I
Тор көзді сауыт киінген,
Түркінің қара ұлымын.
Көк тәңіріде сүйінген,
Сипаған жел боп тұлымын.
Басымнан түспей дулығам,
Зұлыхпарды қолға алдым.
Бөрілігімді көр туымнан,
Тулатып қанды толғандым.
Жорықтарда жол аңсап,
Иығына күннің асылдым.
Сайгез толы қорамсақ,
Кек пен сертке асындым?!
Азуын білеп көксерегім,
Таласты бір түлкі іңірмен.
Азаттық ед көксегенім...
Түнді түрттім кірпігіммен.
Жерге түспес жебедей,
Тасқада барып қадалдым.
Өзен боп ақты телегей,
Дұспандардан қан алдым.
Кеудемнен менің итерме,
Намысым ойнар найзағай.
Елін сатқан иттерге...
Сұқтанам түйрер найзадай.
II
Тегіме сен қара менің,
Жаралдым тау құрсағынан.
Аңсаймын дала лебін,
Бабам ізін күн сағынам!
Көгінде қыран қалықтаған,
Сынығы менмін асылдың.
Тастағы тарих қанық маған,
Салмағы жатыр ғасырдың.
Жүрсемде бір кез ақтабан,
Арымды жауға сатпадым.
Келседе ажал қаптаған,
Кебежеге снені сақтадым.
Ешкімге бас имегем,
Осып түсер қамшымын.
Топырағын жердің илеген,
Жалғыз қасқа тамшымын.
Ешкімі тең келмеген,
Оғылан батыр Оғызбын.
Толғай да толғай шерменен,
Қорқыт тартқан қобызбын.
Тіл мен дінді нық танып,
Сөктім өмір тұңғиығын.
Дініме сосын құт дарып,
Сүйдім Алла нұр биігін.
III
Ей, буырқаншы бояулар,
Келтірші мені күйіме!
Тасып бір өтсек оянар,
Дүбірде-дүбір дүние!
Қызылды-жасыл сиқыр түс ,
Қыл қаламнан төгілер.
Келсеңші ұшып силы құс,
Жетсеңші жортып бөрілер.
Әдемі мәр-мәр матаға,
Жағайын бояу өрнегін.
Сыйлашы Алла маған да,
Тоқиын өмір өрмегін.
Дүлдүл мінген баһадүр,
Суретін Ғұнның салайын.
Тоқташы уақыт баға тұр,
Жасайын Сақтың сарайын.
Алтын киімді, көшпелі ел,
Көтеріп бөрі байрағын.
Панасы етіп көк пен жер,
Сызайын түркі аймағын.
Білге Қаған, Күлтегін,
Қалдырса тарихын таңбағып.
Өмірге келер кім тегін,
Бояуыма қара таңғалып?!
Жәнібек пенен Керейім,
Хандықты құрған деседі.
Тасыды сосын мерейім,
Маңдайым бағы бес елі?!
Шешенде, батыр, абызым,
Даламды жатқа қияр ма?
Бағзы жатқан аңызым,
Бір суретке сияр ма?
Суретім соғыс сүркейлі,
Арпалыс ажал ашты үн.
Буырқанып бояу бүркейді
Жағып ем, қара, қашты түн...
Қыл қаламнан тамып кетті мың бояу!
Қадырсұлтан Нүсіпқан - 1987 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген. 2008 жылы ата-мекеніне оралған. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің түлегі. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдеби шығармашылық және сурет салу өнерімен айналысқан. Шығармалары мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрады. Суретші және ақын. Қарағанды жастар «Жыр-жауһар клубының» мүшесі. Республикалық Бірнеше жыр мүшәйра жеңімпазы.
Тырнақ алды әдеби туындысы 2002 жылы ҚХР-да «Жауқазын» журналында «Ләлә гүлі мен Қызғалдақ» тақырыбында алғаш жарық көрген. Қазір Алматы облысы Алакөл ауданында тұрады.
Пікір қалдыру
пікір