• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Мамыр, 20:47:09
Алматы
+35°

25 Ақпан, 2015 Алаш-Орда

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне 

Қазақ халқының ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығының тарихын зерттеген екі жүз жылдық кезеңде тарих ғылымы недәуір жетістіктерге жетті. Осыған қарамастан оның тарихында әлі де үстірт қарастырылған немесе мүлдем зерттелмеген мәселелер аз емес. Соның бірі – Қазақ хандығының Сефевидтер немесе ортағасырлық еңбектерде айтылғандай,ŽҚызылбастар мемлекетімен қарым-қатынасы. Аталған мәселе Отандық тарихнамада 2002 жылға дейін қарастырылмаған деуге болады. Қазақ халқының тарихында сефевидтік (қызылбастық) фактор недәуір із қалдырды. Бұл орайда қазақ ауыз әдебиетінде қызылбастармен байланысты эпикалық жырлардың барын еске алсақ та жетеді. Мәселен, бас кейіпкері қызылбастармен соғысатын «Қобыланды батыр» жырын айтуға болады. Бұл мақалада белгілі тарихи деректердің негізінде Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің қарым-қатынасы мәселесін қарастыруға әрекет етіледі. Тарихи әдебиеттерде Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекеті арасындағы алғашқы тікелей байланыс XVІ-XVІІ ғғ. немесе тіпті XVІІІ ғ. орын алған деген пікір қалыптасқан. Алайда, ортағасырлық тарихи еңбектерде бұл мемлекеттердің алғашқы қарым-қатынасы XVІ ғ. бас кезіне сәйкес келетіні туралы деректер бар. Ондай мәліметтер «Алам ара-йи Сефеви» (Әлемді арайландырушы Сефевидтер [әулеті тарихы]) атты авторы белгісіз шығармада кездеседі. Қазақ-қызылбас қарым-қатынасы туралы мәліметтер төл тарихнамада тұңғыш рет келтіріліп отырғандықтан, ең әуелі осы еңбек туралы бірер сөз айту қажет. Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің шығыс қолжазбалары қоймаларында «Алам ара-йи Сефеви» нұсқалары әзірге кездескен жоқ. Шетелдерде бұл еңбектің қолжазбасының әртүрлі атпен белгілі бірнеше нұсқасы бар. Бізге жеткен шығарма қолжазбаларының ең ерте нұсқаларының бірі «Тарих-и шах Исмаил» деп аталады (21 миниатюрасы бар 307 парақ). Ол Ұлыбританияда сақтаулы [3]. 1971 ж. «Алам ара-йи Сефеви» шығармасы иран зерттеушісі Я. Шокри тарапынан екі нұсқа негізінде жарияланды. Сол жылы Тегеранда осы шығарманың басқа нұсқасын М. Сахеб «Алам ара-йи шах Исмаил» деген атпен жарыққа шығарды. Аталған шығарма О. Экаевтың [4] арнайы еңбегінде зерттеліп, оның кей бөліктері орыс тіліне аударылды. Шығарма туралы мәліметтерді ағылшын шығыстанушылары Д. Росс [5] пен Ч.А. Сторидің [6] еңбектерінен кездестіруге болады. Оның мағлұматтарын И.П. Петрушевский [7], О. Эфендиев [8], Ш.Ф. Фарзалиев [9], Д.Ю. Юсуповалар [10] өз зерттеулерінде пайдаланды. Қазақстан шығыстанушыларының ішінен тек М.Қ. Әбусейітова ғана бұл еңбектің мағлұматтарын «XVІ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеу ісінде недәуір маңызы бар» деп көрсетті [11]. Ч.А. Стори аталған еңбектің алғашқы қолжазбасы 1675-1676 жж. қайтадан өңделген деп жазады [12]. О. Экаев «Тарих-и шах Исмаил» және «Алам ара-йи Сефеви» мәтіндерін салыстыра келіп, XVІІ ғ. редакторы «тұпнұсқаның тілін жатық қылды және кейбір тұстарын бірқатар құнды деректермен толықтырды. Ол «Тарих-и шах Исмаилдың» жекеленген, үстірт мазмұндалған тұстарын нақтылады, артығын алып тастады, сондай-ақ ондағы оқиғаларды айқынырақ және толығырақ сипаттады» [13] деген тоқтамға келеді. Дәл сол кезде шығармаға қазақтарға қатысты мәліметтер енгізілген деген болжау жасауға болар еді. Алайда, еңбек авторы келтірген айғақтық деректер бұл болжамды жоққа шығарады. Оның үстіне «Алам ара-йи Сефевиде» келтірілген қазақтар туралы мәліметтер XVІІ ғ. редакторы өңдемеген «Тарих-и шах Исмаил» шығармасында кездеседі [14]. Сондықтан «Алам ара-йи Сефевиде» сипатталған оқиғалардың шынайылығына күмән келтіруге болмайды. Бұл еңбекті О. Эфендиев XVІ ғ. Әзірбайжан тарихы жөніндегі зерттеуінде пайдаланған. Ол шығарма «1540-1548 жж. аралығында жазылған» деген ойда [15]. Зерттеуші оны Сефевид шахы І Исмаилдың билігі туралы баяндалған «Футухат-и шахи», «Хабиб ас-сияр» сынды басқа белгілі шығармалармен салыстыра отырып, «аталмыш шығарма І Исмаил шахтың билігі, XVІ ғ. алғашқы ширегіндегіӘзірбайжандағы және онымен шекаралас елдердегі Сефевид мемлекетінің қалыптасу тарихы жөніндегі мейілінше толық, нақты және жан-жақты баяндау болып табылады» [16] деген қорытындыға келеді. О. Эфендиев аталған еңбектің авторы Исмаил шахтың алғашқы жорықтарына қатысқан деген ой айтады. Д. Росс [17] пен Д.Ю. Юсупованың [18] пікірінше, «Тарих-и шах Исмаилдың» авторы еңбекті жазғанда Гияс ад-Дин Хондамирдің «Хабиб ас-сияр» шығармасын пайдаланған. Алайда, ағылшын шығыстанушысы «Тарих-и шах Исмаил» және «Хабиб ас-сиярдың» мәліметтерін салыстыра келіп, алғашқы шығарманы озық деп бағалайды [19]. Ш.Ф. Фарзалиев бұл еңбектің кейбір мәліметтерін «Ахсан ат-тауарихтың» [20] авторы Хасан бек Румлу пайдаланған деген ойда. Бұл еңбектің мәліметтері біздің тақырыбымызға қатысты болғандықтан, оған төменде арнайы тоқталамыз. Енді «Алам ара-и Сефевидегі» қазақ-қызылбас қарым-қатынастары туралы нақты мәліметтерге келейік. Сонымен, шығармада айтылғандай, Сефевидтер мен олардың одақтасы Әмір Темір ұрпақтарынан ойсырай жеңілген соң, Шибандықтар [21] хижраның 919, яғни, 1513/14 жж. қазақтың бас ханы Қасымға сефевидтермен бірлесіп соғысу жөнінде ұсыныс жасады. Өзінің Түркістандағы иелігіне қауіп төніп тұрғандықтан [22],Žқазақ ханы олардың ұсынысын қабылдады. Қасым ханның бұйрығы бойынша, қалың қол жиылып, сефевидтерге қарсы аттанды. Әскерді басқару Қасым ханның ұлы Әбілқайыр ханға жүктелді. Бұл – өте құнды мәлімет. Өйткені, Қасым ханның Әбілқайыр есімді ұлы бұған дейін бізге белгілі болған бірде-бір тарихи шығармаларда кездеспеген. Оның есімін XV-XVІІ ғғ. қазақ хандығының билеушілері тарихын арнайы зерттеген Т.И. Сұлтановта атамайды [23]. Алайда, бұған қарап Қасым ханның Әбілқайыр атты ұлы болған жоқ деп санауға болмайды. Жоғарыда көрсетілгендей, «Алам ара-йи Сефеви» – мейілінші сенімді тарихи дерек және оның мағлұматына күмән келтіру қисынсыз. Қазақтың қалың қолына өзбек билеушісі Шибандықтардың әскері қосылады. Қазақ-өзбек бірлескен әскерінің жалпы санын автор 160 мың адам деп көрсетеді. Әскер санының асыра айтылуы да әбден мүмкін. Бірақ сол кез үшін мейлінше үлкен әскер жиналғаны анық. Бұл әскер Жейхуннан (Әмудариядан) өтіп, сап түзейді. Жалпы басшылықты міндетіне алған Әбілқайыр хан әскери кеңес өткізеді. Онда Исмаил шахқа елші жіберу қажет, қажет еместігі мәселесі талқыланады. Ақыр аяғында Әбілқайырдың шешімімен Сефевидтерге елші жөнелтіледі. Оған келесі мәтіндегі хат беріледі: «Шах Исмаил-баһадүр ханға Дештінің падишахы Қасым ханның ұлы – көргенді сұлтанның келіп тұрғанын мәлім етеміз. Сіз өз иелігіңіздің шекарасынан тысқары шығып, ерлігіңізді байқаттыңыз. Сіз осымен сан мәрте Ұлы хан (Қасым хан – Н.А.) тағайындағандарды [адамдарды] Түркістаннан қудыңыз. Хан мені сізді ұстауға жіберді, ал өзім ержүрек жандарды сыйлайтындықтан, әкемнің сізді аяғыңызды көктен келтіріп асып қойғанын қаламаймын. Сіз де [өзіңіздің] өмірді бағалайсыз және [сондықтан осы] өлкені босатыңыз, оны [өзбек хандарына] қайтарыңыз. Ал өзіңіз Иранға қайтыңыз, өйтпеген жағдайда қара аспаныңызды суға, қара орманыңызды өртке алдырамыз. Өзіңнің жас ғұмырыңды ая, мағынасыз құрбандықтан бас тарт. Менің айтарым – осы. Ал басқасын [бұдан әрі не істеуді] өзің біл». Жауап хатында Сефевид билеушісі былай жазды: «Егер ханзада Шыңғыс хан әулетінің Түркістандағы билігін соғыстың көмегімен жалғастырғысы және қарудың күшімен қан төккісі келсе, мен бұл күшке қарсы [мені қорғауға] хақ жолындағы мұсылмандардың киелі әмірі, Хейберды бас идіруші Хайдар Әли бин Әбу Тәліпті, оған Алланың нұры жаусын, көмекке шақырамын. Біздің жауабымыз – шайқас». Мұндай жауап алған Әбілқайыр хан шайқасқа дайындалуға бұйрық берді. Күн шыға шайқас басталды. Қазақ әскерінің оң қанатын Мейрам аталық, сол қанатын Сары Әділ, ал ортаны Әбілқайырдың өзі басқарды. Мұхаммед Шайбани ханның ұлы Мұхаммед Темір сұлтанның Самарқанд әскері сол қанаттың тылына орналасты. Ал тағы бір ықпалды ШибандықҰбайдоллах хан Әбілқайырдың рұқсатымен барлық әскердің желке тұсына орнықты. Қарсыластардың арасында кескілескен шайқас өтіп, Сефевид әскері жеңіске жетті. Мейрам аталық пен Әбілқайыр хан бастаған бірнеше қазақ қолбасшысы қаза тапты. Түпнұсқада Әбілқайыр хан (оны шығарма авторы хас батыр деп көрсетеді) Исмаил шахтың өзінің қолынан ажал тапты деп жазады. Ол қазақ ханын өлтірген соң, басын кесіп алып, найзаның ұшына шаншуға бұйрық береді. «Дештінің әскері жеңіліп, шатырларын, мүліктерін, дабылдарын және басқа бұйымдарын тастап, Жейхун өзеніне қарай тұра қашты» деп жазады автор. Алайда, барлығы бірдей өзеннен өте алмады. Ұбайдоллах ханның адамдары барлық қолдың өтуін күтпей, салдарын жиып алады. Әбілқайырдың 30 мың әскері арғы жағада қала береді. Олардың көпшілігі сефевидтердің қолына түседі. Шайқастан соң Шибандықтар Орта Азиядағы ықпалды діндар Әбді әр-Рахим Нақышбанди қожаның ара ағайындығымен Исмаил-шахпен бейбіт келісімге келді [24]. «Алам ара-йи Сефеви» авторының бұл шайқасқа Шибандық Мұхаммед Темір сұлтанның қатысқанын көрсетуі себепті шайқастың уақытын 1513 күзі, немесе 1514 жылдың қысы мен көктемнің басы деп белгілеуге негіз бар. Өйткені, тарихи шығармалардың деректеріне және шайбандық эпиграфикаға сәйкес ол 1514 жылдың 17 наурызында Дешті Қыпшақтағы Хутталан облысында қаза тапқан [25]. Әзірге Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің қарым-қатынастары туралы тарихи деректердегі алғашқы әйгілі мәліметі осы. Бұл арада мынаны айтқан жөн. КСРО кезінде Әзірбайжан құрамында Қазақ ауданы және осы аттас қала болды. Бұл жердің тұрғындары батыс әзірбайжан тілінің айрықша қазақ диалектісінде сөйлейді және кілем тоқудың асқан шеберлігімен даңқы шыққан. «Қазақ өлкесі өз атауын XVІ ғасырда қазақ, басқаша айтқанда қазақлу немесе қазақлар («қазақтар») деген атпен кездесетін шағын қызылбас тайпасынан алған» – деп көрсетеді зерттеушілер Э. Хуршудян мен Д. Мұқанова [26]. И.П. Петрушевскийдің пікірінше, бұл тайпа қызылбастардың құрамына XV ғ. соңы мен XVІ ғ. басында кірген [27]. Егер бұған дейін тарихи деректерде қызылбастардың арасындағы қазақлу тайпасы кездеспегенін ескерсек, оның негізін 1513/14 жылғы шайқаста Сефевидтердің қолына тұтқынға түскен отыз мың қазақ құруы мүмкін деген болжау айтуға болады. Сефевидтер мемлекетінің орталығына көшірілген бұл қауым бірте-бірте қызылбас тайпаларының біріне айналуы (тілдері де ортақ – түркі тілі еді), бірақ өз атауын сақтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар Сефевидтер тарихында бұрын да кездескен. Мәселен, қызылбастардың румлу және шамлу тайпаларының шығу тегі туралы И.П. Петрушевский былай дейді: «Жартылай аңыздық тәмсілдерге сенсек, румлу және шамлу тайпалары Кіші Азиядан (Рум) және Сириядан (Шам) қолға түскен тұтқындардан шыққан. Оларды Анкарадағы (1402) шайқастан соң Темір әкетіп, сефевидтердің шейхы Қожа Әлиге берген және соңғысы Әзірбайжанға қоныстандырған» [28]. «Алам ара-йи Сефеви» мағлұматтары мен фольклор деректерін салыстыра зерттеген қызық. «Алам ара-йи Сефевиде» сипатталған оқиғалар қазақ эпостарында қызылбастармен шайқас түрінде көрініс тапқан тәрізді. Бұған «Қобыланды батыр» [29] жыры айғақ. Оның бас кейіпкері Тоқтарбайдың баласы Қобыланды қызылбастармен шайқасады [30]. Бірнеше мысал келтірейік. 1. «Қобыланды батыр» жырында Қобыланды батырдыңŽҚарақыпшақ руынан екендігі, қазақтың құрамына кіретіндігі айтылады. Қобыланды батыр сынаққа келгенде Көктім Аймақ «Қазақтың ері келді» дейді [31]. Жырдың келесі бір тұсында Қобыланды былай дейді: «Қазақ көппін дегенде, Көппін деп айтар тілім жоқ» [32]. Осы арқылы ол өзінің қазақ екенін айтып тұр. 2. Жырда Қобыланды батыр қызылбастармен шайқасады және өзі хақ мұсылман ретінде кәпірлердің билеушісі Қазанға қарсы шығады. Бұл көптеген зерттеушілерді тығырыққа тіреді. Өйткені, Таяу Шығыс және Орталық Азия халықтары исламды қазіргі қазақ даласындағы тұрғындардан ерте қабылдағаны белгілі. Бұған мынадай түсіндірме беруге болады. Сефевидтік билік орнаған соң, Иран исламның шейіттік бағыты бекіген мемлекетке айналды және Исмаил шах билеген жылдар сүннидтерді аяусыз қудалауымен ерекшеленеді. Бұл туралы түркімен зерттеушісі О.К. Атаев былай дейді: «Сефевидтер билігі кезінде сүннидтерге деген қатыгез саясат орнықты. Ол «Сүннидті көрсең, өлтір» деген сөз тіркесінде көрініс тапты» [33]. Фанатизмге берілген шейіттер сүннидтерді басқа діндегілер деп санап, олармен соғысты «дін жолындағы киелі соғыс» [34] деп атады дейді Н.Д. Миклухо-Маклай. Шейіттерге Мәуреннахрдың [35] және ДештіŽҚыпшақтың сүннид тұрғындары да осылай қараған. 3. Жырда ноғайлар (ноғайлы) мен қыпшақтардың яғни, ноғайлар мен қазақтардың одағы туралы айтылады. Қасым хан билігі кезінде қазақтар мен ноғайлардың одақ жасағанын жазба деректер де растайды. Мәселен, Т.И. Сұлтанов Махмұд б. Әмір Уәлидің мәліметін келтіреді. Онда XVІ ғ. басында Қасым хан ноғайлардың (маңғыттардың) көмегі мен қолдауына сүйенгені айтылады [36]. XVІ ғ. жазылған «Зүбдат әл асрардың» авторы Абдаллах Балхи 1513 жылы Шибандық Сүйінші Қожа ханға қарсы аттанғанда, Қасым ханның әскері қазақтар мен ноғайлардан (маңғыттардан) құралғанын мәлімдейді [37]. Бұдан әріректегі Шибандық еңбектердің мәлімдеуінше, қазақтар мен ноғайлардың (барлық емес, бір бөлігі) одағы XV ғ. аяғында құрылған [38]. 4. Жырдың кейіпкерлерінің біріŽҚараман батыр «Атадан ер болып туғасын, ноғайлының жеріне қызылбастарды қондырып қоюымыз сүйекке таңба есес пе?» [39] дейді. 1510 ж. өзбек билеушісі Мұхаммед Шайбани хан өлген соң Исмаил шах түркімен тайпалары қоныстанған Каспий мен Арал теңіздерінің арасындағы жерді өзінің иелігіне қосып алды. Бұл жерлерді ноғай мырзалары XV ғ. соңында өздерінің ежелгі қонысы деп санаған, өйткені мұнда олардың кейбір қыстаулары бар болатын. Мәселен, 1491 жылы орыстың ұлы князі Иван Васильевичтің елшісі Мәскеуге былай деп баяндайды: «Опас княз да Ямгурчей зимовали под Чегадай» [40]. Мұндағы «Чегадай» Каспий маңайындағы жер. Осыдан бес жыл өткен соң 1496 жылы ноғай мырзасы Мұса орыстың Иван Васильевич князына былай деп жазған: «На братью на свою погневавшися, в туркмен ездил есмь...» [41]. Жайықтан бастап шығысқа, Каспий теңізіне және Арал көліне дейінгі далаларды мекендеген түркімен тайпалары Ноғай Ордасының құрамына кіргенін С.Г. Агаджанов кезінде көрсеткен [42]. Ноғай Ордасына қараған тайпалар XVІ ғ. басында Қазақ хандығының құрамына енгеннен кейінде бұл жерлерді өздерінің байырғы қонысы деп санап, оны Сефевидтердің (қызылбастардың) үстемдігінен азат етуге әрекеттенген тәрізді. 5. Жырда Көктім Аймақ ханның (Айбақ хан) және Алшағыр ханның есімдері аталады, бұларды тарихтан белгілі нақты саяси тұлғалар деп санауға болады. Мәселен, тарихи әдебиеттерде алғашқысын шайбандық Ибақ хан, ал екіншісін Ноғай Ордасы билеушілерінің бірі Алшағыр деп болжауға болатыны айтылған [43]. Ноғай мырзасының жырда «Шағыр» [44] деп келетін ықшамдалған түрі сол кездің ресми құжаттарында да кездеседі [45]. Сондай-ақ, жырдағы Орақ батырдың тарихи кейіпкері ноғай мырзасы Орақ деп болжауға болады. 6. «Қобыланды батыр» жырында қызылбастардың білтелі мылтықпен атқаны айтылады [46]. От қару туралы мәлеметті көбінесе зерттеушілер бұл мәліметті айтушылар жырда баяндалған тарихи оқиғаларға кейінгі кезеңде қосты деп түсіндіреді. Өйткені, қызылбастарда мылтық «XVІІ ғ. соңы – XVІІІ ғ. басынан ерте болуы мүмкін емес» деп көрсетеді [47]. Осыған орай, О. Эфендиевтің XVІ ғ. алғашқы жартысындағы тарихи еңбектердің мәліметтеріне сүйеніп жазған, құнды ескертуін келтірейік: «Сефевидтер әуелден-ақ отқаруды қолданған. Алайда, мылтық оларда көп болмаса керек және олардың қолына еуропалықтар арқылы анда-санда түскен, өйткені, сефевидтер оны өздері ол кезде шығарып үлгермеген» [48]. Сондай-ақ В.Ф. Минорский «Ахсан ат-тауарихтың» мағлұматына сүйеніп, сефевидтерде франктердің зеңбірегі мен мушкеттері болғанын айтады (хижраның 920-958 жж. ) [49]. 7. Жырда сипатталған сюжеттердің жүйесі тарихи шындықпен қайшы келмейді. Мәселен, жырда Қобыланды әуелі Көктім Аймақпен (Ибақ, Сібір мен Ноғайдың патшасы, есімі мұрағат құжаттарында соңғы рет 1495 ж. кездеседі) [50] шайқасқа аттанады, осыдан соң ноғайдыңŽҚараман батырының өтінішімен қызылбастардың билеушісі Қазанмен (бәлкім, мұның тарихи негізіне қазақ-өзбектердің 1513/14 ж. қызылбастарға қарсы жорығы алынса керек) соғысады, ең соңында Қобыланды батыр Алшағырмен (ноғай мырзасы Алшағыр, Мұса мырзаның ұлы, мұрағат құжаттарында алғашқы рет 1505 ж. [51] және соңғы рет 1519 ж. аталады [52]) шайқасады. Бұл мәліметтер төңірегінде бізге әйгілі қазақ ақыны, философы, тарихшысы Ш. Құдайбердіұлы жеткізген аңыз өзгеше талқылануы мүмкін. Онда Қобыланды батыр Әбілқайыр ханның сенімді адамдарының бірі ретінде айтылады. Шәкәрім қажы бұл Әбілқайырды XV ғ. Шибандық Әбілқайыр хан деп атап, оқиғаны Керей мен Жәнібек [53] бастаған халықтың Жетісуға ауа көшуімен байланыстырады. Алайда, дәл осы оқиға өзінен ертеректегі оқиғаларға кейінгі жапсырма болуы мүмкін. Деректерге жүгінсек, Шибандық Әбілқайыр хан хижраның 874ж. / 1469/70 жж. қаза тапқан [54]. Оның саяси қызметі «Қобыланды батыр» жырында Көктім Аймақ деп аталатын Ибақ ханның (Айбақ хан) билігімен сәйкес келсе, ал Алшағыр мен Орақ тарих сахнасына Әбілқайыр қазасынан отыз бес жыл кейін шыққан. Сондықтан, эпикалық кейіпкер Қобыланды батыр Шибандық Әбілқайырмен емес, қазақ билеушісі Қасым ханның ұлы Әбілқайыр ханмен байланысты болған деп болжау жасауға болады. Мұндай жағдайда жырда неге Ибақ хан, Алшағыр және ОрақӘбілқайыр ханның тұстасы болғанының себебі айқындала кетеді. Сонымен, «Қобыланды батыр» жырының қазақ-қызылбас қақтығысы туралы мәліметі «Алам ара-йи Сефеви» жазба ескерткіші арқылы беки түседі деп айтуға болады. Қызылбас (Сефевид) мемлекетіне қарсы қазақ пен өзбек 1513/144 ж. ғана жорық жасамаған. 1528 ж. қазақ әскері Шибандықтармен бірге қызылбастарға қарсы тағы бір жорыққа аттанады. Бұл Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның ұлы қазақ ханы Тахирдың (1522-1531/32жж.) билеген кезең еді. XІX ғ. иран тарихшысы Мұхаммед Хасан хан Сани уд-доуле «Матла-уш-шамс» еңбегінде хиж. 934ж. яғни, 1527/28 жж. сефевидтік Тахмасп шах Хорасанды басып алу мақсатында Шибандықтарға қарсы жорыққа аттанғанда, Ұбайдоллах хан басқа өзбек хандарынан, тіпті, «қалмақтардың, қырғыздардың және қазақтардың» [55] билеушілерінен көмек сұрады деген дерек бар. Шибандықтардың билеушісі Ұбайдоллах ханның өтінішін қазақ ханы қанағаттандырып, оларға қолдау көрсетеді. «Ахсан ат-тауарих» дерегіне жүгінсек, хиж. 935ж. /1528 ж. Ұбайдоллах хан «Мәуреннахрдан, Қашқардан, Түркістаннан, Әндіжаннан, Отырардан, Сайраннан, Қабұлдан, Турфаннан, Ғылманнан, Қазақтан және Қыпшақ пен Қырғыздың даласынан» қалың қол жиып, Сефевид әскеріне қарсы жорыққа аттанады. «Шыңғыс хан заманынан бастап қазірге дейін, – делінген еңбекте, – мұндай қалың қол Әмудариядан өтпеген еді». Бұл әскердің саны деректерде 80 мыңнан 300 мың адамға дейін деп әртүрлі көрсетіледі. Одақтастар әскері 300 мың дегеннің әсірелеу екені күмән туғызбаса керек. Бұл қалың қолға Тахмасп шахтың өзі бастаған сефевидтер әскері қарсы аттанды. Оның әскерінің саны деректерде 24 мыңнан 100 мыңға дейін деп әртүрлі белгіленеді. Екі жақ Жам уәләятының Сарықамыс мекенінде кездесіп, басты шайқас осында өтеді. Алғашқысында сәттілік Ұбайдоллах ханның әскері жағында болады. Олар сефевидтер әскерінің екі қанатын ығыстырады, алайда, Тахмасп шахтың өзі басқарған ортаңғы тұсы міз бақпайды. Шайқастың тағдырын сефевидтердің жаңа күшінің ұрысқа араласуы шешеді. Мұның нәтижесінде Ұбайдоллах ханның әскері талқандалып, ханның өзі зорға қашып құтылады [56]. Мұхаммед Хасан хан Сани уд-доуле аталған шайқастың өткен уақыты хиж. 935 ж. ашура күніне (10 мұхарамм), яғни, 1528 ж. 24 қыркүйегі деп көрсетеді [57]. Ұбайдоллахтың бұл жорығы туралы ортағасырлық «Шараф наме» шығармасының авторы Шараф хан Бидлисиде хабарлайды. Оның мәліметінше, шайқас хиж. 935 ж. сенбі күні 11 мұхараммда өткен [58]. Бұл 1528 ж. 25 қыркүйегіне сәйкес келеді. Біздіңше, мейілінше нақтысы – соңғы дата. И. Орбелидің синхроникалық кестесіне жүгінсек, 1528 ж. 25 қыркүйегі шынында да сенбіге сәйкес келеді [59]. «Шараф намеде» шайқасқа қазақтардың қатысқаны туралы айтылмайды, Ұбайдоллах ханның әскерінің құрамы да көрсетілмейді, алайда, «Ахсан ат тауарихтың» мәліметтері де терістелмейді. Мұның бәрі шығарманың сипатымен түсіндіріледі. Ол XVІ ғ. соңына дейінгі Иран мен Түркияның өміріндегі маңызды оқиғалардың жылнамасын құрайды. Өзінен бұрынғы шығармаларға сүйеніп жазған Шараф хан мәліметтерді қысқаша береді және тәптіштеп баяндамайды. Оның мақсаты күрд халқының тарихына қатысты оқиғаларды ғана мазмұндау [60]. Аталған шайқас туралы мәліметтер Захир ад-Дин Бабырдың «Бабырнама» еңбегінде де кездеседі. Автор онда сефевид билеушісі Див сұлтан нөкерлерінің бірінің өзіне келіп, «ашура күнінде» Джам мен Харджирд маңында болған өзбектер мен түркімендер (сефевид бодандары) арасындағы болған шайқас туралы айтқанын жазады. Бабырдың айтуынша, бұл адам сол шайқасқа қатысқан және оның мәлімдеуінше «өзбектер 300 мың адам, ал түркімендер 40-50 мың дейді, алайда, көзге 100 мың адамдай көрінеді, ал өзбектер өз әскерін 100 мың адам деп көрсеткен». «Қызылбастар, – делінеді ары қарай шығармада, – румдардың салты бойынша зеңбіректерін, қаруларын орнатып, мергендерін тізеді, мықтап бекініп, шайқасқа кіріседі». «Таң атқаннан бесін намазына дейін» созылған шайқас нәтижесінде, өзбектердің әскері талқандалады. Див сұлтан нөкерінің мәлімдеуінше, сефевидтердің қолына өзбектердің Көшкінші хан (Көшім хан), Ұбайдоллах хан және Әбу Саид сұлтан бастаған тоғыз сұлтаны тұтқынға түседі, олардың ішінен соңғысы ғана тірі қалады [61]. Алайда, бұл деректердің көпшілігі дұрыс емес еді, оны «Бабырнаманы» басып шығарушылар да атап көрсетті [62]. Одан кейінгі кезеңде қазақ-қызылбас қарым-қатынасының қалай болғаны туралы мәлімет бізде жоқ. Бұл жылдары Шибандықтардың сефевидтерге қарсы басқа да шайқастарына қазақтардың қатысуы мүмкін. Әзірбайжан зерттеушісі А.А. Рахманидің есептеуінше, тек Ұбайдоллах хан ғана Тахмасп шахқа қарсы алты рет жорық жасаған [63]. Қазақ-қызылбас қарым-қатынасы туралы келесі мәлімет XVІ ғ. соңына сәйкес келеді. XVІ ғ. ІІ жартысында Қазақ хандығының сыртқы саясаттағы жағдайы өте ауыр болды. Өйткені, олар Шибан ұрпағы мемлекеті, Моғұл хандығы, Ноғай Ордасы және ойрат (қалмақ) тайпаларымен сансыз шайқастардан көз ашпаған еді. XVІ ғ. ІІ жартысындағы Қазақ хандығының тарихын арнайы зерттеген М.Қ. Әбусейітова бұл кезеңнің соңына қарай қазақ мемлекетінің саяси тұрғыдан қатты әлсірегенін айтады [64]. Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің осы жылдардағы сыртқы саясаттағы ахуалы да қиын еді. Қызылбас тайпаларының арасындағы алауыздықты пайдаланған Осман империясы олардың батыс аумағының недәуір бөлігін басып алды. Олардың шығыс жағына да қауіп төніп тұрған. Шибан әулеті мемлекеті тарихында көрнекті орын алатын билеушілердің бірі – Абдолла ханның әскері Хорасанның түгелге жуығына үстемдігін орнатқан еді. Недәуір әлсіреген Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекеті Шибан мемлекетімен бәсекелесуге мұршасы келмей, олармен бейбіт қатынасты сақтауды оң көрсе керек. Орыс мұрағаты құжаттарының бірінде (1585 ж.) былай делінген: «Бұхар патшасы, Түркістан патшасы және Қазақ патшасы және Үргеніш патшасы және Грузин және Үзір және Қалмақ және Шемахей және Шевкаль патшалары, бұлардың бәрі қызылбастармен және өзара бейбітшілікте болды...» [65]. Қазақтың жоғарғы билеушісі Тәуеккел хан мен Шибан әулеті мемлекетінің билеушісі Абдолла ханның арасындағы уақытша бейбіт бітімге қарамастан, Қазақ хандығына өзбектердің шабуылдау қаупі сақталды. Сондықтан, қазақ ханы Шибан әулеті мемлекетімен күресте одақтас іздеуге тырысты. Мұндай одақтас 1587 ж. басшылығына жас әрі қайратты Аббас шах [66] (кейіннен оған «Ұлы» деген жанама есім қосылған) келген Сефевид мемлекеті болуы мүмкін еді. 1594 ж. Тәуеккел ханның Мәскеу мемлекетіндегі елшісіŽҚұл-Мұхаммед Мәскеуге Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің елшілерінің келетіні туралы хабар алады. Осман империясымен 1590 ж. жасалған, Сефевидтер үшін өте қиынға түскен, бейбіт келісімнен кейін, Аббас шах алдағы соғыс үшін одақтастар іздеді. Құл-Мұхаммед Сефевид елшілерімен байланыс орнату үшін белсенді әрекет жасады. Қазақ елшісі өз мақсатын: «бізге қызылбастармен бірлесіп, бұқарлықтарға қарсы тұру керек» [67] деп нақты көрсетті. Оның әрекеті өз нәтижесін берді. Екі мемлекеттің елшілері кездесіп, қазақ даласына Құл-Мұхаммед және орыс елшілерімен бірге «шахтың адамы Дәруіш-Махмед» аттанды. Сондай-ақ, Құл-Мұхаммед өзінің сенімді адамын Аббас-шахқа жөнелтті. Бұл келісімдердің нәтижесі тарихи құжаттарға түспегендіктен, оның немен аяқталғаны беймәлім. Тек Дәруіш Мұхаммедтің (Дәруіш Махмет, Дәруіш Мамет) өз отанына қазақ жері арқылы қайтуды жоспарлағаны, алайда, бұған Тәуеккел ханнан рұқсат ала алмағаны ғана мәлім. Ақыр аяғында Сефевид елшісі өз отанына Мәскеу арқылы қайтуға мәжбүр болған [68]. Алайда, Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекеті билеушілерінің әскери қимылдарының өзара үйлесуіне қарағанда екі жақ келісімге келген болуы да мүмкін. Тәуеккел хан Шибандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдарға көшіп, Мәуреннахрда өз билігін орнатуға тырысып жатқанда, Аббас шах Хорасанда Шибандықтарға қарсы дәл сондай әрекеттер жасады. 1598/99 жж. қазақ билеушілері Қазақ хандығының құрамына Түркістан, Ташкент және Ферғананы [69] қосып алғанда, Қызылбас (Сефевид) мемлекеті Нишапур, Мешхед, Герат және Мары қалаларымен қоса бүкіл Хорасанды өздеріне қаратты [70]. Сонымен, тарихи деректердің мәліметіне сүйене отырып, Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің қарым-қатынасы XVІ ғ. басында орын алды деген тұжырымға келуге болады. Бұл мемлекеттердің қарым-қатынасы мейлінше күрделі болды және әрбір кезеңде нақты саяси ахуалға сай өзгеріп отырды. Егер XVІ ғ. І жартысында Қызылбас (Сефевид) мемлекеті Қазақ хандығының саяси қарсыласы болса, осы ғасырдың соңына қарай қазақ билеушілері оларды Шибан әулеті мемлекетіне қарсы күрестегі одақтасы деп таныды. Біз, шамамыз келгенше, Қазақ хандығы мен Сефевид мемлекетінің XVІ ғ. қарым-қатынастары мәселесіне тоқталдық. Мағлұматтардың жұтаңдығы оны терең және кеңінен талдауға мүмкіндік бермеді. Тұтастай алғанда аталған мәселе зерттеу үшін мейлінше өзекті болып табылады, сондықтан оны жалғастыру керек деп санаймыз. Ол үшін ең әуелі ортағасырлық тарихи еңбектерден, әсіресе шығыс шығармаларынан, осы мәселеге қатысты жаңа деректерді іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу, ертеден белгілі шығармаларды қайта мұқият талдау қажет.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕР

1. XV ғ. ортасында (1465-1466 жж. шамасы) қазіргі Жетісу жерінде Ақ Орданың әйгілі билеушісі – Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек XV ғ. 20-жылдары ыдырап кеткен қазақ мемлекетін қайта қалпына келтірді. Енді бұл мемлекет тарихи әдебиетте Қазақ хандығы деген атау алды. 2. Қызылбас (Сефевид) мемлекетін XVІ ғ. басында Иран мен Әзербайжанның түркі тілді тайпалары құрды. Мемлекет атауы оның тұңғыш билеушісі І Исмаил шахтың Ардабели шейхы Сефи ад-Дин ұрпақтарының бірі болғандығымен байланысты. Алайда, бұл мемлекет ортағасырлық тарихи шығармаларда, көбінесе Қызылбастар мемлекеті деп аталады. Себебі Сефевид билеушілерінің негізгі күші түркі тілдес тайпалар шейіттердің 12 имамының құрметіне бастарына 12 қызыл жолақты шалма ораған. Исмаил шах құзырындағылардың көпшілігі сүннит болғандығына қарамастан, мемлекеттік дін ретінде исламның шейіттік бағытын жариялады. 3. Қолжазба осы күндері Британ кітапханасында (Лондон, Ұлыбритания) сақтаулы. 4. Экаев О. Туркменистан и туркмены в конце XV – первой половине XVІ в. (По данным «Алам ара-йи Сефеви»). Ашхабад, 1981. 5. Ross D. Тhе еагlу Yеагs оf Shаh Іsmаіl, foundег оf the Safawі Dynastу // Jоurnаl оf tће Rоуаl Аsіаtіс Sосіеtу. Lоndоn, 1896. Vоl. 29. 6. Стори Ч.А. Персидская литература. Биобиблиографический обзор. Ч. ІІ. М., 1972. 7. Петрушевский И.П. Очерки по истории феодальных отношений в Азербайджане и Армении в XVІ – начале XІX в. Л., 1949. 8. Эфендиев О. Азербайджанское государство Сефевидов. Баку, 1981. 9. Фарзалиев Ш.Ф. Сочинение Хасан-бека «Ахсан ат-таварих» как источник по истории Азербайджана. Автореф. дис. канд. ист. наук. Баку, 1974. 10. Юсупова Д.Ю. Творческое наследие Хондамира как источник по истории культуры Центральной Азии XV-XVІ вв. Автореф. дис. докт. ист. наук. Ташкент, 2001. 11. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVІ в. А.-А., 1985. С. 26; Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVІІ вв.: история, политика, дипломатия. А., 1998. С. 48. 12. Стори Ч.А. Персидская литература ... 858 с. 13. Экаев О. Туркменстан и туркмены... 9 с. 14. Сонда. 13-б. 15. Эфендиев О. Азербайджанское государство ... 12 с. 16. Сонда. 13-б. 17. Ross D. Тhе еагlу Yеагs … 251-252 p. 18. Юсупова Д.Ю. Творческое наследие Хондамира... 34 с. 19. Ross D. Тhе еагlу Yеагs … 251-252 p. 20. Фарзалиев Ш.Ф. Сочинение Хасан-бека... 14 с. 21. Тарихи әдебиеттерде бұл әулет, негізінен, Шейбан (Шайбан) әулеті деп аталады. Алайда П. Пельо, А.П. Григорьев, Т.И. Сұлтанов Жошының бесінші ұлының аты Шейбан немесе Шайбан емес, Шибан болғанын жазған // Григорьев А.П. Шибаниды на золотоордынском престоле // Уч. записки ЛГУ. 1985. №417. Серия вост. наук. Вып. 27. Филолог. исследования. 162-163-бб.; Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVІІ вв. (Вопросы этнической и социальной истории). М., 1982. 3 с. 22.Түркістан деп кейінгі ортағасырлық тарихи шығармаларда Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы қалалар енген тарихи-географиялық аумақты атайды. Қар.: Пищулина К.А. Присырдарьинские города и их значение в истории казахских ханств в XV-XVІІ вв. // Казахстан в XV-XVІІІ вв. (Вопросы социально-политической истории). А.-А., 1969. 5-49 с. 23. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. А., 2001. 24. Экаев О. Туркменстан и туркмены... 116-122 с. 25. Мукминова Р.Г. К истории аграрных отношений в Узбекистане в XVІ в. По материалам «Вакф-наме». Ташкент, 1966. 228 с.; Schaіbanіdіsche Grabіnschrіften. Wіesbaden, 1997. S. 16-17. 26. Хуршудян Э., Муканова Д. История армяно-казахских отношений в древности // Отан тарихы. Отечественная история. 2000. №1-2. 31с. 27. Петрушевский И.П. Очерки по истории ... 91-92 с. 28. Сонда. 90-б. 29. «Қобыланды батыр» жырының нұсқалары ноғайлар арасында кең тараған. Бұл қазақ пен ноғай тайпаларының кейінгі ортағасырларда бір-біріне жиі ауысуымен түсіндіріледі. А. Исиннің пікірінше, XV-XVІІ ғғ. бұл кең тараған құбылыс болған // Исин А. Взаимоотношения между Казахским ханством и Ногайской Ордой в XVІ в. Автореф. дис. канд. ист. наук. А.-А., 1988. 16-17-с.; Соныкі. Казахское ханство во второй половине XV-XVІ вв. Семипалатинск, 2002. 25-30 с. 30. Ә. Марғұланның пікірінше, бұл эпос «ноғайлы» дәуірінде туған (XІІІ-XVІ ғғ.) / Маргулан А. О характере и исторической обусловленности казахского эпоса // Изв. Каз. Фил. АН СССР. Серия историческая. 1946. С. 81. 31. Кобланды-батыр. Казахский героический эпос. Сост. тома, авторы исследования и комментариев: Н.В. Кидайш-Покровская и О.А. Нурмагамбетова. Перевод Н.В. Кидайш-Покровской и О.А. Нурмагамбетовой. М., 1975. (Қазақ және орыс тілдерінде) С. 69. 32. Сонда. 136-б. 33. Атаев О.К. Туркмены Атрека и Гургена и их борьба против Сефевидов во второй половине XVІ- начале XVІІ в. Дис. канд. ист. наук. Ашхабад, 1985. С. 102. 34. Миклухо-Маклай Н.Д. Шиизм и его социальное лицо в Иране на рубеже XV-XVІ вв. // Памяти акад. И.Ю. Крачковского. Л., 1958. 221-234 с. 35. Миклухо-Маклай Н.Д. К истории политических взаимоотношений Ирана со Средней Азией в XVІ в. // Краткие сообщения ИВ АН СССР. Т. 4. 14 с. 36. Султанов Т.И. Правители первого казахского государства (1470-1718). А., 44 с. 37. Ибрагимов С.К. Некоторые данные к истории казахов XV—XVІ веков. // Изв. АН КазССР. Серия истории, экономики, философии, права. 1956. Вып. 3. С. 112.; Юдин В.П. Вступительная статья к «Зубдат ал-асар» // Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ вв. (Изв. из персидских и тюркских сочинений). Сост.: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. А.-А., 1969. С. 132. (Осыдан кейін – МИКХ). 38. Таварих-и гузида-йи нусрат наме // МИКХ. 28-б.; Камал ад-Дин Бинаи. Шайбани-наме // МИКХ. 112-б. 39. Кобланды-батыр. 79 с. 40. Посольская книга по связям России с Ногайской Ордой. 1489-1508 гг. Подготовка текста, вст. статья М.П. Лукичева и М.Н. Рогожина. М., 1984. 46 с.; Памятники дипломатических сношении Московского государства с Крымскою, Ногайскою Ордами и с Турцией. Т. 1. 1474-1505 гг. // Сб. РИО. СПб., 1884. Т. 41. С.133. 41. Посольская книга ... 50 с.; Памятники дипл. сношений ... 237 с. 42. Агаджанов С.Г. Ногайцы и туркмены: ист. и этнокультурные связи // Основные аспекты историко-географического развития Ногайской Орды. Всесоюзная научная конференция. Тезисы докладов и сообщений. М., 1991. 37 с. 43. Балапанова А.С. Проблемы истории и культуры казахов по материалам героического эпоса: историко-статистический анализ (на примере «Кобланды-батыр» и др.). Автореф. дис. канд. ист. наук. А., 1999. 15 с. 44. Кобланды-батыр. 179, 340 с. 45. Посольская книга ... 57-80 с. 46. Кобланды-батыр. 116, 276 с. 47.Балапанова А.С. Проблемы истории и культуры ... 17 с. 48. Эфендиев О. Азербайджанское государство ... 281с. 49. Минорский В.Ф. Приложение // Фазлуллах ибн Рузбихан Хунджи. Тарих-и алам ара-йи амини. Пер. с перс. на англ., введение, приложения и комментарий В.Ф. Минорского. Пер. с англ. на русский Т.А. Минорской. Баку, 1987. 145 с. 50. Посольская книга ... 48-49 с. 51. Сонда. 55-б. 52. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. М., 2002. 159-160 с.; Жырда Алшағырды Қобыланды батыр өлтіреді. / Кобланды-батыр. 181, 276-бб./ Ал башқұрт халқының ауыз әдебиетінде ол Ақиазар сұлтанның қолынан қаза табатыны айтылады / Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). Орынбор, 1896. 69-б. / Зерттеушілердің басым бөлігі осы Ақиазар сұлтанды Қасым ханның ұлы Хақ-Назар хан деп санайды. В.В. Трепавлов «1519 жылы Хаққ-Назар әлі бала болса да, оның руластарының және туыстарының ноғай билеушісінің өліміне қатысы болуы әбден мүмкін» деп жазады. / Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. 160 с. / 53. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. А., 22-23-бб. 54. Масуд ибн Усман Кухистани. Тарих-и Абу-л-Хайр-хани // МИКХ. 171-б; Махмуд ибн Уәли. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйиар // МИКХ. 361-б; Орбели И.А. Синхронистические таблицы хиджры и европейского летоисчисления. М.-Л., 1961. С. 181. Зерттеу әдебиетте Әбілқайырдың қаза тапқан уақыты 1468 жыл деп көрсетілгенін айта кеткен жөн. 55. Арендс А.К. (Роль туркмен в иранско-узбекских отношеннях в XVІ в. Восстание Аба. Примеч. №1 // Материалы по истории туркмен и Туркмении. Т. 2. XVІ-XІX вв. М.-Л., 1938. С. 58; 56. А сһrоnісlе оf thе Еагlу Sаfаwіs Веіпg thе Аhsanr’t tawarіkh оf Наsаn-і Rumlu / Edіted bу С.N. Seddon, М.А. j.с.s. (Retіred). Вarodа., 1931. Vоl. І (Реrsіаn Техt). S. 209-220; Эфендиев О. Азербайджанское государство ... 101 с. 57. Арендс А.К. Роль туркмен ... // МИТТ. Т. ІІ.58 с. 58. Шараф-хан ибн Шамсаддин Бидлиси. Шараф-наме. Пер., предисл. т приложения Е.И. Васильевой. Т. ІІ. -М., 1976. 176-б. 59. Орбели И.А. Синхронистические таблицы ... 193 с. 60. Васильева Е.И. Предисловие // Шараф-хан ибн Шамсаддин Бидлиси. Шараф-наме. Перевод, предисловие и приложения 12-13 с. 61. Захир ад-Дин Бабур. Бабур-наме. Записки Бабура. Пер. М.А. Салье. Ташкент. 1958. 404-405-бб. 62.Салье М.А. Примечания // Захир ад-Дин Бабур. Бабур-наме ... 447 с. 63. Рахмани А.А. «Тарих-и алам ара-йи Аббаси» как источник по истории Азербайджана. Баку, 1960. С. 191. 64. Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия ... 104 с.; История Казахстана (с др. времен до наших дней). В пяти томах. Т. ІІ. А., 1997. 392 с. 65. Памятники дипл. сношений древней России с державами иностранными. СПб., 1851. С. 923. 66. Рахмани А.А. Азербайджан в конце XVІ и в XVІІ веке (1590-1700 годы). Баку, 1981. 34 с. 67. Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках (Сборник документов и материалов). А.-А., 1961. 4 с. 68. Сонда. 3-14-бб. 69. Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия ... 110 с. 70. Рахмани А.А. Азербайджан в конце ... 63 с.; История Ирана. М., 1977. 181с.; История Узбекистана. Т. ІІІ. Ташкент, 1993. 56 с.

(Мақаланың алғашқы нұсқасы 2003 жылы «Қазақ тарихы» журналында Ә. Салықбай аудармасымен жарық көрген) Нұрлан Атығай, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

demeu2

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір