• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Қыркүйек, 14:46:48
"Шетелде оқу – өмірлік миссия мен қызметтік жолыңызды тануға көмектеседі"

06 Ақпан, 2018 Сегіз өрім

Құлау аймағының «қорықшысы»

Кеше «күн ыстық» болды деген Атамқұлов ертең «жел қатты соқты» деуі де ғажап емес...

Байқоңырдан көтерілетін Ресей зымырандарының қаупінен сескенген жұртты өз айтқанына сендіруге тырысып келе жатыр. Халық оған сене ме, сенбей ме, ол енді басқа мәселе. Бірақ министрдің ұстанымы өзгерген емес. «Зымыран қалдықтары – зиянсыз». Бітті. Осы сөзін Бейбіт Атамқұлов  өткен аптада тағы бір мәрте қайталады.

«Ағымдағы жылы жоспарлы ұшырулар көзделіп отырған жоқ. Бөлінген жер 22 шақырымға 44 шақырым. Экологиялық қауіпсіздікке қатысты айтар болсам, экологиялық сараптама қазақстандық тараптан да, ресейлік тараптан да жүргізілді. Бұған қоса, қоғамдық бірлестіктер деэкологиялық қауіпсіздікке, әсіресе жан-жануарлар әлеміне зерттеу жүргізді. Келешекте ұшыру бойынша шешім қабылданып жататын болса, онда үш жылдың ішінде 7 ұшыру ғана болатынын тағы да айтамын. Оттекті-керосинді отынды қозғалтқышы бар экологиялық таза зымыран қолданылатын болады» деді министр журналистердің сауалына орай берген жауабында.

Алдымен аздаған мәлімет келтірейік. Қазақ жерінде қару сынауға әуес Ресей «Союз-2» зымыран тасығышының бөліктері құлайтын жерді 2015 жылы сұраған. Кейін Қостанай облысының Жангелдин ауданы аумағынан  76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілген еді. Министрдің жоғарыда айтып тұрғаны да осы жердің мәселесі. Қайдан тауып алғанын кім білсін, Атамқұлов зымыран ұшырғаннан келетін экологиялық залал Қазақстанның әуе кеңістігінен ұшып өтетін ұшақтардың зиянынан 75 есе төмен дейді. Демек көкке көтерілген зымыран мен оның құлаған қалдықтарының тұтамдай да зардабы жоқ.

Алайда бұған сенуге бола ма?  Ресей зымырандары шынымен де қауіпсіз бе? Тосын жағдай орын алмасына қандай кепілдік бар?  Міне, осындай сауалдар адамды еріксіз өткенге үңілдіреді. Арыға бармай-ақ қояйық, 2013 жылғы апаттың үрейі жұрт жадынан әлі өшкен жоқ. Байқоңырдан көтерілген «Протон-М» зымыраны бауырына оқ тиген үйректей бұлғалақтап келіп, бұрқ ете түскен.   

600 тоннадан астам улы гептил ауаға тарады. Сонда "Қазғарыш" ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың не дегені естеріңізде ме?  «Зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлады. Бұл - "Роскосмостың" ішкі шаруасы" деген еді Мұсабаев еш шімірікпестен. Ақырында не болды? Апаттан өтемақы алғалы жүрген қазақ билігінің күткені әншейін есекдәме болып шықты. Тізеге басып үйренген Ресей соқыр тиын да төлеген жоқ.

Сонда арадағы келісім қайда? Қазақ билігі неліктен апаттың залалы өтелмай жатып, құлағыш «Протонды» қайта ұшыруға келісті? Неге табандап талап қоймады? Агенттіктің тұсындағы олқылықтарды түзеуге министрліктің қауқары бар ма? Талғат Мұсабаевтан Бейбіт Атамқұловтың айырмасы қайсы?

Біздіңше, айырмасы жоққа тән. Министрдің қазіргі сұлбасы көзіңізге Ресей белгілеген құлау аймағының қорықшысы есебінде ғана елестейді. Егер Атамқұлов «қорықшы» деген сөзді қомсынса, бір мысал келтіреміз. Өткен жылы минстрдің өзі мақтауға теңеу таппай отырған «Союз-2.1» зымыранының қалдықтары Қарағанды облысына құлап, алапат өрт шыққан. Тіпті адам шығыны болды. Абырой болғанда, тілсіз жаудан мерт болған кісі Қазақстанның емес, Ресейдің азаматы.  Кейбір деректерге қарағанда, апаттың салдарынан 10 мың гектар жер отқа оранған. Әнеки, сізге зымыранның залалы! Бір қызығы, осы оқиғадан Атамқұлов ешқандай апаттың белгісін байқаған жоқ. Министр кісі қазасын «несчастный случай» деп бағаласа, апаттың залалын «шөп қана өртенді» деп тұжырды. Экологиялық тұрғыдан «мінсіз» зымыран осылайша ұлан-ғайыр даланы, ондағы өсімдік атаулыны, жүгірген аң мен жыбырлаған жәндікті күлге айналдырды. Өкініштісі сол, бұл жолы да Ресей өтемақы төлеген жоқ. Неге? Атамқұловтың айтқанынан ұққанымыз, өртке басқа емес, «шыжыған ыстық» себеп болған. Сондықтан бұл қалыпты жағдай деп саналады екен. Қалыпты болған соң, Ресей өтемақы төлеуге міндетті емес. Мұндай азын-аулақ залалдар жалға алуға төленген ақының ішіне кіреді-мыс.

Сонда Ресей зымыран қалдықтарын Қостанайға құлату үшін қанша қаржы төлейді? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, жылына 460 мың доллар! Осы да арзитын ақша ма? Бұл Храпуновтар жымқырған миллиардтардың бір ширегіне де татымайды. Мұндай қаржыға Көлгінов секілді әкімдер бірер көлік алып мінеді. Әрине, келісімнің кеміс тұстарын жалғыз министрге телуден аулақпыз. Екі ел арасындағы маңызды келісім-шарттар Атамқұловтың дейгейінен әлдеқайда жоғарыдағылар арасында жасалатыны белгілі. Бірақ қазақ билігінің дәрменсіздігі жаныңды күйдіреді. Құлау аймағын жанын сала қорғаштап, зымыранның қаупіне келгенде бетбақтырмайтын министрдің мінезі налытады.

Құлау аймағына қатысты сөз болғанда, қарапайым халықтың намысына тиетін тағы бір мәселе бар. Ресей жалға алған жердің ақысына беретін 460 мың доллар Жангелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге, мәселен халықты ауыз сумен қамтуға жұмсалатынға ұқсайды. Мұны Атамқұлов әр-әр жерде аузын толтыра айтып жүр. Сонда дейміз-ау, дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған Қазақстан өз жеріне Ресейдің зымыран қалдығын құлатпаса, ауыл жұртына су тартып бере алмай ма? Зымыран қай күні құлайды деп үрейленген жұрт сол суды қамсыз отырып, іше ала ма?

Шынын айту керек, зымыранның зыр етіп, ғарышқа самғап кетуіне ешкім де жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Тіпті «Роскосмостың» өзі де! Өйткені техниканың аты – техника. Бетін ары қылсын әрине, құлау аймағынан тағы бір кілтипан шығып жатса, кеше «күн ыстық» болды деген Атамқұлов ертең «жел қатты соқты» деуі де ғажап емес. Күмәні басым дүниеге жұртты сендірем деп жанын салып жүрген адамнан одан өзгені күтудің өзі – күпірлік. Осыны ойлағанда, «Уә Жаратқан ием, Атамқұловты өтірікші қыла көрме!» деп Аллаға жалбарынғаннан басқа не істегендейсіз?!

Сансызбай Нұрбаба

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір