• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:56:49
+35°

05 Наурыз, 2018 Сегіз өрім

Сансызбай Нұрбаба. Миллиард «құсқан» мықтылар

Жемқорлық бабымен айыпталып, еселеп қаржы құйып құтылғандар соншама ақшаны қайдан алады осы?

Дамыған ел екенімізге бір дәлел осы болар деп топшылаймыз, Қазақстанда жемқорлық бабымен тұтылғандар миллиардтап айыппұл төлеп жатыр. Күні кеше ғана «Қазақстан инжиниринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің сот белгілеген қомақты қаржыны толығымен өтегені хабарланды. Қаржының нақты көлемін айтсақ, екі көзіңіз аспанға шығады: 2 миллиард 139 миллион 500 мың теңге. Дегенмен Сұлтанбеков миллиардтап «құсқандардың» алды емес. Соған қарағанда, соңы да болмайтын шығар.

Өмірбаянына үңілсек, Қанат Сұлтанбеков 1998 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Содан кейін, Стивенсон атындағы Технологиялық институтта және  Фэрли Дикенсон атындағы университетте тәлім алып, техника ғылымдарының кандидаты атанған. Түрлі құрылыс компанияларында басшылық қызметте болған. Оның мемлекеттік қызметке келуі 2004 жылдан басталады. Алдымен Алматы қаласы әкімінің  бақылау-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, екі жылдан соң Алматы қалалық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары департаментінің директоры, Алматы қаласы әкімінің орынбасары сынды лауазымды қызметтердің құлағын ұстап көрді. Алматыдан Астанаға ауысқанда да мәнсабы төмендеген жоқ. Астанадағы Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасын басқарғаннан кейін Астана әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, кейін бұл қызметті президенттің жиен немересі  Нұрәли Әлиевке босатып бергені де есте.

Қанат Сұлтанбеков "Қазақстан инжиринг" басқарма төрағасының орынбасары қызметін екі жыл атқарғаннан кейін, яғни, 2017 жылдың ақпан айында қамауға алынған болатын. Оған «Аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағылып, 10 жылға сотталған. Ресми деректерге қарағанда, ол Астана әкіміне орынбасар болып жүргенде 178 миллион теңге, «Қазақстан инжинирингке» келген соң 286 миллион теңге пара алған. Алайда аппеляциялық сот Қанат Сұлтанбековтің «адамгершілік мінездемесі» мен «отбасылық жағдайын» және өзге қасиеттерін ескере отырып, оған 2 миллиард 139 миллион 500 мың теңге төлеуді міндеттеген еді. Міне, бір жыл шамасында Сұлтанбеков сол қарызын өтеп, қапастан босады.

Мемлекет қоржынына миллиардтап қаржы құйып, жазадан сытылып шыққан тағы бір мықтыңыз – Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов. Естеріңізде болса, ол 2014 жылдың жазында 300 мың доллар пара алды күдікпен ұсталған. Сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы Мұрат Оспановты «коррупциялық қылмыс жасады» деп танып, 11 жылға соттауды сұраған болатын. Жаны мұрнының ұшына келгенде Мұрат Оспанов қарап қалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, кешірім сұрап, «президент артқан сенімді ақтамағанына» қатты өкінетінін ашық білдірді.

Мұның әсері болған-болмағанын кім білсін, әйтеуір сот оны қолхатпен босатып,  1 миллиард 101 миллион 60 мың теңгені мойнына ілген. Бұрынғы төраға қыруар қаржыны соқыр тиынына дейін қалдырмай, төлеп берді.

Жемқорлықпен айыпталып, мемлекетке миллиардтап қаржы құйғандардың қатарында бұрынғы үкімет басшысы Серік Ахметов те бар. Экс-премьер 2015 жылдың соңында «бөтеннің мүлкін иелену және ысырап ету», «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу», «өкілетін асыра пайдалану» баптары бойынша сотталған-ды. Әуелгіде оған оған 10 жыл берілген. Кейін аппеляциялық сот 2 миллиард 255 миллион теңге залалды толық өтегенін, «адал ниетімен өкінетінін» ескеріп, жазасын 8 жылға төмендетті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық Серік Ахметовтің жазасын тағы 1 жыл 7 айға қысқартты. Соңғы сот шешімі қалған 4 жылды бостандығын шектеу жазасымен ауыстырды. Міне, осылайша экс-премьер түрмеде екі жылға жетер-жетпес уақыт қана отырып, еркіндікке шықты.

Айта кетуіміз керек, Серік Ахметовті жұрт кланаралық тартыста тақымға түсіп кеткен серкеге балайды. Өзгелермен салыстырғанда, оның өн-бойынан жеуге, қылғыта жұтуға деген пиғылдың аңдала бермейтіні де рас. Кім біледі, бақталастары арандатса, арандатқан да шығар. Айналасы былығып жатқанда ниеті бұзылып, «асап жіберуі» де мүмкін. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Мүлде басқа мәселе.

Жемқорлық бабымен айыпталып, еселеп қаржы құйып құтылғандар соншама ақшаны қайдан алады осы? Мәселен Қанат Сұлтанбековтің қазынаға аударған ақшасы – 2 миллиард 139 миллион 500 мың теңге. Қарапайым халықтың өңі түгілі түсіне де кірмейтін қаржы ғой бұл! Себебі мұндай қомақты ақшаға Алматы мен Астана секілді қымбат қалалардан 160 пәтер сатып алуға болады екен. Долларға шақсаңыз, 6 миллион 660 мың доллар шыға келеді. Әрі сіз Қанат Сұлтанбековтің әкім немесе төраға емес, ылғи орынбасар болып келе жатқанын ескеріңіз. Сонда талай жыл әкім, заман жылдан бері министр қызметінде жүргендердің «әлдеқандай күн туса» деп сақтаған қанша миллиарды бар?

Иә, миллиардтап «құсуды» бастап берген Мұрат Оспановтың бірден лақ еткізбегенін білеміз. Ол ай сайын «лоқсып», әр «лоқсыған» сайын миллиондап лақтырып отырды. Айталық мамырда 358 миллион, маусымда 75 миллион... Дегенмен мұның өзі сұрапыл ақша емес пе? Оны Мұрат Оспанов қайдан алған?

Серік Ахметовтің «желкесінен шыққан» 2 миллиард 255 миллион теңгені жиыстыруға «туыстары мен достары» жәрдемдескенге ұқсайды. Дұрыс. Азаматтың басына күн туғанда, ағайыншылық жасау парыз. Бірақ сол туған-туыс, дос-жаран кімде жоқ? Елімізде баспанасын кепілге қойып, кейін қарызын жаба алмай далада қалғандар аз ба? Олардың достары мен жанашырлары жоқ деп кім айта алады?

Қысқасы, шенді-шекпенділердің «миллиардтап құсу» әдеті – билік пен халықтың әлеуметтік деңгейі тым алшақтап кеткенін әйгілейтін бір белгі. Бұл белгіні кім қалай түсінеді, кім қалай ұғынады? Мәселе осында болса керек. Бір анық дүние, заман өзгергенде мұндай оқиғалар мүлде басқаша тәпсірленеді. Сол кезде миллиардтап «құсқандарға» ғана емес, оларға миығынан қарап күлгендерге де, қанша жұтса да, түк болмағандай аман-есен жүргендерге де, бәрі-бәріне халық тарапынан шынайы баға берілетін болады. Оған күмәніңіз болмасын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір