• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қазан, 22:34:02
Алматы
+8°

26 Желтоқсан, 2017 Алаш-Орда

Алаштың ғасырлық тойында Алаш арыстарының ізбасарлары марапатталды (фото)

«Қамшы» порталы ақпарат айдынына қосылғанына 5 жылдық мерейтойын тойлады.

25 желтоқсан, ескіше күнтізбеде Алаш республикасы жарияланған күнге 100 жыл толғанда Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Алаш арыстарының 100 ізбасарын» марапаттады. Сондай-ақ «Қамшы» порталы ақпарат айдынына қосылғанына 5 жылдық мерейтойын тойлады.

Зиялы қауым өкілдері

Салтанатты шараға Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов; Қазақстан Республикасын жариялаған Жоғарғы Кеңестік төрағасы болған Серікболсын Әбділдин; Алаштанушы, академик Мәмбет Қойгелді; Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құрған мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Мұрат Әуезов; жазушы, драматург Дулат Исабеков; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет; тарихшы, ғалым Талас Омарбеков; «Мұстафа шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм түсірген ақын Қасымхан Бегманов; абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай; Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбенов; Алаштанушы, әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Ахметтанушы Аманқос Мектептегі сияқты ағабуын зиялы қауым өкілдері мен саясаттанушы Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы; оған қоса жазушылығы бір төбе Ғарифолла Әнес, Нұртөре Жүрсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Амангелді Кеңшілік, Дәурен Қуат, Есенгүл Кәпқызы, Ақберен Елгезек сияқты журналистиканың үлкен есімдері, Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы, эмбриолог, дәрігер Салтанат Байқошқарова сияқты тұлғалар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, айтыс ақыны Ринат Зайтов қатысты. Сондай-ақ, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Сыдықов, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев; жер туралы митингіге шыққаны үшін сотталған Макс Боқавтің анасы Рахила Қожасова, жазушы Дидахмет Әшімханның ұлы Дәулет Әшімхан, Оразалы Досбосыновтың қызы Нұрайша, қамаудағы Саят Ыбырайдың ұлы Айдос арнайы келсе, qamshy.kz құрылғаннан бүгінге дейін қолдап-қуаттаған ел ағалары мен оқырмандары құрметті қонақ болды.

Зиялы қауым өкілдері

Зиялы қауым өкілдері

Зиялы қауым өкілдері

Qamshy.kz 5 жылда қазақтілді интернет кеңістікті дамытуға қосқан үлесін айтпағанда, Қазақ хандығының 550 жылдығын елден бұрын тойлап, халықаралық әдеби бәйге өткізсе, Қазақстан тәуелсіздігі мен Қазақ көшінің 25 жылдығын да үлкен деңгейде атап өтіп, «Көш және Көшбасшы» мерекелік концертімен қорытындылаған. Әлем қазақтарының рухани тұтастығына үлес қосу мақсатында Халықаралық «Қазақ дауысы» өнер байқауын өткізді. «Алашорда – 100 жыл» жалпыхалықтық шараларын да мемлекет көлемінде алғашқы болып қолға алып, ірі 5 іс-шараны атқарды.

«Qamshy.kz» ақпарат агенттігі қаңтар айында «Алашорда – 100 жыл» жалпыхалықтық шараларын іске асыратынын жариялаған еді. Соған сай, «Қамшы» порталы Алаш арыстарына арнап Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған музей-үйінде  5 наурызда ас берді , 15 сәуірде Байтұрсынұлы саябағында 100 ағаш отырғызды. Ал, 24 қарашада «Ugai Production» әншілерімен бірлесіп, «100 жетім балаға киім-кешек сыйлау, 100 студентке бір жолғы стипендия тағайындау» мақсатында «Жыламасын сәбилер» атты қайырымдылық концерт өткізіп, 4 миллион теңге көлемінде қаржыны қайырымдылыққа арнады.

«Алаш арыстарының ізбасары» медалын qamshy.kz халықтың интернетте дауыс беру жолы арқылы бекіткен. Бұл «Қамшының» Алаш автономиялық республикасының және «Алаш Орда» үкіметінің 100 жылдығына орай қолға алған 5 іс-шараның қорытындысы. «Қамшының» 5 жылдығымен ұштаса келген кеште зиялы қауымның ақсақалдары Алаш идеясын дәріптеп сайт жұмысына жетістік тілеп батасын берді.

Алаш арыстарының ізбасарлары медалыАлаш арыстарының ізбасарлары медалы

Алаш арыстарының ізбасарлары медалы

Алаш арыстарының бірі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов тебірене сөйледі:

Мұрат Әуезов

«Ең жақсы үміттерім қазір ақталып отыр. Жиналған азаматтардың өздерін көргенде көңілім бірден көтерілді. Шынымен баянды, кілең жақсы азаматтар, саналы азаматтар, ұлтжанды азаматтар, ержүректі азаматтар жиналыпты. Демек мына таңдау, жақсы атау — «Алаш арыстарының ізбасарлары» деген атаудың өзі өте жақсы таңдалған. Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына байланысты мен биыл көп жерде болдым. Алашшыл, рухты ғана емес үлкен істерге дайын жастардың саны қазір көбейіп келе жатыр. Демек бұл тарихи заңдылық. Біз Алаштық ағаларымыздың рухын дұрыстап білсек, олардың іс-әрекеттерін дұрыстап білсек, бұл Алаш деген ұлттық күрестің жүйелі түрі деуге болады. Біз тек қана олардың өмірбаянын зерттеумен шектелмеуіміз керек. Қалай күресе білді? XX ғасырда болашаққа қандай армандары болды? Және олар армандарына қалай ұмтылған? Олардың ұмтылысы соншама көп, одан бері қаншама уақыт өтті, осының бәрі әр жаңа буынға үлкен-үлкен әсерін тигізіп отыр. Соның ішінде мысалы 1960 жылдары «жастұлпарлықтардың» қалай, не істегенін айтуға болады. Құдайға шүкір.  Біз білдік, сездік. Болатхан досым бар, бүкіл саналы азаматтар. Әке-шешелерінен көптеген әңгімелер, ашаршылық туралы, 1937 жылдар туралы естідік. Және де Алаш азаматтарын көрдік. Керек болса шешем Фатима айдауда жүргенде айтатын әні Алаш азаматтарының әндері болатын. Соның ішінде мынандай бір сөзі бар еді. «Тілі жат, Діні жат, Ділі жат. Жат елден таяқты жеп едің» деп, демек осы әндерді естіп, ұлттың осындай күндерін еш уақытта ұмытпайтын аналар бар. Ал олардың жақсы тәрбиесін көретін ұлдар, қыздар, балалар, Қазақстан бойынша осындай жастар көп.

«Қамшы» ұйымының бүгінгі ісі үлкен тарихи мағынасы бар әрекеті. Бұлар қазық қақты. Бұл қазық биік шаңырақ. Тек қана рух шаңырағы. Ұлттық күрес үшін жас азаматтар топтасып болашаққа армандай біледі. Бізге қазір арманмен шектелуге болмайды. Біз іске кірісуіміз керек. Өйткені бұл кеш, қазір уақыт өтті. Үлкен іс-әрекеттерге кірісуіміз керек. Алаш тек қана үлгі ретінде емес. Алаштың азаматтары шынымен сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар. Оларды ұстаз тұтуымыз керек. Оларды тереңірек зерттеп қарасақ бәрінің ұстаздығы бар. Мысалы Мұхтар 19 жасында Ахмет Байтұрсыновтың тапсырмасымен «Жапония» деген мақаласын жазған. Өйткені Азия кеңістігінде жапондардан басқа бірде-бір ел өз бостандығын сақтай алмаған. Батыс басып тастаған. Осы Жапониядан үлгі алып қалай бодандықтан шығамыз деген оймен «Жапония» туралы мақала жазды.

Бүгінгі бастама келешегі өте жақсы. Үлкен идеяның ерекшелігі оған сенген адам, оған жанын берген адам өмір бойы сол идеядан арылмай жүреді. Уақыт, заман кетіп жатыр. Алаштың идеясы, күрес тәсілі нағыз жаңғырудың белгісі. Бүгінгі кешті ұйымдастырған азаматтарға мың да бір рақмет!»

«Қамшының» мерейтойлық іс-шарасында келген қонақтардың барлығы кесек ойлар, кескін пікірлер айтты. Ұлттық мәселелер қозғалды. Оның бәрі алдағы уақытта qamshy.kz мінберінде жарияланатын болады.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі 5 жылдан бері жанынан табылып келе жатқан, «Алаштың асын беріскен», «идеясын жаңғыртысқан» жанкүйер оқырмандарына, қолдап-қуаттаған жаны жомарт азаматтарға, мерейтойға жиылған ақ дастарханға ақ батасын ала келген зиялы қауымға, ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдеріне, қиындығы мен қуанышын бірге бөліскен журналист ұжымына таудай алғысын білдіреді.

Ұлықбек Есдәулет пен Ринат Зайтов

Ермұрат Бапи мен Қанат Айтбаев

Қалдыбай Әбенов

Айдос Саятұлы

Дәулет Әшімхан

Тұрсын Жұртбай мен Қазыбек Иса

Зиялы қауым өкілдері

Зиялы қауым өкілдері

qamshy.kz ұжымы

Жаңа жылда, жаңа белесте «Қамшы» сіздерді басқа қырынан қуантады. Қолдарыңыздан Қамшы түспесін!

Фоторепортаж: Жансерік Ардақұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір