• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:02:41
Алматы
+35°

26 Наурыз, 2018 Ұлы көш

«Жебеу» бірлестігі Қытайдағы қазақ мәселесін Қытай елшілігінде көтерді

Қытайдағы этникалық қазақтар құжаттық және саяси қысым көріп отыр

2018 жылы 20 наурыз күні  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы, Жебеудің кеңес мүшесі Рахым Aйыпұлы, кеңес мүшелері Жеңіс Әмірбекұлы, Сәулен Тоққазыұлы Астана қаласында ҚХР-ның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжаң Ханьхуэй мырзаның  қабылдауында болған, деп жазады Qamshy.kz ұйым сайтындағы ақпаратқа сүйеніп.

Қытай елшілігінің қызметкерлері «Жебеу» бірлестігіне Наурыз мерекесіне құттықтау айтып, дәстүрлі дипломатиялық диалогтан кейін сәуірде ШҰАР-ға елшіліктің делегациясы баратындығын айқан. ШҰАР-дағы қалыптасқан жағдай бойынша бөлініп-жарылған отбасылардың талап-тілектерін Астанадағы елшілік пен Алматыдағы бас консулдыққа жолдауын ескерткен.

Айта кетсек, ҚХР-ның Алматыдағы бас консулдығы қазақтың дәстүрлі Наурыз мерекесіне арнап Жамбыл атындағы филармонияда сауық кеш өткізген.  Сайттағы ақпаратта «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңес мүшелері кешке қатыспаған. Керісінше бас консулдыққа арнайы хат жазып, ШҰАР-да орын алып жатқан екі елдің достық қарым-қатынасына сызат түсіретін  заңсыздықтар мен келеңсіздіктерді атап өткен.

ҚХР-ның Алматыдағы бас консулы Чжань вэйге 9 наурызда жіберілген «Жебеу» бірлестігінің хатында «Бірлестігіміз екі ел қарым-қатынасын ойдағыдай ескеріп, кезінде консулдықтарығызға, және сіздер арқылы ШҰАР үкіметіне аталған мәселелерге жолыққан кісілердің арыз-шағымдарын нақты дәлелмен жеткізген болатынбыз. Алайда, өткен жылдың соңғы жарымынан бері қарай нақты немесе қанағаттанарлық жауап ала алмай отырмыз. Жасы ұлғайған науқас зейнеткерлердің ШҰАР-да қамқоршысыз қалып қоюы, ата-анасы келе алмаған балалардың Қазақстанда тірі жетімнің күйін кешуі, оны десеңіз, Қазақстан азаматтығын алған кісілердің ешқандай себеп-сылтаусыз “саяси үйрену орталықтарына” жіберілуі сияқты адам санасына кірмейтін жәйттер шаш етектен. Биыл жыл басталғалы бұл әңгіме саябырсығанның орнына, өршіп алды. Қыстық каникулға кеткен оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қайтып келе алмағандықтан, оқуларын тастауға мәжбүр болды.

Біздің бірлестігіміз Қазақстандағы оралмандардың құқық-мүддесін қорғауда өзіндік орыны бар, сондай-ақ, сіздермен селбесіп жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйым. Сондықтан да, оралман қауымы, тіпті, Қазақстан қоғамы бізге үміт артып отыр, сіздер арқылы аталған мәселелерді шешіп береді, немесе сұрақтарымызға толыққанды жауап береді деп күтеді. Шарасыздық бізді ырықсыз жағдайға итермелеп отыр. Өткен айда сіздердің бастамаларыңызға селбесіп, біраз оралман азаматтарды Алматыдағы Қытайдың ескі жаңа жыл кешіне қатысуға ұйыстырған едік. Осыған түсінбеушілік білдіріп жатқандар бар: “Соншама қандастарымыз ШҰАР-да заңсыз қыспаққа түсіп, қиналып жатқанда, сол елдің консулдығы ұйымдастырған мерекелік шараға қатысу ақылға сыймайды, тіпті сатқындық” деп бағалап, Жебеу бірлестігі “консулдық арқылы ештеңені шеше алмаса, кім үшін істейтін ұйым?” деп сұрақ қоюда. Міне бұл біздің бірлестігімізге қоғамда теріс пікір қалыптастырып отыр. Бірлестік жағынан сізге жазған хаттар мен арыздарымызға жауап ала алмай отырмыз», делінген.

Хат жазғанның ертесі консулдық істер бөлімінің  басшысы Ду Чжян ханым бірлестік төрағасы Омарәлі Әділбекке телефон шалып бас консулдықтың бұл мәселеге айырықша назар аударып отырғанын, бірлестік кеңес мүшелерін 11 наурызда бас консулдыққа ашық диалогқа шақырған. «Жебеу» жиналысты өз кеңсесінде өткізуді әрі бас консулдың өзінің қатысуын талап еткен. Наурыздың 11 күні сағат 11:00-де бас консулдың орынбасары Мияо Хоньбо мырза, консулдық істері бөлімінің басшысы Ду Чжян ханым және сол бөлімнің қызметкері Хай Ла ханым «Жебеу» кеңсесіне барып, бірлестіктің кеңес мүшелерімен қалыптасқан мәселелер жөнінде пікірталас өткізген.

Омарәлі Әділбекұлы «ШҰАР-да қалыптасқан күрделі жағдай барлық азаматтарды алаңдатып отыр. Біз былтыр жыл басынан бастап сіздерге, Астанадағы елшілікке, Қытайдағы қатысты мекемелерге көптеген хат жаздық. Кей мәселелер шешілді, кей сұрақтарға жауап келді. Енді емін-еркін пікір алмасып, қалыптасқан мәселелердің дұрыс шешілуіне түрткі болсақ деймін» деп бастаған әңгімесін.  

Жауабында Мияо Хоньбо: «Сіздер жіберген хаттарды, арыз шағымдарды тиісті орындарға жібердік. Біз тек ұсыныс бере аламыз, күштік құрылымдар мен атқарушы органның билігіне араласа алмаймыз. Ал жауап хаттың кешігуіне келсек, Бейжіңде екі құрылтай ашылып, үкіметте өзгеріс болып жатыр. Конституцияда өзгерістер енгізілді. Ал ШҰАР-дың жағдайын менен жақсы білесіздер, мемлекеттік құрылымдағы кадрлердің 1/3-і қызметінен төмендетілген. Осыдан көптеген жұмыстар ақсап жатыр. Сіздер қоғамдық ұйым ретінде қандастарыңыздың заңды құқын қорғау жолында міндеттеріңізді дұрыс атқардыңыздар. Біз де дипломатиялық жұмысымызды тиісінше атқарып жатырмыз. Енді сабыр керек, әр істің шешімі болады деп үміттенеміз. ҚР азаматтарының Қытайға барып ұсталып қалуы сол азаматтың ҚР азаматтығын алудан бұрын ҚХР азаматтығынан шығу туралы тиісті ережелерді бұзған болуы мүмкін, сондықтан осы жәйттерді анықтау үшін уақытша қалдырылып отырған болуы керек деп ойлаймын. ҚХР-ның азаматтығы туралы заңының 3 бап 9 тармағында шетел азаматтығын қабылдаған кісілердің ҚХР азаматтығы сол сәттен автоматты түрде жойылады дегенмен осы заңның 12 бабында  әскери адамдар мен мемлекеттік қызметкерлер үкіметтің рұхсатынсыз шетелдің азаматтығын алуға болмайды делінген. Ол азаматтар осы талапты орындамаған болса керек», - дей келе, Қытайдағы мемлекеттік қызметте болғандардың ҚР ықтиярхатының алынуын заңсыздық әрі жергілікті атқарушы органдардың асыра сілтеуі деп бағалаған.

Рахым Айыпұлының: «Зейнетке шыққан адамдар осы санатқа кіре ме?»,- деген сұрағына Мияо Хоньбо: «бұл жөнінде талас бар. Біреулер кіреді дейді, біреулер кірмейді дейді», - деп нақты жауап бере алмаған.

Әңгіме барысында Қазақстан азаматтарының Қытайда қамалуы мен ондағы этникалық қазақтардың құжаттық және бюрократиялық қысым көріп отырғанының бір себебі ретінде Қытайда қазір жүріп жатқан биліктегі өзгерістер мен саяси реформа екені айтылған. Әрі Қытай консулдығының өкілдері кез келген азаматтың талап-тілектерін қабылдауға дайын екенін, екі ел арасындағы байланыстың барлық бағытта жақсара түсуіне мүдделі екенін жеткізген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір