14 Ақпан, 2018 Фото-баян
Мұстафа Шоқай жерленген Берлиндегі мешіттен фоторепортаж
Мұстафа Шоқай мұсылман ғұрпымен Берлиндегі «Шаһидтік» бейітіне жерленеді.
Берлинге саяхаттап барған досым туралы бұған дейін де жазғанмын. Ол өзі мұсылман болғандықтан, қалың христиан қауымы мекендеген қаладан мешіт іздеп кеткен. Сондағы жолы түскен мешітте Мұстафа Шоқайдың асыл сүйегі жатыр екен. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген досым мешіттің іші-сыртын суретке түсіріп алады.
Берлиннің қақ ортасында орналасқан «Шаһидтік» (Şehitlik) мешіті әлемдегі ең әдемі мешіттер тізімінде он екінші орынға жайғасқан. «Шаһид» атағы дін жолында, Отан қорғау жолында опат болғандарға беріледі. Аты айтып тұрғандай, мешіт аумағында түрік жұрты мен мұсылман үмбетіне аянбай қызмет қылған патшалар, әкімдер, ғұламалар жерленген. Мұстафа Шоқай да сондайлардың сойынан.
Қазақтың емес, исі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысымына шыдамай, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те күресін жалғастыра берді. Елден кеткенде алдымен Грузияға, кейін Түркия арқылы Германияға, одан ары Францияға барып орнығады. 1941 жылы 22 маусымда, Совет-Герман соғысы басталған күні Парижде тұтқындалады.
Үш аптадан соң оны Берлинге жеткізіп, Түркістан легионын басқаруға ұсыныс жасайды. Немістер Шоқайдың беделіне сенді. Түркі текті тұтқындардан Совет Одағына қарсы соғысатын әскер дайындауды көздеді. Алайда лагерьде жатқан отандастарының мүшкіл жағдайы Шоқайдың көңілін құлазытады. Өз жерлестерінің қамын жасау үшін фашистерге бірнеше шарт қояды: Түркістанның болашағы үшін Германиядағы оқу орындарында кадрларды даярлауды және Түркістан шекарасына жақын жерден түркі тектілерден тұратын әскери құрылым жасақтауды талап етеді.
Шоқайдың талабын Гитлер қабылдамайды. Себебі ол үшін Түркістан жемтік қана болды. Шоқайдың алған бетінен қайтпайтынын байқаған соң көзін жоюды жөн көреді. Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Құжаттарда ол «қанның улануынан қайтыс болды» деп жазылған.
Сөйтіп, Мұстафа Шоқай мұсылман ғұрпымен Берлиндегі «Шаһидтік» бейітіне жерленеді. Қабірстан аумағына өткен ғасырдың 70-жылдарында мешіт тұрғызылды.
Мешіт жамағатының 98 пайызы – түріктер.
Олар Ханафи мазхабын ұстанады, намаздан соң қол алысып, бірге дұға жасайды.
Әр жұма сайын жиналған жұрт тегіс жаназа намазын оқып, әруақтарға құран бағыштауды да салтқа айналдырған.
Себебі қала тым үлкен, көп бөлігі ислам дінін ұстанбағандықтан, жаназа намазына жамағат жинау қиынға соғады екен.
Фото: Мұхит Мұхаметкерім
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір