• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:18:05
Алматы
+35°

17 Қараша, 2017 NEWS

Қазақстандық шахматшы қыз ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі атанды

Динара әлемнің ең мықты шахматшыларының тізімінде 23-ші орынға көтеріліп, Қазақстан және Орталық Азия шахматшылары арасында ең жоғары рейтинг иесі атанды.

Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық шахматшы, төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі ретінде тағайындалуына орай БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

ЮНИСЕФ осы атақты 1954 жылдан бері тағайындап келеді, осылайша танымал адамдардың, мәдениет, спорт, әдебиет қайраткерлерінің өз елдерінде және бүкіл әлемде балалардың құқықтарын ілгерілетуге және қорғауға қосқан үлесіне құрмет білдіреді. Ұлттық ізгі ниет елшісі етіп тағайындау балалардың мәселелеріне бейжай қарамайтын жергілікті атақты тұлғаларға ең ұрымтал, мұқтаж балалардың және олардың отбасыларының қажеттіліктеріне көңіл аудартуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Юрий Оксамитный атап өткендей: «Бұл атақты жеңіп алу үшін танымал болу жеткіліксіз. ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері балалардың құқықтарын ілгерілетуге, ЮНИСЕФ-тің басты құндылықтарына және миссиясына риясыз адалдығын көрсетеді. Динара – дәл осындай адам, біз көзқарастарымыз және мақсат-ниеттеріміз толығымен бір жерден шыққанына қуаныштымыз».

Динара үшін осы атаққа ие болу тағы бір тарихи сәтпен тұспа-тұс келді – аз ғана уақыт бұрын, қараша айында, Динара әлемнің ең мықты шахматшыларының тізімінде 23-ші орынға көтеріліп, Қазақстан және Орталық Азия шахматшылары арасында ең жоғары рейтинг иесі атанды.

Өз сөзінде Динара Ұлттық ізгі ниет елшісі болып тағайындалудың бар жауапкершілігін түсінетінін ерекше атап өтті. «ЮНИСЕФ-ке маған сенім артқаны үшін ризамын және осы сенім үдесінен шығу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтыныма сенідіргім келеді. Балалар қамқорлық пен мейірімге бөленуі үшін, өз пікірін ересектерге жеткізе алуы үшін және өз өмірлеріне қатысты шешімдерге ықпал ете алуы үшін мен барлығымыз бірігіп, нәтиже шығаруды қалаймын».

Биыл ЮНИСЕФ пен Динара бірнеше бірлескен шара өткізді, соның ішінде, Маңғыстау облысына сапар да бар, сол сапар барысында Динара балаларға арналған бірқатар мекемелерге – Кәмелетке толмағанадарды бейімдеу орталығына, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа, отбасылық типті балалар ауылына – барып, балалармен және жастармен әңгімелесті.

«ЮНИСЕФ-тің арқасында мен мүлдем қорғалмаған балалардың құқықтары туралы көп тың мәлімет аламын, олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балалар, қылмыс құрбанына немесе куәгеріне айналған балалар, құқық бұзушылық жасаған балалар, тіпті өз отбасында қатыгездікке душар болатын балалар бар. Мен сол балалардың құқықтарын ілгерілетуге және қорғауға өз үлесімді қосамын деп үміттенемін», - деді Динара.

Тағайындау жыл сайын 20 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында орын алды. 1989 жылы осы күні тұңғыш рет балалардың құқықтарын беткіткен халықаралық құжат болып табылатын Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды. Конвенция тәуелсіз Қазақстан қабылдаған алғашқы халықаралық құжаттардың бірі атанды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір