05 Қазан, 2017 Айтты-ей, бауырың!
Танымал журналист телеарнаға қалай келгенін айтып берді
...Анама көйлек керегін айттым. 8 наурызда эфирге киіп шығатын. Сандығында жасыл костюмдік мата бар екен...
Танымал тележурналист, ақын Нәзира Бердалы Ермаханқызы телеарнаға қалай келгені жайында өзінің Instagram парақшасында жазды.
"2000 жыл. Қазақ радиосында жарты ставкамен жұмыс істеймін. Студентпін. Апта бойы - сабақ. Жексенбі таңғы 6-да келіп, "Қайырлы таңнан" бастап, сағат сайын жаңалық оқып, құттықтау хабарларды жүргізіп, кешкі 9-дан кейін қайтамын. Радионың ол кездегі жұлдыздары Толқын Сейдоллақызы, Айгүл Мырзаханқызы. Қастарында "а" деп ауыз ашуға именеміз.
Бір күні "Қазақстан" телеарнасы "Таңшолпанды" қайта ашады екен. Жүргізуші іздеп жатыр деген хабар жетті. Радиода Боранкүл апай деген сондай мейірбан кісі болатын. Дыбыс операторы. Ақ сары жүзі, сақылдаған күлкісі əлі есімде. Сол кісінің қайрауымен, "барсаңшы, көрсеңші" деуімен телевидениеге жүгіріп бара қойдым. Радиомен көрші, араны бір аула ғана бөліп тұр. Сонымен не керек, əлбетте, мен кастингтен өтпедім. Жұмысқа радиодағы əріптестеріміз Толқын Сейдоллақызы мен Бақыт Жағыпарұлын жəне актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызын алды. Тыныс Өтебаев деген диктор ағамызды білетін шығарсыздар? Сол кісі маған "есте сақтау қабілетің жақсы екен. Дикторға бұл өте керек қабілет" деді. Себебі, ол кезде жүргізушілер суфлерсыз (мəтінді экраннан оқымай, жаттап алып) шығатын. Ол туралы сəл кейінірек жазамын. "Таңшолпанның" жетекшісі, марқұм Абдолла Алтый Сүлеймен "түрің Рабиға Аманжоловаға ұқсайды. Бізге ерекше жаңа бейнелер керек" деді. Мен телевизияның хас мамандарынан осындай пікір естігеніме риза боп, радиоға қайтып келдім. Бірақ, телевидение бір сиқыр тəрізді өзіне тартты да тұрды. Күнде сабақтан соң қылқиып "Таңшолпанға" келіп тұрамын. (Кастингтен шыққанда режиссер Бақыт апай "бізге келіп тұр. Болашағы бар баласың. Үйрене бересің" деген еді). "Аға, апай, көмек керек пе? Мені сюжетке жіберіңіздерші" деп, Бақыт Жағыпардың, Бақыт апай, Əлия апайлардың қасынан шықпаймын. Бір жақсысы, ол кезде практикантты тегін жұмыс күші ретінде пайдаланып, камераны сеніп тапсырып, сюжетке шығара беретін. Гүлжазира Берікқызы жүретін, қонақкəде ме, бір айдарды жүргізіп. Тегіннен-тегін салпақтап. Бір күні редакцияға келсем, Күнсұлу сыңғырлап күліп, Бақыт екеуі сценарий жазып отыр екен. Қолдарында кітап, газет, күнтізбе бар. Ақпаратты сол жерден алады. Ғаламтор деген атымен жоқ. Бізге тіпті компьютердің келмеген шағы. Сценарийді жазу машинкасына, қап-қалың сары қағаздардың арасына қара қағаз қойып басамыз. Екі экземпляр боп шығады. Ол жеткіліксіз. Екі жүргізушіге, режиссерге, редакторға, дыбыс режиссеріне сценарий керек. Журфакта Баялиева Дəмегүл апайымыз "он саусақ соқыр əдісті" үйреткен. (Əлі де пайдасы бар маған, клавиатураға қарамай баса беремін)."Əкеліңіздер, мен басайын, сіздер оқыңыздар" деп, жүргізушілердің қасына отырдым. "Мəссаған, тез басасың ғой. Күнде осылай көмектесіп тұршы" деді Күнсұлу . Сонымен, секретарь-машинистка болдым. Арасында "былай айтсаңыздар қайтеді" деп, сценаристерге ой қосып қоямын. Əбден меңгеріп алдым. Бақыт пен Күнсұлу "Нəзира, өзің жаза салшы" дейтін болды. Бірде Күнсұлу театрмен гастрольге кетті. Орнына уақытша деп мені шығарды. Сценарийді өзім жазып жүрмін, сюжет (стендап) жасап жүрмін, онымды басшылар байқайды ғой. Əлі есімде, 8 наурыз қарсаңы болатын. Мерекелік хабарға киіп шығатын киім жоқ. Сонда телеарна директоры Серік Ахметов Бақытқа өзінің біркиер костюмін əкеп кигізген. Республикадағы басты телеарнада киімге, компьютерге, техникаға ақша болған жоқ. Жұмыста жаппай қысқарту жүрген. Сонда бұрыннан келе жатқан əріптестер "ананы қысқартпа, менің жарты жалақымды бер" деп алып қалған жағдайлар да болған екен. Өзінің айлығы шайлығына жетпей жүргеніне қарамастан. 5000 теңге айлыққа Гүлжазира екеумізден басқа кім келсін? Журналистердің көбі жұмысын тастап, базарға шығып кеткен. Анама көйлек керегін айттым. 8 наурызда эфирге киіп шығатын. Сандығында жасыл костюмдік мата бар екен. Содан ательеге тіктіріп берді. Журфакта "диктор міндетті түрде жеңі ұзын, жағалы киім кию керек" деп оқытқандықтан, жаға-жеңі болсын дедім. Қазір айтсам, мұның бəрі ертегі сияқты. Міне, мен телевидениеге осылай келдім..."
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір