• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 22:42:53
Алматы
+12°

29 Наурыз, 2018

Алматыдағы сұмдық: танымал әншіні не үшін өлтірді?

Дегеніне жеткен соң марқұмдардың денесін терең шұңқыр қазып, аулаға көмеді.

Анна Шейдер! Бұл есім тыңдармандарға 2000-шы жылдардың басында танылды. Теміртаудың түлегі «Суперстар кз» жобасында жарқырай көрінген. 2007 жылы ол Голливудқа аттанды. Сахнадағы 1 минутқа жетер-жетпес уақытта көрсеткен өнері оған 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен қоса, Голливуд продюсерімен келісім-шартқа отыруға мүмкіндік әперді.

 

Дарынды жастың табиғи талантын әріптестері де мойындады. Өйткені Анна Шейдер күміс көмей әнші ғана емес. Оның бойында өнер атаулының сан түрі тоғысып жататын. Аннаның арманы көп еді. Ол үнемі ізденумен болды. Дарынын шыңдап, биік белестерді бағындыруды көздеді. Алайда өмір ағысы күтпеген жерден мүлде басқа арнаға аунап түсті. Жақындары мен достары 2008 жылдың 2-інші қыркүйегінде Анна Шейдер мен оның продюсері, белгілі кәсіпкер Георгий Барминнен көз жазып қалды.

Бұл қылмыстық оқиға қалай болып еді? Қандықол қарақшылар қандай себеппен екі адамның өмірін қиды? Бұл сауал осыдан 10 жыл бұрын Алматы тергеушілерінің де түн ұйқысын төрт бөлген. Бірақ қылмысты ашу оңай болған жоқ. Өйткені ықтимал деген нұсқалардың саны сексеннен асып түсті.  Әр нұсқа бүге-шігесіне дейін зерттелді. Оның ішінде Георгий Барминның бизнесіне және шоу-бизнеске қатысы болуы мүмкін деген нұсқалар да қарастырылды. Анна Шейдер ресейлік шоу-бизнес өкілдерімен де байланыста болған. Екі арада хаттар алмасылған. Ақша аударымдары жасалған. Бұл нұсқа да зерттелді. Бірақ ешбірі нәтиже берген жоқ.

 

Бармин

Георгий Бармин

2000 жылдары аса табысты кәсіпкер ретінде танылған Георгий Бармин қазақстандықтарға «Зеркало» газетінің құрылтайшысы, «Сарырқа жұлдыздары» фестивальінің жетекшісі ретінде де белгілі еді. Оның Аннамен таныстығы да осы фестивальден басталды. Георгий Бармин 2003 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты да болған. Ал қылмыс орын алар күні, яғни, 2008 жылдың 2-інші қыркүйегінде ол Теміртаудан Алматыға ұшып келген. Өзара келісім бойынша, әнші продюсерін әуежайдан күтіп алуы тиіс еді.

Анна Шейдер мен Георгий Барминнің із-түссіз кеткені туралы хабарлама оның туыстары тарапынан Алматы ҚІІБ-на тек қыркүйектің 13-і күні ғана түскен. Із кесу жұмыстары осыдан кейін ғана басталып, 4 айға созылды. Мұның себебін тергеушілер қылмыскерлердің асқан дайындығымен және әсіре сақтығымен түсіндіреді. Мәселен ол кезде ұялы телефондағы байланыстарды тексеру арқылы қандай да бір қылмысты ашу мүмкін болмаған екен. Ал қылмыскерлер өздері құрған жоспарды жүзеге асыру мақсаты үшін sim-картасымен қоса 4 жаңа телефон сатып алады. Алдағы жоспарлары туралы тек осы телефондар арқылы ғана сөйлескен.  Және осы телефондармен байланысқанда негізгі телефондарын үйлерінде қалдырып кетіп отырған.

Дегенмен полицейлерге мынадай жағдай белгілі болды: қыркүйектің 3-і күні Георгий Бармин баласы Юраға хабарласып, 500 мың АҚШ доллары қажет болғанын айтады. Бұл қаржыны шұғыл Алматыға жеткізіп, Андрей есімді адамға беруді өтінген. Ал келесі күні тағы 90 млн. теңге сұрап, баласына телефон соққан. Юра Бармин оны да Андрейдің қолына ұстатады. Алайда ол әкесінің дауысын осыдан кейін ести алмаған.

Қылмыстық іс деректеріне қарағанда, бірер күннің ішінде-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ кәсіпкердің ұлынан 3 млн. долларға жуық қаржы алып үлгерген. Бірақ оларға мұның өзі аз көрінді. Көп кешікпей, қылмыскерлердің бірі марқұм Георгий Барминнің атынан тағы да байланысқа шығып, Юрадан ақша сұраған.

Бұл жіптің ұшын ұстағанмен тең еді. Алайда электрондық почтамен байланысқан адамның кім екенін анықтау қиынға соқты. Қылмыскер үнемі әртүрлі компьютерлік клубтардан ғана хабарлама жіберіп отырған. Ал сұраған қаржысы дайын болғанда, тағы да хабарсыз кетіп, тек желтоқсанның 4-і күні байланысқа шыққан. Міне, дәл осы күні Андрей ұсталды. Оның шын аты-жөні Анатолий Афиногенов болып шықты.

 Смерть Анны Шейдер

Дмитрий Костицин

Бірінші және екінші кездесуде де ақшаны осы Афиногенов алған. Бірақ ол Бармин мен Шейдерге қатысты қылмыстан мүлде хабарсыз еді. Оның  міндеті  Барминнің баласынан алған  ақшаны қанқұйлы қылмыстың ұйымдастырушысы Дмитрий Костицинге жеткізу ғана болған. Ол бұл ақшаның қайдан және қандай жолмен келіп жатқанын білмеген. Тек келісілген уақытта барып, алғанын жеткізіп беріп отырған. Осы қызметі үшін біріншісінде 10 мың доллар, екіншісінде 14,5 мың доллар сыйақы алған.

Қылмыскерлердің құрықталуына ілік болған бір қызықты дерек мынау: қылмыстық топтың көсемі арам жолмен түскен олжаны серіктерімен тең бөліскен. Барлығы да аяқ астынан байып шыға келген. Дегенмен қулығына құрық бойламайтын Костицин белгілі бір уақыт өткенше ешкімнің құнды зат (көлік, пәтер т.б) сатып алуына болмайтынын қатаң ескерткен. Сөйткен, адамның өзі басты талаптан жаңылды. Оған себепкер – сол баяғы арам ақша. Дмитрий Костицин серіктеріне білдірмей, кәсіпкердің ұлымен тағы бір мәрте сөйлесіп көруге бекінеді. Өзін «әкеңнің досымын» деп таныстырған Костицин: «Бізде бәрі керемет! Әкең екеуміз теңізде демалып жатырмыз. Кеше біраз ішімдік ішіп едік, соныкі шығар, әкең ұйықтап жатыр. Саған Алматыға ақша жөнелтсін деп еді» дейді.

Ал Георгий Бармин ешқашан арақ ішпеген адам екен. Сондықтан да баласы бірден көңіліне күдік алған. Міне, Афиногеновтің ұсталуына нақ осы әңгіме себепкер. Осылайша, серіктерінен жасырып, тағы бір мәрте байып қалғысы келген Дмитрий Костицин бүкіл топтың ұсталуына мүмкіндік жасап берді.

Өкінішке қарай, әнші де, оның продюсері де әлдеқашан көз жұмған болатын.

 Смерть Анны Шейдер

Сергей Кабринский

Енді оқиғаның қалай өрбігеніне келейік. Дмитрий Костицин адам ұрлап, ақша бопсалау жөніндегі жоспарын көктемнен бастап ойластырған. Оның тапсырмасы бойынша серіктерінің бірі Сергей Кабринский Жансүгіров көшесіндегі жер үйлердің бірін шілде айында жалға алады. Өйткені үйде қожайынның тұрмауы, айналасы биік дуалмен қоршалғаны және ауласының кең болуы Костицин қойған талапқа сай келген. Ал неліктен қанды қылмыстың құрбаны Алматыдан емес, Теміртаудан таңдалды?

Қылмыстық іс деректеріне қарағанда, Костициннің әкесінің үлкен құрылыс компаниясы болған. Осы компания Барминнің компаниясы алған құрылыс нысанына мердігер ретінде жұмыс істеуге ұмтылған. Бірақ арада ешқандай келісім жасалмаған. Дегенмен олар Барминнің ірі кәсіпкер екенін, оның компаниясының жылдық кірісі 100 миллион долларға дейін жететінін өте жақсы білді.

 Смерть Анны Шейдер

Арлан Әбекенов

Қыркүйектің 2-сі күні Анна Шейдер продюсерін әуежайдан күтіп алу үшін оның жүргізуші Арлан Әбекеновтің көлігіне мінген.  Алайда әуежайға барар бағыты Физули көшесіне келгенде өзгеріп, көлік басқа даңғылға түскен. Бірақ бейкүна бойжеткен көңіліне еш күдік алмаған. Тек автокөлік әлдебір үйдің ауласына кіргенде ғана жандәрмен сыртқа ұмтылған екен. Өкінішке қарай, бәрі кеш еді.

Сәлден соң бұл үйдің жертөлесіне кәсіпкер де жеткізіледі. Ал мұның барлығы Георгий Барминнің жүргізушісі Арлан Әбекеновтің қатысуымен жүзеге асқан. Тіпті оның жұмысқа орналасуының өзі қылмыстық жоспардың сценарийінде бар еді. Айталық, Әбекеновтің Барминнің компаниясына келуін Кабринский ұйымдастырған. Ол мұны таныстары арқылы жүзеге асырған. Және Әбекенов жай ғана жүргізуші емес, бас директордың көмекшісі қызметін қоса атқарған екен.

Қылмыскерлер әнші мен кәсіпкерді үйдің жертөлесіне түсіріп, байлап тастайды. Сосын ұрып-соғып, қорқытып-үркітудің сан түрін қолданады. Қатігездікпен қорлаудың күшті болғаны сонша, қалталы кәсіпкер 2 күннің ішінде-ақ баласы арқылы қылмыскерлерге 3 млн. доллар ақша беруге мәжбүр болған. Бірақ қомақты қаржы оның өмірін сақтап қала алмады.

Әу бастағы қылмыскерлердің жоспарында Аннаны өлтіру туралы ой болмаған. Алайда олар әнші үшін кәсіпкердің кез-келген сомадағы ақшаны төлеуге дайын екенін сезетін. Сондықтан Георгий Барминді қалай да қолға түсіру үшін олар алдымен Аннаны ұрлап әкетуді жөн көрсе керек. Ал кейін қылмыстың ізін жасыру мәселесі алдыңғы орынға шыққанда олар артына тірі куәгер қалдырғысы келмеген.

 Смерть Анны Шейдер

Дегеніне жеткен соң марқұмдардың денесін терең шұңқыр қазып, аулаға көмеді. Күдік тумас үшін үстіне жаңа дәретхана әкеліп қояды. Бұл қыркүйектің төртінен бесіне қараған түні болған сұмдық оқиға. Дегенмен олардың қанды қылмысты жасырмақ болған пиғылдары жүзеге аспады.

Смерть Анны Шейдер

«Дәніккеннен құныққан жаман» деген, қарақшылар өздері қазған орға өздері түсті. Олардың бәріне ауыр жаза тағайындалды. Арлан Әбекенов 18 жылға сотталса, қылмыстың басты ұйымдастырушылары Дмитрий Костицин мен Сергей Кабринский 25 жылға бас бастандығынан айрылды.

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір