• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:16:30
Алматы
+35°

21 Қаңтар, 2015 Саясат

Ол — қазақ хандарының атасы

Алдымен Жәнiбек ханның шығу тегiне қысқаша тоқтала кетелiк. Оның шын есiмi — Әбу Сайд. Ол — Ақ Орданың соңғы ханы, атақты Барақ ханның Мiр-Сайд, Мiр-Қасым атты ұлдарынан кейiнгi кiшi ұлы. Сол себептен болуы керек, ХVI-ХVII ғасырлардағы қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыри оны «Кiшi Жәнiбек хан» деп айтады.

Жәнiбек ханның Орыс ханға дейiнгi аталары Барақ пен Қойыршақ хандар Ақ Ордада хан болған тұлғалар. Оған дейiнгi аталары да Дештi Қыпшақтың саяси тарихында өз орны бар адамдар. Ата-баба жолын жалғастырған Жәнiбек хан да XV ғасырдың ортасынан бастап Дештi Қыпшақтағы жаңа мемлекеттiң, қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалап, оның билеушiлерiнiң бiрi болды. Орайы келгенде айта кетелiк, қазақ хандары арасында атақтыларының бәрi дерлiк Жәнiбек ханның ұрпақтары. Жәнiбек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның iшiнде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдiк, Қасым секiлдi ұлдары XV ғасырдың соңы мен XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екiншi жартысында Жәнiбек ханның Жәдiк атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билiктi қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есiм, Жәңгiр, Тәуке хандар – Жәнiбек ханның ұрпақтары болып келедi.

Жәнiбек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуi Орыс хан ұрпақтарының iшiндегi ең үлкенi болатын. Қазақ хандығының негiзiн қалағанға дейiн оның өмiрi туралы ешқандай мәлiмет жоқ. Сол себептi анық бiр пiкiр айту өте қиын. Соңғы жылдары бiзге белгiлi болған тарихи аңыз мәлiметтерiне қарап Жәнiбек әкесi Барақ қайтыс болған соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңiрiнде ұлыс басқарғанын айтуға болады. Аңыз дерегiн жазба дерек мәлiметi де қолдайды. Қадырғали Жалайыри бұл жөнiнде: «... Бұл Жәнiбек хан атасының ұлысын биледi», — деп жазады. 1446-57 жылдар аралығында Дештi Қыпшақта толық жеңiске жеткен Әбiлқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексiз билiкке ие болады. Оның жүргiзген iшкi саясаты жергiлiктi ру-тайпа көсемдерiне, сұлтандарға, тiптi ханның айналасындағы туыс сұлтандарына да қысым жасау болып көрiнедi. Жергiлiктi ру-тайпалар үшiн бұл ежелгi дәстүрдi бұзу едi. Сол кезде Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнiбек сұлтандар да қысым көредi. Сыр өңiрiндегi қалаларды шайбанилық сұлтандардың иеленуi, керуен жолдарына бақылау орнатылуы, ең жақсы қыстауларды алу және тағы басқа әрекеттерi Әбiлқайыр ханды екi сұлтанға жау етедi. Өз халқының көңiлiнен шықпаған және колдауына сүйенбеген билеушiнiң билiгi ұзаққа бармайтыны белгiлi. XV ғасырдың 50-шi жылдарындағы Әбiлқайыр ханның күйi осыған дәлел. Мұны Қазақ хандығын құрушылар – Керей мен Жәнiбек сұлтандар жақсы түсiнген.

Керейдiң өсиетiн орындады

Қазақ хандығын құру жолында екi ханның атқарған iстерiн бөле-жара айту мүмкiн емес. Аз ғана дерек мәлiметтерi хандықтың құрылу кезеңiнде екi ханды үнемi бiрге айтады. Бiз бұған дейiнгi Керей хан туралы жазылған мақаламызда хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайталап жатпай, тiкелей Жәнiбек ханның атқарған рөлi туралы ойымызды бiлдiрелiк. Қазақ хандығының құрылу кезеңiн шартты түрде бiрнеше кезеңге бөлiп қарауға болады. Алғашқы кезеңге Керей мен Жәнiбектiң Әбiлқайыр ханнан бөлiнiп, Моғолстанға келуi және хандық құрып, 1461-1462 жылға дейiнгi, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейiнгi аралық жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлi толық дербес мемлекет емес едi. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы «қорғаны» рөлiн атқарды. Хандықтың халқы «өзбек-қазақ» этнонимiмен аталды. Әбiлқайырға наразылар есебiнен хандықтың халқы өсе түстi. 1458 жылдан 1462 жылға дейiн Қазақ хандығының арқасында Есенбұға хан билiгiне оның басты дұшпаны Жүнiс те, басқалар да қауiп төндiре алмады.

Хандықтың мемлекеттiлiк тұрғысынан нығая түсуi келесi кезеңде жалғасты. Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейiн орнына ұлы Досмұхаммед келедi. Оның 7 жылға созылған билiгi тұсында деректерде жазылғандай, кешегi достар жауға айналады. Ал жаулар уақытша дос болып шыға келдi. Мұның бәрiне ешбiр принципсiз жүргiзiлген Досмұхаммед ханның саясаты себеп болған едi. Қазақ хандығы да осы кезеңде өзiнiң iшкi-сыртқы саясатын айқындап, бiрте-бiрте дербестене бастады. Ал, 1469 жылы моғол билiгiне Жүнiс ханның келуiмен қазақ мемлекетiнiң құрылу тарихында жаңа кезең басталды. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүнiс пен қазақ хандары арасында жақсы қарым-қатынас қайта орнады.

Хандықтың құрылу тарихындағы соңғы кезеңге 1469-1471 жылдар жатады. Егер де алғашқыда Керей мен Жәнiбек хандар бiрге айтылса, соңғы кезеңдегi деректерде Жәнiбек ханның есiмi жалғыз кездеседi. М.Елеуов жариялаған тарихи деректерге қарағанда Керей хан он жылдай билiк құрып, Хантауда жерленген. Керейден соң хандыққа ата дәстүрiне сай Жәнiбек келедi. Х-ХIII ғасырларда қыпшақтарда хандық билiк әкеден балаға емес, әкеден iнiге не немере туысқа берiлiп отырған. Фазлаллах ибн Рузбехан өз еңбегiнде «Керейден соң хандықта бiрнеше адам болды, сосын кезек Бұрындық ханға тидi», — деп жазса, «Тарих-и Кипчакхани» еңбегiнiң авторы 1469-70 жылдары қазақ ханы Жәнiбек деп көрсетедi.

Сондай-ақ, 1469-72 жылдары Әбiлқайыр ханның ұлдарына қарсы күресте Қазақ хандығы тарапынан Жәнiбек ханның қатысқандығын «Фатхнама», «Шайбанинама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» еңбектерiнiң мәлiметтерi толық қуаттайды. Жоғарыдағы мәлiметтер Керейден соң Жәнiбектiң хан болғандығын айтқанымен, бiрақ оның қай жылы хан сайланғанынан хабар бермейдi. Керей он жылдай хан болса, онда Жәнiбек таққа шамамен 1465-66 жылдары отырған.

Жәнiбек ханның билiгi 6-7 жылға созылды. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бiрнеше оқиға болды. Бiрiншiден, Әбiлқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған 1469 жылғы жорығы сәтсiз аяқталып, Әбiлқайыр қайтыс болды. Бұл жағдай «көшпелi өзбектер» мемлекетiнiң күйреу кезеңiнiң басталуына алып келдi. Екiншiден, Дештi Қыпшақта шайбанилық әулеттiң билiгi жойылды. Әрине, шайбанилар әулетiнiң билiгi өздiгiнен жойылмады. Оны жойды. Бұған Сiбiр, Алтын Орда, Хорезм хандықтары мен ноғай мырзалары және Жәнiбек хан басқарған Қазақ хандығы үлес қосты. Сол арқылы Жәнiбек Керей ханның мемлекеттi алғаш құрған кезде айтқан «Алла тағала сәтiн салған күнi батысқа — Түркiстанға жол жүруiмiз керек» деген өсиетiн орындады. Қазақ хандығының билiгiн Дештi Қыпшақ аумағына толық жүргiзе бастады. Әз-Жәнiбектiң тарихи рөлiн осы жерден де көремiз. Бұл 1470 - 1471 жылдар болатын, яғни, Қазақ хандығының дербес ел ретiнде өмiр сүре бастаған жылдары.

Әз-Жәнiбек көп Жәнiбектiң бiрi емес...

Ендi Жәнiбек ханның XV ғасырдың 70-шi жылдарындағы өмiрiне байланысты кейбiр қате пiкiрлер мен тұжырымдарға тоқтала кетелiк. М.Тынышпаев Гаммердiң Жәнiбек хан жөнiндегi қате тұжырымын одан әрi жалғастырады. (Қараңыз: Тынышпаев М. История казахского народа. А., 1993, 128-6.). Онда 1477 жылы Жәнiбек хан Алтын Орда ханы Ахмет хан атынан Қырымда хандық етедi, 1480 жыл шамасында Ресейге, ұлы князь III Иван Васильевичке келедi, сонда Ковно каласында дүние салды деген пiкiрлерге М. Тынышпаев «Алтын Орда ханы Ахмет ықпалы күштi туысы әрi ұлыс ханы Жәнiбек ханды жанында ұстағысы келмедi, сөйтiп оны Қырымға жiберу арқылы ондағы бағынбай жүрген Меңлi Керейден құтылуды мақсат еттi» деген дәлелдемесiмен толықтырады.

Бiздiң ойымызша, М.Тынышпаев осы жерде бiрнеше мәселеге үстiрт қараған. Бiрiншiден, XV ғасырдың 70-шi жылдары Алтын Ордаға Қырым хандығы да, Жәнiбек хан билеген Қазақ хандығы да тәуелдi емес, олар әрқайсысы жеке дербес хандықтар болатын. Екiншiден, көрсетiлген жылдарда Қырым хандығы мен Алтын Орда хандығы арасында талас-тартыс жүрiп жатты. Олардың бiрi уақытша жеңiске жетуi мүмкiн, бiрақ бұл толық және түпкiлiктi жеңiс емес едi. Сондықтан да Ахмет ханның Жәнiбектi Қырымға хан етiп отырғызуы мүмкiн емес. Үшiншiден, Жәнiбек ханның жасы XV ғасырдың 70-жылдарында алпыстан асып, жетпiске таяп қалған болатын. Сондықтан жасы келген адамды Дештi Қыпшақтан Қырымға хан етiп жiберу қисынға келмейдi. Төртiншiден, XV ғасырдың соңындағы этникалық сананы ХIII-ХIV ғасырдағы жағдаймен салыстыруға келмейдi. Бұрынғы Алтын Орда аумағында XV ғасыр ортасынан бастап, жергiлiктi этникалық бiрлестiкке сүйенген ұлттық мемлекеттер пайда болды. Қазан, Қырым, Астрахань, Қазақ хандықтары соның дәлелi. Жергiлiктi халық көп жағдайда өз хандарының билiкке келуiне араласып отырғандықтан, сырттан хан әкелiп отырғызудың күнi өтiп кеткен болатын. Мiне, осындай жағдайларды ескермегендiктен, Жәнiбек ханға байланысты қате пiкiрлер туындаған.

Ойымыз мұнан да түсiнiктi әрi айқын болуы үшiн «1477 жылы Қырымда хан болған Жәнiбек кiм едi» деген сұраққа жауап берелiк. Алдымен сол кездегi Қырым хандығы туралы бiр-екi ауыз айту қажет. XV ғасырдың 40-шы жылдары Қырымда билiкке келген тұқайтемiрлiк Қажы Керей хан жаңа хандықтың және жаңа әулеттiң негiзiн қалады. 1466 жылы ол қайтыс болғаннан кейiн, талас-тартыс басталды. Сөйтiп оның көп ұлының бiрi — Меңлi Керей билiктi иеленiп, хан болды. Бiрнеше рет билiктен айырылып, қайта келген Меңлi Керей хан Қырымда XVI ғасырдың басына дейiн билiк етедi. Ол 1502 жылы Алтын Ордаға соңғы рет соққы берiп, хандықты және оның астанасы Сарайды тас-талқан етедi. XV ғасырдың 70-шi жылдары Қырым Ресеймен одақтас болып, Ахмет хан мен король Казимирдiң одағына қарсы тұрады. Дәл осы тұста Түркия да Қырымға өз ықпалын өсiрген болатын. Осындай жағдайда Қажы Керей ұлдары бiрнеше бағытты, атап айтсақ, түркиялық, алтынордалық, ресейлiк бағдарды ұстануға мәжбүр болды. Қырымның билеушi әулетi iшiнде осыншама бағытты ұстанушылар арасында өзара күрес өрбiдi. Меңлi Керейдiң бiрнеше рет билiктен айырылуы осыдан туындаған. 1474 жылы Меңлi Керейден билiктi туған ағасы Хайдар хан тартып алады. 1475 жылы Меңлi Керей түрiктерге өтедi де, солардың көмегiмен билiкке қайта келедi. Ал, 1477 жылы Ахмет хан Қырым түбегiн қайта бағындырады да, ол Қырымның билеушi топтары арасында алтынордалық бағытты ұстайтын адамды хан етедi. Ол — Жәнiбек болатын. Деректер де оны: Жанiбек-Керей деп те, Жан-Керей деп те жазады. Жанкерей – Меңлi Керейдiң әкесi Қажы Керей ханның туған ағасы (Сыздықова Р. Қойгелдиев М., Көрсетiлген кiтап, 253-6: «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» т.II. М-Л, 1941, 61-6.)

Жошы Ұлысының тарихы туралы зерттеу жүргiзiп, көзi тiрiсiнде сол еңбегiн жариялай алмаған тарихшы, этнограф Г.Е.Грумм-Гржимайло (1860-1936) осы кездегi оқиғаларды былайша түсiндiредi: «Ахмет хан Қырымды алып, онда билеушi етiп Жаныбек Герейдi отырғызды... бiрақ бiр жылдан соң Қырымдағы жағдай қалпына келтiрiледi: Жаныбек Ресейге қашты, Меңлi Герей билiкке қайта келдi. Ресеймен арадағы одақтастық қалпына келтiрiлдi және қосымша қаулымен толықтырылды». Қаулыда III Иван Ресейге қашып барған Меңлi Герей туыстарын ешқайда шығармау және барлығын жасына, Қырымдағы жағдайына сай материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету айтылған. (Қараңыз: Грумм-Гржимайло Г. С. Джучиды. Золотая Орда. Мына кiтапта: «Арабески» Истории. Книга 1. Русский взгляд. М., 1994, 142-6.).

Қазақтың Жәнiбек ханының есiмiне ұқсас келесi тарихи тұлғаға – астрахандық Жәнiбек хан жатады. Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары Кiшi Мұхаммед ханның немересi, Махмуд ханның ұлы – Жәнiбек хан билiк құрған. Астрахан хандығының тарихына арналған монография авторы И.В.Зайцевтiң көрсетуi бойынша, Махмуд ханның ұлы, Абд әл-Керiмнiң бауыры Жәнiбек хан Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленiп, 1521 жылдың 15 тамызына дейiн билiк жүргiзген.

ХVI ғасырдың бiрiншi жартысында Мауереннахрда Андижан уалайатын басқарған, шайбанилық Жәнiбек хан да бар. Ол — Әбiлқайыр ханның немересi, Қожа Мұхаммед ханның ұлы. ХVI ғасырдың соңғы ширегiнде андижандық Жәнiбек ханның немересi атақты Абдаллах хан Мауереннахрды бiрiктiру жолында күрес жүргiзедi.

Сондай-ақ, хан лауазымын иеленген Жәнiбектерден басқа, XV-XVI ғасырларда хандар шежiресiнде сұлтан титулыменен де бiрнеше Жәнiбек кездеседi. Олар: Тұқай Темiрдiң ұрпағы, Қара Кесектiң немересi, Жетiбектiң ұлы – Жәнiбек. Шайбанилық Бахтияр сұлтанның шөбересi, Әлике сұлтанның немересi, Тұрымның ұлы – Жәнiбек.

Жоғарыда айтып өткен шолулардан байқағанымыз, 1477 жылы Қырымда хан болып, бiр жылдан соң Ресейге қашқан және сонда қайтыс болған Жәнiбек хан, ол — қазақтың Жәнiбек ханы емес, Қырымдағы хан әулетiнiң өкiлi. Сондай-ақ, Астраханда билiкте болған Жәнiбек хан да есiмi ұқсас болғанымен, қазақтың Жәнiбек ханына ешқандай қатысы жоқ. Ал, қазақтың Жәнiбек ханы болса, XV ғасырдың 70-шi жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткенi, осы ғасырдың 70-шi жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшiн жүрген соғыстары жайлы жазба деректерде Бұрындық, Қасым хандардың есiмдерi кездесе бастайды. Сондықтан, айтарымыз қазақтың ханы Әз-Жәнiбек тарихта аты қалған көп Жәнiбектiң бiрi емес. Қазақ мемлекеттiлiгiн қалыптастыруда үлкен рөл атқарған тарихи тұлғамызды басқалармен шатастырып, ұрпақты адастырмайық.

ТҮЙIН: Ойымызды қорыта келе, орта ғасырдағы хандардың өмiрi мен тарихы ел тарихымен тiкелей байланысты болғандықтан, жеке тұлғалардың тарихын бiлу арқылы өз тарихымызды терең зерделей түсемiз және ұлы аламдардың өмiрi әрқашанда үлгi, өнеге болады демекпiз. Жәнiбек хан да аса көрнектi мемлекет басқарушы, көреген саясаткер әрi ержүрек қолбасшы болғаны даусыз. Оның ең басты еңбегi ретiнде Қазақ хандығын нығайтып, оның шекарасын кеңейтуiн, халқымыздың құрамына енген ру-тайпалардың бағзыдан берi мекендеген территориясын, яғни Дештi Қыпшақтың айтарлықтай бөлiгiн ұлттық мемлекетiмiздiң аумағына кiргiзуiн айтуға болады. Сол арқылы Жәнiбек хан қазiргi Қазақ жерi атауының қалыптасуына зор ықпал етiп, ұлтымызды ұйыстырды. Халқымыздың Жәнiбек ханды «әз» деп қастерлеуi, мiне, содан.

Берекет КӘРIБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесi, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

"Оңтүстік Қазақстан"

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір