• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 17:25:13
Алматы
+12°

29 Қараша, 2017 Алаш-Орда

Жалғызбасты әке «Қамшыға» не үшін алғыс айтты?

200 балаға «бір жыртығын жамауға жарар» ақшалай көмек ұсынып, жүзіне күлкі ұялату – мақсатымыз болды.

Алаш жұрты үшін айтулы дата

2017 жыл... Барша қазақ жұртшылығы үшін елеулі уақыт. Бұл жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына ғасыр толды. Алашорда үкіметін құрған Алаш зиялылары – бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалап кеткен тарихи тұлғалар. Олар – советтік қызыл қырғында қуғын-сүргінге ұшыраған жандар. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жолында жан қиған Алаш арыстарының ерлігін дәріптеп, Алаш идеясын кейінгі ұрпаққа үлгі ету – әр қазақтың борышы.

Алашорда

5 шараны қолға алған

2017 жылдың 1 ақпанында Үкімет отырысында сол кездегі Үкімет басшысы орынбасары Иманғали Тасмағамбетов «Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады», - деп айтқан еді. Оған қазақ тілді БАҚ-тар мен Алаштанушылар мен Алаш қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуші ғалымдар да өз үлестерін қосып жатыр. Әрі, Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай елімізде түрлі деңгейде әртүрлі іс-шаралар атқарылып келеді. 

Алаш арыстары

Алаш зиялыларына арналған Qamshy.kz ақпарат агенттігінің көрмесі

Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі жыл басталғалы 5 іс-шараны қолға алған. Наурыздың 5-інде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай-үйінің алдында Алаш арыстарына арнап ас берді, 500-ге жуық адамға дастархан жайды. Ал сәуірде Ахмет Байтұрсынұлы саябағына 100 ағаш отырғызылды. Оның жалғасы ретінде 100 жетім бала мен әлеуметтік жағдайы төмен 100 студентке қаржылай көмек көрсету үшін 24 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қайрымдылық концерт ұйымдастырды. Qamshy.kz ақпарат агенттігі жыл соңына дейін «Алаштың 100 ізбасары» деген атпен елге еңбек етіп жүрген мемлекет қайраткерлері арасынан 10 адамға «Алашорда – 100 жыл» мерекелік медалін табыстайды.

Жыламасын сәбилер: 100 жетім бала мен 100 студентке көмек көрсету

Жыламасын сәбилер

Қайырымдылық кешіне өнерпаз Ұшқын Жамалбектің бастауымен құрылған Ugai продюсерлік ұжымы қолдау көрсетіп, аталмыш ұжымның әншілері өнер көрсетті. Әсет Есжан мен Олжас Абайдың орындауындағы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің гимні, Біләл Қуаныштың сөзіне жазылған «Дүр қамшы» әні кеште отырған әр қазақты рухтандырды, жігерлендірді. Бұған көрермендердің ұзақ соққан қошеметі дәлел.  Сонымен бірге Алашұлы этно-тобы мен Дана Кентай сынды жас әншілер қайырымдылық кешіне өз үлестерін қосты. Жүрегі «Алаш» деп соққан әр азамат мұқтаж жандарға қол ұшын созуға қашан да дайын қайырымды жандар билет сатып алумен қатар, рухты кештің куәсі болды.

Қайырымдылық кешінде өнер көрсету – мәртебе

Ұшқын Жамалбек

«Бүгін «Жыламасын сәбилер» деп аталатын қайырымдылық кеші өтіп жатыр.  Алматы әкімдігі, «Қамшы» ақпарат агенттігі және «Ugai» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Кеш 100 жетім бала және әлеуметтік жағдайы төмен 100 студентке арналады. Қазағымның жетімі жыламасын, еліміз тыныш болсын», - деді Ұшқын Жамалбек өз сөзінде. Оның айтуынша «Жыламасын сәбилер» атты кеш «Ugai prodution» продюсерлік орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отырған алғашқы концерті және де қадамын осындай игі іспен бастағанына қуанышты.

Кеште өнер көрсеткен әншілер өзге кештер мен қайырымдылық кеште өнер көрсетуді салыстыруға келмейтінін айтады. Қайырымдылық кешінің сахнасында өнер көрсете отырып, елге көмегіңнің тигенін сезіну ғажап сезім дейді жас әнші Дана Кентай.

Дана Кентай

«Мұндай қайырымдылық кештер елімізде қарқынды дамуда. Өнер сахнасында жүргенімен 1 жарым жылдың жүзі болғанымен бүгінгі күнге дейін он шақты қайырымдылық кеште өнер көрсетіп, қолдау танытып келеміз. Мұндай бастамаларды қашан да қолдаймын және ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды жеткіземін», - деді Дана Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен әңгіме барысында.

Елге Ochoou лақабымен танылған Олжас Абай кештің ерекше өткеніне дән риза болды.

«Бүгін керемет кеш өтіп жатыр. Қамшы ақпарат агенттігі мен Ugai продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Алашорданың 100 жылдығына орай кеш өтті. Бізден де бір игі іс болсын деп жетім балаларымыздың құрметіне ұйымдастырып жатқан жайымыз бар», - деген Олжас Абай кешке қолдау көрсеткен қазақ жұртына алғыс айтты.

Жыламасын сәбилер

 «Сәбилерін, жетімін жылатпаған қазақтың ұрпағы ретінде осындай шараларға атсалысып, өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе», - деді Ugai продюсерлік ұжымының мүшесі, әншісі Әсет Есжан.

Әсет Есжан

Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай жыл басталғалы екі мәрте жеке кештерін өткізіп үлгерген «Алашұлы» тобының жігіттері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұжымына, басшылығына зор алғыстарын білдірді.

«2017 жыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Бұл бар қазақ үшін айтулы мереке. Бұл мерекеге орай елімізде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Соның басым көпшілігіне атсалысқан біздің мақтан тұтатын тілшілеріміз, аға-қарындастарымыз Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұжымына алғысымызды білдіреміз.  Алашорданың 100 жылдығы деп 100 ағаш отырғызу, ас беру, 100 жетім бала мен 100  студентке көмек көрсету сынды игі шараларды өткізіп келеді. Осындай бастамаларыңыз алға бассын! Алашорданың 100 жылдығына атсалысқан Qamshy.kz порталы мен Алаштың ұлдары әрдайым біргеміз», деді Алашұлы этно-тобының жігіттері.

Алашұлы

Студенттер мен жетім балалардың қуанышы һәм алғысы

Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейтін қазақтың жетімі жыламауы тиіс, қиналған жан өзіне көмектесуге дайын бауырының бар екенін сезуі, білуі керек. Иә, бір ұжым бар қазақтың жетімін асырай алмас, көмекке мұқтаж бауырының бәріне бірдей жәрдемдесе алмас... Алайда сәл де болсын көмегім тисе деген ниетті алға тартқан Qamshy.kz ақпарат агенттігі еліміздің 100 жетімі мен көмекке мұқтаж 100 студентіне жәрдемдесуге күш салды. «Бір жыртығын жамауға жарар» ақшалай көмек ұсынып, жүзіне күлкі ұялату – мақсаты болды. Бұған көмек алған балақайлар мен студенттердің қуанышында шек жоқ, алғыстарын төкті.

Жыламасын сәбилер

Студент Атолла Құралай Қамшы порталының жаңалықтарын үнемі оқып отыратынын айта кетіп, ұжым басшылығына ризашылығын жеткізді. Әрі 200 балаға көрсетілу керек көмектің бір ұшы өзіне тигеніне зор қуанышын жеткізді.

Жыламасын сәбилер

Жыламасын сәбилер

Бірнеше жыл бойы ұлына әке де, ана да болып келген Дәулет аға баласына анасының орнын жоқтатпауға тырысып келеді. Бар тапқан қаржысы пәтерақы мен коммуналдық қызметтен аспай, ұлы Исламның алдында ішкі қиналысын жасырып жүрген уақытта Қамшы порталынан ұсынылған ақшалай көмек ер адамның еңсесін көтеріп жіберген. Әдемі кешті тамашалаумен қатар, ұлының қыстық киімін алуға ақша табыла қалған Дәулет аға ұжымға деген шексіз алғысын білдіріп,  тек алға басуын тіледі.

«Қамшы» ұжымы жетім балаларға көмек көрсетіп жатыр. Көмектің бір ұшы маған да тиді. Алла разы болсын! Өткізіп жатқан кештеріңіз үлкен жақсылықтың бастауы болсын. Сауабы молынан болсын! Жарымнан айырылғалы ұлымды жалғыз өміріп келемін, оның қиын екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ұлымның анасын іздегені былай тұрсын, кейде киерге киім таппай жататын кездер болады. Туыстарымыз анда-санда көмек көрсетеді, алайда әркімнің өз отбасы бар, өз мәселесі өз басына жетеді. Ал енді қыс та таяды, күртеше мен қалың аяқ киім алу керек болған кезде, Қамшы ұжымынан ақшалай көмек көрсетеміз деген сөзді естідім. Сұрағаным көктен түсе қалды. Қамшыға шексіз алғыс білдіремін, еңбектеріңіз жана берсін», - деп сөйледі жалғызбасты әке.

Ұлы мен келінінен айырылған Зейнеш әжей немерелерін өзі асырап бағуда. Хат танығалы тек газет оқып келген әжей бұрын-соңды «Қамшы» сайты жайлы хабарсыз болғанын айтты. Алайда бұл шара өзіне белгісіз ақпарат агенттігі жайлы жақсы пікір қалыптастыруына себеп болып, ендігі жерде сайт оқырманы атанғанын айтып, күлді.

Жыламасын сәбилер

«Кешке жақын немерелерімнің телефонынан «Қамшы» сайтының жаңалықтарын қарап шығам. Қараған сайын игі істерін еске алып, көзіме жас та келеді. Зор алғысымды білдіремін. 200 балаға бірдей көмек көрсету екінің бірі жасай беретін іс емес. Білуімше, сайтқа небәрі 5 жыл толған екен. Соған қарамастан осындай үлкен шараны қолға алған ұжымға белестерді бағындырсын деймін. Екі немеремнің қыстық киімдері сіздердің арқаларыңызда түгенделді», - деген Зейнеш әжейдің жанарынан қуаныштың жасы төгілді.

Абыроймен өткен айтулы шара...

Жыламасын сәбилер

Әншілері де, бишілері де Алаш үшін өнер көрсеткен кеш абыроймен өтті.

Жыламасын сәбилер

Кеш соңында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш жетім балалар мен мұқтаж студенттердің өкілдеріне 2 миллион теңгелік екі сертификат табыстады.

Біләл Қуаныш

«Әлемдегі бар қазақтың Отаны – Тәуелсіз Қазақстан. Бүгінгі бейбіт еліміз көктен түскен жоқ. Алаш арыстарының қанымен, жанымен, тәнімен келген. Біз Алаш деп сөйлейміз, Алаш деп ән айтамыз, Алаш деп жыр жазамыз. Бәрі дұрыс, дегенмен бір нақты іс болса да жасайық деген ниетпен бүгінгі ісіміз 100 жетім бала мен 100 мұқтаж студенттің жүрегіне үміт ұялатып, Алаш арыстарының рухынан тәлім алып жатса, біздің арманымыздың орындалғаны. Осы іске ат салысып отырған барлықтарыңызға тек қана рахмет айтамыз. Бір айта кетерлігі, Қамшы ақпарат агенттігі құрылғалы бері 5 жылда жасалған шаралардың ешқайсысына біз мемлекет тарапынан бір тиын қаражат алған жоқпыз. Оны тек өздеріңіз сияқты арда азаматтардың көмегімен жасап отырмыз. Ендеше мәңгілік еліміз болуы үшін барлығымыз жұдырықтай жұмылып Тәуелсіз Қазақстан үшін қызмет ете берейік», — деді Біләл Қуаныш.

Біләл Қуаныш

Қайырымдылық кештің шымылдығы «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әнімен жабылды. Айта кетейік, кешке Алматы қаласының әкімдігі қолдау білдірді. 

Жыламасын сәбилер

Бәріне ортақ бір мақсат – қазақтың бүгіні үшін қан төккен, жанын пида еткен алаш арыстарының есімін мәңгі ету, өзіне үлгі ете отырып, болашақ ұрпаққа дәріптеу. Жүрегі алашшыл, әрі елі мен жерінің бірлігін, ұлтының қамын күйттеген азаматтар барда Алаштың туы құламайды, жетімі жыламайды.

Гүлім ЖАҚАН

Фото: Әділет Рахметолла

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір