• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:30:04
Алматы
+35°

22 Мамыр, 2018 Саясат

ОҢ БАҒЫТҚА – ОН ҚАДАМ

Солардың ішінен біз халық үшін ең маңызды деген негізгі он жобаны іріктеп алып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтуді жөн көрдік.

«Нұр Отан» партиясының нәтижелі жобаларына шолу

 

Бүгінде елімізде сайлау науқандарында ғана бой көрсетіп қалып, басқа кездері бар-жоғы белгісіз болып жүрген пәрменсіз партия көп. Әрине, біз оларды тақырып бойынша тұқыртып, жалғыз «Нұр Отан» партиясының ғана абыройын асқақтату ұстанымынан аулақпыз. Айтпағымыз – сол «Нұр Отанның» шын мәніндегі халықтық партия ретінде қалың бұқараға жиі дәлелденіп жүргендігі. Бұл сөзімізге мысал етіп оның құрылған күнінен бастап, партия басшылығының адам, қоғам... жалпы, мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатында экономика һәм саясат бойынша ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқанын алсақ та жеткілікті. Себебі, «Нұр Отан» партиясы – қоғамды ұйыстыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін басымдығы бар бірден-бір әлеуетті күш. Оның Саяси доктринасының басты құндылықтары – Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынтымақшылдық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы және Дәстүр. Осы басымдыққа қарап-ақ, санада «өзге саяси ұйымдардың еншісіне атқаратұғын ештеңе қалмаған-ау» деген пәндәуи ойдың қылаң беретіні рас.

Жалпы, Саяси доктрина 2013 жылғы тамызда қоғамдық және партияішілік талқылауға ұсынылған болатын. Сол сәтте партияның аймақтық филиалдарынан, қоғамдық және саяси ұйымдардан, Парламент депутаттарынан, зиялы қауым өкілдерінен, сарапшылардан және интернет пайдаланушылардан 300-ден астам ұсыныс келіп түскен. Ал барлық ұсыныстар мен ескертулерді есепке алған қорытынды құжат пысықталып, сол жылдың 18 қазанында партияның XV Съезінде қабылданғаны мәлім. Соған сәйкес, «Нұр Отан» партиясының басшы-қосшы өкілдері көптеген жобаларды жүзеге асырды. Солардың ішінен біз халық үшін ең маңызды деген негізгі он жобаны іріктеп алып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтуді жөн көрдік. Әлқисса...

 

1-қадам: «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ»

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бағытының бірі – ұлттық құндылықтарды, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат ету. Осыған орай, партияның Саяси доктринасында ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамыту – стратегиялық басымдық ретінде белгіленген. Соның аясындағы «Ұлы дала елі» жобасы ұлттық құндылықтарды көпшілікке танытуға және тәуелсіздік идеясын, елдегі халықтар достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты насихаттауға, сол арқылы жас ұрпақты адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды.

Ұлы дала елі

Жобаның жалпы міндеті – елімізде және шетелдерде Қазақстанның «Ұлы дала елі» ретіндегі имиджін қалыптастыру бойынша жұмыстарды үйлестіру; Еуразиялық кеңістіктегі көшпелі мәдениет мұрагері ретінде қазақ мәдениетінің ұлттық брэндін қалыптастыру және оны халықаралық деңгейде ілгерілету; ұлттық құндылықтарды сақтап, одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау; ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шараларға мемлекеттік органдарды және бизнес қауымдастықтарын тарту; жастарды отансүйгіштік рухында, жоғары әлеуметтік-мәдени және моралды-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында тәрбиелеу.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде сол сәттен бастап Қазақстан – Ұлы дала елі екенін жариялаған еді.

– Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық. Сондықтан бүгіннен бастап мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы «Ұлы дала елі» болсын! Бұл атау біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Одан біздің ұлттық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері – ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан. Біздің жаңа Қазақстанның осындай сипаты әр қазақстандықтың ой-санасында өз орнын тауып, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Міне, «Нұр Отан» партиясы сол «ақ түйенің қарны жарылған күннен» бастап, яғни 2016 жылы «Ұлы дала елі» жобасын қолға алды. Бұл туралы сол сәтте Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сапар Ахметов мәлімдеген болатын. Тұжырымдамасы орталық аппаратта дайындалып, оның аясындағы ұлттық өнер, салт-дәстүр, спорт, т.б. республикалық іс-шаралар жоспары жасалды және ол сәтті жүзеге асты.

 

2-қадам: «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОҚ ЕЛ – ӨРКЕНДЕУШІ ЕЛ»

Бүгінде бұл жоба өте өзекті болып тұр. Негізгі атқарар миссиясы – халық арасында жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті тудыру және халықты биліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдаған шаралары тұрғысынан ақпараттандыру. Ал оның басты идеологиялық аспектілеріне мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктерін тарту арқылы партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеологиясын ілгерілету, спикерлердің сөйлейтін сөздеріне жемқорлыққа қарсы партия бағдарламасының қағидаларын пайдалану, жобаның мақсатты топтары арасында мемлекеттік бюджет қаржысын талан-таражға салуға қарсы көзқарасын қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жатады. Осы тұрғыда:

– Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жемқорлық

Елбасы тапсырмасы бойынша, партия дереу 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірледі. Ол бағдарлама бойынша халық арасында жең ұшынан жалғасқан қылмысқа қарсы мәдениетті, білім беру мен тәрбиелеуді қалыптастыру көзделген. Ал оның жобасы қоғамдық талқылауға 2014 жылдың шілдесінен бастап ұсынылды. Сол сәтте бастауыш партия ұйымдары, өңірлік филиалдар, Парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан оған қатысты 800-ден астам ұсыныс келіп түскен. Осылайша, жоба мемлекеттік органдармен келісіліп, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы мен барлық өңірлердегі кеңестерінде бірауыздан қолдау тапты. Әрине, аталмыш құжат ұсыныстар мен толықтыруларды ескере отырып, айтарлықтай жетілдірілді де, 2014 жылдың 11 қарашасында «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бір-ақ қабылданған.

Осы орайда баса ескерер бір жайт, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мақсаттарына сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ал Қазақстан – 1998 жылы ТМД елдерінің ішінде ең алғаш «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарды қабылдап, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы мемлекеттік орган құрған ел. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы өзінің құрылған кезінен бастап қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген жиреніш сезімін табанды түрде қалыптастыра отырып, онымен мақсатты күрес жүргізіп келеді. Сол шартпен құрылған «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» атты партиялық бағдарламаны белсенді жүзеге асыруда. Жалпы, осы бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық инфрақұрылымын құрудың, азаматтарды лауазымына қарамастан жауапқа тартудың, жемқорлыққа қатысты түйткілді мәселелерді ашық талқылаудың негізгі міндеттері өз шешімін тапты, сондай-ақ, ол алдағы уақыттарда да тоқтап қалмақ емес.

 

3-қадам: «АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ»

Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Экономика дамуының жаңа сыртқы қауіптерін ескере отырып, іскерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар керек», – дегені мәлім. Сол үшін ел инфрақұрылымын дамыту жоспары да жарияланған болатын. Бұл ретте, жұмыспен қамту саясатының негізгі мақсат-міндеті – халқымыздың 43 пайызы тұрып жатқан ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндірісті дамыту да көзделген. Осы мақсатта ауыл тұрғындары үшін несие қаражатының қол жетімділігін арттыру мен мал шаруашылығы өнімдерін дамытуға ықпал ету және жобаны іске асыру шеңберінде қаражаттың тиімді қолданылуы бойынша партиялық бақылау жүргізу қажеттігі туындады. Сөйтіп, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ауыл тұрғындары үшін айрықша жоба жүзеге асты. Екі жыл бойы Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба ретінде жүргізілген ауыл тұрғындарына төмен пайызбен несие беру ісі Елбасының «100 нақты қадам» жоспарымен тікелей үндестік тапты. Жоғары нәтиже көрсеткен сол ерекше бастама одан кейін партияның қолдауымен 2016 жылы 5 облыста іске асты. Міне, осы сәттерді пайдаланып, «Нұр Отан» партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бірлескен түрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» деп аталатын жобаны іске асыру жөніндегі Меморандумға қол қойған еді.

жұмыспен қамту

Аталған Меморандумды жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастықтың басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын ашу мен шағын кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндіріске «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде жеңілдікпен шағын несие беру де бар.

– Елбасы Үкімет алдына әлемдік экономикадағы бүгінгі жағдайға сәйкес, халықты барынша жұмыспен қамту міндетін қойып отыр. Партия көптеген мәселелерді жіті зерттеп, зерделей келе, ұсынылып отырған жоба барлық талаптарға жауап береді деген тоқтамға келді. Бұл жоба аясында ауыл тұрғындарына 6 миллион теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Пилоттық жоба ретінде 5 аймақ – Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары еніп отыр, – деген еді қол қою рәсімінде сөйлеген Асқар Мырзахметов.

Әрине, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бастамасы сәтті түрде жүзеге асып, шалғайдағы жұртшылықты әжептәуір қуанышқа кенелткені сөзсіз. Өйткені, 2014 жылы оны Оңтүстік Қазақстан аймағына енгізгенде, облыста 26,4 мың тонна ет, 13,2 мың тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Сонда 30 мың 682 адам сүт өткізуден тұрақты түрде табыс табатын болыпты. Жалпылай алғанда, үш жылдың көлемінде бағдарлама аясындағы қосымша өнім 87,3 миллиард теңгені, яғни, жалпы ауыл шарушалығы өндірісі көлемінің 10 пайызға жуығын немесе облыстың мал шаруашылығы өнімінің 20 пайызын құраған екен.

Жалпы, партияның осы бағдарламасы өте пайдалы болды. Атап айтқанда, қазақстандықтардың 43 пайызы ауылдық жерлерге қоныстанғандықтан, оларды жұмыспен қамту жағы біраз қиындық тудырып тұрған еді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биік лауазым иелеріне ұзаққа созылған дағдарыс тұсында халықты жұмыссыз және табыссыз қалдырмауды шегелеп тұрып тапсырған-ды. Демек, әлгі аталған 6 миллиондық шағын несие елдімекендерде кез келген жанға отбасылық кәсіп қалыптастыруға молынан жетеді.

Негізінен партия ұсынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасында ешқандай кедергілер жоқ. Керісінше, ол – жалпыға бірдей қолжетімді. Нақты айтқанда, нұротандықтардың идеясына сәйкес, шағын несиенің аясында ауылдық тұтыну кооперативін ашып, аталған қажетті техниканың барлығын бір жерге рәсімдеуге болады. Сондай-ақ, күніне сауатын 10 литр сүт пен аптасына соятын бір қойдың немесе қара малдың етін сату үшін көлік жалдап, қалаға шапқылау көп шығынға түсері анық. Одан да «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы арқасында арзан несие алған шаруа өзінің дайындаған өнімін жарақтандырылған әрі үйінің іргесіндегі кооперативке өткізіп, келесі малын алып, семіртуге кірісе берсе болғаны. Сонда бір жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативінің де, жұмыссыздықтың да мәселесін шешудің жолы көзге көрініп тұр. Ауылды аяқтан тұрғызуға бұдан артық қандай амал керек?! Мәселен, ауыл тұрғыны жобаға қызығушылық танытса, алдымен оның ынтасы мен қабілеті және ауыл әкімінің ұсыныс-пікірі ескеріледі. Содан кейін ол қолындағы бар мүлікті кепілдікке ұсына алады. Ал «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы жүзеге асқан алғашқы екі жылда несие алушылардың 98 пайызы қарызға батпай, онысын уақытылы қайтара бастаған. Бұл – банктік өлшеммен алғанда, өте жоғары көрсеткіш.

Айта кетсек, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен шағын несие беру жағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жүктелген. Несие ставкасы 6 пайыздан аспайды десек, алғашқы айларда оның жеңілдетілген төлеу тәртібі де қарастырылған-ды. Қазір де дағдарыстан дамуға ұмтылған ауыл шаруалары еңбекпен еңсесін тіктеуіне септесетін сол ерекше жобаның жалғасқанын қалайды.

 

4-қадам: «АЙҚЫН ТАРИФ»

«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында жалпы мүдделер мәселесін шешу үшін біріккен азаматтардың белсенділігі ел дамуының ең маңызды шарттары болып табылатындығы айқындалған. Осы орайда, партияның адам игілігі мен заңды мүдделерін, оның мәртебесі мен құқықтарын қолдайтындығын ескерген жөн. Сондықтан да нұротандықтар азаматтық бастамаларды дамыту және қоғамдық бірлестіктер арасында кең диалог орнатып, қоғамдық бақылауды нығайту бойынша барлық жағдайды жасауға тырысуда. Осы мақсатта қолға алынған «Айқын тариф» жобасында алдымен тұтынушыларға табиғи монополиялар субъектілері тарифтерінің өсу себептері мен негізділігі, сондай-ақ, ПИК қызметі туралы хабарлау жағы қарастырылған болатын.

Айқын тариф

Жоба қолға алынған 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының коммуналдық қызмет сапасын арттыруға да ықпал еткені анық. Нұротандықтардың экономикалық саясат жөніндегі кеңесі отырысында, партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен 192 мың арыздың 37 пайызы осы коммуналдық қызметтің сапасына қатысты екені айтылды. Тұрғындар тарифтің өсуіне қарсы шағымданған. Сол себепті, партия белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бірлесіп, «Айқын тариф» жобасы аясында монополист кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларды іске асыруын және олардың қаржыны игеруін жіті қадағалауға кірісті.

Еске сала кетсек, «Айқын тариф» жобасы анау-мынау емес, Астанада Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңестің және партияның Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағытындағы сарапшылар тобы бас қосқан отырыста ресми түрде бастау алған болатын. Сонда жоба аясында тоқсан сайын қоғамдық кеңес өткізіп отыру жоспарланып, коммуналдық кәсіпорындардың басшылары, табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері және Парламент депутаттары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келіскен.

«Айқын тариф» жобасының тиімділігіне арқа сүйеп қалған бұқара енді одан қол үзіп қалғылары келмей, нұротандық жанашырлары тарапынан осы бастаманың жүзеге аса бергенін күтетіні айқын.

 

5-қадам: «АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ»

Тағы да партияның Саяси доктринасына тоқтала кетсек, онда: «Әлеуметтік саясат әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асыруға теңдей мүмкіндіктер жасауға бағытталуы тиіс. Азаматтардың барлығы өмірдің жоғары үлгі-қалыптарына сай келетін әлеуметтік қызметтерге тең қол жеткізе алатын болуы керек. Бұған мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақшыл жауапкершілігі арқасында қол жеткізілуі қажет. Атаулы әлеуметтік көмек халықтың әлсіз топтарына ғана көрсетілуі керек. Мемлекеттік қолдау ең алдымен азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді араластыруға бағытталуы тиіс» делінген. Осы ұстанымды негізге ала отырып, қолданысқа енгізілген «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен диалог алаңын қамтамасыз ету, қоғамда ынтымақ, патриотизм, қарттарға және дәстүрге деген құрметті күшейту. Сонымен қатар, аға ұрпаққа медициналық және тұрмыстық қызмет көрсетудің мобильдік түрлерінің дамуына ықпал ету; оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды бастамалар мен бағдарламаларды анықтау, дәріптеу және жүзеге асыру; қарттарға қамқорлық танытатын еріктілер қозғалысына қолдау көрсету; қоғам санасында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің жауынгерлік және еңбек ерліктерін мақтан тұту сезімдерін қалыптастыру міндеттері де қарастырылған.

Ардагерлерді ардақтайық

«Ардагерлерді ардақтайық!». Жақсы ұран. Осы ұранмен «Нұр Отан» партиясының өкілдері қарттар күніне орай әлеуметтік қайрымдылық жобасын өткізіп тұрады. Олар еліміздегі 2 мыңнан астам қарттардың халін сұрап, зейнеткерлерге зейін бөлу борышын да өзгелерге үлгі етіп келеді. Осы орайда, партия белсенділері қан майдан жылдарында аянбай еңбек еткен бірнеше ардагердің шаңырақтарына барып, олардың үй шаруасына жиі көмектесіп тұрады. Әрине, бұндай шаралардың тек көз алдау үшін Астана мен Алматыда ғана өткізілмегені анық. Еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылған арнайы акцияға белсене қатысуды әрбір азамат өзіне борыш санады. Ең басты мақсат – қарттарға көмек көрсету болғандықтан, ағаш отырғызу, бау-бақшаны реттеу, ауланы тазалау игілігінен ешкім арлана қоймас. Ата-бабаларымыздың «Қарғыс алма, алғыс ал!» деген қанатты сөзін ескерсек, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен ортақ меморандумға қол қойып, көңіл мен көмекке мұқтаж қарттарға қол ұшын созуды ойлаған «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының сауабы мол екені даусыз.

Ұрпаққа ұлағат болар шараларға бастамашы билік партиясының осы тағылымға толы жобасы шеңберінде «Қазақстандық қаһармандар» атты 100 бейнеролик те шықты. Оның алғашқысы даңқты батыр, дарынды қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Жеңістің 70 жылдығына тарту ретінде kaharman.kz сайтын іске қосты да, Кеңес одағының 531 батыры мен 124 «Даңқ» ордені кавалерлері туралы мәліметтерді қалпына келтіріп, қазақстандық батырлар туралы «Жаңа 100 дерек» энциклопедиясын қайта басып шығарды. Оған қоса, біздің қаһармандарға арналған тағы 70 деректі фильмді түсіруді қолға алғанын айта кеткен жөн.

Еске сала кетсек, сонау сұрапылда жау оғынан елге аман оралған 225 мың майдангердің қазір арамызда 4 мыңнан астамы ғана қалған. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партия арнайы сауалнама жүргізіп, сол соғыс ардагерлерінің бүгінгі тірлігін зерттеп, зерделеген болатын. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам өзекті мәселе анықталып, олардың 9 мыңы өз шешімін тапқан. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ардагерлерді Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тұрғын үймен түгел қамту үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард 105 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, оларға біржолғы жәрдемақы төленіп, Мәскеудегі әскери шеруге қатысуға да жол шығындары қарастырылған. Әрі бүгінде «Нұр Отан» партиясының қатаң қадағалауы арқасында, майдангерлерге медициналық көмек көрсетудің сапасы да жақсарып отыр.

 

6-қадам: «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»

«Нұр Отан» партиясы негізінен отбасының қоғам құндылықтарын сақтаудың маңызды институты екендігін баса ескерген. Себебі, мемлекеттілігімізді дамыту шарттарының бірі – сол отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау болып табылады. Сондықтан да «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасында отбасылық тәрбиенің маңыздылығы туралы қоғамдық пікір мен азаматтардың өз балаларынан бас тарту әрекеттерін қоғамның қабылдамауын қалыптастыру барысы назарға алынған. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектеріне, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар аз қамсыздандырылған отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған күш-жігерлерін шоғырландыру көзделіп отыр.

Бақытты отбасы

Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда жағдайы төмен отбасылардың саны 12 мыңнан асады десек, оларда 18 мыңға жуық бала бар. Ал Статистика комитеті бүгінде Қазақстандағы ажырасу фактілерінің саны 7 жыл қатарынан өсіп отырғанын алға тартуда. Соның салдарынан 400-ден астам жалғыз басты ана, 60 мыңнан астам жалғыз басты әке пайда болса, толық емес отбасында тұратын 1 миллионнан астам балалалардың 700 мыңнан астамы – тек қана шешесінің қасында. Ал 300 мыңнан астамы – тек қана әкелерімен тұратын балалар. Сол себепті, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақтың қамын ойлау мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. Осы орайда, қазір елімізде отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Оған қоса, отбасын, ұлт денсаулығын нығайту, өскелең ұрпаққа білім беру мәселелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауларында жыл сайын көтеріледі. Мәселен, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Елбасы жаңа әлеуметтік саясаттың жаңа ұстанымдарын анықтап, баланы қорғауды алдағы жылдарға ең маңызды басымдылықтардың бірі ретінде белгіледі. Өйткені, біздегі мемлекеттік әлеуметтік саясат ел Конституциясының нормалары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, баланың толыққанды физикалық, интеллектуалды, әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан да Елбасының тапсырмасына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар жоғарыда аталған мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Міне, осындай сын сағаттарда «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» атты бірегей жобаны жүзеге асыруы аса маңызды еді. Пария басшылығы ол үшін алдымен балалар үйлеріндегі тамақтану және материалдық-техникалық жабдықтаудың сапасын қадағалады. Сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, балалар үйлерін ұстауға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін және демеушілерден түсетін қаржы-қаражатты тиімді пайдалануға мониторинг жүргізуді бастады. Одан әрі балалар үйлеріне ірі кәсіпорындар мен мекемелер негізінде құрылған партиялық бастауыш ұйымдарды бекітуді қолға алды да, сосын баспа және электрондық БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмысын ұйымдастыруға кірісті. Осылайша, балалар үйлерінің 100 пайызы партиялық қамқорлыққа ие болып шыға келді.

Айта кетсек, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасына бастауыш партия ұйымының мүшелері, маслихат депутаттары, өкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын жұмыс топтары белсене атсалысып, олар ортақ мүддеге бизнес қауымдастығы мен азаматтық сектор ресурстарын да тарта отырып, республикалық деңгейде «Нұр Отан» – балаларға», «Балаларды мектепке жинаймыз» сынды қайырымдылық шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Сөйтіп, жақсы жобаны жүзеге асыру кезеңінде 2017 жылы 60 пайыздан, ал 2018 жылы 70 пайыздан астам отбасылар мен балалар практикалық көмек алған.

 

7-қадам: «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК»

Жалпы, әлеуметтік қызметтерге, өмірдің тиісті жоғарғы стандарттарына барлық азаматтардың қол жетімділігі тең болуы тиіс. Ал бұл дегеніңіз мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі арқылы қамтамасыз етілуі керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру бастамасы қолға алынған. Жобада бейінді мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімді орындалуына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін шешуге мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғамды, бизнесті жұмылдыру, мүгедектерге қамқорлық көрсету қажеттілігі туралы қоғамдық пікір қалыптастырып, оларды белсенді әлеуметтік және экономикалық өмірге тарту іс-шаралары міндеттелген.

Кедергісіз келешек

Басынан бастасақ, 2014 жылы осы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мемлекеттік органдар мен партияның, азаматтық қоғамның күш салуымен 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, еліміз бойынша жыл соңына дейін 440 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Сол сәттегі жоспарда 6 мыңға жуық мүгедек жанды жұмыспен қамту қарастырылған. Осылайша, «Кедергісіз келешек» жобасын 4 бағыт бойынша жүзеге асыру көзделді. Атап айтқанда, олар – мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісі жоқ жағдай жасау, қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту және мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру.

Ал биыл «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен партия хатшысы Тамара Дүйсенова «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жұмыстарын Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады. «Нұрлы жүрек» мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен «Қасиетті жол» оңалту орталығына арнайы барған олар, аталған мекемелердің жұмыс барысымен танысып, осы бағыттағы игі бастамалардың жай-күйіне назар аударды. Еске сала кетсек, қазір «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 3-18 жас аралығындағы 260 бала мен жасөспірім әлеуметтік бейімделу және оңалту бағытында ем-дом қабылдауда. Олармен білікті мамандар жұмыс істейді. Мекеме басшысы Серік Бөпежановтың айтуынша, мұнда қажетті медициналық терапея мен коррекция қызметтері жоғары деңгейде көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл жерде түрлі тақырыпқа арналған үйірмелердің жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Орталық тәрбиеленушілері қаладағы театр, көрме, концерттер сынды мәдени іс-шараларға жиі барып тұрады екен. Ал «Қасиетті жол» оңалту орталығында 2-15 жас аралығындағы мүгедек балалар мен жасөспірімдердің тегін оңалту курсынан өтуіне барлық жағдай жасалған. «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Гүлмира Әбілдинованың сөзіне қарағанда, әзірге еліміз бойынша осындай үш оңалту орталығы бар. Оның екеуі – Астанада, біреуі Шымкентте орналасқан. Ендігі мақсат – еліміздің әр өңірінде осындай орталықтар ашып, балаларға барынша көмек қолын созу.

Әлеуметтік нысандардың еңбек ұжымымен және ондағы тәрбиеленушілердің ата-аналарымен кездескен Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында «Кедергісіз келешек» жобасының жұмысы одан әрі жанданып, әдіс-тәсілдері жетіле түсетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың 30 пайызы ғана жұмыс істеп, ақша табу мүмкіндігіне ие. Сондықтан бұл өзекті мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігіне баса мән беріліп отыр. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның қолжетімсіздігі де өзекті мәселелердің қатарында. Мәселен, бүгінде 31 мыңнан астам паспортталған инфрақұрылым нысандарының 3 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімсіз және елімізде инклюзивті білім беру ісі де лайықты деңгейде дамымай отыр. Әзірге отандық мектептердің тек 30 пайызында ғана мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға қажетті жағдай жасалған.

– Партия төрағасының тапсырмасы бойынша біз алдағы уақытта бұл мәселелерді басты назарда ұстайтын боламыз. Келешекте осы үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс істейміз. Жаңғыртылған жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып, оларға партия тарапынан нақты көмек көрсету, – деді Мәулен Әшімбаев.

Иә, қазір «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай көп жұмыс жасалуда. Партия төрағасының орынбасары алдағы уақытта әлде де мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп, олармен өзара ынтымақтастықты күшейте түсетіндіктерін айтты.

– Атап айтқанда, біз партия жанынан үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін арнайы Кеңес құрамыз. Олардың партияның порталы арқылы бізге өз жобаларын ұсынулары үшін жағдай жасаймыз. Сол жобаларды сараптап, әлеуметтік маңызы бар дегендеріне қолдау көрсету үшін жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

 

8-қадам: «ЖАСТАР – ОТАНҒА!»

Бұл жоба «Нұр Отан» партиясының «Мықты ұлт дегеніміз – мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға дайын тұратын жауапты азаматтар. Жастарды отаншылдықтың арқауына айналатын осынау құндылықтарды қастерлейтіндей етіп тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ» деп атап көрсетілген Саяси доктринасына сәйкес жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «жаңа қазақстандық патриотизмнің жалпыұлттық орталығы болуы тиіс» деген қағидасы да осы жобаның негізіне айналды. Ал жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру мен ұлықтауды мақсат тұтқан жобаның басты бағыты – жастарды қоғамдық қызметке тарту және еріктілер институтын қолдау, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтушы жастарға атаулы көмек көрсету.

Жастар - Отанға

Еске сала кетсек, «Жастар – Отанға!» жобасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның аясында «Кеңес орталығы» консалтинг орталықтары, «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагері, «Еріктілер мектебі», «Қазақстаным – таза мекенім» және «Әскердегі бір күн», т.б. көптеген акциялар ұйымдастырылды. «Нұр Отан» партиясының 165 мыңнан астам мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанаты еліміздің ең ірі жастар ұйымы болғандықтан, 2016 жылы «Жастар – Отанға!» жобасы аясында өзге жастар ұйымдарымен бірлескен жоспарға қол қойды.

– Жоба шеңберінде облыс орталықтарында және Алматы мен Астана қалаларындағы базар маңдарынан «Кеңес орталықтары» ашылған. Олар жұмыссыз жүрген жастарды мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік бағдарламалар, сонымен қатар, басқа да жағдайлар туралы ақпараттандырып отырады. 2015 жылы осындай консалтинг орталықтарында 27 мыңнан астам адамға жұмыс, баспана және елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға қатысты кеңестер берілді. Ал 2016 жылы бұл жұмыс өзінің жалғасын тапты. Аталған орталықтардың негізгі мақсаты – ауылдық жастарды ақпараттандыруға, заң мәселелері бойынша жеке консультативті және психологиялық көмек көрсету, – деп атап өтті «Жас Отан» ЖҚ хатшылығының басшысы Аян Сакошев. Оның сөзінше, 2015 жылы «Жастар – Отанға!» аймақтық жастар саяси лагеріне 560 адам қатысқан. Ал 2016 жылы лагерь республикалық деңгейде ұйымдастырылғандықтан, оған қосымша республикалық деңгейдегі 300-ге жуық адам тартылыпты. Сондай-ақ, 2015 жылы «Еріктілер мектебі» шеңберінде елімізде 600-ден астам Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне және көмекке мұқтаж егде адамдарға көмек көрсетілген. Осылайша, бұл жоба өз миссиясын жүз пайызға атқара алды деуге болады.

 

9-қадам: «НҰР АРМАН»

Бұл арнайы партиялық жоба өз жұмысын Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2016 жылы бастады. Шетелдік жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін қайырымдылық білім гранттарын тағайындау арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж дарынды және келешегі зор жастарды қолдауға арналған. Ол бойынша грантқа шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түскен жетімдер, мүгедектер, аз қамтылған және толық емес отбасынан шыққан балалар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын, мүгедек ата-анасы бар, сондай-ақ, көп балалы отбасынан шыққан 21 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Ал ұйымдастыру жұмысын партияның Саяси менеджмент мектебі «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының 2016 жылғы №164 бұйрығымен бекітілген «Нұр Отан» партиясының қайырымдылық білім беру гранттары туралы» Ережесіне сәйкес жүргізеді. Мақсатты топтан үміткерлерді бастапқы іріктеу аймақтық деңгейде өтеді. Бұл ретте, партияның аймақтық филиалының ұсынымын алған үміткерлер психологиялық тестілеу және конкурстық комиссия мүшелерімен әңгімелесу кезеңдерінен өтіп, содан кейін комиссия гранттар тағайындау туралы шешім қабылдайды.

Нұр Арман

Еске сала кетсек, жоба жұмысы басталған 2016 жылы гранттар Ресейдің, ҚХР, Ұлыбритания және Малайзияның жоғары оқу орындарына өз еркімен түскен орта мектептің 9 түлегіне берілді. Ал 2017 жылы жоба аясындағы ақпараттық жұмыстарға облыстық білім басқармаларының басшылары, мектеп және балабақша директорлары тартылып, байқауға Қазақстанның 11 облысынан 22 үміткердің құжаттары жолданған. Алдағы уақыттарда да конкурсқа қатысуға ниет білдіретіндер үшін қажетті ақпарат «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің http://spm.nurotan.kz сайтындағы «Нұр Арман» жобасы бөліміне орналастырылған.

Сонымен, «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік қорғауға алынған талантты балалардың шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуларына қолдау көрсетуді әлде де жалғастыра бермек. Осыған орай, партияның білім грантын иеленгендер РФ Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Новосібір мемлекеттік медициналық университеті, Омбы мемлекеттік техникалық университеті, Чехияның Карлов университеті және Қытайдың Нинбо университетінен білім алады. Осылайша, Елбасы атап өткендей, партия ішінде де «Қазақстанның дарынды жастарына арналған «әлеуметтік лифт» құрылған». Енді алдағы 4 жыл ішінде жыл сайын бакалавриат және «Foundation» даярлық бағдарламасы бойынша жетекші жоғары оку орындарында мақсатты топтардан шыққан жастарды оқыту үшін 20 грантқа дейін бөлу жоспарланып отыр. Жобаны қаржыландыру жағы партияның арнайы шотының каражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте, шамамен 4 жылға есептелген грант құны оқыту құнын, ай сайынғы стипендияны, медициналық сақтандыруды, көлік шығыстарын және визалық қолдауды қамтиды.

 

10-қадам: «СӘТТІ ҚАДАМ»

Біз сар

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір