан  бабамыздан  қалған  шаңырақты  жаңарту,  қайта  өңдеуден  өткізу  секілді шаралар қолға  алыныпты.  Қуанарлық жайт.

    Сөйтіп,  мұражай  меңгерушісі   Сәуле апайымыз  алыстан ат арылтып келген бізге ерекше жағдай жасап,  мұражайды ашып, экскурсия  жүргізді. Сәтсіздігіміз  осылай сәттілікке  ұласты.

    Ескерткіші  де алыстан  менмұндалап,  көзге  бірден  түседі. Тұлғаға сай  тұрғызылған. Өрліктің,  паңдықтың,  мәдениеттіліктің,  интелектуалдық тереңдігі мен  төреге  сай  қасиеттердің бәрі  Шоқан  өлсе  де,  осы  тас  мүсінге берілгендей. Ұлының  рухымен  астасып тұр.  Зәулім  ескерткіш  1958 жылы  орнатылыпты.  Алыстан биік  болып  көрінетіні  оқшау  жотаға  орнатылған.    Мұражай  екеуінің  арасын  жасанды  өзен  бөліп тұр.  Көпір  арқылы  жалғасыпты. Ескерткіш мұражайдың төбесінен  төніп тұрғандай  әсер  қалдырады.  Шоқан мұражайға  маңдайын беріп  қарап тұр.   

   Мұражай   Шоқан Уәлихановтың   150 жылдығы  қарсаңында, яғни 1985 жылы  ашылыпты.  Мұражай ғимараты  үшкір  шатырмен   ерекше  күмбезделіп тұрғызылған.  Мұражай  меңгерушісі  Әбішева Сәуле  апайымызды  айтуына  қарағанда,  Алматы  облысында  21 музей  болса,  соның  ішіндегі  қазақы  дәстүрмен салынған  мұражай  Шоқан Уәлихановтікі.  Архитекторлар  әдейі  ойластырып,  киіз  үйге  ұқсатып  салған. Киіз үйдің   қанаты   баспалдақпен алмастырылған. Баспалдақпен спираль бойы  жоғары көтерілеміз. Төбесінде − шаңырақ.  Оны  басқұр,  жетібау секілді ұлттық бұйымдар көмкеріп тұр.

    Мұражайдың  ішін аралап,   «барымен  базар» деп  деп,   экспонаттардың    аздаған  бөлігін    тамашалай  алдық. Мұнда  Шоқанның  Сырымбеттегі мұражайында  жоқ экспонаттар  қойылған.  Назарыңды аудартып, көзге  оттай  басылатын  экспонаттардың  бірі − мұражай төріне  ілінген  үлкен полотно.  Бұл  полотно  табиғи қойдың жүнінен тоқылған.  Мұнда  Шоқанның  жүріп  өткен  жолы:  білім  алған  Сібір кадет  корпусы,Петербург, Қашқар,  Іле сілемдерінің  бейнесі,  керуен, кітап  т.с.с. бейнеленген. Ал  жарты  күннің  бейнесі  қазақ  даласына  сол ғасырдағы енді дендеп  келе  жатқан  оқу-ағартудың белгісі  болса  керек.  Назар  аударатын  екінші  бір нәрсе – әжесі  Айғанымның  салдырған  үйінің  макеті.  Шоқанның  замандасы  Семенов Тянь-Шаньский  бұл  турасында: «Айғанымға Александр  І үлкен ілтипат көрсетіп,  Қырғыз  даласында оған  арнап үй  салдыруға  әмір еткен. Ш.Уәлиханов  сол  үйде туған», - деп жазады.  Міне,  сол Шоқан  туған үйдің  кішірейтілген  түрін  көрдік. 

   Мұражайдың бір ерекшелігі ғалымның тұрмыстық  заттары  мен қолжазбаларынан  басқа  оның  зерттеу  материалдарына  қатысты  дүниелер  қойылған.  Бір ғана  мысал,    "Қозы  Көрпеш-Баян  сұлу"  атты  мақаласында: "Екі  ғашыққа  арнап  салынған  атақты  белгі  осы күнге  дейін  Аякөз өзенінің  оң жағасында. Қызыл  қия бекетінен  он  шақырым төменірек,  Семейден Қапалға баратын  жолдан бір  шақырымдай  әріректе тұрады. Күмбезді  таспен  қалап,  арасына  балшық құйып отырған. Биіктігі  жеті  құлаштай. Астын  төрт бұрышты  қырлап  көтеріп,  үстін  пирамида сияқтандырып, ішінде  күмбез етіп  жасаған",  -деп  күмбезді  суреттеп  жазады Шоқан  Уәлиханов. Міне, оның  осы  суреттеп  жазған  Баян мен Қозының   бейітінің  кішірейтілген түрі мұражайға  қойылыпты. Шоқан  зерттеген  балбал тастар да  кездеседі. Ғажап  нәрсе.  Шоқанның ғылыми әлеміне  еркін  енуіңе мүмкіндік  береді.  Мұнда  Шоқанның  ғылым еңбектерінің  ішінде Жетісу, Ыстықкөл,  Тянь-шань, Шығыс  Түркістанға  арналған тарихи-географиялық шолу түріндегі   «Құлжа  сапарының  күнделігі»,  «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар»  жазбалары  секілді  қазынаға  бергісіз  құнды  еңбектерінің  қолжазбалары  бар.  Болашақта  Шоқанның  пәуескесінің көшірмесі,  жұмыс  орнының,  жатын орнының  жасанды  нұсқалары қойылмақ. Кинозалы  іске қосылып,  Шоқан  туралы фильмдер  көрсетіледі  екен. Мұражайдағы жөндеу  жұмыстары  осы жылдың  желтоқсан  айында аяқталмақ. 

    «Жақсы  әке  жаман  балаға қырық  жыл азық»  деген  мақал  бар ғой халқымызда.  Қарап отырсақ,  тегін айталмаған.  Шоқан  Уәлихановтың  атын  иеленіп  отырған  ауыл маңайындағы  бұйығы  жатқан, тоз-тозы  шыққан   ауылдарға  қарағанда  едәуір  үлкен,  әрі  жайнап  тұр.  Екі  ғасыр өтсе  де  Шоқан  Уәлиханов  сол ауылды  «ағартып» тұр.  Ауылда үкімет назарынан  әлі  де түспей  келеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір