• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:25:54
Алматы
+35°

05 Ақпан, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Перзентханада жатқанда Назарбаевқа қатты ренжідім

Қазақстан билігінен қайтпаса да, Құдайдан қайтатынына сеніңіз де, он екі мүшесі сау бала тусын деп дұға қылыңыз.

Көптен бері қолыма қалам алмаппын дейін десем, өтірік болады екен ғой. Шындығында, ноутбук жарықтықты қосып, пернетақта бойында саусақтарым зыр жүгірмегеніне біраз болыпты. Менің декретте екенімді жарты Қазақстан білетін шығар. Қалған жартысы менің телефон нөмірімді өз ұялыларына «Айтуға оңай» деп сақтап алған. Бір жағынан күлкім келеді, бір жағынан жыным келеді. Аңғал халықпыз ғой. Енді, міне, ұятты ысырып қойып, перзентханадағы күндерім жайлы әңгіме шертпекшімін. Жігіттердің бастары қосылса болды, әскер жайлы әдемі әңгіме айтатындары рас қой. Біле білсеңіз, перзентхана да – тап сол әскер. Оған бір рет барған қызыққа батып қайтады. Бір күні он күнге татиды, басында қорқып барса, кетерде қимай қоштасады. Ендеше кімнен кембіз, Құдай-ау, Дариғадай әпкеміз аман тұрғанда перзентхана туралы мемуарды (естелікті, былайша айтқанда) Парламенттің мінберінен айтсам да, аузыма ешкім қақпақ бола қоймас. Әзірге құдай бере салған «Қамшым» бар, соны қанағат тұттым.

Құрметті жамағатым, перзентхана саласын зерттегені үшін «Батыл ана» деген медальді берсеңіздер, бас тартпаймын. Бәрібір медаль көрімдік сұраудан басқа дымға жарамайтынын сіздер менен артық білесіздер. Ал маған, шымкенттік әкім айтпақшы, «приятно» ғой. Себебі екі баланы дүниеге әкелемін деп ол жақта бес-алты рет жатып шыққаным шындық. Ой, мен перзентханада жатқанда не көрмедім? Баламмен бірге дүниеге қайта келгендей болдым. Әй, мың рет естігенше, бір рет көзіңізге елестетіп көріңізші. Болды, мен трансқа кіріп барам. 10, 9, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1…….

Перзентхананың айналасында қаптаған жедел жәрдем машиналары. Бірі кетіп жатыр, бірі келіп жатыр. Аһілеп-уһілеп жүкті әйелдер түседі келіп. Көздерінде қорқыныш. Машинадан түсе салып босанып жеңілдеймін дегені іске аспаған олар 5-6 сағаттан кейін қорқыныштан арылып, батылдана түседі. «Шаршадым, бәрібір босану қажет қой, сондықтан бүгін босансам ғой, мына жерден тезірек шықсам ғой», – деп армандай бастайды. Үйде қалаған тамағын жеп үйреніп қалған бейшаралар перзентхананың асханасын көрген кезде таң қалғаннан сілейіп қатып қалады. Себебі ас мәзірі мынандай: таңда ботқа, түсте борщ және палау немесе қарақұмықтан сорпа және картоп, кешке сүтке пісірілген макарон немесе ботқа. Бір айта кетерлігі, асханашы жақсы болса, күндізгі төрттерде бір стақан алма шырынын немесе бір стақан сүт пен кішкентай ірімшік әкеп береді. Өз басым ондай мейірімді асханашыны бір рет қана (оның кезекшілігі екі күнге ғана созылды) көрдім. Ең қызығы, жүкті және жаңа ғана босанған әйелдерге ұсынылатын тағамдардың барлығынан бір кесек ет таппайсыз. Палаудан муляж сияқты өтірік етті байқап қалғаным рас. Ауызға сала салып, рақаттана шайнай бастайсыз да, оныңыздан түк шықпаған соң түкіріп тастайсыз. Айтпады демеңіз, біртүрлі жүрегіңізге қаяу түседі. Жарайды, бізді қойыңызшы, күніне екі мезгіл тамақты ыстық күйінде әкеп беретін үйде отырған ата-енеміз бар, анау-мынауға тәбет ашылса, жұмыстан кейін жүгіріп келетін жолдасымыз бар.  Ал жақындары жоқ, бәлкім дүкенге шапқылай беруге шамасы жоқтар қайтпек? Олардың көзінше жеміс-жидекті жеу де мүмкін емес. Қысқасы, диетаға отырасыз немесе бөлісесіз. Екінші нұсқаны таңдадыңыз деп үміттенемін. Перзентханада жатқанда Қазақстанға тағы бір қазақ туып беретініңізді ойлап, өзіңізді бейне бір ханша сияқты сезінгіңіз келеді. Ойланып қараңызшы, ешбір арна дұрыс көрсетпейтін, цифрлы Қазақстандағы цифрлы емес теледидарды, белі, арқасы шаншып ауыратын болашақ аналарға арналған қатты, ескі темір төсекті (жұмсағы да кездеседі, бірақ барлық палатада емес), ыстық судың орнына қанжылым су ағатын раковинаны көргенде көзіңіз бақыраяды. Кейін ішетін дәрі, демдейтін шәй, оған қосатын қант, сүт, тіпті, бір жұтым таза су да өз қалтаңыздан шығатынын білгенде бүкіл қиял әлеміңіз быт-шыт болады. Баланы тусаң, өзің үшін туасың деген ой дұрыс. Әлбетте, солай. Бірақ өзіңді қажет адам сезіну деген керемет сезім емес пе? «Қазақстанның ең басты байлығы – адам» дегенді сіз де бір жерден оқып қалдыңыз ба? Қалай айтсам екен, 17 миллионшы қазақты (18 миллионшының жолы болып кетті) дүниеге әкелген анаға шырайлы Шымкенттен бір бөлмелі пәтердің кілті табыс етілмегеннен кейін жұмған аузыңызды ашпайсыз. Қазақстан билігінен қайтпаса да, Құдайдан қайтатынына сеніңіз де, он екі мүшесі сау бала тусын деп дұға қылыңыз. Айтпақшы, толғақ басталғанда ең бірінші кезекте не ойлаймын, не істеймін деп болжайсыз? Құдайға сыйынамын дейсіз бе? Жоға, ол кезде «қалтама ақша салуды ұмытпадым ба, беретінім аз болмай ма, бірден берейін бе, сосын берейін бе?» деген ойлардан ары аса алмайсыз. Қысқасы, перзентханада дегеніңіз қып-қызыл шығын екен деп алдыма келесіз.

Екі баланың анасы ретінде перзентхана қызметкерлерін жамандаудан аулақпын. Аллаға шүкір, асханашылармен ғана ұрысып қалыппын (негізі өзімді барынша сабырлы ұстауға тырысқан болатынмын. Өздері ғой тамақты бірінші кезекте пациенттерге емес, дәрігерлерге таситын. Біреуінен «Неге сөйтесіз? Дәрігерлерден тамақты аяп жатқан жоқпын, дегенмен бұл – шектен асу», – десем, «Маған солай үйреткен!» демесі бар ма!»). Қалған қызметкерлерге айтар өкпе-назым жоқ. Алғыс қана. Журналистерге айтуға болмайтын шындықты декретте отырған үй шаруасындағы әйел айтатындай не көрініпті!?  Құрметті менің халқым, мен тек бір нәрсеге өкінемін. Әттең, мен жатқан перзентхана Назарбаев көшесінің бойында емес. Сол үшін де Назарбаевқа қатты ренжідім.

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір