• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Қыркүйек, 01:44:52
"Шетелде оқу – өмірлік миссия мен қызметтік жолыңызды тануға көмектеседі"

30 Қыркүйек, 2017 Әлеумет

Сағаттың салмағы, минуттың мекені, секундтың сергелдеңі…

Күн атты, кеш батты. Осы заман «дағдарыс, дағдарыс» дейміз, сол дағдарыс бір келсе уақытқа келіп дағдартқан сияқты ма, қалай өзі?!

Күн атты, кеш батты. Осы заман «дағдарыс, дағдарыс» дейміз, сол дағдарыс бір келсе уақытқа келіп дағдартқан сияқты ма, қалай өзі?! Бұрынғының жиырма төрт сағаты — жиырма төрт сағат еді, қа­зір уақыт зуылдағанда түкке үлгермей, кештің қалай кіргенін аңғармай қалып жатамыз. «Толғауы тоқсан қызыл тілдің» бұл жолғы толғамағы – сағаттың салмағы мен минуттың мекені, секундтың сергелдеңі болып тұр.

Уақыт асығады ма, мен асығамын ба, әйтеуір оятқыштың безілімен басталған уақыт безеріп тұрғанда, аңғалданып жүріп, алшысынан түскен асығымызды да байқамай қалып жатамыз. Бәріңізде солай ма, әлде менде бір «жарқын жаратылыс», ерекше құбылыс па білмеймін, әйтеуір асығамын да жүремін. Төсектен асығып тұрғаннан басталған асығыстық «өз міндетін» мүлтіксіз орындайды әйтеуір…
Әдеттегідей, асығыс басталған күн дәл солай жалғаса берді. Іле-шала ас-судан ұрттап, асығып көшеге бет бұрдым. Кеше ғана жасыл желек жапырақ еді, жаз да асыққан-ау шамасы, орнын күзге беріп, өзі зым-зия болғалы қашан, аяғыма ағаштан сауылдаған жапырақтар шалыныса асығып адымдап келемін. Жан-жағыма көз салсам, мен ғана емес, бәрі асығыс… Бірі баласын жетектеп, бірі басқадай, әйтеуір бәрі «бір жерге» асығып барады. Адам былай тұрсын, көшедегі «көк темір» де асығыстыққа салынып, көз ілестірмей зу-зу етеді.

Осындай дөңгеленген дүниеге жаны күйген болар, бір апамыз: «Мен ғой, қызымның үйіне бара жатырмын, мына халық қайда бара жатыр?» депті ғой. Сол секілді бәрі де күйбің тіршілікті күйттеп, әйтеуір дүниенің бір бұрышына асығып бара жатқаны анық.

Қарасам, аспан ғана асықпай «асығу­шы­ларға» көз салып, бақылап тұр екен. Аспанға атым жетпесі анық, дегенмен өзімше іштей өзімді аспанға «серік» етіп, айнала асыққандарды асықпай бақылайын дедім. Сол сол-ақ екен, жол ортасында бір жас жігіт өтіп бара жатқан көлікті тоқтатты да: «Аға, асығыс едім, ала кетесіз бе?..»

Содан аялдамада асықпай көлік күтіп тұрсам, асығып кеп ақ автобус тоқтай қалды. Асықпай ішке қарай аяқ басып,бос орынға жайғаса беріп едім, жолсерік жігіт: «жолаушылар, тездетіп-тездетіп, жол ақысын төлеп жіберейік» демесі бар ма?! Ішімнен «асықпайын десең осы ғой» деп қоямын. Арада асығып алты минут өтісімен, кондуктор келесі аялдаманы асығып-асығып хабарлай салды. Құйғытқан автобус ұйытқытып барар жеріме тез-ақ жеткізіп тастады. Соған қарағанда, автобус та асығыс ау…

Содан не керек, күткенде өтіп болмайтын уақыт зымырап, асығыс басталған жұмыс күні асығыс аяқталды. Таза ауамен аздап тыныстайын деп кең көшеде асықпай аяқ басып келе жатырмын. Таңды зуылдап бастаған көліктер әлі бір тынар емес, зыр-зыр етеді. Әрненің басын шалып ойланып келе жатқам, қалта телефоныма асығып хабарлама келіп түсті. Кейін оқысам кешігіп қалардай-ақ сол мезетте асығып хатты ашып оқып алдым. Бір танысым екен. «Салем. Нест.» деп бастап, дәл осылай хатын аяқтапты. Асыққаны болар деп оны да жауып қоя салдым. Ойыма әлдене түсіп жол шетіндегі дүкенге кірдім. Керегімді алып кассаға бет бұра бергенде, кассаға кезегі жеткен әйелдің даусы саңқ ете қалды. «Қызым, тездетіп есептеп жіберші, асығыс едім.»Асықпайын десем дөңгеленген дүние дөңгелеген күйі мені көзіне ілмей кететін түрі бар. Мен де дүкеннен шығып асығып аялдамаға тарттым.

Үнемі асығып жүреміз. Бірақ, қайда, неге асығып жатқанымызды өзіміз білмейміз. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген. Бірақ бұл заманда асығып, өз орныңды таппасаң, арбамен қоян алмақ тұрмақ, бұйырып тұрғаннан құр қалатын сияқтымыз. Бұ дүниеден асыққанда барарымыз о дүние де… Осы асығыстықтан қөп нәрсеге мән бермейміз. Сондықтан осы дүниеде асығып-аптыға бермей, жан-жағымызға көңіл бөлсек, жақындарымызға хабарласып, жағдайын біліп, адамдарға жақсылық жасасақ деймін де жай әшейін… Асықпай ой қорытуды сіздерге қалдырдым, ал мен асығыс едім...

Аружан Мұханбетқали

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір