• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:22:47
Алматы
+35°

09 Қараша, 2017 Аймақтар

Оралда бата берер қариялар сыналды

«Ата сөзі – бата сөз» атты облыстық батагөй қариялар байқауы өтті.

Жуырда Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан  облыстық қазақ драма театрында «Ата сөзі – бата сөз» атты облыстық батагөй қариялар байқауы өтті.

Батагөйлер байқауына Орал қаласы мен аудандардан 63-75 жас аралығындағы 15 қария келген. Олар – түрлі мамандық иелері. Басым көпшілігі ұлттық киіммен сахнаға шықты. Байқау үш кезең бойынша оздырылды. Шараның алдында батаның мәні мен маңызы туралы толғау айтылып, абыз ақсақал бейнесіндегі актер жамағатқа бата берді. Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, батагөй ақсақалдардың жастар тәрбиесіне оң ықпалын да айрықша атап өтті. Байқаудың алғашқы сатысында қариялар сөзден мүдірместен аты-жөнін, тегін судырата айтып, өздерін таныстырды. Арасында өлеңге де жол беріп, домбырасын күмбірлеткендер де кездесті. Екінші бөлімде де оза шауып, айрықша білімдарлық танытқандар аз болған жоқ. Соның ішінде ақжайықтық Сыйлыхан Зейнетов Қарасай батырдың батасын айтқаны өз алдына, оның өмір жолы және ерлік істері туралы да кеңінен баяндады. Батагөй ақсақалдардың ішінде ең сәнді де көзге түсерліктей киінген бөрлілік Есенғұл Көшекбаевтың өнегесі айтуға лайық. Орал қаласының атынан шыққан үш ақсақалдың екеуі Бәкар Орақаев, Серік Қарабалиндер – Жәнібек ауданының тумалары. Екеуі де тым тәуір өнер көрсетіп, Бауыржан Момышұлының, Кенен Әзірбаевтың баталарын әсерлі орындады. Шыңғырлаулық ақсақал, қажы Темірғали Жантасовтың да сөз саптауы оңтайлы шықты. Бұрынғы фельдшер, бөкейордалық Сейтемәлі Қуаншәлиевтің басқалармен салыстырғанда, өнері сәл кемшін түссе де, көрермен қауым оған да ризалықпен қол соқты. Бірақ қашанда «Жүзден жүйрік озады жарысқанда» деген тәмсіл бар. Көрермендер батагөй қариялардың өнерін қызықтай отырып, үш сағатқа жуық уақыттың қалай өткенін сезбей де қалды. Сонымен әділқазылар алқасының ұйғаруымен бас жүлде Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданының тұрғыны Жұмагелді Үмбетәлиевке ұсынылды. Ал бірінші орынды қаратөбелік Ертай Сердәлин иеленсе, екінші орынды зеленовтық Сатыбалды Төлегенов, жаңақалалық Аманжан Салауатовтар қанжығасына байлады. Үшінші орын Темірғали Жантасов (Шыңғырлау), Сыйлыхан Зейнетов(Ақжайық), Исмағұл Мусиндердің (Қазталов) еншісіне тиді. Қалған қатысушылар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алғысхаттары және дипломдарымен марапатталды.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір