• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:47:23
Алматы
+12°

13 Қаңтар, 2015 Әдебиет

Мұхтар МАҒАУИН. "САРЫ ҚАЗАҚ"(Роман)

1945 жылдың 30 апрелінде, совет-герман соғысы аяқталуға тоғыз күн қалғанда геологиялық экспедицияның Бетпақ Далада адасқан У2 шолғыншы аэропланы жағармайы...

muhtar magauin

1945 жылдың 30 апрелінде, совет-герман соғысы аяқталуға тоғыз күн қалғанда геологиялық экспедицияның Бетпақ Далада адасқан У2 шолғыншы аэропланы жағармайы сарқылып, шарасы таусылған ең соңғы сәтте көз ұшындагы бозғыл ойпаңда адам тұрағы барын аңдады. Иен емес, елді мекен; бұрқыраған түтін шықпаса да, қарауытқан тіршілік нышаны анық байқалады, тіпті, таяу маңда үйір жылқы жайылып жүр. Адам тұрағына бет бұрарбұрмастанақ мотордың үні өшті, пропеллер сыр етіп, буалдыр шеңберге айналған да, емескі тармақтанып, кері серпіле бере қалт тынған. Жүзіп емес, жер бауырлай қалықтап келе жатқан ұшақ боз ойдың жиегіне, баялыш, жусанды сұрғылт дөңеске лықси текіректеп барып қонғанда бүкіл даланы тұмшалаған тыныштықтан құлақ жарыла жаздаған. Аэроплан ішіндегі үшеу - алдыңғы кабинадағы ұшқыш орыс, артқы, ол да бір кісіге арналған кабинадағы бұттарын айқастырып, қарама-қарсы отырған дөңгелек, жылтырбет қазақ пен европалық екені, азиат екені айырғысыз, қоңқақмұрын, көккөз, сірә кавказдық гүжбан қара - "уһ!" деді ме, "аh!" деді ме, терең тыныс алып, бір сәт үнсіз калған. Содан соң ұшқыш далбайының құлағы жалбырап, көтеріле бере, кері бұрылды да, әлде кейінгі екеуді, әлде Бетпақтың меңіреу даласын сықпырта балағаттап алды, "Слава богу, живы!" - деді көзі жыпылықтап, ыржия күлген казақ; ызалы ұшқыш аяғын сыртқа асқан кезде ғана көтерілген. Үшеуі де жерге түсті. Түскен кезде ғана аңдады: дымсыз, қимылсыз тынған мына маң дала, меңіреу иенде салбырай жер бауырлаған, соншалық кішкентай, соншалық бейшара кепке түскен көк жасыл ұшақтың оң жақ қапталында, анадайда, теріс қарап күйбеңдеген жан иесі – кәдімгі тірі адам өсіп шығыпты. Әлде жер қазған, әлде топырақ аршыған кейпі бар, бұларға назар аудармайды. Аспаннан түскен үшеу жайлап басып қасына келгенде сәл іркіліп, қырындай қарады да, жұмысын жалғастыра берді. Аспаннан түскен үшеу тамағын кенеп мекіренді, былш-былш түкіріп, қақырынды:, ұйыған аяқ, қолдарын жазып отырып-тұрды, есінеп керілді – жердегі жалғыз шаруасын тоқтатпаған. Осыншама ыстықта жүні сыртына айналдырылған тері тон, төбесі оңып, пәре-пәре жыртылған пұшпақ бөрік киген жаман қазақтың мұншама паңдығына, паңдығы емес, топастығына қаны қайнаған, онсыз да жарылғалы тұрған летчик жер тебінді, жұмыр басындағы жылтырақты, түймелі былғары далбайының тебінгідей қос құлағы жалбаң-жалбаң етіп:

– Где же мы находимся, черт бы тебя побрал?! - деп, ышқына зекірді. Жердегі жыртық бөрікті жалғыз жалт қарады. Танауы қусырылған түзу

қыр мұрынды, биік қабақ, қиғаш мұртты, жасы кырықтың жуан үстіндегі сұлу кісі екен. Өзі сап-сары, көзі тұздай көк. Орыс. Орыс болғанда, жалбыр тон, жыртық бөркіне қарамастан, өңі суық, айбынды орыс. Аспаннан түскен үшеу тосылып қалды. Басқаларының бірер қадам жақын тұрған қазақ кеудеден ұрғандай кері шегінді.

– А?.. Кім... Бұл қай жер?..- деген сасқалақтап.

Жердегі жалғыз аспаннан түскен үшеудің әрқайсысына жіктей, тексере қарап алды да, жайбарақат, жеңіл күрсінді; асықпай бүрылып, шаруасын қайта жалғастырган. Аспаннан түскен үшеу жердегі жалғыздың қам-қарекетін сонда ғана пайымдады. Кісі көміп жатыр екен. Жаңа ғана кеміп болған. Енді қолындағы шолтиған кішкентай күрекпен төмпеш үйік етегіндегі шашау

2

топырақты жинақтап, жан-жағын оңдап жатыр. Оңдап бітті. Қабірді қасқыржон қалыпқа түсірді. Содан соң тізерлей отырып...

"Ағу-у-узз биллаһи-и..." Күмбірлете құран оқуға кіріскен. Бар мақамын келтіріп, ұзақ окыды. Қанша ұзақ оқыса да ақыры бітті. Бітіп, "Аллаһу акбар!.." деп бетін сипады. Бетін сипаған соң сәл үнсіз отырып, жер таянып барып орнынан тұрды. Көкпеңбек көзі мөлдіреген тап-таза жас екен. Қусырылған танауы, күрең мұрты, үшкіл иегіне дейін. Жерге басы жеткенше иіліп, дөңкиген қабірдің дымқыл топырағын сылады. Қатарында дәл осындай, бірақ басылған, кеберсіген, үстіне сояу-сояу ақ сораң шыққан, құбыла бетіне арбақ-сарбақ сексеуіл сайғақ шаншылған үлкенді-кішілі тағы екі қабір бар екен. Қаралы жалғыз оларға да тәу етті.

– Примите наши соболезнования... - деді аспаннан түскен үшеудің ортаншысы – ұлты, тегі белгісіз гүжбан қара басындағы кенеп қалпағын алып.

– А... иә... соболезнование... артының қайырын берсін...- деді қазақ міңгірлеп.

Былғары далбайының құлағы жалбырап, енді айран-асыр болып тұрған ұшқыш орыс жерге түкірді. Ештеңе естімеген, ештеңе аңдамаған кейіпті қаралы жалғыз шолақ ағаш күрегі мен темір қайласын қолтығына кыстырып, ойға – қарауытқан қыстауға қарай аяңдады. Аспаннан түскен үшеу біріне-бірі қарап аз бөгелді де, үшеуі бірдей шалбарларының ауына қол салды; түймелерін ағытып, неше сағат бойы аспанда жинақталған зәрін сол тұрған жерлеріне борылдата төкті де, иықтарын қомдап, сілкініп алып, қою қапырықта малтығандай, салыққан аяқтарын сүйрете басып, ауыл иесінің соңынан ерді.

Ойдағы қыстау – жалғыз үй екен. Үй емес, төбесі түйетайлана жабылған жеркепе. Әудем жерде дөңгелектене тігілген сексеуіл шарбақ, басы күргейленген құдық көрінеді. Үй іргесінде, ақ топыр желіге байланып екі-үш құлын, үйездеген бірнеше бие мен тай тұр.

Аспаннан түскен үшеу кез келген қазақ аулына барғандағы әдет бойынша үйге сұраусыз кірді. Кіргенде, текше баспалдақпен төмен түсті. Бірден салқын леп соққан. Кепе терең екен. Терең, биік, кең. Арбақ-сарбақ, жуанды-жіңішкелі сексеуілмен жабылып, төбесіне әр жерден тіреу қойылған. Қабырға қу бұталармен шарбақталып, лаймен сыланыпты. Кей жерлері жарылып түскен; әктелмегелі көп болғаны байқалады. Еденде киіз де, текемет те жоқ. Тері. Қатарластыра, қабаттастыра төселген, қаба жалы төгілген, жирен аралас өңшең көкбоз жылқы терісі. Төмендегі бұрышта тік тартпа мұржалы, биік қазандық. Төр жақ қазақы жал пешпен бөлінген сияқты, ортасында арқалығы үшкіл, тапалтақ есік көрінеді. Есікке түр-түсі белгісіз, әр жері сетінеп жыртылған кенеп перде іліп қойыпты. Аспаннан түскен үшеу жоғарғы бөлмеге өтуге батпады, ауызғы үйге, төргі кабырғаға арқаларын тіреп, жұмсақ тай тулақ үстіне отыра-отыра кеткен.

Үй иесі манағыдай емес, өңі жылыған, бірақ сол үнсіз қалпы, босағада тұрған үлкен қара торсықты толғай пісіп, ағаш саптаяққа қымыз құйды да, гүжбан қараға әкеп ұсынды. Гүжбан қара – қазаққа берді, қазақ – орысқа ұстатты. Келесі аяқ қазаққа ұсынылды – гүжбан қара ішті. Соңғы аяқ орысқа тартылды – қазақ ішті.

– Барымыз осы...- деді үй иесі алақанын жайып. –Мейман күтпеп едік. Әрі қайғы үстіне келдіңіздер...

3

Қазақша айтқан. Таза сөйлеген. Үшеуі бірдей, төбеден ұргандай, тым-тырыс отырып қалды.

– Қайтыс болған... кім, жолдасыңыз ба?- деп сұрады сәлден соң қазақ.

– Жоқ ... Менде құдайдан басқа жолдас болған емес,- деді үй иесі күрсініп.- Төбедегі ала көлеңке сәуле түсіп тұрған жарғақ терезеге карады.

Мұртын ширатып, жанарын төмен салды.- Әкем сорлы. Қасында   жатқан –
балам.Одан соңғысы – бәйбішем ... – Көп сөйлеп кеткеніне қысылғандай, қалт

тоқтады. Тұқырып, жұдырығына таянып отырып қалды.

— Бұл қай жер?- деп сұрады қазақ.

— Бетпақ...- деді үй иесі.

— Бетпақ болғанда... Бетпақтын қай жері?

— Көкжайлау,- деді үй иесі.

— Көкжайлау болғанда... қай тұс?..

— Қай тұс?- Үй иесі созалаңдап, мұртын шайнап аз бөгелді.- Сыпатай мырза келіп қоныстанған тұсы.

Қазақ қалған екі серігіне қарап, иығын қиқаң еткізді. "Міне, қызық адам,-

деді орысшалап. – Е штеңе ұқпайды, ештеңе білмейді..." "Ауданын, облыс, колхозын сұра,- деді ұшқыш.- Қалғаньн картадан тауып аламыз".

— Қай колхоз, қай ауданға жатасыз?- деп сұрады қазақ.

— Колхоз... Қалқоз...- деді үй иесі ащы жымиып.-Қалқоз орнады ма ақыры? Құламай әлі тұр ма?.. Мен білмеймін қалқоз-малқоз дегенді. Жоқ мен үшін қалқоз-малқоз!..

Қазақ бар естігенін жолдастарына аударып жеткізген.

— Совет өкіметінің бар-жоғын да білмейсің бе?- деп сұрады ұшқыш орысша. Қазақ: "Совет өкіметіне қалай қарайсың?"- деп аударды.

— Мен үшін алла тағаланың өкіметінен басқа патшалық жоқ,- деді үй иесі.

— Онда біздің жерімізге тұтқиылдан, опасыздықпен басып кірген зұлым жаумен бүткіл Отанымыз, бүткіл Отанымыздағы алпыс ұлт төрт жыл бойы кескілесіп соғысып жатқанын да білмейсің ғой?

— Баяғы ақ пен қызыл ма?- деген қарсы сауал қойды үй иесі.

—Қайдағы ақ! Азамат соғысы, одан соңғы коллективизация, одан

кейінгі   Сталиндікбесжылдықтар   түгел жеңіспен аяқталған. Ұлы Отансоғысы! Немістермен соғыс!— Немістермен?— деді үй иесі шынымен таңырқап.— Тағы не жетпейқалды? —Жетпегеніқалай?—деді   қазақ көзі төбесіне   шығып.— Біз Отан

үшін!.. Ұлы Сталин үшін! Тұтқиылдан басып кірді. Опасыздықпен шабуыл жасады!..

—Сендер өздерің бастап жіберген жоқсындар ма? Үй иесінің ақылы кемісі анық болды.

—Өзің бастағаны қалай?— деді қазақ сонда да тоқтай алмай.— Біз... Біз деген...

—Сіз деген бүкіл жиһандық революция жасауыңыз керек еді ғой. Сол жер жүзілік төңкерісті Германиядан бастасаңыз несі бар!

4

—Енді орнатамыз,— деді қазақ өзеленіп.— Бүгін-ертең Берлиннің төбесіне жеңіс туы қадалады. Содан соң бүкіл Европада социализм жеңіп шығады. Содан соң Америка...Біздер — ұлы Сталин бастаған большевиктер...

—Тоқтат, ақымақ!— Үй иесі оқыс ақырды. —Ғафу етіңіздер,-деді келер сәтте. —Сіз...—Қолын кеудесіне басып, айран-асыр гүжбан қараға басын иді.

—Сіз...—Тіксініп, атып тұруға ыңғайланған шомбал ұшқышқа тағзым жасады.—Сіз де...— деді құты қашып, қызара тершіп, тұқырып отырған қазаққа, төбесінен аса қарап.—Меймансыздар, кінә менен. Ал енді... келген іздері-ңізбен кері қайтасыздар. Аман-түгел түрғанда. Міне есік. Әне дала...

Сөз аңғарын ұқпаса да, үй иесінің астам сөйлеп отырғанын байқаған, кешірім сұрағанға, бас ұрғанға қанағаттанбай, ызалана бастаған, тапанша қабына қолы екі-үш рет барып қайтқан ұшқыш орнынан көтеріле берді. Әңгіме мәнісін сұрап еді. "Сумашедши!— деді қазақ.— Ненармальный!.." Бірақ үй иесіне сыпайы сөйлеген.

—Отағасы! Мұныңыз адамшылыққа жатпайды. Біз — жай қыдырып келген емес, апатқа ұшыраған, адасқан жолаушылармыз. Біз бензиніміз таусылып қондық... – Отағасы қарқ-қарқ күлді.

—Нағыз балшабек екендеріңе сендім,—деді күлкісі қалт тыйылып. — Нағыз темір балшабек-сіңдер. Дарылдап, дүрілдеп ұшасыңдар, бірақ неге ұшқандарыңды, қайда қонатындарыңды білмей-сіңдер, бензеннің аз-көбі, бағдардың оң-солы — бәрібір, көп болса да сарқасыңдар, оң болса да адасасыңдар, ақыры, машина өртенуге жақындағанда бес жүз шақырым төңірегінде бір тамшы суы жоқ Бетпақтың қақ ортасына келіп түсесіңдер! Және сол қу медиен шөлге, аптап пен апат ошағына өздерің тықсырып қуған, қоғамнан тыс деп жариялаған, көзін жойып, тұқымын құртудан басқа ештеңе ойламаған қас дұшпаннан — ел аманда тауып алған, тыныштықта тілеп алған дұшпандарың-нан көмек сұрайсыңдар. Көмек! Бір тамшы май! Бір тілім нан! Жоқ! Менде жермай жоқ. Нан да жоқ. Болса да бермес едім. Бір жұтым сусынға рақмет айтыңдар. Кім екендеріңді білдім — енді ол да жоқ! Таза дүниені, кең дүниені былғамаңдар, тарылтпаңдар! Аулақ!

Шарасыз үшеу сыртқа шығып кеңесті. Қу медиендегі жалғыз үй әлде бекетші, әлде қорықшы. Таяу маңда, тым құрса елу-алпыс шақырымда елді қоныс бар. Қатынас болмауы мүмкін емес. Үшеуі екіге бөлініп, жер кепені бірер шақырым жерден дөңгелек айналып шықты. Ешқандай соқпақ, сорап байқалмайды. Ешқандай тіршілік белгісі жоқ. Жалаңаш топырағы суырылған, ойдым-ойдым болып, сұрғылттана шұбартқан дөңесте жүрген төрт-бес жылқы бұлар таяу келгенде осқыра ойқастап, дем тартып азғана бөгелді де, дүркірей қашпағанымен, ысырыла сырғып, аулағырақ барып жусады. Тым құрса торғай ұшсайшы. Тышқан жүгіріп өтсейші. Құлаққа ұрған танадай. Бесінге ауған күн бар қызуын жаңа тапқандай, бойыңдағы бар дымыңды сорып, қуырып, өртеп барады. Көз, жетер көк жиекте көлеңке болар бұта көрінбейді. Манағы қымыз қанды кептіре, қарынды аштыра түскендей. Үшеуі салбырай мүлгіп тұрған аэропланға әрең жетті. Жансыз қанат көленкесінде аз-маз ес жиған. Өз жағдайларының қаншалық ауыр екенін сонда ғана үғысты. Әрине, жапандағы үй үлкен жермен байланыспай тұрмайды. Бірақ қашан? Өлікті жалғыз өзі қойғанына қарағанда, таяу маңда ел жоқ. Мүмкін, бір айдан соң қатынасар.

5

Мүмкін, бес айдан соң... Есерсоқ отағасымен келісімге келмей болмайды. Елшілікке, әрине, домалақ бет, мықыр қазақ тағайындалған.

Елшінің баруынан қайтуы тез болды. Мынау!— жай ғана жынды емес, құтырған жынды екен. Сендер менің тұтқынымсындар депті. Не істейтінімді әлі шешкем жоқ. Мүмкін, қаталап өлуге шөлге айдап тастаймын. Мүмкін, сол, аэропландарыңның түбінде, әке-шешеме, әйеліме құрбанға шалып, малша бауыздармын. Өзім де ойланып отырмын депті. Кешке дейін ойландым. Күн батқанша тағдырларың шешіледі! Дәл осы сәтте орыс ұшқыш жарылып кетті. Қолы дірілдеп, қабын әрең ағы-тып, беліндегі тапаншасын алған. Балағаттай түкірініп, орнынан тұрған. Гүжбан қара ашулы ұшқыш-ты оңай тоқтатты. "Василий Васильевич!— деген.— Бұл — тегін адам емес. Толық қарулы...

Қалай байқамадыңыздар,— деген содан соң.—Төргі үйде, қабырғада маузер тұр ғой. Кәдімгі, революция-лық, "товарищ Маузер..." Сән үшін ілмеген, әрине. Түріне, мінезі мен сөзіне қараңдаршы. Қазақ емес. Орыс та емес. Мүмкін поляк, мүмкін француз. Қайдан келді? Не бітіріп отыр? Мүмкін неміс агенті шығар...

Қалай ұқпайсыңдар! Ақыл-есі түзу. Тек ештеңеден қорықпайды. Өте қауіпті адам. Пулемет, бомба шықса да таңырқамас едім...

Бұдан соң ұшқыш орыс жуасып қалды, өз сөзінен өзі шошынғандай, таулық гүжбан қара да түтігіп, құныса кішірейген. Мықыр қазақ болса болмаса таяқ жеген иттей.

Бірақ кеш батпай қойды. Араға тағы да елші салуға тура келген. Қорықса да қайраны жоқ тілдес туысың.

Жылтыр бет мықыр қазақтың баруы тез, қайтуы ұзақ болды. Босатам, толық еркіндік берем депті. Яғни, төңіректің төрт бұрышына жол ашық. Қалай ашық? Солай ашық. Ешкім ұстамайды. Қалаған жағынызға кетесіз. Рас, төрт жүз шақырым төңіректе су жоқ. Бірақ бәрібір қаталап өледі — осы Көкжайлауда да су жоқ. Бар, әйтсе де тамшысын татырмайды; Егер кетсе ғана...

Екі торсық су береді. Әрине, торсығымен қоса, тегін. Бір аптаға жетеді. Артығымен жетеді он күнге. Жеткізе алмаса обалдары өздеріне. Айтпақшы, тағы бір шарты бар. Су алардан бұрын орыс ұшқыштық тапаншасын әкеп беру керек, бар оғымен. "Егер бұл шартты қабылдамасаңдар,— депті, тұтас арсенал

— қаншама оғы бар маузер, үш винтовканы қатарынан көрсетіп,— көп ұзатпай-ақ үшеуіңді де атып тастаймын. Қалай? Иттей қылып. Жалғыз-ақ бесатармен. Асықпай аяңдап, анау тұқыл тапаншаларыңның қары-мы жетпес шамаға дейін барам да, баптанып, рақаттанып көздеп тұрып, үш-ақ оқпен. Күмәндарың болмасын. Ойлануға отыз минут. Одан ары... күн батып кетсе, анда-мында қашып, әуреге түсіресің-дер..."

Жапанда қалған үшеу ақылдаса келе есерсоқ жалғыздың барлық шартын қабылдады. Ұшқыш қаруын тастаған. Таулық гүжбан қара мен жылтыр бет мықыр қазақ су толы торсық, арқалаған. Оқпаны үңірейген маузер астында ауылдан шығып, тура батысқа—толқына буалдырланған, теп-тегіс көкжиекке тіреліп, сәт озған сайын шетінен жеміріліп бара жатқан мейірімсіз қызыл дөңгелекке қарай бет түзеген.

—Балшабектер алмайтын қамал жоқ! Балшабектер қандай қиындықты болмасын жеңеді! Троцкий жолдасқа, Сталин мен Бухарин жолдастарға жалынды сәлем айта барындар!—деді мейірбан отағасы бұлардың соңынан

6

айқайлап.—Марксизм—адамзатты бақытқа, нұрлы бола-шаққа бастайтын ең даңғыл жол! Алға, жолдастар, алға!

Арада сүт пісірім уақыт өткенде екі аягы саландап, соңдарынан қуып жетті.

—Есірік ұран астында миларың ашып кеткен екен, жолдас емес жолдастар!—деген, жайдақ ат үстінде мықынын таянып.—Батыс жақ—қалын құм, елсіз иен. Онтүстікке қарай жүріндер. Тура онтүстікке. Сегіз-тоғыз күнде, ары кетсе екі аптада не ел шетіне, не су шетіне жетесіңдер. Адастырғаным емес. Қандарыңа ортағым жоқ. Ендігісі өздеріңе байланысты. Айтпақшы,— деді атының басын бұра бере,— мынау — сендерге... бүгін жамбасы жерге тиген әкемнен сәлемдеме...

Түкті тері дорба ішінде екі-үш кесек піскен ет бар екен. Ысталып сүрленген, майлы, қыртысты, өңді ет. Және ұшқыштың былғары қапты тапаншасы. Барлық оғымен.

—Дьявол! — деді ұшқыш тістеніп. Айрықша күшті тағы бірнеше сөз айтты.

—Дезертир! — деді гүжбан қара.— Соғыстан қашқан.Бірақ өзінің есі түзу емес сияқты.

—Шпион!— деді жылтыр бет қазақ.— Мына торсықтағы суды улап берген жоқ па екен?

—Өзің құйып алдың ғой,— десті қалған екеуі.— Тура құдықтан.

—Иә, солай екен ғой. Құдығы біреу-ақ сияқты, өзі де ішіп отыр, улай қоймаған шығар. Онда етін улап әкелді...

—Алдымен саған жегізіп тексереміз,—деді ұшқыш орыс жергс түкіріп.— Инженеришко! Қанша оқытсақ та, мал күйлеріңде қаласыңдар! Өзіңе көк тиын пайдасы жоқ кенді неменеге іздейсің? Жүрмейсің бе, мал соңында баяғыдай...

—Василий Васильевич! Сіз аскарблайт етпеңіз, пажалыста, —деді

жылтыр бет мықыр қазақ орысша мәнерлеп,дәмдеп,бірақименшектейсөйлеп.— Совет   өкіметінің арқасындабіз де   жетілдік.     Баяғы қайыршытұрмыстағы надан қазақ   жоқ қазір... Бастаушымыз   үлы Сталин,аға халық—ұлы   орыс   халқының   арқасында...Әкелік қамқорлықтың арқасында,

тағылықтан, феодализмнен аттап өтіп, социализм орнатып, адамзаттың нұрлы болашағы — коммунизмге қарай...

—Идиот!—деді Василий Васильевич айқайлап. —Міне,сенің жеткен коммунизмің!— Қарауыта шөгіп бара жатқан тұлдырсыз төңіректі көрсетті.— Еще шпион іздейсің! Мен таптым. Сенсің нағыз шпион! Дикий далаңда бізді әдейі адастырған. Атып тастаймын, сукин сын! Сонда екі бурдюк Эфенди Мустафаевич екеумізгс бір айға жетеді. Сволочь ты этакий! Сөйлейсің еще!..

Таулық гүжбан қара ашулы орыс пен кінәлы қазақты сабырға шақырды. Подопытный кролик-терің мен болайын деп, еттің шетінен тарамдай үзіп, аузына салған. Содан соң үшеуі түрған жерле-рінде қарама-қарсы отыра қалып, тұздалмаған, құрғақ кепсе де қатпаған, майлы еттен шөкімдей үзіп, азғана жеді, бір жұтымнан су ішті. Біреуі Аллаға, біреуі Айсаға сыйынып, орындарынан тұрды.

—Ертең барлық елдердің еңбекшілерінің Бірінші Май мерекесі!—деді құдайсыз қазақ.

—Ура!— деді күржиген таулық. —Ал, жылжиық...

7

—Послушайте, Василь Васильевич,— деді қазақ. артынып, қомданып қатып. —Біздің қазақтарды айтам, Интересный народ. Қалада ғой, салтанатты жиын, митинг,демонстрация. Ал мұнда — колхозда, тойға деп арнайы мал босатады. Әйтпесе той деп санамас еді. Өзім куә болдым.Сойып жеп, өздерінше кәдімгідей мәре-сәре болады...

—Біз ертең сені сойып жейміз,— деді орыс.

—Жей алмайсың, Васька,— деді таулық. —Су жоқ.Ақымақсың сен, Васька. Және,— деді алға түсе бере,— өте нашар адамсың... Зиянкес...

—Жолдастар!— деді қазақ.— Араздасар жер бұл емес.Бірлігімізді бұзбайық. Ұлы совет халқы интернационалдық достығының арқасында ғана жеңіске жетіп отыр!..

—Идиот!— деді Василий Всаильевич жерге түкіріп.—Баран ты паршивый!..

Үшеуі жарқырап жаңа шыққан Тұл қатын жұлдызын оң иыққа салып, түстікке бет қойды.

Арада он үш күн өткенде неміс шпионын ұстау мақсатында Ташкент түбіндегі әскер бөлімінен арнайы шыққан екі самолет Бетпақтың қақ ортасындағы, ешбір картада жоқ, жасырын пунктке жиырма төрт кісілік парашютті десант түсірді. Азғана аңыстаң соң, сыртқы есігі дәл лақтырылган қосар гранатпен талқандалған жертөле ұрыссыз һәм шығынсыз алынған. Үш бөлме екен. Ауыз үйде төңкеріліп жиналган қазан-ошақ, аяқ-табақ, әртүрлі тұрмыстық бұйымдар мен еденге төселген, қабырғаға ілінген жылқы терілерінен басқа ештеңе жоқ, төргі үйлерде сексеуіл бұталарынан буып жасалған екі төсекке мұқият жиналған бірнеше ескі текемет, алаша, кей жері тықырланып, түгі түссе де өңі таймаған қалы кілем, кезінде тәуір матадан қабылган, қазір оңып, сетінеп, әбден тозған екі-үш көрпе ғана бар екен. Рация немесе басқадай байланыс аппаратурасы, қару-жарақ қоймасы табылмады. Таяу маннан жайылған мал иә шетін тіршілік ізі байқалмаған. Шаң-топырақ баспай, әлі қопсып жатқан күл, жылкьшың тобарсыған тезегіне қарағанда, неміс шпионы осыдан екі-үш күн бұрын ғана бой тасалаған сияқты. Ұзап кетуі мүмкін емес еді. Қауіпті дұшпанды іздеуге жаңа күштер қосылды. Бетпақтың медиен шөлін оңды-солды шарлаған, батыста Сарысуды сағалап, Жетіқоңырды сүзген, түстікте Мойынқұмды Хантауға дейін түгел тексеріп, терістік шығыста Арқаға асып, Желтау мен Ортауға дейін барып қайтқан, мемлекеттік-әскери мәні зор үлкен операция кезінде екі самолет апатқа ұшырады, бес адам дизентериядан, жеті адам шөлдсн өлді. Тереңнен ойлап, мұқият жүргізілген осыншама жұмысқа қарамастан, неміс шпионы суға батқан тастай із-түзсіз жоғалды.

Бірақ біздің қырағы чекистер іздестіру шараларын тоқтатпаған. Ақыры, талмай жүргізілген табанды жұмыс нәтижесінде, бет пердесін өзгерткен, жаулықтың жаңа бір тәсіліне кешкен қаскөй дұшпан құрыққа түсті. Арада бес-алты ай өтер өтпесте, қыс көзі қырауда, Шудың жайылма етегіндегі Жуантөбе аулында, ашық ауыз, немесе ол да жат пиғылды басқарма мен ферма меңгерушісінің сеніміне кіріп, кәдімгі совет колхозшысы кебінде жылқы бағып жүрген жерінде тұтқиылдан ұсталды. Қатерлі жау арнайы күзетпен қажетті жерге жеткізіліп, тиісті жауапқа тар-тылған.

Неміс шпионы, немісшесі тұрыпты ғой, ағылшынша да, французша да жақсы біледі екен. Ал орысша, қазақшаға бірдей. Және бір ғажабы,

8

қазақша еркін, тіпті шешен сөйлегенімен, жаза алмайды; керісінше, орысша біле тұра сөйлегісі келмейді, тек жазады. Жазғанда,"бір бет, екі бет емес, тұтас бір дәптер. Кітап десе болғандай. Колхоздың баққан малы, еккен егіні, жұмсаған қаржысы тіркелетін, үсті жыпырлаган таңба, етегі айдақ-сойдақ сызықты, арнайы түптелген, мұқабалы, табақтай сары кітап. Төбесін астына түсіріп, аяғын үстіне келтіріп, теріс жағынан бастап жазыпты. Соның өзінен-ақ жаудың жат пиғылы танылған. Ең сорақысы бұл – қазіргіше емес, ескіше жазу еді, яғни, патшалық тәртіп кезіндегі "ять" дей ме, бұғанасы шығып, белінен буылған "с" ме, сол баяғы заман кітаптарындай. Буржуйлардың көңілге тоқ, көзге алдамшы, ирек-ирек хұсни-хаты. Шпион әуелде ештеңені мойындамаған, Тіпті, қазақша ғана сөйледі. Бірақ біздің чекистердің қолындағы деректі айғақ

— сырттай қарағанда бейкүнә көрінгсн, мұқабасында "Книга учета" дейтін жапсырма-сы бар қисап кітабы мойын бұрғызбады. Ал сонша бейнеттеніп, неге тұтас бір кітапты толтырып шықты десек, ол да ап-айқын: шпион өрісі тарылғанын, қайда барса құтылмайтынын аңдаған, аңдаған да, өзін ақтайтын, ақтайтын емес, басқа біреу етіп көрсететін деректер жинастыра бастаған. Міне, гәп қайда! Бірақ осы жазу өзінің түбіне жетті. Шалақазақпын, татармын, қазақ арасына бұрыннан сіңген тағы бірдеңемін деп табандап отырып алса, тергеу ісі тығырыққа тірелмегенімен, бірталай қосымша қиындыққа ұшырайтын еді. Шпионның орысша сауаты, қаскүнемдік іске тым әріден — революция кезеңінен бастап арнайы дайындалғаны белгілі болған соң, неміс, француз, ағылшын тілдеріне де жетіктігі оңай анықталған. Сөйтіп, түйін шешіліп, шығыршық тарқатыла келе, біздің қырағы да қайратты, ақылды да парасатты чекистер қаскөй дұшпанның тағы бір ордасын талқандады. Иә. Біз жауды әшкерелеуге колхоздың басы аяғына қайрылып төңкерілген қисап кінегесі себеп болды дедік. Себеп болды, өзінен өзі ашып берген жоқ. Оны айтасыз, осы дүкімет дұрыс оқылмағанда, мәселенің мүлде басқа бағытқа көшіп кетуі де ықтимал еді. Яғни, септесу үшін аса күрделі жұмбақты шешу керек болды. Осы шаруаға қатысты, бізге тілектес, ағайындас азаматтар,— бұл тарапта қызмет атқаратын жұрт ішінде ақылды, парасатты жігіттер әлі де көп,—солар арқылы жартылай ресми, жартылай жең ұшынан жалғасып дегендей, әлгі аталмыш "Книга учетамен" мұқият танысып щыққан соң, біздің чекистердің, шынында да аса күрделі мәселеге жолыққанына көзім жетті. Мүмкін, шпионның қағазға түсіргені — өз өмірі, немесе ойдан құрылған ақталу хиқаяты емес, кәдімгі көркем туынды шығар деген пікір туған. "Әдебиетке әркімнің бар таласы",— деп еді, мен осыдан біраз бұрын, баспада тәуір орында отырғанда алдыма келген, қырық үш жыл бойы жоғары партиялық басшылық қызметте болып, дербес пенсияға шыққан соң сөз өнеріне бсйімдігін аңдаган, "Жалындаған жастық шақ", "Кемел замандағы керемет істер" дейтін, қос кітаптан тұратын естелік роман жазып әкелген советтік бір қария. Өзінің бастан кешкен немесе кешпеген өмірі туралы шпионның да роман жазғысы келуі ықтимал ғой, Шытырман хикаясы, кесек оқиға, келісті суреттері болмаса да, әуестене, қызыға оқыдым. Жарыққа шықпағы ләзім деген ойға бекідім. Бірақ... өңдесе, өзгертсе...

тұрпаты бұзылмақ. Оқиғаға қоспай, ойын үстемелемей, суреттерін қоюлатпай, сол жазылған қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Алайда, жазбаны тұтасымен орыс тілінде беру ыңғайсыз, біреудің еңбегін нақпа-нақ иелене салу әбес, және біздің оқырманымыз қазақ қой. Оның үстіне, жат көзқарастағы адам, ептеп

9

тігісін жатқызбасақ, бұл заман деген аумалы-төкпелі, қателесіп кетуіміз ғажап емес. Сонымен, неміс шпионы жазған өмірбаяндық (немесе ойдан қиыстырылған) хикаят, еркін аударып, долбарлап көшіргенде төмендегідей болып шықты.

* * *

Әкем өлді. Ғұмыр бойы таза жүрген, адал тұрған, құлдыққа да, қорлыққа да көнбеген, тірі пендеге жақсылықтан басқа жасамаған Сыпатай мырза ұжмақтын төріне сапар шекті. Армансыз кетті. Арманым жоқ деді. Көңілінде жалғыз-ақ түйткіл бар — үлкен ұлының өлі-тірісінен хабар ала алмай барады. О дүниеде табысары сөзсіз, бірақ әкем сонау 1907 жылы каторғаға кеткен бейбақтың төңкеріс жылдарында Итжеккеннен аман шыққанына сенеді. Одан соңғы жерде бұрынғыдан да асқан қырғындар болды, Ыбырай мырза соның бәрінен де өткен сияқты. Отыз екі жыл бойы айтпаған сөзі. Көкірегінде тұнған қайғы-зар тәсілім сәтінде қайта қоздады. Басында мүлги елбіреп, тумаса да туғаннан артық болған бел баласы мен отырмын, Бірақ Сыпатай мырза қысылып, сан-дырақтаған кезінде де тұңғышы Ыбырайды ғана ауызға алды. Атап шақырды, аймалап құшақтады. Мені. Иә. Мен — Ыбыраймын дедім. Қасыңдамын. Ешқайда кеткем жоқ. Әкем тыншыды. Менін бетіме жанары жасаурай, тіке қарап тұрып, жымиып күлді. Ризамын деген. Ақтадың ата қарызын. Алла жолыңды оңғарсын. Жөніңді тап. Жапанда қалдың. Енді қайтесің... Жалғызым-м... деп барып сылқ түсті. Жалғызы кім? Бұдан қырық жыл бұрын Сібірде сүйегі қураған Ыбырай мырза ма? Онда екінші баласы Сіләмбек қайда қалады? Жоқ. Мен едім. Жалғызы мен едім. Мен — Стамбек Сыпатайұлы!..

Әкем өлді. Жаны жаннатта. Мен жалғыз қалдым. Жалғыздыққа — көкірегім шерге толып, жапанда күн кешуге әуелден-ақ жазған екен. Рас, басында барар жерім болмады. Одан соң кәрі әке-шешемді тастап кете алмадым. Кейіннен олар мені тастай алмады. Енді міне... Тура елу жасқа толғанда төрт тарабым бірдей ашылды. Бірақ дүние тар еді. Қазақтар айтатындай, барар жер, басар тауым жоқ. Ең дүрысы осы — Бетпақтың қақ ортасындағы медиен екен. Неге медиен. Медиен емес. Аспанда күн, жерде құрт-құмырсқа. Қысқа қарай көз көрім төңірек қаптай өрген ақбөкеннен көрінбей кетеді, Ал ауылда — өзіміздің шарбақ қорада, жеркепе төнірегінде айғыр үйір жылқы бар. Тіршілікке қажетім түгел. Мен адам бетін көрмегелі — өз шаңырағымнан тысқары тірі жанмен тіл қатыспағалы қаншама жыл болды. Өмірімдегі бақытты күндер. Жалғызсырап көргем жоқ. Енді шын жалғыз қалғанда, ұзақ ауырған, қуатты ағзасы дертке бой бермеген қайран әкем азаппен көз жұмғанда, күнә болса да айтайын, бір сәт бойым жеңілейіп, азаттыққа жаңа шыққандай сезімге берілдім. Бір сәт қана. Содан соң ауыр қайғы өзінің тұңғиығына тартқан. Мен екі-ақ күн өмір сүріп, көкке ұшқан сәбиім Жансеріктің, құдай қосқан қосағым Зағираның, үстеріне сораң шыққан, басылған, жер болуға тақаған ескі қабірлерінің қатарынан қайран әкем, бір кездегі құрметті ақсақал, мыңғырған бай, қартайған шағында өз ел, өз жерінде қашқын кебін киген Сыпатай марқұмның жер бесігін қазып жатып, нық шешімге келдім. Менің де арманым жоқ екен. Шын зұлмат заманда небәрі жеті-сегіз-ақ ай бұғауда болдым, елу жыл бойы еркін тірлік кештім. Менен тәуір талай азаматтың сүйегі Сібірде қалды. Менен ақылды, менен қайратты мың сан жігіт аштан өлді, оққа ұшты. Бар керегімді осы Бетпақтан

10

тауыппын. Енді ешқайда кетпеймін. Бес күн бе, бес ай ма, бес-он жыл ма — осы құт мекенде тұра берем.

Әкем ертегіші, әңгімеші еді. Көл-көсір, ұшы-қиырсыз аңыздар. Сол айтқандай, мен тоқтамға келер-келместен, мархұмның әзіз топырағы үйіліп бітпестсн, жел ғана жететін қиян шөлге көктен шайтанның арбасы түсті. Ішінде үш адам. Екеуі — бірі орыс, бірі қазақ — менің қандас туыстарым; үшіншісі — таулық әлде гүржі, әлде лезгин; мүмкін дағыстандық. Аэропланның тапа-тал түсте адасып, арнайы іздесе де табылмас біздің мекеннің үстінен шығуы — тәңірінің маған арнаған тағы бір талқысы екенін бірден аңдадым. Ен оңайы — үшеуін бірдей кекіліктей қылып атып тастау еді. Ағылшынның. винчестерімен, антантаның винтовкасымен емес, әлі де жеті оғы сақталған революциялық маузермен. Менің қандас туыстарым — озбыр мен дүңгене ажалга өздері сұранып тұрды. Жазықсыз жапа шеккен, өркенді ғұмырын жойған барлық туыстарымның қаны үшін, асыл әкемнің намысы үшін құрбанға шалып жібергсн жақсы-ақ еді. Бірақ мен күнә арқалағым келмеді. Үшінші — дағыстандық жігіт ақкөніл, мейірбан адам екен. Әрине, әйелі бар, балалары бар, мүмкін, ата-анасы да бар—қүдай алдында нақақ қан арқалауға батпадым. Бірақ бұларды жіберуге де болмайтын еді. Қайта айналып келеді, менің бейбіт өмірім бұзылады. Амал не, жібердім. Адасса обалдары өзіне. Бірақ тағы да дәтім шыдамады, мүмкін, ең үлкен қателігім де осы болар — жол нұсқадым. Әйтсе де істің анығын білмек үшін алыстан қара шалып төрт күн бақтым. Жандайшап қазақ жершіл әрі иттей төзімді болып шықты. Ел шетіне ілінері анық байқалды. Әлі де кеш емес еді. Бірақ мен бөгет жасамадым. Мүмкін, ұям ашылғанын сылтау етіп, жалғыздықтан құтылғым келген шығар. Білмеймін... Құтты ордама қайта оралған сәтте, әрине, қатты өкіндім. Бірақ кеш еді. Өзім сілтеген жобамен шөлден өткен үшеуді қуып жете алмайтын едім. Асығыс қамданып, кетуге ынғайландым. Сонда ғана есіме түскен. Бар жылқыны шөлге тастап, бас сауғалап барамын. Олар қандай қиындықта болса да мені сатпас еді. Мен саттым. Тірі малды ғана емес, өлі аруақты да. Бірақ кезеңі өтіп кеткен, амал жоқ. Әбден есім шыққаны ғой. Малдың — бізді асырап-сақтаған, серік болған, ес болған жылқының не жазығы бар! Кесірткеден басқа түгі жоқ Бетпақта қасқыр жемес, бірақ құдықтан кім су алып бермек — мына аңызақ аптапта қаталап өлмей ме. Шыңыраудан қауға тартып, жылқыларды тегіс суғардым. Үш қабірді кезек-кезек құшақтап, шер тарқаттым да, бар қаруымды артынып, жеке атқа қос торсық су теңдеп, бар малды алға салып, кешкі салқынмен тура оңтүстік шығысқа қарай аттандым. Екі қонаға жерде, жан баспас иенде, жарлауыт қабақ астынан жылып шығатын мол сулы бұлақ бар еді. Әуелгі тоқтаған, бір қыстаған жеріміз. Аттарды ауыстырып мініп, көп жүріп, аз аялдап, соқтыртып отырып күн жарымда келіп жеттім. Әрине, жан жоқ. Мен күткендей, шашылган сүйектер де көрінбейді. Одан бері қанша заман. Тозбайтын — топырақ қана. Бұлақтың көзі бітелгенмен, тіршілік нәрі үзілмепті. Аршып, тазартып, мейлінше суладық. Жерсінсін, қара іздемесін деп, екі күн аялдадым. Содан соң малды Қамбар-Атаға, өзімді Қызыр әулиеге тапсырып, артыма қарай-қарай кеттім. Құдай көлденең пәле-жаладан қақса, суаттан ұзамайды, алғашқы қармен оралармын, ал қазір, өзім пана таппай тұрғанда мұншама жылқыны ешқайда сыйғыза алмас едім.

11

Бар үміт қарындасым Айсалқамда. Содан соң... Жансалқам… Тұлымы желбіреген құлынша-ғым үшін безген шығармын қапастан. Тек... Айтудың өзіне қорқам — бар ма... тірі ме?.. Бұғанасы бекімеген бала тұрғай үлкендердің өзі қайда қалды... Жансалқам аман болса, бәрі орнына келер еді.

Құдай оңғарды. Оңай табылды. Жалғыз қарындасым сол баяғы Жуантөбеде, отыр екен. Күйеуі соғыста өлген. Балалары жас. Бір замандағы уылжыған бай қызы бейнет басқан, беті жарылып, маңдайы әжімденгсн, сойдақтіс кәрі колхозшы болыпты да шығыпты. Түні бойы жылады. Менің барлығыма, тірілігіме. Баяғыда үмітін үзсе де, өлгенін жаңа ғана естіген әкесіне. Мезгілсіз өткен жеңгесіне. Өзінің талайсыз тағдырына. Қорқыныш та бар. Мен үшін. Қайда барам, кімге сиям?.. Менің алдымда кінәлі сезінеді. Жалғыз туысы — жалғыз сіңлісінің оқи алмай қалғанына. Бірақ бұл — мен үшін үлкен қуаныш еді. Оқымағаны емес, бой жетіп. адам қатарына қосылуы. Көргсн жан сұқтанардай сұлу болып өсті дейді Айсалқам, бір жылап, бір жұбанған аралықта. Жирен шашы арқасын жапқан, ұзын бойлы, ақмаңдай, мойыл көз. Қырындамаған жігіт жоқ. Ферма бастықтың аяғының кемісінен әскерден қалған, студент ұлының да ойы болған тәрізді. Сөз байласыпты десіп жүруші еді, оқымысқа бұйырмады. Сарысудан осы ауылға жоқ қарап келген балуан жігіт алып кетті, бір қолы шолақ екен, әскерден былтыр қайтқан түйеші. Қазір Телікөлде отыр ма, Арқа жайлап кетті ме, құдай білсін, бірақ іздесе табылады, өзі де хабарласса керек... Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін! Қызым жеткен, тұрмысқа шыққан, қарындасым аман, балалы-шағалы.

Бірақ ертеңіне мен өзімнің осы ауылға бөтендігімді сезіне бастадым. Көзімнің көк, шашымның сарғыш, бетімнің қушық екенін жаңа ғана білгендеймін. Көршілер кіріп шықты, ауыл түгел хабарланған сияқты. Қарапайым жұрт арамдықтан ада, бірақ өте әуесқой келеді. Мені қазақ дегенге кім сенер. Ең үлкен куәлігім — Жансалқамның әкесі деген сөз. "Туған ағам. Әкеміз Қызылжардан алған бір шешеміз ноғай еді, содан туган",—деп қойыпты. Ақылыңнан айналдым. Мұнысы қисынға жуық. "Қалада тұрады. Демалысқа келді",—деді тағы бір сөзінде. Бұған ешкім сенбесе керек. Әрине, жер астынан өнді немесе іргедегі Бетпақтың қақ ортасынан шықты деп те ешкім ойламайды. Әйтеуір бір жақтан келді. Қайдан? Әрине, түрмеден. Ендеше өз адамымыз. Қазақ түрмеден өткен кісіге күмәнмен емес, жанашырлықпен, сеніммен қарайтын халге жетіпті. Ешкім қазбаламады. Тек ферма бастық қана, сәлемдесе кірген болып сыр тартқан. Менің Бетпақ жайынан, Сарысу бойы, тіпті, арыдағы Ұлытау, Көкшетау, Қызылжар тарабынан да жаксы хабардар екенімді аңдаған соң көңілі орнықты. "Айсалқамның туысы екені рас, бірақ түрмеден келді’’деп шешкен сияқты. "Енді осы ауылда қалатын шығарсыз, балаңыз тұрмысқа кетті, қарындасыңыз жалғыз... қиын ғой",—деген. Содан соң ауылда байы соғыста өлген жас келіншектердің көптігін, еркектің қадірі зорлығын айтып, ойқастап отырып, менің бойдақтығымды анықтаған. Қауіптене бастап едім — ферма бастықтың өз есебі бар екен — бұл ауылда малшы жетіспейді, әсірссе жылқы мен түйенің жайы қиын болып тұр... Қой деген, сиыр деген сіздей азаматқа қол емес... Мен қуанып кеттім. Бірақ сыр бермедім. Қарындасымның шиттей бала-шағасын жеткізуге көмек керегін өзім де аңдап отырмын, әйтсе де ойланайын дегем. Отыз жылғы ауыр еңбектен шаршаппын, аз-маз тынығайын дегем. Осыған тоқтадық.

12

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір