• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:15:10
+35°

23 Қараша, 2017 Әдебиет

Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі  ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан. Бүгін біз осыған орай жастарымыздың рухани дүниеге деген көзқарасы және біздің оларға беріп отырған ұтқыр тәлім-тәрбиеміз туралы көрнекті академик, публицист-жазушы Молдағали  Матқан ағамызды әңгімеге тартқан едік.

Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді

— Кітап оқудың адамзат баласына тигізетін пайдасы орасан зор. Жаһандану мен ғаламданудың обыр ағымы және оның қауіпті ықпалы күрделеніп, күшейіп тұр.  Бұл – рухани азғындауға апаратын бірден-бір жол.

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» – депті атақты  жазушы Максим Горький.  Кітап оқудан қалған ұлт, әсіресе, жас ұрпақ орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырап, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, ол көрсоқыр, надан, кеще, мәңгүрт елге айналады. Егер біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыстарды талдау, барлау, болжау, бағамдау қабілетінен де, адамгершілік, кісілік қасиеттен де, тіпті құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айрыламыз. Сонда төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да, көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл – сөз жоқ, қауіпті және өкінішке апарары анық.

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.

 Көркем әдебиет – жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді

Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.

— Молдағали аға, «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» – деген неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің сөзінде үлкен салмақты  күш  бар  сияқты...

Иә, талдау, болжау, талғам, таңдау дейміз. Расында да бүгінгі жастарымыздың көпшілігінің кітап оқуға деген ниеті құрдымға құлдыраған тұста талғам, таңдау туралы, адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Мұның негізгі себебі неде? Бұл ел ішінде қандай өзгеріс-құбылыстың кесірінен туындап отыр? Сөздің шыны керек, бұл мемлекеттік идеологиялық саясаттағы ең үлкен қателік пен олқылықтың салдары еді. Яғни кітап оқымау, журнал ұстамау, газетке қарамау, қысқасы, жас ұрпақты кещелік пен надандыққа жығудың, яғни мұндай жүгенсіз азғындау мен рухани жұтаудың құрдымына қарай жеткізудің, мүгедектік шарықтаудың қасіреті – тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін басталған айтулы қасіреттеріміздің бірі екеніне бұлтартқысыз дәлел. Өмірлік шындыққа текті кісілікпен тіке қарайтын уақыттың туғаны қай заман. Бұл қаншама ащы болса да, шындығы – осы.

— Енді жапон елі қалай озық дамыған елге айналды дегенге келейік. ХХ-ғасырдың орта шенінде катаклизманы басынан өткерген жапондар кітап оқуды сақтап қалуы  арқасында ғана әлемдік өркениеттің шыңына шықты емес пе?

Көреген көсемдікпен қасіреттің алдын алу мақсатында, қалыптасқан ұтқыр құндылықты ерекше мүдделікпен сақтап қалуды үйлестіре де, оздыра да алмадық. Жеке бастың мүддесі үшін ұр да жық ұранды жекешелендірудің кесірінен елді мекен, аудан орталығындағы көптеген мәдени ошақ – кітапханалар, оқырман залдары талан-таражға түсіп, түбегейлі жабылып тынды. Елдегі болып жатқан құбылыстың барысын жан-жақты терең талдаудан ажыраған ұлт, ұрпақтың қандай таңдауы болуы мүмкін? Олай болса, кітап оқуға деген кешегі құмарлықты қайтсек қайта қалпына келтіреміз? Қазақ елі ұтқырлықпен жаңаша арттыра аламыз ба? Қашан? Қалай? Мұндай өзекті де өткір сұрақтардың жауабын күллі қоғам, мемлекет болып, һәм ұлт, халық болып талқылайтын көкейтесті ең өзекті мәселеге айналғаны қай заман. Алайда бүгінгі қоғамымыздың кітап орнына пайдаланып жүргендері – ұялы телефон, компьютер және ғаламтор, смартфон негізгі оқу құралы болып отырғандығы белгілі. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қоғамға қажет те болар. Бірақ...

Бұл жердегі әңгіме олардың ешқандай сараптаусыз, бақылаусыз, шектеусіз күймен жүгенсіз кетіп, зиянды тұсының тамыры тереңдеп бара жатқандығы жайында болып отыр. Бұл ешкімнен де жасырын емес. Бұл тарихи факт. Осының кесірінен бұлардың адамзат баласына тигізіп отырған пайдасынан гөрі, керісінше, кесапатты зияны әлдеқайда аса ауыр күйде екені ақиқат. Алды-артымызды тиянақты талдаусыз, болжаусыз, талғамсыз тек көзсіздікпен, бассыздықпен, ессіздікпен еуропалық «өркениет-сымаққа» есуастықпен еліктеу, ешіре құлшыну дертінің арты ауыр болатыны да даусыз. Айталық, бүгінгі және келешек ұрпақтарымыздың ой санасын жан-жақты улап, түрліше жағымсыз сәулелері денсаулыққа қатысты иммунитеттерді ұрлап, жүйке (нерв) талшықтарын талқандап, құлақ-көзден айырып, бойдағы табиғи қабілеттерін жалмап, мәңгүрттік қаулап, ақырында оларды теңдесі жоқ ұтқыр ұлттық дана жолдан қалай болған күнде де тайдыру, адастыру, азғындату, құрдымға жығудағы қатерлі қасіреттері анағұрлым басым күймен ушығып барады. Адам түгілі хайуан қорқатын сұмдықтар жасалынып жатыр. Соның салдарынан ұлттық тарихымызда бұрын-соңды болып көрмеген қылмыс пен опасыздықтың түрлері көбейіп, күшейіп келеді. Ол ол ма, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген өзі-өзіне қол жұмаудың (суицидтің) сан алуан түрі де, одан көз жұмған адамдардың саны да шектен тыс артып, рекордтық дәрежені жаңалай түсуде. Мысалы, өзі-өзіне қол жұмсап өмірден озғандар саны 2016 жылы 3962-ге жетіпті. Бұл тіркелгені. Тіркелмегені қаншама?! Міне, бұлардың кесапатты ықпалы қоғамымызда күшеюіне байланысты елдің, қоғамның, һәм ұлттың, ұрпақтың жүгенсіз зардап шегушілігі де жылдан жылға артып келеді. «Егер кітапханалар жабылса, онда түрме сала бастау керек» –  деген  сөздің қаншалықты маңызы бар. Сол сияқты кітап оқуды ыждаһатты түрде қолға алмайтын болсақ, біздің көретін қасіреттеріміздің зоры әлі алда сияқты...

— Балаларды кітап оқуға тартатын әлемде жақсы тәжірибелер бар. Солардың бірі «Бір қала – бір кітап» акциясы. Бұл шара кезінде кейбір қала тұрғындары бір айда бір жақсы кітапты оқып шығады екен. кейбір шетелдерде жоғары лауазымды  басшылар мектеп оқушыларымен кездескенде жас кезінде оқыған кітаптарынан  үзінділер айтып, соған көңіл аударуды өтінеді екен. Мұны өнегелі іс десек те болатын шығар?

Қазір қазақ ұлты, әсіресе, жастар кітап оқудан алшақтап ьарады дегенде біз сол кеңестік дәуірдегі кітап оқу деңгейін және кітап оқу мәдениетін еске аламыз және салыстырамыз. Бүгінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер қажеттің бәрін қолма-қол интернеттен алатыны белгілі. Олар кітап дүкенінен, кітапханадан кітаптар іздеп, уақыт кетіргілері келмейді. Әдеби  кітаптардың да  электрондық нұсқалары да интернетте пайда бола бастады. Қалай  десек те, кітаптың жөні бөлек. Ең бастысы – ой-санаңды өсіреді. Жақсыға үйретіп, жаманнан жиретеді. Бала денсаулығына да зиянсыз. Демек, рухани құндылықты ұрпақтың бойына  дарытып, ойына қондыра алсақ ұтылмас едік.

— Алаш қайраткерлерінің бар арманы  – ұлттық кітапхана ашу болған

Біздің елімізде де «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келді. 2008 жылы қазақ халқының классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» шығармасы жыл кітабы  ретінде жарияланса, 2009 жылы ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» шығармасы таңдалды. Одан кейін Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын!» поэмасы  таңдалды. Бұдан  әрине, ұтқанымыз көп болды. Осы зайырлы дәстүрімізді бұзып алдық.

Біз, қазақ қауымы, әсіресе жастарымыз, тұрақты түрдегі кітап оқудан қалса, онда ойлау, талдау, болжау, таңдау тағылымдық пен танымдық қабілет-қасиеттеріміздің айтулы дәрежеде ақсайтыны, ой-өсіріміздің қалыптасу дәрежесі мен текті кісілік келбетіміздің ұтқырлығы төмендеуге жететіндігі айдан анық ақиқат. Мұндайда халық қасіретті ноқтаның сағағын үзуді мүлде білмейтін кеще тобырға айналатыны ақиқат. Күрессіз күймен тек өлместің күйін ғана кешуден әрі аса алмайтын, көкіреккөзі соқыр, арсыз, намыссыз, жігерсіз, сауатсыз, надан, кеще  адамзатқа өмірлік жақсылық атаулының таңы атпайды. Керісінше ұлтсыз, тексіз билік бұндай елдің ақыл-есін жиюға жібермей, етек-жеңін жинауға жеткізбей, кіріптар бейшаралық пен мүсәпірлік дәрежеден шығармай, жүгенсіз алдап-арбау арқылы тізеге жығып, аяусыз езуді, табанға салып жаншып, обырлықпен билеп-төстеушілікті үдете түскендігі тарихтан белгілі.

— Ауылдағы мәдени ошақ, ол – кітапхана. Демек, дәл қазіргі таңда ауылда кітапхана құрыса – мәдениет күйрейді деген сөз. Мәселен, Ресейде 500 адам тұрған жерде бір кітапхана болуы  керек деген  норма  бар. Ал бізде ондай  мөлшер  атымен  жоқ, сонда  қалай?..

Ежелгі адамзат тарихында атақты халиф Харон Рашид жаулап алған жерлерінен салықты  кітап түрінде алуы неткен көрегендік еді. Ақиқатқа ұмтылған адамдық рухтың  ұлылығының кепілі – білім алуда жатыр. Кезінде ислам өркениеті Византия  империясымен болған бір шайқастан кейін тұтқынға түскен византиялықтардың үлкен тобын ежелгі грек ойшылдарының математика, медицина, философия бойынша   жазылған кітаптарына айырбастаған көрінеді. Мұның өзі білімге деген құштарлықты   көрсетсе керек. Сол сияқты 1931 жылы Қазақстанның астанасы Ақмешіт, яғни  Қызылордадан Алматыға көшкен кезде зиялыларымыз «Ел астанасында міндетті түрде  ұлттық  кітапхана  болуы  керек»  деген  екен.  Осыдан  соң, іле-шала кітапхана  құрылып,  оның  алғашқы директоры Ораз Жандосов болыпты.  

Жоғарыда айттық, кітап оқылмаған жерде қатыгездік туады. Жастар көргенін істейді. Айталық, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымсыздық, қатыгездік, қанішерлік, анайылық, баскесерлік атаулының бәрі шектен тыс етек жайып кетуі, міне – осыдан болса керек. Мұның сыртында отбасындағы өзекті әлеуметтік, тұрмыстық мәселелердің дер кезінде ұтқыр шешімін таппай және оқыту-ағарту саласындағы кешегі кеңестік дәуірде озық дәрежеде қалыптасқан ұтқыр жүйені біліксіздікпен құлатудан кейінгі пайда болған тұралату, күйреу дертінен әлі күнге арыла алмай жатқандығымыз тағы бар.

 Қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айрылып қалдық

Қалай дегенде де, ендігі жерде, компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста қоғамымызды кітап оқуға күштеу арқылы қызығушылығын арттыру, бұл – оңай шаруа емес. Себебі, қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айырылып қалдық. Уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай ұлттық шаңырақты ортасына түсіру оп-оңай, кейін оны қайта қалпына келтіру, керегесін тіктеу, уығын тіктеу ең қиын шаруа. Бұның бәрі, сайып келгенде, адамның өмірлік ізденімпаздыққа, талғампаздыққа, адамгершілікке деген құштар талпынысты, құлшынысты ниетін, бейнетқор еңбекқорлыққа деген қабілетін жоятын кесапатынан орын алып жатқандығы сөзсіз. Бұған қоса ұлттық рухани жұтау қасіреттерін артыра түсетіні де даусыз. Сонымен бірге миллиондаған көрермені бар телеарналар мен жарнамалардың ұлтқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты кереғарлықты жүгенсіздікпен жасап отырған қиянаттары өз алдына бір төбе. Бірақ қоғамды, ұрпақты қайткен күнде де жөнге түсіру, оларды сан алуан қаскүнемдіктің тырнағынан қорғау ауадай қажет шаруа. Бұл – ардың ісі. Бұл – көреген кісілік пен кемел тектіліктің, кемеңгер көсемдік пен дара даналықтың ісі. Ұлттық қауіпсіздігіміздің табантасы сонда ғана қапысыз қаланады емес пе?! Ендеше қоғамымызда мемлекет тарапынан бұларға қарсы тұра алатын батыл қадам, ұтқыр да озық шешімнің пәрменді ықпалы қажет. Қалай айтқан күнде де бұндай кезек күттірмейтін мемлекеттік стратегиялық өзекті мәселенің түйінін шешу үшін бәріміз, қоғам, мемлекет, ұлт болып жұмылып, қолға алатын кезең әлдеқашан туғаны ақиқат.

Жапырақсыз қалса бұтақ – жетім,

Оқылмай қалса кітап – жетім.

Білімсіз болса ұрпақ – жетім,

Қорғаусыз болса ұлт – жетім.

Кітап оқымағанның – ойы жетім,

Талдай алмағанның – таңдауы жетім.

Кеңестік дәуірде білмеген дүниеңді тезірек білу үшін үйдегі бар кітапты ақтарып, онда болмаса кітапханаға барып іздейтін едік. Тауып алған соң жан-жақты терең зерделеп, санамызға шегелеп сіңіретін едік. Осындай ізденімпаз еңбекқорлықтың арқасында ғана, өмірлік мүдделі ниет пен ынталы ықыласты еселей білудің арқасында ғана, ақырында бұрынғыдан да бетер тың серпінді серпіліспен өзімізді-өзіміз жетілдіруші де едік, қатардан оза да түсуші едік. Өмір болған соң әр қилы жағдайлар кездесіп тұрады ғой. Түрліше себеппен кітап оқи алмай қалсақ, құнды дүниеңді ұрлатып алғандай қуыстанып,  қоғамдық ортада да, білімді, білікті адамның қасында да өзіңді кем дәрежеде тұрғандай сезіктеніп, күйзеліске түсетінбіз. Сол себептен де өзіміздің күнделікті өмірлік күйбелең тіршілігімізде орын алған осынау қателіктеріміз бен олқылықтарымыздың орындарын қайткенде де тезірек толықтыру мақсатында, бәсекелі жарысты жаңаша оздыра түсудің бағытында кітаптарды жанталасты күймен оқуға, қайткен күнде де ізденімпаз білімді, сауатты адамдардан оза түсуге құлшынатынбыз. Өйткені, ол кезеңде кез келген отбасында теңдесі жоқ дәрежеде молшылық түбегейлі орныққандықтан, әрбір адамның басында мерейлі береке мен мереке тиянақты дәрежеде қалыптасқандықтан тамақ тоқ, уайым жоқ, алаңсыз тіршілік кешті. Ел-жұрт бірі қалмай жатса да, тұрса да жаппай кітап оқудың үлгілі өнегесін оздырды. Әлемдік таңғажайып құндылықтар мен құбылыстарды игеруге жол ашты. Бұл өз кезегінде ғылымның құпиялы тұстарын зерттеп айқындауға құлшындырды. Кітап миллионға жуық таралыммен шығып жатса да жетіспейтін. Сол себептен кітапты тапсырыс (подписка) арқылы қолға түсіру үрдісі де орнықты. Кітап ұстаздық рөлді қапысыз атқаратындықтан естінің тәрбиесін бұрынғыдан да бетер жетілдіре түседі. Ал текті уызға жарымай өскен, отбасында тәлім-тәрбиенің ұтымды үлгі-өнегелерін көрмей өскен, кейін ондай адам көреген талғампаздықпен, ізденімпаз еңбекқорлықпен өмірлік текті тіршілікті, кемел кісілікті айналасындағы адамдардан, қоғамдық ортадан көре біліп, өзін қайткен күнде де өзгеріске түсіре білуге ерекше мүдделікпен құлшынбаған адам ғана баяғы ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіз, мінезсіз қалыбында қала береді. Күнделікті тіршілік барысында өзін-өзі тәрбиелей алмайтын адам, өзгені де, тіпті өзінің ұл-қызы мен немере-шөберелерін де тәрбиелей алмайтыны, ұтқырлықпен үнемі көземелдеуді оздыра алмайтыны даусыз. Өз ұрпақтары үлгі тұтарлық өнегелі қасиеті болмайды. Сонымен бірге қамшының сабындай өмірлік қысқа тіршіліктің барысында өзін-өзі жеңе алмайтын бұндай адамда өзгеден озуға лайық жаңарудың ешқандай да үрдісі болмайды.   

— Рухани қоржыны аса бай әмбабап дәрежеде жүрген адам, өмірлік ұлы мұраттарға елден бұрын қолын жеткізіп, шыңына шығады. Ұзақ ұтымды өмір сүреді. Міне, бұлардың бәрі, сайып келгенде, шын мәнінде ұтқыр күймен озық дәрежеде өмір сүре білудің мәні мен сәнінің де, мағынасы мен мазмұнының да ең айтулы көрсеткіші осы емес пе?!

Шындығына келгенде дәл солай! Ерекше күйде ескеретін келесі екінші жағдай: ол өскелең ұрпақтарымызды ұлттық көрнекті тұлғаларымызбен, сан саладағы қайраткерлерімізбен мүмкіндігін қалай да тауып жиі кездестіріп отырудың ұтқыр үрдісін оздыра түсу, бұл – олардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен құмартушылығын арттыра түсумен қоса, озық дәрежеде ұтқыр өмір сүре білуге деген, қоғамдық ортада тұлға бола білуге деген тың серпінді серпілістерін айрықша жандандыра түсетін ең ұтымды ұлттық асыл дәстүрлеріміздің бірі екенін бірі білсе, көпшілік білмейтіні сөзсіз. Кеше өткен кеңес заманында ұстаз (куратор) мектеп, институт ішіндегі және қалалық орталық кітапханаларда ай сайын ақын-жазушылармен, көрнекті қоғам қайраткерлерімен  оқушыны, студенттерді кездестіріп тұрудың, жаңа шыққан кітаптарды талдау бағытында сан алуан диспуттар өткізіп тұрудың алтын дәстүрі болатын. Көп оқығанның тоқығаны зор, көпті көргеннің түйгені мол адам прогрессившілдік бағытта әрдайым жаңашыл, бастамашыл, халықшыл, турашыл, ойшыл, көшбасшы күрескерлік дәрежесінде озық жүреді. Дүниеде қасіреттің үлкені – ойдың жетімсіздігі. Ойы жетім адам – нағыз жетім. Ол – нағыз бақытсыз адам. Ол ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіз, өзімшіл, қайырымсыз, қаскүнем, қатыгез болады. Кеңестік дәуірде адамдар бір-біріне есепсіз дәрежеде ерекше мейірімді, бауырмал, қамқоршыл, адал жанашыр әрі айнымас сүйеніш бола білуге ұмтылатын, құлшынатын, аңсайтын.

Ал қазақ халқы тәуелсіз ел атанған тұста, яғни қазіргі таңда бұндай ұтқыр құбылыстың дәстүрін де, текті кісілікпен үнемі жетілудің арқасында кемелденушіліктің үрдісін де кездестіруге қатысты түсінік-ұғымының өзі санамыздан бұлбұл ұшып, мұңға айналып, теңдесі жоқ құндылықтарымыздың мүлде жоқ болудың қасіретті дертіне ұшырағандығы қандай өкінішті, десеңізші. 

Расында да, Алаш баласы, кітапты үнемі оқып отыруды оздыра алмаса, күнделікті қоғамдық болмысты талдап отырмаса, өмірлік озық таңдау мен талғам-танымның ұтқырлығын шыңдап отырмаса, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, шындық пен өтіріктің, қасірет пен өнегелі құттың, алтын мен мыстың аражігін талдап ажыра алмайтын адамнан не күтуге болады? Тәуелсіз елдігіміз бен ұлттығымыздың бүгінгі және келешек тағдырына қатысты алды-артымызды жан-жақты талдай алмайтын, тіпті ұлттық алтын құндылық пен асылдық атаулының ұтқырлығын замана талаптарына сай жетілдіре түсу бағытында сын көзқараспен жаңаша бағамдай отырып, ұрпағымыздың ой санасына жаңаша сіңіруді оздыра алмайтын әке-шеше, ата-әженің  бойында текті кісіліктің қандай кемел қадір-қасиеттері болуы мүмкін? Қысқасы, һәм қазақтың ой санасын болсын, қоғамдық құрылымның кез келген сатысын болсын, ең алдымен дамылсыз кемелдендіре білуге қатысты ұтымды ұтқыр үрдіс-дәстүрлеріміздің озық дәрежеде болмауы, бұл – құрдымға қарай құлдыраудың, орны толмас қасіреттерге ұрындырудың зорына әкеліп соқтырмай тынбайтындығы сөзсіз. Ендеше, ендігі жерде, алдағы ағымдағы уақыттың бәрінде де қазақ баласы, не істемек керек?

Кітапты құмарту арқылы құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек келеді. Озық дәрежеде өмір сүре білуге деген құштарлығының ұтымдылығы айнадай айқын әрі күндей жарық, абырой-беделі жоғары, мәртебелі мерейі биік, мінезі көркем, келбеті әсем,  азаматтығы бекзат, талғампаз іскерлігі ұтқыр күйде келеді. Өмірлік таңдауы мен ұлттық мұраты асыл дәрежеде дамылсыз дами түседі. Кез келген қоғамдық ортада, отбасында сөз сөйлеуге келгенде сөзшеңдігі мен ойшылдығы дара күйде болады. Сабырлы, байсалды, жүрегі кең, сезімтал, кешірімпаз дәрежеде өнегелі тіршілік кешудің ұтқыр үлгісін оздырады. Сөз саптауға келгенде тілі жүйрік және шешендік шеберлігін кез келген ортада мойындата білуге келгенде шуақты нұрлы сәулесін үнемі айналасына шашумен ғана өмір сүреді. Ұлттың үнемі жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, халықтың сөзін дер кезінде айтуға келгенде ешкімнен де қаймықпайтын адал халықшыл, турашыл, ұлт мүддесіне қатысты мәселеге келгенде күрескерлік жолда белсенді келеді. Тек жеке қара басының байлығын күйттеп, саяси ұпайын арттыра түсу мақсатында ұлт, халық мүддесіне қарсы сатылымпаздық пен опасыздыққа барудың жолын өле-өлгенше түсінбей өтеді. Сонымен қатар олардың өздерінің ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ой санасына ұтқырлықпен құятын өмірлік өнегелі өсиеттері мен баталарының тағылымдық құдіретінің ұлағаты орасан зор дәрежеде болады. Көп оқыған текті адамның рухани қоржыны ізденімпаз еңбекқорлықпен жинаған-терген гауһарлар мен інжу маржан түйіндерге толы болып, әмбебаптық дәрежеге жетеді. Қысқасы, кітапты заманның қатаң талаптарына сай лайықты адам өмір сүру үшін оқу қажет. Әлемдік ұтқыр құндылықтар мен асылдарды дер кезінде игере отырып, ұлттық болмысымыздың ұтқырлығын жаңаша оздыра түсу үшін оқу қажет. Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп тозуды білмейтін алтын қазына. Білім-ілім, бұл – нұр. Ендеше кітапты түпнұсқадан оқуды ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қысқа тіршілікте көзіміз әбден жеткен мол дүние жайлы қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес.

Біз, бәріміз де – қуат көзіміз. Есті де текті, көреген де кемеңгер басшының өзге мемлекеттер қазақ халқын көргенде таңғаларлық, үлгі-өнеге тұтарлық ұлағаты зор айтулы елі, оның кемел ұрпағы болуға міндетті. Сондықтан мемлекет, қоғам болып, һәм ұлт, халық болып, бір кісідей бір жұдыққа жұмыла бірігіп, пәрменді күрескерлікті қаулатудың жобасын жедел түрде қолға алатын ең өзекті де, ең өткір де адамзаттық мәселе екенін айдай айшықтау еді. Өйткені, бүгінгі таңда ұрпақтарымызға мемлекет ананың айрықша ұтқыр махаббаты тапшы. Өмір шындығын дәлірек айтсақ – рухани қамқорлыққа зәру елміз. Сонымен қатар біздің негізгі көздегеніміз осынау көкейтесті өткір мәселелерге күллі елдің, ұлттың, мемлекеттің, қоғамның назарын аудару, ой салу, толғануға түрткі болу, серіппедей серпінді серпіліске түсіру арқылы қоғамды, ұлтты, ұрпақты жаһандық бәсекеге лайық кемелдендіре білудің ұтымды жолдарын (жобаларын) бірлесе үйлестірудің, оның ұтқырлығын оздырудың мақсатында баршаны жанқияр күрескерлікке шақыру. Оқы! Шабыттан! Жаса, Алаш баласы! – демекпін.

ХХІ ғасырдың сахнасында қазақ қауымы Мәңгілік елге айналу дегеніміз, ең алдымен өмірлік күрескерлік белсенділігі орасан зор, жан-жақты сауатты, білімі мен біліктілігі мол, текті мәдениеті мен іскер кемелдігі жоғары, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола білу деген сөз. Демек, күллі елді, ұлтты, һәм ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізді бәсекелі жарысқа лайық дәрежеде кемелдендіре білуді ұтқырлықпен үнемі оздыра түсу деген сөз. Яғни, ХХІ ғасыр сахнасында қазақ елі тек есті де текті, кемел де көреген, білікті де кемеңгер дәрежедегі өз ұл-қыздарымызбен, немере-шөберелерімізбен мақтануды да, марқаюды да бұрын-соңды болмаған дәрежеде алға оздыра білудің арқасында ғана ұлттық мәртебелі мерейімізді теңдесі жоқ дәрежемен көкке асқақтата білудің озық та ұтқыр өнегелерін оздыра алатын алтын ғасырына айналдыру деген сөз. Бұл – Алаш баласы үшін мың бақыт. Ұлылардағы ұлы мақсат пен көреген көсемдіктің дәрежесі міне, осындай болса керек-ті.

Ендеше байтақ елге, ұлтқа, һәм халыққа, ұрпаққа, шәкіртке деген шын мәніндегі теңдесі жоқ жанқияр дәрежедегі жанашырлыққа толы ақ ниетіміздің өзі сөз жүзінде қалып қоймаса етті.

Молдағали аға,  тұщымды әңгімеңізге  рахмет!

Әңгімелескен Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір