• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Қыркүйек, 13:52:08
Кекілбаевқа арналған кеш

16 Қараша, 2017 Мемлекеттік бағдарламалар

«Рухани жаңғыру» қайтсе Қазақ  жолы болады? (жалғасы)

Үшіншіден, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тілі ретіндегі мәртебесі нығайып, интеллектуалды әлеуеті артады.

Заң ғылымдарының кандидаты, философия магистрі,  «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Ресей ғылым академиясы  Мемлекет және құқық институты»-ның  докторанты Дауталиев Қазыбектің «Рухани жаңғыру» қайтсе Қазақ жолы болады? Мақаласының алғашқы бөлігі жарияланған болатын. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына мақаланың қалған бөлігін ұсынады.

ІІІ. Мемлекеттік тіл  – ғылым тілі.

Жаһандану дәуірі білім алу және ғылыммен шұғылдану мәдениетіне едәуір өзгерістерін енгізіп отыр. Білім алудың себебін утилитарлық игілікпен байланыстырып келген рационалды ұстаным, осы күні тұлғаның индивидуалды табиғаты мен сұранысына қайтадан бет бұрып, дамыған елдердің білім беру нарығы күн сайын өзгеру мен бейімделу үстінде. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына мамандығын қызығушылығы бойынша таңдаған, бәсекеге қабілетті, толассыз дамуға ынталы жұмыс күшінің келуін ұлғайтуда. Екінші жағынан өзіміз өмір сүріп отырған ақпараттық қоғам ағындары басты құндылық ретінде материалдық игілікті емес, оны басқаратын ақпаратқа басымдық беріп отыр. Білім мен ғылым осы айтылып отырған ақпараттың ең жоғарғы формалары. Ресейлік ғалымдардың пікірінше, қәзіргі заманғы физика ғылымының маманы алдыңғы қатарлы зерттеулердің көшінде жүруі үшін дүниежүзі бойынша өз саласына қатысты 200-ге тарта ғалыммен тұрақты байланыста болуы тиіс деп көрсетеді.

Заманауи коммуникациялық технологиялар жаһандану процесін дамытумен қатар, локальды мәдениеттер мен дәстүрлердің қарсылығына да қатар ұшырап отырғандығы белгілі. Қазақстандық білім мен ғылым кеңістігіне де осы мәселе тән. Себебі, келіп жатқан жаңа инновациялар мен отандық жоғары білім және ғылым жүйесінде қалыптасқан сабақтастық сұрақтары әліде болса диалектикалық қайшылықтары алынбай, күн өткен сайын күрделеніп, түйткілді мселеге айналып отыр.  Атап айтар болсақ, кеңестік кезеңде қалыптасқан «ғылыми мектептер» нысанындағы зерттеушілік бағыттар мен топтардың қатары сиреп, озық дәстүрлер мен сабақтастық үзілу үстінде. Шынтуайтына келгенде ғылыми ойдың дамуы – көзқарастары бойынша топтасатын «ғылыми мектеп» дәстүріне тікелей тәуелді. Өйткені ғылыми құзыреттілік әуелгі кезекте шығармашылық ұжымда шыңдалады, қалыптасқан дәстүрдің тезінен өтеді.  Ғылыми мектепке топтасу дәстүрі ресми емес нысанда қалыптасатындықтан, өз кезегінде азаматтық қоғамды дамытуға да айтарлықтай үлес қосатын мәнге ие. Бұл тұрғыдан келгенде озық дәстүрлерімізге лайықты көңіл бөлу арқылы бір жағы ғылымды, екінші жағы азаматтық қоғамды қатар дамытып бір оқпен екі қоянды атқан болар едік. Көрші Ресей елінде ғылыми мектептерге жоғары деңгейде көңіл бөлінген. Үш жылда бір рет жетекші ғылыми мектептерді анықтау мақсатында конкурс өткізіліп тұрады, президенттік гранттар бөлінеді. Арнайы қабылданған бағдарлама негізінде мемлекеттен тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Осы қырынан қарастырар болсақ отандық ғылымды дамытуда ғылыми мектептер нысанындағы озық дәстүрлерімізді үзіп алмауымыз аса маңызды деп ойлаймыз. Оларды сақтауға және ғылыми тынысын аша түсуге бағытталған кешенді шаралар жүйесі қабылданып, рухани жаңғыртылуға ұласса құба-құп болар еді.

Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық ғалым өзінің ғылыми мектебін қалыптастыратындай шынайы мүмкіндіктерге ие болуы тиіс. Мұндай мүмкіндіктердің бір парасын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі тұжырымдамаларымен байланыстырғымыз келеді. Мақалада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын қолға алу мәселесі орынды көтеріліп отыр. Алайда, бір ескерерлік жәйт, оқулықтардың ғұмыры ғылыми еңбектермен салыстырғанда өте қысқа келетіндігі. Осы заманғы білім берудің стандарттары 3-5 жыл сайын оқулықтардың жаңартылып отыруын талап етеді. Бірақ, мұндай құбылыс ғылыми еңбектерге тән емес, соның ішінде гуманитарлық бағыттағы іргелі академиялық зерттеулердің құндылығы тіптен уақытқа тәуелсіз. Олар ғасырдан-ғасырға озып, өміршең келеді. Сол себептенде оқулықтармен қатар әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектерді де мемлекеттік тілге аударуды қоса жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Рухани жаңғыруда іргелі гуманитарлық туындылардың салмағы ерекше екендігі дау тудырмайды. Дей тұрғанмен мемлекеттік тілдің толыққанды ғылым тіліне айналып, ұлттың инттелектуалды әлеуетін көтеретін  күшке ұласуы  үшін – жаратылыстану ғылымында жарық көрген әлемдік академиялық туындыларды да аудару шаралары қабат жүруі керек деп есептейміз. Себебі ғылымы өрге жүзген елдерде, оған тартылып отырған гуманитарлық және қоғамдық ғылым саласындағы мамандардың үлесі бар болғаны 5-6% аспайды екен.  Сондықтанда рухани жаңғыруға қосатын өзге ғылым салаларының (жаратылыстану, техникалық, медицина, ауылшаруашылық) үлесі қомақты екендігін естен шығармауымыз керек.

Жалпы мемелекеттің тілдің ғылым тілі ретінде дамытылуы оның мәртебесіне қойылатын аса маңызды шарттардың бірі. Сондықтанда ғылыми аударма жұмыстарына қойылатын талаптарда қатаң тәртіптелгені жөн. Бұл ретте түркі тілдес халықтардың сөздік қорына шолу жасап, салыстыра қарап отыру – басты критерийлердің бірі болуы тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана шынайы, төл дүниетанымымызға сай ғылыми ұғымдар мен түсініктер қалыптасады. Бірегей ортақ таным түзіледі. Мәселен, осы күнгі қазақ тілді құқықтану ғылымында орнығып қалған, мағынасы дәл емес терминдер өте көп кездеседі. Солардың бірі «customary law» (обычное право) ұғымы. Ол қазақшаға «әдет-ғұрып құқығы» деп қате аударылып жүр. Себебі «адат» пен «урф» ұғымдарының бірде-біреуі «customary law» ұғымын толық бере алмайды, керісінше оны мұсылмандық құқыққа икемдеудің (санкциялаудың) әдіс-тәсілдері ретінде қалыптасты. Осы тұрғыдан келгенде бауырлас башқұрт халқында «customary law» терминін «йола хоҡуғы», яғни «жол құқығы» деп атау дәстүрі қалыптасқандығына назар аударамыз. 1927 жылы қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрі Ж.Ақпаевтың қазақтардағы құқық ұғымын талдап жазған мақаласында да, оның «жол» ұғымы арқылы көрініс табатындығын көрсетеді. Бізде өз кезегімізде, құқықтаным ғылымында «customary law» терминінің «жол құқығы» деп алынуын ғылыми дәйегі анық, тілдік дүниетанымызды толық көрсететін ұғым деп есептейміз және зерттеушілерді де осылай қолдануға шақырамыз. Бұл, бір ғана қазақ тілді құқықтану ғылымында мағынасы дұрыс берілмей жүрген көп ұғымдардың түйірі ғана. Тереңдеп тергей түссек ғылыми объективтілікті былай қойғанда, ментальдылығымызға да сызат түсіретін, сөйтіп күнделікті өмірімізге әсер ететін терминдер жетерлік. Сондықтанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сынсыз қабылданып кеткен ғылыми ұғымдарды қайта қарау мәселесі барлық ғылым саласы мамандары үшін күн тәртібіндегі сұраққа айналып, рухани жаңғырудың бір бағыты ретінде оның мазмұндық қабатын байыта түсуі қажет деп санаймыз.

Рухани жаңғырудың негізгі мәселесі ретінде «Мемлекеттік тіл – ғылым тілі. Қазақ тіліндегі 100 ғылыми еңбек» деп аталатын жобамен әрбір ғылым саласына қарасты жекелеген мамандықтар бойынша аударма жұмыстарын жүргізуді қолға алуды ұсынамыз. Академиялық іргелі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде сөйлеуі –  мемлекеттік бюджеттен жұмсалған қаржыны ақтап қана қоймайды, ол сонымен бірге ұзақ жылдар бойы ұлттың интеллектуалды қорына қызмет жасап, тиімділігін еселей түседі.

Іргелі, сондай-ақ қолданбалы ғылым саласындағы еңбектерді мемлекеттік тілге аудару жұмысын құрылуы көзделіп отырған Ұлттық аударма бюросына немесе ҚР БжҒМ-нің өзіне тікелей тапсыруға болады. Ғылыми аударма қызметіне жұмылдырылатындарды шартты түрде екі топқа бөліп қарастырып отырмыз. Бұлай бөлудің негізіне аударма жұмысына ақы төлеу критериі алынады:

І топқа – ақы төленбейтін ғылыми-аударма қызметі жатқызылады. Бұл санатқа мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан PhD докторанттарды жұмылдыруға болады. Себебі, олардың оқуы, шәкіртақысы және екі жыл қатарынан шетелде тағылымдамадан өтуі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтанда, бөлінген мемлекет қаржысының аясында оның тиімділігін арттыру – PhD докторантура институтының зерттеушілік тағайынына сай келеді деп есептейміз. 2016-2017 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 585 орын бөлінген болса, биылғы 2017-2018 оқу жылына 1280 орын беріліп отыр екен.

ІІ топқа – ақы төленетін ғылыми-аудармашылық қызмет жатады. Оларды 3 санатқа бөліп қарастырамыз: 1) Мемлекеттік және жеке ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы. 2015 жылғы мәлімет боынша 38 087 адам осы санатта жұмыс істеп жатқан және оның 51,4 % ғылыми дәрежеге ие;

2) Мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері.  2015 жылғы мәлімет бойынша елімізде 392 ғылыми мекеме қызмет жасап отыр. Олардың ҒЗИ-ты нысанындағысы – 245, ЖОО-дары құрамындағысы – 89, өзгелері – 58.  Аталған мекемелерде 18 930 маман-зерттеуші нақты ғылыми ізденістермен жұмыс істеуде;

3) Ақылы негізде PhD докторантурада білім алушылар.

Енді әрбір топқа жататын ғылыми аударма қызметінің мазмұнына жеке-жеке тоқталып кетелік.

І топқа жататын PhD докторантурада білім алушылар ғылыми және педагогикалық кадрлар жасақтауда 2006 жылдан бастап негізгі рөлді атқарып келеді. Ғылыми дәреже алудың бекітілген тәртібіне сай PhD докторанттар ғылыми зерттеудің нәтижелерін нольдік емес импакт-фактормен белгіленетін шетелдік баспаларда (Thomson Reuter немесе Scopus) жариялауы тиіс. 2015 жылғы статистика бойынша PhD докторантура бағдарламасын аяқтаған 533 түлектің тек 175-і ғана (32,8%) диссертацияларын мерзімінде қорғауға шығара алған. Мұндай төмен көрсеткіштің басты себебі – шетелдік басылымға жариялаудың күрделілігі, ақылығы, уақытты ұстайтындығы, басылымның редакторлық қызметінің ескертпелерімен жұмыс жасау және т.б. толып жатқан сұрақтардың болуы. Шетелдік баспаға мақаласы дер кезінде жарияланбағандықтан PhD докторанттардың көпшілігі дайын тұрған диссертациялық жұмысын мерзімінде қорғауға шығара алмай, қолдары байланып отырған жағдай бар. Бұдан бір жағы PhD докторантура институтының тиімділік көрсеткіштері төмендесе, екінші жағынан жоғары білікті маманды қажет ететін отандық еңбек нарығыда есесін жіберуде.

Сондықтанда, 31.03.2011ж. ҚР БҒМ № 127 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелерді тағайындау ережелерінің» 6-тармағының тиісті бөлігіне келесідей толықтыру енгізуді ұсынамыз: «Сондай-ақ, шетелдік іргелі және қолданбалы ғылым саласында жарық көрген академиялық еңбекті мемлекеттік тілге аударған тұлғалар үшін рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар талап етілмейді».

Мұндай шешім, бірінші кезекте PhD докторантура институтының тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол сонымен бірге бітірушілердің мерзімінде қорғауға шығуына мүмкіндік берген болар еді.

Екіншіден, PhD докторантта демократиялық таңдау мүмкіндігі қалыптасады. Шетелдік рецензияланатын басылымға жариялау немесе тақырыбына қатысты шетелдік академиялық ғылыми еңбекті мемлекеттік тілге аудару сұрағын өз қалауы бойынша анықтайды.

Үшіншіден, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тілі ретіндегі мәртебесі нығайып, интеллектуалды әлеуеті артады. Ғылыми ұғымдар мен түсініктердің аппараты, категориялар жүйесі қазақ тілінде сөйлеу арқылы отандық ғылыми ойдың баюуына қомақты үлес қосады. Бұл дегеніміз жыл сайын орта есеппен кемінде 50% бітіруші шетелдік академиялық ғылыми еңбекті қазақ тіліне аударады деген сөз. Сөйтіп берілген орын санына қарай жыл сайынғы аударылатын ғылыми еңбектердің саны да еселеп, артып отырады. Мәселен, соңғы мәліметтерді ескерер болсақ (2016-2017 жж – 585 орын, 2017-2018 жж – 1280 орын бөлінінген), мұндай бастама жылына кемінде әлемдік деңгейдегі 300-700 ғылыми туындының  тұрақты түрде қазақ тіліне аударылып отыруына жол ашқан болар еді. Айта кетуіміз қажет, аударылған ғылыми еңбек толықтай мемлекет есебінен жарияланатындықтан интернет желісінде тегін тарату мақсатында ҚР БжҒМ-нің мерзімсіз пайдаланылуында болуы тиіс.

Төртіншіден, диссертациялық зерттеумен байланысты ғылыми еңбекті қазақ тіліне аудару арқылы PhD докторанттарымызда отандық ғылымды дамытуға сүбелі үлес қосады, уақытын ұтымды пайдаланады, зерттеушілік қабылетін ашып, ғылыми құзыретін кеңейтеді, қазақ тілді ғылыми ойдың стилдері қалыптасады және ең бастысы көптеген қазақ жастарының бойында бар ұлт алдындағы азаматтық парызын орындауға деген ынтасы жолға түсіп, ұмтылыстарына қолайлы жағдай жасалады. Жалпы, ғылымды дамытуда патриоттық сезімнің, геройлық-жанқиярлық образдың болуы аса маңызды. Белгілі тарихшы А.Вебер сипаттағандай ой өрістетуіміз геройлық-трагедиялық типке жататын көшпелілердің ұрпақтары үшін – ел мүддесіне қызмет жасау қай заманда да абыройы биік құндылық болып қала бермек. Ғылым мен тіл осы абыройлы істің бастауында тұрған жетпегіміз.

Айтылған мәселелерді қоғам өміріне енгізу үшін келесідей нақты шаралар атқарылуы қажет деп ойлаймыз:

  1. Әрбір ғылым шифры бойынша 100 іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектердің тізімін әзірлеу. Мұндай тізім кемінде жылына бір рет толықтырылып отырылуды қажет етеді. Бұл ретте ЖОО-ры жанындағы Ғылыми кеңестерге тікелей тапсырма беру арқылы жұмысты үйлестіруге болады. Кафедралардың ұсыныстары негізінде ЖОО-ның Ғылыми кеңестері БжҒМ-не өз тізімдерін бере алады. Заманауи рейтингтер бойынша тізімнің басында тұрған 100 ғылыми еңбекті компъютер арқылы таңдап алуға да болады. Сондай-ақ, PhD докторант үшін ғылыми жетекшісінің келісімімен тізімге енбеген, алайда зерттеу тақырыбы үшін маңызды деп есептелетін ғылыми туындыны арнайы хат арқылы құзырлы органды хабардар ете отырып, бекіттіріп алуына жол ашық һәм еркін болуы тиіс.
  2. ҚР БжҒМ-гі жанынан Ғылыми аударманы үйлестіру орталығын құру. Оның міндетіне кемінде 2 түрлі сұрақты үйлестіріп отыру қызметі жатады деп есептейміз:

1) интернет желісінен портал ашу арқылы әрбір PhD докторантқа берілген аударма жұмысының электронды есебін жүргізу және бақылауда ұстау;

 2) аударылған еңбектердің «интернет» желісінде тегін пайдалануға орналастырылуын ұйымдастыру мен авторлық құқық сұрақтарын шешу.

ІІ топқа жататын ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы (бұдан әрі – ОҚП) мен ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері ғылыми аударма жұмысын ақылы негізде жүзеге асыратын негізгі контингентті құрайды. Бұлардың басты ерекшелігі сол, аударылуға жататын шетелдік ғылыми туындыны өз қалаулары бойынша таңдай алады. Себебі, мамандардың атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік, сондай-ақ педагогикалық тәжірибесі қандай ғылыми туындыға қажеттіліктің бар не жоқ екендігін дәл біліп, дөп түсуіне мүмкіндік береді десек артық айтқандық болмайды. Сондықтанда ғылыми-аудармашылық бастамаларға тек қолдау көрсетіп, бар болғаны шығармашылық қызметтің еркін дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл орайда, Ұлттық аударма бюросына немесе ҚР БжҒМ-гі жанынан құрылуы мүмкін Ғылыми аударманы үйлестіру орталығына өздері жұмыс істеп отырған мекеменің атынан тапсырыс беру арқылы ғылыми аудармамен ақылы негізде айналыса беруіне шынайы жағдай жасалуы тиіс.

Бүгінгі таңда ғылыми кадрларды әзірлеуде тек қана мемлекеттік тапсырысқа негізделген жүйе өзіміз көріп отырғандай кадр тапшылығын қалыптастырып отыр. ОҚП-ның ғылыми дәрежелік көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Мәселен бір ғана философия мамандығына мемлекеттік тапсырыс бойынша 2016-2017 оқу жылына бар-жоғы 3 орын берілген. Ғылымның рационализаторлық әлеуетін арттырамын деген мемлекет үшін бұл жағдай  теңізге тамған тамшыдай ғана әсер қалдырудан ары аспайды. Өзге ғылым салаларының да жағдайы осы деңгейде. Алайда PhD докторанттарды әзірлеуге қатысты биылғы жылдың мемлекеттік тапсырысы екі есеге өсуі көңіл қуантарлық. Біртіндеп болсада ілгерілеушілік бар екендігін байқаймыз.

Сол себептенде болар соңғы кездері ақылы негізде оқытылатын PhD докторантура қызметі қайта жандана бастады.  Бұл жағдай өз қаржысына оқып жатқан PhD докторанттарға ғылыми аударма қызметін ақылы негізде жүзеге асыруға мүмкіндік беруі тиіс деп есептейміз. Алайда оның сапасы мен көлеміне қойылатын талаптар нақты айқындалып, бақылау ережелері пысықталғаны жөн. 

ОҚП мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-аудармашылық жұмысы келесідей жағымды сипаттарға ие:

Ең әуелі, өз саласының маманы ретінде дамуына, зерттеушілік қызығушылығын арттыруға, кәсібилігі мен құзыреттілігін жетілдіре түсуге мүмкіндік алады.

Екіншіден, мұндай мүмкіндік ғылыми аударма жұмысы үшін белгіленген тариф бойынша мемлекет есебінен қаржыландырылып, қосымша табыс көзіне ие болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілді ғалымның әлеуметтік мәртебесіне оң әсерін тигізбей қоймайды.

Үшіншіден, отандық ғылымның ағымдағы сұранысына ең қажетті деген еңбектердің аударылуына, және бастысы өз кәсібінің мамандарымен сапалы аудармалардың жарық көруіне жол ашады.

ТөртіншіденЖОО-ры жанында ғылымды дамыту саясатына оң ықпалын тигізіп, университеттердің, ОҚП-ның рейтингтері өсе түседі. Сондай-ақ жеке ЖОО-ры мен ғылыми мекемелердің де жалпыұлттық ғылыми аударма қызметіне бір кісідей белсене қатысуына мүмкіндік ашып, ғылымды қолдаудың қосымша қаржы көздерін табуға жағдай жасайды.

Мемлекеттік тілге шетелдік іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектерді аудару қызметі кемінде 3 түрлі шаралардың кешенінен тұруы қажет:

  • материалдық ынталандыру;
  • идеологиялық-моральдық қолдау;
  • ұйымдастырушылық-құқықтық қызмет.

Материалдық ынталандыру шаралары:

а) ғылыми аударма үшін ОПҚ-ға жоғарғы рейтингтік балл беру. Ғылыми қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу коэфициентін өсіру мүмкіндігінің қарастырылуы;

ә) ғылыми аударманың мемлекет қаржысы есебінен тегін шығарылуы;

б) бекітілген тариф бойынша әрбір шартты баспа табаққа немесе өзгеде қолайлы өлшем бірлігін негізге ала отырып ақы төлеу;

в) ақы төлеу тарифінің динамизмі, яғни әрбір келесі аударылған ғылыми туындыға төленетін соманың өсіп отыруы; Бұл өз кезегінде аударма сапасының артуына жағымды әсерін тигізеді.

г) аударылған шығарманың мәртебесі рецензияланатын шетелдік басылымда жарық көрген зерттеу жұмыстарына теңестірілуі.

Идеологиялық-моральдық жұмыс:

а) республикалық конкурстар ұйымдастыру арқылы жеңімпаздарды анықтау және марапаттау;

ә) аударылған ғылыми жұмыстарды интернетте орналастыру арқылы онлайн бағалау жүйесін енгізу;

б) әр ғылым саласы бойынша үздік «10 шығарма» номинациясын ұйымдастыру және т.б.

Ұйымдастырушылық-құқықтық қызмет:

а) ғылыми аудармашылардың қауымдастығын құру;

ә) авторлық құқық туралы заңға тиісті өзгерістер енгізу. Себебі мемлекеттік қаржы есебінен аударылған шетелдік ғылыми еңбек ұлттық ақпарат кеңістігінде тегін тарату мақсатында ҚР БжҒМ-нің мерзімсіз пайдаланылуына берілуі тиіс.

б) аударма, соның ішінде ғылыми аударма теориясы мен тәжірибесі турлы конференцияларды жүйелі түрде ұйымдастырып отыру.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір