• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:16:02
Алматы
+35°

07 Қараша, 2017 Сұхбат

Арман Сқабылұлы: Медиа Альянс журналистиканы құрту үшін құрылған ұйым

...Медиа-Альянстың министрліктер алдында бір журналистің құқығын қорғағаны жайында естіген емеспін

Журналистика саласында мамандарды даярлау мәселесін «Медиа Альянс» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Арман Шораев көтеріп, ҚазҰУ-дан басқа университеттерде журналистика факультетін жабу керек дегенді ұсынғаны хабарланған болатын.

Осы тұста аталмыш ұсынысқа байланысты және бұл тақырып төңірегіндегі түрлі пікірлерді саралай келе сауалдардың бір парасын журналист Арман Сқабылұлына қойған едік. Мархабат!

- Арман Сқабылұлы, кешелі бері журналистика факультеттерін жабу туралы ұсыныс кең талқыланып, қарсы пікірлер де айтылып жатыр. Осы жайында не айтасыз?

Журналистика факультеттерін жабу  – ойланбай айтылған  сөз. Мен журналистика факультеттерін жаңа заманға лайықтап, жаңа технологиямен жабдықтап, практик мұғалімдерді көбейту сынды әңгімелер көтерілсе  қос қолдап қолдар едім. Журналистика бүгінде журналистердікі болмай қалды. Бүгінгі таңда журналистика факультеттерінің жайы мені де  қуантпайды. Соңғы жылдары түлеп ұшқан білімгерлердің білім дәрежесі де төмен.  Журфактан ең алдымен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, ақын, жазушылар шығатынын ескеру керек. Соған лайықтап әрекет ету керек. Мен журфакты модернизациялау, мұғалімдерін ауыстыру, жаңа заман талабына сай білімді жетілдіру керек десе келісемін, алайда журналистика факультетін жабу деген ақымақтық сөз.

- Журналистикада практикадан гөрі теория басымырақ. Білікті мамандарды дайындап шығару үшін не істеу керек? 

Бүгінде жас журналистер, студенттер маған көп келеді. Келген кезде айтатын өтініштері бір: «Аға, мені бір жерден практикадан өткізуге жәрдемдесіңіз» дейді. Жұмыс беруші арналар қабылдамай жатса,  неге біз журналистиканың мұғалімдерін кінәлаймыз? Кейбір жұмыс берушілер, мемлекеттік арналармен оқу ордалары арасында келісім бар. Дей тұрғанмен ол мекемелер барлық студентті, жас журналистерді практикадан өткізе алмайды. Оның өзінде тамыр-таныстықпен өтеді. Қаламы қарымды үлкен журналистердің өзі бас сұға алмай жүрген есікке студенттер қалай кірсін?

Бір шағын мысал келтірейін, бір студент қыз Польшадан журналистиканы оқып келгенін айтты. Елге оралғанына өкініп отыр. Польшада мемлекеттік арнаға ақша төлеп, практикадан өтуге мүмкіндік бар екен. Бар ынтасымен үйретеді дейді . Ал елге оралған соң ондай мүмкіндіктердің қарасы да көрінбейтінін айтып налып отыр. Одан да «Медиа Альянс» осы мәселені көтерсін, осы мәселені жолға қойсын. Медиа-Альянс – журалистиканы қорғау үшін емес, құрту үшін құрылған ешқандай пайдасы жоқ ұйым.

- Журналистикаға 4 жыл оқу көптік етпейді ме? 

Журналистикаға 4 жыл көптік етеді. Оны бүгінде біршама журналистер де айтып жүр. 5 жыл оқығанымды жұмысқа орналасқан соң бір жыл ішінде үйреніп алдым деп жатады.  Соған қарамастан журналистика факультеттері болу керек. Кеңестік кезден қалған қажеті жоқ пәндерді қысқарту керек. Журналистика факультетттерінде профессор, доктор болып отырғандардың басым көпшілігі газетте бір күн жұмыс істемегендер. «Медиа-Альянс» осыған да назар аударсын. Практикалық сабақтардың тізімін арттырып, білікті мамандарды даярлауға ат салыссын. 

«Қазақстан Медиа Альянс»  журналист бостандығы мен құқығын және БАҚ тәуелсіздігін қорғау үшін құрылған ұйым. Алайда дәл осы уақытқа дейін Медиа Альянстың министрліктер алдында бір журналистің құқығын қорғағаны жайында естіген емеспін. Мұндай «Медиа Альянстан» гөрі Журналистер одағын жаңалап, қазақ журналистикасының мүддесін  қорғайтын, дамуына жол салатын басқа ұйым құруымыз керек.  

- Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан: Айгерім ТАУБАЙ

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір