• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:28:03
Алматы
+35°

30 Тамыз, 2017 Әдебиет

Бақ пен сор да, тақ етіп тайқы маңдайға қонары даусыз. Содан болар маңдайға жазған жартыңды кездестіргенде не бақ, не сорың суырылып алдыңнан шығары. Меніңше, жарыңды жаңылмай тапсаң бағың да, жаза бассаң сорың. Сондықтан да қабырғаңнан жаратылған қымбаттыңды көзбен көріп, көңілмен өлшеп күдік пен күмәннан арылған соң барып сезіміңді сездір.

Өз басым оны жолықтырғанда, он ойланып, сан толғанып тоқетері тойға тірелгенде диалог былай басталған еді: 
─ Алтыным менің, алғашқы айтарым, ер жігіт әйелін ауыстырса ауыстырар, бірақ әке-шешесін ешкімге айырбастай алмас. Кесетіп аларым, келіспей қалсақ ең қиыны мен сені тастап екіншісін, болмаса үшіншісін алармын. Ал ата-анамды тастай алмаймын. Сондықтан анамды сыйла, әке-шешеме сыйлы бол!
─ Әрине!
─ Қалқам менің, қазақта, қыз балаға қаратып «Ер жігіттің етегінен ұста» деген сөз бар. Мен қайда барсам, сонда боласың. Өмірдің ыстығы мен суығын қаймықпай, қабақ шытпай бірге көресің. 
─ Әрине!
─ Күнім менің, басынан айтайын басымда байлығым жоқ. Бірақ сені жылатпай асырарлық ақылым бар. Бақыт байлықта емес, қанағат пен шүкіршілікте. Қарақат көзіңе тамшы жас ілдірмей бақытты етуге қажыр-қайратым мен жігіттік сөзім бар.
─ Түсіндім.
─ Ақылдым менің, ерегессең жеңілесің, еркелесең жеңесің. Айтар сөзіңді айғай-шусыз ебін тауып жеткізе біл. Әр нәрсені ақылға сал. Атымды атама, «сіз де». Сіз деген жерде сыйластық бар.
─ Мақұл. 
─ Қымбаттым менің, қара шаңыраққа келін болып түскеннен кейін келімді-кетімді кісі көп. Қабағыңмен қарсы ал. Пейіліңмен шығарып сал.
─ Жарайды.
─ Сәулем менің, ешқашан айлығымды алақаныңа әкеп салмаймын. Үйдің қаржысын өзің есептейсің, қаражатын менен аласың. Қосымша өзің тапқан табысың өз еркіңде. "Жоқ" деп жыламайсың. Барды ысырап етпейсің.
─ Әрине!
─ Ақ маңдайлым, жігіттік жігерімді мұқалтып, еркектік намысымды жыртып, өзге біреуді ойлау түгілі өзгеше қарауға да қақың жоқ. Ондай жағдайда арты ажалмен аяқталады!
─ Білемін.
─ Ақылдым менің, өтірік айтпа, тек шын сөйле. Адам қателіксіз болмайды, ондай жағдайда шыншыл бол. Мен қалай болса да, шын сөйлеген адамды кешіре аламын. Ал жалған сөйлеп, соңынан білініп жатса, ондай адамды ешқашан кешіре алмаймын.
─ Жарайды.
─ Жан-жарым менің, сен қалай осының бәрін адамгершілікпен мінсіз атқарсаң, мен де саған бар мейірімді төгемін. Өмірімнің соңына дейін қабағыңа кірбің түсірмеуге, алақанымда аялап ұстауға ант етемін!
─ Рақмет! Менің де сізге айтар бір шартым, бір тілегім бар...
─ Айта ғой...
─ Еш уақытта алдымен анаңызды қуантпай тұрып, маған сыйлық әкелуші болмаңыз! Алдымен анаңызға сыйлаңыз. Себебі тапқан анасын ұмытып, жанындағы әйелінің сөзінен шықпайтын ездер маған ұнамайды. Өйткені болашақ ұлымыз сізден үлгі алады. Сол жағдайдың сүйген жарыңыздың басында қайталанбауы үшін сақ болыңыз. Ал тілерім екеуміз ұзақ өмір сүргесін сіз менен бұрын өмірден озыңыз.( әрине кімнің қашан өлетінін Алла біледі) десе де мен солай тілейтін едім.
─ Шартыңды орындаймын, тілегіңді түсінбедім...Сонда сен басқа шалға тиіп кетпексің бе? – деп күлдім. Ол да жымиып күлді.
─ Мен сізді артымда жападан-жалғыз қалдырғым келмейді. Қартайған шағыңыз да мен болмасам, киіміңізді кім жуып берер, шайыңызды кім қайнатып, шүйіркелесіп дастарқанда отырар. Ал мен үстімді өзім жуып, тамағымды өзім жасап жей аламын. 
Оның бір шарты мен бір тілегінен-ақ, үлкен дүниені аңғардым...

Оған деген махаббатым бұрынғыдан да беки түсті. Әрине, біз бұл шарттармен жүз пайыз жүре алмасақ та, ниетіміз ақ, адал болған соң бақытты болармызға кәміл сендім. Алла тағаланың әділдігі шексіз. Пиғылыңа қарай береді, ниетіңе қарай өмір сүресің. Әр қазақтың алғаш көтерген ақ отауында бақыт пен шаттық орнасын!

Жарқынбек Жұмаділ 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір