• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 13:03:58
+12°

03 Ақпан, 2018 Сұхбат

Балтабек Нұрғалиев: Бізді Назарбаевтар династиясы ғана билеуі керек

Келесі президент Дариға Назарбаева болуы керек. Өйткені Нұратамыз бізге өзінің нұрлы екенін дәлелдеді ме? Дәлелдеді

Әлеуметтік желіде Балтабек Нұрғалиевтің аты жер жарып тұр. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның әкесі Әбішке, анасы Әлжанға, қызы Дариғаға жеке-жеке өлең арнап, өзінің Facebook парақшасында жариялаған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін мадақтап жазған одасы да көп талқыланды. Оқырмандар Балтабектің шығармаларын қатты сынап, «жағымпаздықтың шыңы» деп бағалап жатыр. Бұл туралы автор не дейді екен? Qamshy.kz ақпарат агенттігі оны Балтабек Нұрғалиевтің өзінен сұрап көрді.

– Осы өлеңдерді шын көңілден жазасыз ба, өз айтқаныңызға өзіңіз сенесіз бе?

– Мен өзімнің айтқан сөзіме сенемін. Өз сөзіме кез келген ортада – халықтың алдында да, соттың алдында да, президенттің өзінің алдында да жауап бере аламын. Елбасының данышпандығына, құқық қорғау органдарының жемқорлықпен шын күресіп жатқанына иланамын. Адамды тану үшін оның балалығымен танысқан жөн деп ойлаймын. Мен Елбасының 1991 жылы жарияланған «Әділеттің ақ жолы» деген кітабын оқып шықтым. «Тұңғыш президент не айтады екен? Қалай сөйлейді екен? Шын айта ма, әлде өтірік қоса ма?», - деп қадалып зерттедім. Сөйтсем, Елбасымыз адал, ашық, шыншыл азамат екен. Ол кісі балалық шағында жоқшылық көргенін, қойшының отбасынан шыққанын жасырмай айтады. Әйтпесе кейбір лауазымды адамдар өздерінің тегінен ақсүйектік іздеуге, өздерін дәріптеуге құмар. Сол үшін жанталасып, драматург жалдауы мүмкін, тарихшы жалдауы мүмкін. Ал президент ондай қадамға бармаған.

– Жарайды, президентті мадақтағаныңыз түсінікті. Ал Дариға Назарбаева қай еңбегімен есте қалды? Ол сіздің арнауыңызға лайық па еді?

– Білмеймін енді... Менің өзегім ашылып кетті ме, әйтеуір бұл өлең жүректен туды. «Өз сөзім өзімдікі» дейді ғой Абай. Жалпы біздің қоғам, біздің сана, біздің дәстүрлі ойлау жүйеміз мұндайды қабылдай алмайды. «Неге міндетті түрде қызын мақтады», - деп қызғанышпен қарайды. Елбасының отбасы мүшелеріне өлең арнаған себебім, мен сол ойыма сенемін. Келесі президент Дариға Назарбаева болуы керек.

Өйткені Нұратамыз бізге өзінің нұрлы екенін дәлелдеді ме? Дәлелдеді. Тәуелсіздік тарихындағы әр жылға сараптама жасасақ, Дариға Назарбаева ел перзенті ретінде іске кірісті. Ер адамның батылы бармайтын жұмыс атқарды. Заң жүйесін жетілдіруге, журналистиканы реттеуге, Қазақстандағы ақпарат құралдарының ауа райын қалыптастыруға өте көп еңбек сіңірді. Сондықтан осы еңбектерінің бәрін ескергенде, ол кісі құрметтеуге лайық. Президенттің басқа да қыздары бар, бірақ мен олар туралы айта алмаймын. Себебі мен өз сөзімді дәлелдей алмаймын. Ал Дариға апай жайлы толық сеніммен сөйлеймін.

– Келесі жолы тағы кімге өлең арнамақ ойыңыз бар?

– Күні бұрын айта алмаймын. Шабытым келсе, түн мені ұйықтатпаса, мен арнаймын...

– Кімге арнайсыз?

– Білмеймін. Оны Киелі Түннің Иесі біледі.

– Қалай сонда?

– Шабыт қой. Кейде әлеуметтік желіге ұйқылы-ояу отырып өлең саламын. Сенбесеңіз, Facebook-тағы парақшамды ақтарып, уақытын қараңыз. Көп өлеңім түннің бір уағында жарияланған. Маған біреу тапсырма беретіндей мұғалім емеспін, саяси тұлға емеспін. Мен ешкімнің ойын тыңдамайтын адаммын. Өз пікірімді ашық айтамын. О чем думаю, о том говорю. Мен мемлекетті жаңаша басқару жүйесін ұсынғым келеді. Ол жүйе «Президенттік монархия» деп аталады. Біз монархияның әр түрін білеміз. Абсолюттік монархия бар, парламенттік монархия бар, басқа да монархия бар. Ал менің таңдауым – президенттік монархия. Тәуелсіздікті алып берген, нұрлы жолды салып берген Нұратамыздың ұрпақтары, Назарбаевтар династиясы ғана бізді билеуі керек. Біз Ұлыбританиядан кембіз бе? Біз Жапониядан кембіз бе? Біз Норвегиядан кембіз бе? Швециядан кембіз бе? Осы елдердің бәрі дамыған отыздықтың емес, ондықтың ішінде. Мен болашақта осы тақырыпта докторлық диссертация жазуым мүмкін, жүрген жерімде соны насихаттаймын.

– Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз ода жазған кісілерден бірдеңе дәметесіз бе? «Мені елеп-ескерсе, маған бірдеңе берсе» деген пиғылыңыз бар ма?

– Маған олар не береді? Беретінінің бәрін берді. Үкімет мені тегін оқытты. Мені осындай маман қылды, ғалым қылды. Менің осылай сөйлеуіме мүмкіндік жасады. Біреулер «демократия!» деп ұрандап, демократияны желеу етіп, мемлекетті төңкеріп тастауға дайын. Ал шын мәніндегі демократия бізде баяғыдан бар. Мен оқимын дегенімді оқыдым, жазам дегенімді жаздым, барам деген жеріме бардым. Бізде бәрі еркін. Санамыз да еркін болуы керек. Қайталап айтамын, біз президенттік монархияға өтуіміз керек.

– Ақындар көбінесе билікке қарсы ұстанымда болады ғой. Тарихта оның мыңдаған мысалы бар. Тіпті, сарай маңында жүрген Бұқар жыраудың өзі Абылай ханға кемшілігін кесіп айтқан. «Әй, Абылай, сен Төле бидің түйесін баққан құл едің, Сабалақ атпен жүр едің», - деп тәубасына түсіріп отырған. Ал сіз ше, «Әй, Нұрсұлтан, сен Теміртауда темір балқытып жүр едің», - деп жырлай аласыз ба?

– Оны айтып не керегі бар? Елге мәлім нәрсе ғой. Бұл жерде мен Бұқар жырауды да қолдамаймын. Неге олай сөйлейді. «Әй, Абылай, сен солай едің», - деп ол табалап тұр. Неге оны табалайды? Жетім өскеніне Абылай кінәлі ме? Ақындардың бәрі арқам ұстады, желкемдегі жыным құрысты деп сөйлей беретін болса, онда біз қайда барамыз.? Сондықтан кішкене сана керек, ой керек. Мысалы, қарап отырсаңыз, кезінде Жәңгір ханымыз халыққа қаншама пайда келтірді. Оқу орындарын ашып, елді ағарту ісіне көп еңбек сіңірді. Оған тіл тигізген Махамбеттің де ойы нұрлы емес, қанша жерден рухты десеңіз де. «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың», - деп неге қарғайды ханын? Кім ол сонша қарғайтын? Неге қарғысқа бейім тұрады. Қарғамау керек, қарғыстан аулақ болу керек. Басыңа қиямет орнаса да, Құдайды қарғауға болмайды дейді. Ал патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі. Жалпы адамзат баласын қарғаудан қашу керек.

– Тек мақтау керек пе?

– Мақтамау керек. Гумманизм, адамсүйгіштік деген бар. Адамды бар қалпында жақсы көру керек. Қанша жерден қиянат жасаса да, қыңқ етпеу керек.

– Сізді желі қолданушылары қатты сынап, күлкіге айналдырып жатыр. Бұл сізге әсер етпей ме? Әлде тиіскен сайын ерегесіп жазасыз ба?

– Әлеуметтік желіде әртүрлі мүдденің адамдары отырады. Олармен талас-тартысқа түскім келмейді. Неге мен өзімнің энергиямды сарқып, ойымды ластауым керек? Негативтен аулақ болуға тырысамын.

– Сол пікірлерді оқисыз ба өзі?

– Оқимын. «Мына жерде мынадай қате кетті», - деп орынды ескерту жасаса, қабылдаймын. Мысалы, мен Дариға әпкеме арнаған өлеңімде «Патшайым болған бабаң Тұмар ханым» деген жол бар. «Баба деген ер адамға айтылатын сөз», - деп маған бір филолог ескертпе айтты. Содан кейін мен оны «Патшайым болған еді Тұмар ханым» деп өзгерттім. Мен ол сыннан қорытынды шығардым.

 – Сіз 2012 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас жүлдені иелендіңіз. Бас жүлдені сізге Маралтай Райымбекұлы тізеге салып тұрып алып беріпті деп естідік. Қазір Маралтай ағаңыздың үмітін ақтап жүрмін деп ойлайсыз ба?

– Мен қазылар алқасының қасында отырған жоқпын ғой, не болғанын нақты білмеймін. Бірақ мен осындай сыбыс шыққаннан кейін Маралтай ағаның өзіне бардым. Рахметімді айтып, «Сіз қолдады, мінез көрсетті деп жатыр, бұл рас па?», - деп сұрадым. Сонда Маралтай аға мені Фариза Оңғарсынованың өзі қолдағанын айтты. Жалпы Маралтай ағаның ғана емес, көп адамның үмітіп ақтап жүрмін деп ойлаймын. Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиевтер мені қатты жақсы көрді. Жақында Маралтай ағамен Жазушылар Одағының алдындағы саябақта ұшырасып қалдым. Ол кісі мені қанаттандырып, «жазуың жақсы» деп біраз мақтады.

Өлеңдеріңіз өмір шындығымен сәйкесе ме, қалай ойлайсыз?

– Сәйкес келуі шарт емес. Қоғамда әртүрлі жағдай болады, әртүрлі мүдде болады, әртүрлі күштер болады. Бізде жетістік көп, бірақ соны жеткізетін білім жоқ. Білімді адам мәселені шешудің жолын өзі ұсынады, ал білімсіз адам «бұл қоғам әділетсіз, өзімді өртеймін!», - деп жұлқынып шығады. Мен режиссермін ғой. Көбі образға енеді, мен ондайларды жақсы ажыратамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Erkebulan Nurekesh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір