• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Шілде, 10:47:52
Тоқаев Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады

19 Ақпан, 2018 Алаш-Орда

Дулат Исабеков: Біз мойнымызды бодандықтың тұзағына өзіміз сұғамыз (видео)

Алаш партиясының 100 жылдығын да, Алаш Үкіметінің 100 жылдығын да атап өткізуге қарсы болып отырған жоғары жақта бір тосқауыл бар

2017 жылы 25 желтоқсанда Алашорданың құрылғанына  100 жыл толуына орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі  игі жақсылардың басын қосып, «Алаш арыстарының 100 ізбасарын» марапаттаған болатын. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков алашордашылардың насихатталмай жатқанына қынжылыс білдірді.

Qamshy.kz: Алашорданың құрылғанына 100 жыл толды. Ал осы атаулы датаны біз қазіргі жастарға, халыққа қаншалықты насихаттап жатырмыз?

Дулат Исабеков: Қазақ халқына кең түрде насихаттай алмай отырмыз және оған кең түрде аяққа оралғы болып отырған себептер де бар. Алаш партиясының 100 жылдығын да, Алаш Үкіметінің 100 жылдығын да атап өтуге қарсы болып отырған жоғары жақта бір тосқауыл бар. Біз алдымен соны жеңуіміз керек. Алаш партиясының 100 жылдығын бүкіл ұлттық деңгейде атап өтпеудің себебін білмеймін. Ол кімге кесірін тигізетін еді? Тәуелсіздігімізге залалын тигізе ма? Беделін түсіре ме? Керісінше, Алаш партиясының  азаматтары армандаған тәуелсіздік, ұлтының азаттығы жүзеге асты деп мақтана беруіміз керек еді. Біз бұл айтулы мерекені әрбір оқу орындарында, мекемелерде үгіт-насихат жүргізіп, кездесулер жүргізуіміз керек сияқты болып көрінеді.

Жазушының ойынша, орыстілді  оқу орындарында студенттер Алашорданы «Что это такое?» деп сұрауы мүмкін. Сондықтан  «Алашты білудің қандай рөлі бар?», «Оны білудің бізге қандай қажеті бар?» деген сауалдарға жауап беру үшін жастарға, халыққа Алашты насихаттау керек.

Дулат Исабеков

– Жақында Мұрат Бидосовтың «Тар заман» деген фильмін көрдім. Міне, осы киноны әр қазақ  көру керек. Орыс тіліне аударып, орыс тілді аудиторияға да насихаттау керек. Сол кезде «Алаш» деген кім екенін, біздің қайраткерлердің нені армандағанын, қалай өздерінің жанын пида еткенін, оққа кеудесін төсегенін, өздерінің бастарын дөңкеге  қойғанын сол кезде түсінер еді деп ойлаймын. Олардың арманы не еді? Не үшін олар арпалысты? Ұсталатындарына көздері жетіп тұрды және ұсталудың ар жағында өлім бар екенін де білді. Соған қарамастан олар күресті тоқтатқан жоқ, бірақ Кеңес үкіметі күшіне мініп алды, айтқан уәделерін орындамады, Алаш партиясының тас-талқанын шығарды. Мына осы жөнінде түсірілген фильм. Фильмде Әлихан Бөкейхановтың типтік бейнесі керемет ашылған және басқа  қайраткерлердің бейнесі де жоғары деңгейде сомдалған. Оның ішінде Мұхтар Әуезов те бар. Осы фильмдердің рухы жастарды арқаландырады деп ойлаймын. Біз Алашты өзіміздің рухты, деректі фильмдеріміз арқылы кең насихаттауымыз керек. Қазақ өзі қазақ бола ма, болмай ма? Басқа ұлттардан өзін кем санағанды, біреуге жалпақтағанды қашан қояды? Неге терезесі тең ретінде өзгемен сөйлеспейді? Міне, біз әлі күнге дейін бодандықтың бодауынан шыға алмай келе жатқан сияқтымыз. Бұрын бәрін Мәскеуден көруші едік, енді Мәскеу өз еріктерің өздеріңде десе де,  күні бүгінге дейін мойнымызды бодандықтың тұзағына өзіміз сұғатындай көрінеді. Осыдан құтылудың біраз жолдары бар, оған біраз уақыт керек. Тәуелсіздікті алғанымыз ширек ғасырға жетіп жатыр. Осының өзі аз уақыт емес. Осы Алаш рухын қолға алу өте жақсы болды. Осыны ары қарай дамыту керек, кең қанатын жаю керек. Барлық жерде, барлық оқу орындарында осы рухты тарата беру керек, - дейді Д. Исабеков.

Сонымен қатар театр сахнасында Алашордашыларды насихаттайтын рухты, деректі қойылымдардың көбеюі керек екенін айтып өтті жазушы. 

–Ия, менің «Жүз жылдық махаббат» аталатын пьесамда Мағжанның өмірі, Алашордашылардың өмірі кең суреттеледі. Мағжан пьесада  «Оян, қазақ!» деп қанша ғасыр айтып келе жатырмыз. Ғасырлар бойы қанбайтын не қылған ұйқы? Кім екендеріңді білсеңдерші, оянсаңдаршы» дейді. Сахнада тек жылаңқы махаббатты көргенше, рухты шығармалар көбірек болу керек, - деді Исабеков. 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір