• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:57:03
Алматы
+35°

23 Ақпан, 2018 Сегіз өрім

Ақышевтің ақылы кімге дәрі?

Қазір зейнетақы тұрмақ, жалақының өзіне күн көру оңай ма?

Данияр Ақышев Алматыда өткен онлайн-конференцияда халықтың қаржы сауаттылығын арттыру мақсатында Ұлттық банктің жұмыла жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Тіпті бұл мәселе үшін арнайы стратегия әзірленетінге ұқсайды. Соған қарағанда, қаржылық сауаттылықты көтерудің көкесі әлі алда секілді. Бірақ Ұлттық банк басшысының базынасын түсінуге қанша жерден ойланса да, қарашаның «сауаты» жетпейтін бірер мәселе бар.

Данияр Ақышев бүй дейді: «Дегенмен зейнеткерлерге бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншісі – ақшаны үйде емес, банкте сақтаған жөн. Бұл ақшаның түгел тұруын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, қазіргі уақытта мемлекет он миллион теңгеге дейін депозитке кепіл береді. Екіншісі, Ұлттық банк лицензия бермеген компанияларға сенбеу керек. Үшіншіден, ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаңыздар».

Бір қарағанда, тәп-тәуір ақыл. Несие алып, банкке жем болған кімге жақсы дейсіз?! Одан да зейнетақыңның бір бөлігіне шалқып өмір сүр де, бір ширегін банкке салып қой, қызығын – депозитін алғанда көресің!

Міне, біз Ақышевтің ақылын осылай түсіндік. Алайда бұл мүмкін бе? Қазір зейнетақы тұрмақ, жалақының өзіне күн көру оңай ма? Соңғы жылдары коммуналдық төлемдер қанша мәрте көтерілді? Азық-түлік құны неше рет өсті? Жанармай, жолақы... Мұны білмесе, жоғарыдағы шенділер мен олардың айналасындағылар білмейтін шығар, ал әр тиынын санап жұмсайтын халық  өте жақсы біледі. Ендеше зейнетақысын банкке салып қойған қарттар не жейді, қалай күнелтеді? Әлде Ақышев қазақстандық қарттардың көлденең табысы бар деп ойлай ма?

Кейде Ұлттық банктің тірлігі өзі білмеген кісінің өзгеге ақыл айтқанындай болып көрінеді. Мәселен Ақышевтің кеңесінің ішінде «ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар» деген де ақыл бар. Алайда күні кеше ғана Ұлттық банк БЖЗҚ-дағы 71,3 миллиард теңгені Әзірбайжан банкіне салып жіберген жоқ па еді?! Шетелдегі банктің «бөтеннен» не айырмасы бар?  Және ол әркімнің жеке өзінің қалтасындағы немесе шал-кемпірдің зарыға күткен зейнетақысы  емес, халықтың жылдар бойы тірнектеп жинаған қаржысы еді ғой. Рас, мұның жауабын Ақышев айтқан, оны «Келімбетовтің кезінде кеткен қаржы» деген. Мұны ақталу десеңіз де, «молданың істегінін істеме, айтқан істе» дегеннің кері деп ұқсаңыз да, өзіңіз білесіз.

Енді Ұлттық банктің бүгінгі басшысына қатысы бар келесі мәселеге көшейік. Жалпы, несие деген пәлекетіңізге жалғыз зейнеткерлер емес, халықтың басым бөлігі зәру. Демек оны кәрі-құртаңдарға ғана итеріп сала алмайсыз, бұл жалпыхалықтық мәселе. Естеріңізде болса, 2016 жылы дәл осы Ұлттық банкке қарасты мемлекеттік кредиттік бюро несиемен күнелтіп жүргендердің есебін жариялаған.  Ондағы дерекке қарасаңыз, отыз елдің қатарынан үмітті Қазақстанның тігісі кеткен дамбалы жылтың ете қалады: «елімізде 5,1 миллионнан астам адам несие алған. Оның 1 миллион 102 мыңы қарызын төлеуге дәрменсіз. 837 мың несие алушының ісі қарыз өндіру үшін коллекторлық агенттіктерге берілген». Расымен, сұмдық цифрлар ғой! Бұл дегеніңіз, Қазақстандағы төрт адамның біреуі қарыз алмаса, күнелте алмайды деген сөз.

Қазірде несие алушылардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Осыдан бір ай бұрын ғана Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров несие нарығындағы өзгерістерді айта келіп, былай деген: «Несие алу бойынша белсенділік 30 пункттен асты. Бұл несие нарығы жанданғандығын білдіреді. 2017 жылы Екінші деңгейлі банктер арқылы берілген несие көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 40%-ға артты. Банктер 2,1 трлн теңге көлемінде несие берді. Шағын қаржылық ұйымдардың да несие беру көрсеткіші 71%-ға артты».

Ал енді несие мәселесіндегі бұл «өрлеуге» немесе несиені қайтарудағы қиындықтарға Ұлттық банктің қандай қатысы бар? Қатысы үлкен! Кейбір экономистердің айтуынша, жоғары пайызбен несие беру сонау тәуелсіздік жылдарынан жалғасып келеді. Бірақ әлі күнге дейін несиеге байланысты бірде бір арнайы заң қабылданбаған. Мәселен Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков: «Банк саласына өзгеріс емес, реформа қажет пе деймін. Себебі Қазақстанда жекеменшік банктер көбейгенімен, олардың арасында шынайы бәсеке жоқтың қасы. Тек өз пайдасын көздейтін жекеменшік банктер халықтың мұң-мұқтажымен санаспайды. Сондықтан Қазақстанға мемлекеттік банктер керек. Банк саласына бүгінгі жағдайда мемлекет көмектесіп жатыр. Ал бірақ сол банк саласына ақша береді де, басқаруына араласпайды. Ол халықтың ақшасы ғой! Сондықтан менің түсінігім бойынша, мемлекеттің, халықтың ақшасы банк саласына көмекке жұмсалатын болса, сол банкті мемлекет өзінің басқаруына алу қажет. Бұл – Ұлттық банк айналысатын шаруа» дейді.  

Рас қой, несиенің пайызы төмендесе, қарызды қайтару оңайлайды. Әрі халықтың жағдайы жақсарады, ақша айналымы тездейді. Мұның бәрі айналып келгенде ұлттық экономиканы көтеруге септеседі. Ал пайызы жоғары несие біреулерге қазір пайдалы болғанымен, түптің-түбінде үлкен проблема тудырады. Халықты да, мемлекетті де тығырыққа тірейді. Мұның нышаны қазірдің өзін де бар.

Міне, Ұлттық банктің төрағасы «сауат ашу» жұмысын осы тұстан бастап жіберуі керек-ақ еді. Әрине, жекеменшік банктерге кімдердің иелік ететіні белгілі. Олардың дені Ақышевті әлі аузынан сүті кеппеген балаға балауы да мүмкін. Бірақ одан да жоғары тұрған адамдар емес пе? Солардың құлағына «мынаны былай істемесек болмайды» дегенді сыбырлап болса да, жеткізуі керек қой. Әйтпесе, Ақышевтің ақылы кімге дәрі?

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір