• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 19:12:04
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

25 Қаңтар, 2018 Кәсіпкер

Қазақстандық БАҚ-тың соры — бақылаусыз компаниялар өлшейтін рейтинг

Рейтинг дегенге бақылау болмаған соң БАҚ іріп, Мемлекеттік сатып алу сасып кетпесе болғаны.

Рейтинг деген бар қазір. Сын мен сапаның заманауи өлшемі болып тұр. Осы рейтинг қазақ баспасөзіне қазылған ор іспетті. Себебі мемлекеттік сатып алушылар мен жарнама берушілерге өткір айтып, оза жазғаныңнан, ақиқатын айғайлатып, ашындыра айтқаныңнан гөрі ой қорытпаса да оқырманның мен көрерменнің көп болғаны ғана қажет. Ол тіпті сіздің баспасөзіңіздің не туралы жазатынын білмеуі де мүмкін. Қазіргі рейтинг жүйелері сондай, айтып жазғаныңның салмағын, ықпалы мен нәтижесін емес бас сұққанның санын ғана өлшейді. Алайда өкпеміз рейтинг жүйесіне емес, сондай рейтингпен жұмыс істейтіндерге.

Қазақстанда біз білетін рейтинг өлшеуші — сайттарда zero.kz болса телеарналарды TNS Central Asia компаниясы. Қазақша сайттарды өлшеп жүрген «Санақ» жобасы тоқырап тынды. «Зеро-ның» бір кемшілігі тек қазақстандық провойдерлерден келетін IP санын есептейді де қазақстандық сайттардың шетелдік оқырмандарын есепке алмайды. Оның мәліметтерінің Google Analytics деректерімен ылғи да қарама-қайшы шығатынынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Екінші кемшілігі жазылушыларының өткен рейтингін есепке алмайды. Яғни оған тіркелген сайт тек 24 сағаттағы өз рейтингін, соңғы бір айға дейінгі барлық сайттардың жалпы рейтингін ғана көре алады.

20 жылдан бері Қазақстандық телеарналардың рейтингін өлшеп келе жатқан  TNS Central Asia. Оның құрылтайшылары Gallup Media және Gallup AdFact атты ресейлік компаниялар. Осыдан соң-ақ ары қарайғы әңгіменің қажеті жоқ шығар. Аталған рейтинг өлшеушілер қаншалықты дәлдікпен, әділдікпен өлшейді? Ол жағы бір тәңірге аян. Үкіметке де аян дейтін едік, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі рейтинг өлшейтін мекемелердің өз құзыреті шегінде бақыланбайтындығын хабарлады. Яғни баға бергіштердің бүйрегі кімге бұрса да, ондықты опырып кімге берсе де өз еркінде.

Алайда, Мемлекеттік сатып алушылар нендей себепке негізделіп, жоғарыдағы компаниялардың статистикасын сұрайды? Олардың көрсеткіші мемлекеттік тапсырыста не нәрсеге негізделіп міндеттеледі? Бұл сұраққа Ақпарат министрлігінен төмендегідей жауап келді.

«Мемлекеттік тапсырыс Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 75 бұйрығымен бекітілген «Республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына» сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары арасында орналастырылады.

Мемлекеттік тапсырыстың интернет-ресурстарды баллдық бағалау жүйесіне сәйкес, әр тапсырысқа қатысушы сайттың айлық қарау санын растайтын анықтаманы конкурс құжаттарымен қоса комиссияның қарауына ұсына алады. Алайда, конкурстың бұл талабы қатысушыларға міндеттелмейді, және де бұндай анықтама ұсынылмаған жағдайда, аталған көрсеткіш бойынша ғана қатысушы-интернет-ресурс бағаланбайтындығын атап өтеміз.

Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысқа қатысудың шартына сәйкес әр қатысушы сайттың айлық көрсеткішін өз таңдауы бойынша кез-келген рейтинг өлшейтін мекеменің анықтамасымен бекіте алады және де бұл жерде Министрлікпен ешқандай шектеу қойылмаған.

Мемлекеттік тапсырыстың жоғарыда аталған баллдық бағалау жүйесіндегі көрсеткіші отандық интернет кеңістігіндегі интернет-ресурстардың арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жасалынған шара болып табылады», деген министрлік жауабында.

Хош деңіз. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде басты көзір дәл сол айлық көрсеткіш екенін министрлік білмей ме? Трафик ағыны мен рейтинг үшін сары басылым деңгейіндегі контентке жұтылып бара жатқан басылымдардың обалы кімге? Рейтинг дегенге бақылау болмаған соң БАҚ іріп, Мемлекеттік сатып алу сасып кетпесе болғаны.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір