• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:34:53
Алматы
+35°

18 Қазан, 2017 Ұлт болмысы

Байрағымыз – Бөрі. Ұранымыз – Алаш (ІІІ Бөлім)

Түркі тектес халықтардың арасына кең тараған таным бойынша Алаш - ортақ ұран және түпкі баба

Байрағымыз – Бөрі. Ұранымыз – Алаштың бұған дейін бірінші және екінші бөлімін жариялағанбыз. 

ІІІ БӨЛІМ. ТОТЕМ БАБА + ҰЛЫ ЕНЕ = АЛАШ

Түркі тектес халықтардың арасына кең тараған таным бойынша Алаш - ортақ ұран және түпкі баба. Ұран мен ұлы баба халықтың тотемдік наным-түсінігіне байланысты қалыптасатыны белгілі. Бөрілі байрақтың тотемдік сипаты сурет арқылы анық болса, сөзбен жеткен «Алаш» ұранының түпкі мағынасы өте көмескі. Байрақтағы бөрі басында қандай көнелік сипат болса, ұранға айналған «Алаш» ұранында да сондай белгі бары анық. Мұны алғаш тілге тиек еткен Алаш көсемі Ә. Бөкейхан еді. Ол ХІХ ғасырдың соңында Алаш қазақ руларының ортақ ұраны екенін айта келіп: «...Ни один из этих родов не отказывается от подчинения, кроме своего родового частного «урана» (боевой клич), общенародному «алаш» обязываещему каждого киргиза беспрекословно идти на помощь обиженному собрату, забывая даже междоусобицы и хотя бы в виду сильного неприятеля и неминуемой от него смерти. Эта-то своеобразная и интересная жизнь киргизов отразилась, как в зеркале, в их разнообразной и богатой устной поэзии. Многие из этих  произведений носят на себе следы глубокой древности и печать отдаленного прошлого жизни, быта и верований киргизов», -деп жазады.

«Ажал кебінін киетін қауіпке қарамастан алаш ұранының соңына еретін қазақтың» көне дүниетанымында «Алашқа» қатысты көмескі таным бар екендігін М. Дулатов та атап өтеді. Ол былай деп жазады: «Қазақтың не себептен алаш, не себептен қазақ, үш жүз атағанын баяндайтын бұлардан басқа да ертегілер бар… Бірақ мұндай ертегілер қазақтың аты, тегін зерттеушілерді ойға қалдырарлық жері бар. Мәселен, қазақ, я алаш, қалай да болса, бір кісі-ру басы емес екені рас-ау, әйтпесе біріне-бірі қайшы келе берсе де, көптеген халық аузында сөйленіп ертегі болып жүргеніне қарағанда, «қазақ», «алаш» сөздерінің түбінде бір көмескілік бар ғой дегізетін. Тарихшылар мұндай ертегі сөздерді де ескерусіз қалдырмай, түбінде салыстыра, қорыта келе бір дәлелді мағына шығаруға болар деген үмітпен жинап жазады. Бірақ әлі күнге шейін ондай сөздерді қолданып бір нәтиже шығарған жоқ»

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың  басында Алаш зиялыларының тарапынан қойылған бұл мәселе әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Біздіңше, Алаш ұранын жалпы халықтық дүниетаныммен, атап айтқанда, түркі-моңғол кеңістігіндегі халықтардың тотемдік наным-сенімімен және көшпелілік таныммен байланыстыра зерттеген дұрыс. Өйткені «Алаш» - қырғыз, қарақалпақ, ноғай, өзбек сынды көшпелі түркі халықтарына да ортақ ұран. Тіпті, Г.Потаниннің айтуынша, «Алаш» ұранын моңғолдар да қолданады. Қазақ тарихшысы М. Тынышбаев қырғыз бен қарақалпақтар қазақтармен жүз арқылы емес, ортақ «Алаш» ұраны арқылы бірігетінін атап өтеді. Түркі-моңғолдық туысқан халықтарды Алаш ұғымы арқылы жақындатып тұрған басты нәрсенің бірі - тегі мен тілі бір туысқандық қана емес, көшпелі тұрмыс-тіршіліктен туындайтын дүниетанымның бірізділігі.

Дүниетанымның бірізділігі көшпелі халықтардың сыртқы жауға бірге тізе қосып күресу үміті мен тілегіне де сүйеу болады. Көшпелі түркі халықтарын, яғни «алашты» бір шаңырақ астына біріктіруге ұмтылу көрінісі қазақ тарихында бірнеше рет орын алған еді. Айталық, ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде хандық билік пен отаршылдық езгіге қарсы көтерілістің жетекшісі Сырым батыр көшпелі тіршілік ететін алты алаш халқын-қарақалпақ, сарт, өзбек, қазақ, түркмен, естектерді(башқұрт) орыс үкіметіне қарсы бірігіп күресуге шақырғандығы туралы аңыз сақталған. Ол: «Мы – каракалпаки, сарты, узбеки, казахи, туркмены и эстеки- все эти шесть народностей должны обьединиться и выступить войною против русского царя, иначе он поодиночке разобьет каждого из нас»,- деген үндеу тастаған.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары да көршілес қырғыз халқын Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтеруге ұмтылғаны тарихтан белгілі. Олай болса, қазақтарда Алаш ұғымына қатысты дүниетаным өзге түркі тектес халықтарға қарағанда тереңірек сақталған. Қазақтың шежіресі де Алаштан таратылып, алғашқы ханның есімі де Алаша. Алаш туралы шежірелерде көшпелі халықтардың (өзбек(қазіргі өзбек халқы емес, көшпелі көне өзбек), қарқалпақ, түркімен) аттары аталса, Алаша хан туралы аңыздарда далалық өлкеде еркін көшіп-қонып жүрген, ержүрек тәуелсіз көшпелі тұрмыс ардақтау сарыны басымдылық танытады.

Көшпелі, еркін тұрмысты аңсау сарыны Мәшһүр Жүсіп жазбаларына тіркелген аңыздың мазмұнынан айқын көрінеді. Оның қысқаша мазмұны мынадай: «Бұқара ханы (назар аударыңыз:отырықшы өлкенің ханы-А.Ә.) Қызыл Арыстанның анадан ала туғандықтан Сырдариядан әрі өткізіп (далалық өлкеге-А.Ә.) қуып жібереген баласы Алаша уақыт өте келе ел болып қатты күшейеді. Оны естіген хан Қотан, Қоғам, Қондыгер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп баласын қайтаруды сұрайды. Билер өз тарапынан жүз жігіт жігітті жіберіп қайтсын деген  хан тілегін жеткізгенде Алаша хан маңындағылар:

«Аты бестісінде қартаятын,

Жігіт жиырма бесінде қартаятын,

Көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ,

Еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын,

Тымақты тақияға айырбастайтын,

Пышақты қасыққа айырбастайтын,

Тары мен бидайдың нанын жегенге,

Жаумен көженің суын ішкеге құтыратын,

Бөдененің бір санын жегенге күпті болатын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасығаннан басқа қызығы жоқ жерде не ақыларың бар?», - деп жауап қатып, отырықшы өмірді жақтырмайтынын жеткізеді. «Біз енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік» деп Алашаны Ұлытаудың басында хан сайлайды». Аңыздың соңы көшпелі қазақтарға билік құрған Алаша ханның тұсы халық тұрмысының бағы жанып, татулығы жарасқандығын мәтел сөзбен жеткізеді:

«Кеше Алаш, Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Үйіміз ағаш болғанда,

Ұранымыз Алаш болғанда,

Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!»

            Аңыздағы «үйіміз - ағаш» деген тіркес - көшпелі тұрмыстың басты символы кигіз үйдің бейнесі. Ал «Ұранымыз алаш болғанда//Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деген жолдар «Алаш» ұраны арқылы көшпелі қазақ руларының Үш жүз болып біріккендігінен хабар беріп тұр.  «Қазақ халқының, - деп жазады Қ. Халид,- «ұран» дейтін сөзі бар. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. ...Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады».

            Алаш ұраны, сөз жоқ, «өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыста» шақырылатын «бүкіл әскерге ортақ ұран». Соғыс, ұрыс үстінде жауласушы жақтар ұран сөзі арқылы өздеріне жәрдемге, көмекке келетін тотем бабасын, аруақ иелерін, әулие-әнбиелерді, пірлерді шақырады. «Алаш» - я тотем баба, я құдіретті аруақ иесі.

«Алаш» ұранында қалмақ, моңғол тіліндегі «кісі өлтіргіш», «жан алғыш» деген мағына бар екендігі белгілі.  Бірақ ол қалмақ, моңғол тілдеріне қалай орныққан. Біздіңше, ол көшпелілердің «бөрі, қасқыр» деген ұғымнан алынған. Алаш – жыртқыш қасқырдың атын тура атамай, тұспалдап атайтын көп атауларының бірі. Мысалы, қазақтар қасқырды «бөрі», «ит-құс», «сырттан» деп те атайды.

            «Алаш» сөзінің қасқыр ұғымын беретін  мағынасының түзілуіне көшпелі түркі-моңғол тектес халықтардың көне мифтік түсінігі арқау болғанға ұқсайды. Бұл түсініктің қалыптасуына Шыңғыс ханның арғы шыққан тегін баяндайтын көне мифтік мазмұн аралас шежірелік аңыздың тікелей әсері бар деп есептейміз.

            Көне мифтік аңыз моңғол тайпасын Бөрте Шынуа (бұл есім қасқыр деген мағына береді – А.Ә.) мен Марал сұлудан таратады. Олар Көк Тәңірнің жебеуімен теңізден өтіп, Бұрхан Қалдын деген тауды мекен етеді. Бұлардан бес-алты ұрпақ өткеннен кейін Борықшын(«шын», яғни «чин»  қасқыр дегенді білдіреді-А.Ә.) атты бала туады. Борықшыннан Дұба соқыр мен Добу мерген деген екі бала дүниге келеді. Добу мерген Алаң қоға деген қызға үйленеді. Алаң қоға Добу мергенге тиген соң Белкүнтей, Бекүнтей есімді екі ұл туады. Ал, Дуа соқырдың төрт баласы бар еді. Дұба соқыр өлген соң, оның балалары Добу мергенді көзге ілмей, келеке етіп, өз жөндеріне кетеді... Сөйтіп жүргенде, Бобу мерген ғайып болады. Добу мерген ғайып болғаннан кейін Алаң қоға ерсіз жүріп,  Бұқа Қатығы, Бұқұчи Салчи, Боданшар Мұнқақ есімді үш ұл туады. Белкүнтей, Бекүнтей екі ұлы шешелерін мына ұлдарды қалай туды деп жасырын әңгіме етіп: «Ағайын-туыстарда өзі тұрғылас адам жоқ. Сонда бұл ұлдар кімдікі болды? Мына Мақалық Байғұдай адамы басшылық етеді. Соныкі шығар?!»,- деп шүйіркелескенін Алаң қоға сезіп, көктемнің бір күні сүрленген қойдың етін асып, бес ұлын қасына шақырып, қатарластыра отырғызып бір-бір жебе ұстатып: «Ұлдарым, осы жебені сындырыңдар!», - дейді. Ұлдары сындырып тастайды. Және тағы да жебені біріктіріп ұстағанда, оны ешкім сындыра алмайды. Сонда шешесі Алаң Қоға бүй дейді: «Екі ұлым, сендер мына туған үш ұлды кімнің балалары болды деп күдіктенесіңдер! Күдіктенгендерің дұрыс! Әр түн сайын сары шегір адам келіп, құрсағымды сипап түңілік, маңдайшыдан сәуледей еніп, күн мен ай жарқырап шығар шақта сары ит болып, жаланып-жұқтанып шығып кететін еді. Соған қарап мен бұларды тәңірдің ұлдары ма деп ойлаймын! Қараша адамға теңеп, сөз етпей-ақ қойыңдар! Күндердің күнінде қиырдың қағаны, ұлыстың иесі болған тұста, сонда ұғасыңдар, сендер! Қара басты кісілер емес. Әйтеуір, сен екеуінің көлеңке-нөкерлерің болсын!» дейді. Екі ұлы үн қатпайды. Алаң қоға тағы да ұлдарына өсиет етіп:

«Сен – бес ұлым, бір құрсақтан тудыңдар,

Сен бесеуің тату болмасаңдар –

Жаңағы жалғыз жебедей оңай жеңілесіңдер.

Жаңағы біріккен жебедей бірлікті болсаңдар –

Сендерді кім жеңе алар еді!», -дейді.

Содан кешікпей Алаң қоға ғайып болады»

            Бұл мифтің жалғасында Алаң сұлудың күйеусіз тапқан үш ұлының кенжесі Боданшардың ұрпағынан Шыңғыс ханның дүниеге келгені баяндалады. Олай болатын болса, Шыңғыс ханның тегінде Көк Тәңірі қолдаған бөрі тотемінің табы бар. ХҮІ ғасырда жазбаға түсе бастаған «Алтын тобчыда» ол иттің бейнесінде. Қазақ ұғымы - үшін ит пен қасқыр бір тұқым.  Қазақтар қасқырды кейде ит (ит-құс) деп те атайды.  Сондықтан болар Алаң қоға туралы айтылатын мифтің  қазақ арасынан Г. Потанин жазып алған нұсқасында көктен түсетін сәуле  қасқыр бейнесінде:  «Дуюн – Баян имел сыновей от первой жены; потом он взял Алангу; умирая, он сказал своей жене Алангу, что он будет приходить к ней в виде света, а уходить в виде волка. И он приходил, а уходя восклицал: «Чингис! Чингис!» У Алангу родился сын Чингис. Братья сказали: «Ребенок родился без отца! Значит он прижит от незаконного мужа». Они хотели убить Чингиса. Чингис, будучи еще мальчиком, бежал вверх по реке Курлен...».

            Дәл осындай мазмұндағы миф қарақалпақтар арасында да айтылады. Онда Алаң Қуаға сауле болып келіп, қасқыр болып шығып бара жатқан күйеуі үш рет «Шыңғыс» деп айқайлайды. Алау Қуадан туған баланы Шыңғыс деп атап, оны хан деп таниды.

Алаң қоғаға сәуле болып келіп жүрген тотем, аруақ – қасқыр. Ал қасқыр моңғол тілінде «чино, шина, шоно» деген сөзбен беріледі. Осыдан барып түркі-моңғол тектес көшпелілер өздерін ұлы ене Алаң мен тотем баба «шононың» ұрпағымыз деп танығанға ұқсайды. «Алаң» мен «шиша, шоно» кіріге бірігуінен (тілде сөздер кіріге біріккенде дыбыстардың түсіп қалу немесе біріне-бірінің жұтылу құбылыстары жүреді) «Алаш» (АЛАҢ + ШОНО (ЧИНО, ЧИН) = АЛАШ) сөзі орныққан деп санаймыз.

Екі сөздің бірігуі арқылы жаңа сөз түзеу – түркі тілінде жиі кездесетін тілдік құбылыс. Бұл тілдік құбылыс мифтік жүйрік тазы құмай иттің атауында да жүр. «Құмай» сөзі екі түбірден (қу+ұмай) біріккен. Мұндағы қу – құс, ұмай (ана) – отбасының киесі. Осы көріністерге байланысты біздің тілімізде «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген мәтел сөз қалыптасқан. Құмай ит – отбасының күзетшісі болса (Ұмай ана – отбасының киесі), Алаш, яғни бөрі – тәңірінің елшісі ретінде ұлыстың жебеушісі, күзетшісі.

«Чино», яғни қасқыр ұғымы Темучин, Шыңғыс есімдерінде де орын алған. Бұл орайда, «Ақсақ құлан-Жошы хан» күй  аңызының бір нұсқасында Жошының әкесі Алаша хан болып  айтылатынын еске салғымыз келеді. Сонымен қатар Үш жүз қазақтың Кіші жүзі Алшын деген тайпа бірлестігінен тұрады. Осы атаудағы «шын» сөзі қасқыр ұғымының моңғол тіліндегі баламасына жақын. Қазақ тарихшысы М.Тынышпаев «Алаш» ұранын негізінен Алтайды жайлаған Алшын тайпалары алып келген деп есептейді.

Қазақ фольклорының материалдары бойынша, Алаш – түрлі тайпалардың одағынан құрылған «Үш жүз Қазақ» атты саяси бірлестіктің жалпыхалықтық ұраны. Қазақ аңызы: «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, алаш» деп шабыңдар. «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты»,- дейді.  Демек, Алаш ұраны  әке орнынан  да жоғары ұғым. Себебі ол түпкі – тотем баба.

Ұлы ене Алаң атауы жыраулар шығармасында да кездеседі. Айталық, ХҮІ ғасырда өмір сүрген атақты жырау Қазтуғанның  «Еділмен қоштасу» атты толғау жырының бастауы «Алаң» деген сөзді бірнеше рет қайталаудан басталады:

Алаң да, алаң, алаң жұрт,

Ақ ала ордам қонған жұрт...

            Осындағы «Алаң» атауы -  көне аңыздағы Алаң қоға бейнесі болуы әбден мүмкін. Толғауға бұл сөздің арқау болып отырғанының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аңыздағы Алаң қоға бес ұлының басын біріктіріп, бірлікті өсиет еткен болатын. Екіншіден, әкесіз туғандықтан елден қуылған Шыңғыс ханды Майқы  бастаған 12 би  баланың шешесі Алаң қоғаның жөн сілтеуімен тауып алып, жұртқа әкеліп хан ететін. Толғау тілімен айтсақ, «ақ ала орда» тігілген еді. Демек, «Алаң жұрт» - бір анадан туған ұлдардың жұрты әрі бірліктің символы.

            Алаң қоғаның бейнесі мен оның бес ұлына берген өсиеті  тұспалды бейнелі сөзбен Махамбеттің толғауында да айтылады:

Біз бір енеден бір едік,

Біз енеден екі едік.

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік,

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік,

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік.

            Махамбеттің «ене» деп отырғаны - Алаң қоға, ал беске дейін санамалап отырған тұстары - Алаң қоғаға қатысты айтылатын көне аңыздың көркем өлеңдегі жаңғырығы. Ақын «төрт» деген сөзді айтпайды. Өйткені аңызда төрт ұл деген дерек жоқ. Ақын Алаң қоғаның күйеуден тапқан екі ұлы мен құдіреттің (бөрінің) қолдауымен дүниеге келтірген үш баланы қосып «бір енеден бес едік» деп аңыздағы бес баланы мегзейді. Ол өлеңде енеден туған бес балаға атадан (Өтемістен) туған он бала қосылып, «жер қайысқан қол едік» деп жырланған. Ақынның «Бесеуіміз жүргенде// Алашқа болман деуші едік» деген жолдағы сөздер – бірлікті насихаттау, Алаң сұлудың бес баласына бірлікті өсиет еткен қайта бір еске салу. Махамбет ақынның аталмыш толғауы бірлікті, тегеуіріні мықты қайсарлықты аңсаған тілектен туған.

            СОҢҒЫ ТҮЙІН. Көшпелілерге «Алаштың» ұран болып жүрген себебі бірнешеу. Біріншіден, ол - Еуразия кеңістігінде ХІІІ ғасырдан бастап тұтас дүниетанымға айналған шыңғысизмнің бастау арнасы. Екіншіден, Алаш - бір ана мен бір атадан (тотем бабадан) тараған ұғымның түсінігі. Үшіншіден, Алаш - бірліктің символы.

            ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары қазаққа ортақ «Алаш» ұранындағы бірліктің рәмізін саяси күрестің технологиясына сәтті пайдалана білді. Отарлық саясаттың салдарынан рухы түскен, бытырап бірлігі қашқан ел-жұртты аз уақыт ішінде  Алаш партиясының маңына топтастырып, Алашорда автономиялы үкіметін құрды. Бүгінгі саяси партияларға да Алаш зиялыларының тәжірибесін пайдалана білгені абзал.

Ата-бабаларымыз жауға шапқанда бөрі байрақты көтеріп, батырлық, жауынгерлік  рухты «Алаш» ұраны арқылы шақырып, шепті жігерлендірді. Біздер ҚАЗАҚ дегеннен еркіндік пен азаттылықты, АЛАШ дегеннен бірлік пен татулықты түйсінуіміз керек. Ұлттық кодтың бір ұшы осы бастаулардада жатыр деп санаймыз. Рухани жаңғыру бой алған Ұлы Далада Алаштың мұратын интеллектіктік технология (ақыл-ой) басымдылығына негізделген экономикалық талас-тартыстың қатаң бәсекелесінде жүзеге асыра білу, оны сақтап, ардақтап, дамыта жүргізу - әр қазақтың басты парызы.

 Шыңғыс АЛАША

"Ұлт болмысы" байқауына арналған шығарма

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір