• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:40:08
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2018 Әлеумет

Бас қаланы балықсыз қалдырмақ па?..

Ең сорақысы, биылғы наурызда Астана іргесіндегі Сарқырама тоғанында майда шабақтар жаппай қырыла бастады.

Таяуда біз бір демалысымызды пайдаланып, Астана маңындағы Сілеті өзеніне қармақ салдық. Жағалауда «Алабұға, ақ балық – қармағымды қап, балық!» деп отырғанда, сол жердегі ұшқат түбінен қазып алған жауынқұртымыздың дәмін саусақтай майшабақтар ғана татып көрді. Одан басқа түк жоқ. Үшеуін ұстап, суға қайта жібере салғаннан кейін базардан сатып ала шыққан дәу сазанымызды қуырып жеп, кері қайтуымызға тура келді.

Содан кейін Есіл өзенінің Максимовка ауылы жағында ағып жатқан тұсына барып тоқтадық. Бұнда да сол... Шабақ аулап, сазан жеп қайтқанның еш қызығы жоқ екен, тәйірі!

Астанадағы қымбат көліктердің көбісі сол жерде тұр. Орындыққа жайғасқан орыстар мен толарсақтан саз кешкен қазақтардың әрқайсысында кемінде 3-4 қармақтан бар. Күмісше жалтыраған ақ шабақтарды бірінен соң бірін іліп алып, шелектеріне шолп-шолп еткізуде. Өсіп-өнсін деген аяушылықтан ада екен шеттерінен!

қармақ

майшабақ

Ал біздің жағдай белгілі... Тағы да ұрты қанаған үш шабақпен «келесі жылы кездескенше» деп қоштаса салдық. Ғайыптан тайып алабұға, көксерке, шортан, тұқы сынды балықтардың ірілеу біреуі кезіге қалса, сол тұрған жерімізде кішігірім той жасап жіберуге әзір едік. Болмады. Жалаңдаған жалмауыз қармақтар көкке шаншылып, күнге шағылысып, өзеннің өзегін тінте тіміскілеуден бір тынбаса, мына майшабақтардың өзі құрып кетуі мүмкін сияқты көрінді. Қатарымызға сол ауылдан қосылған жол бастаушымыз: «Әнеугүні осындай шабақтардың жарты қабын алғанбыз», – деп қояды. Әне, керек болса! Әр аулаушы сөйтіп қап-қабымен өңгеріп әкете берсе, елорданың су қоймаларына былтыр жіберілген 41 миллион шабақтың несі қалады-ей?!.

Иә, былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен Есіл өзеніне қала ішіндегі жағажайдан 41 миллион тұқы балығының шабақтары жіберілген. Еліміздің «Қызыл кітабына» еніп кеткен бұлардың бәрі – «Майбалық» күтімбағының «түлектері». Сол сәтте: «Ақмола облысының негізгі су көздері – Нұра мен Есіл өзендері және Вячеслав су қоймасына осы кезге дейін тұқы шабағының 50 миллиондайы жіберілді», – деді АШМ Ақмола облыстық инспекция жетекшісінің орынбасары Нығмет Қауашев. Өткенде қарасақ, мыжырайған бір шал қармақ қалтқысының дірілінен үміт күтіп, тұқылардың тура сол Қауашевтің аялы алақанынан сусыған тұсында отыр. Еее де!

балықшы

Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің «Жас Нұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны 2013 жылы «Қоянды» су қоймасына репус балығының шабақтарын жіберіп еді. Сонда сол мекеменің маманы Жарылқасын Әбдікерімовтің бізге заңсыз балық аулаушылықтың алдын алатындарын айтқаны есімізде. Әр өзеннен үш шабақты алып-салып үйрене бастаған қайран басымыз өткенде ол су қоймасының да жағалауын шиырлап үлгерді. Онда да тыйым-сыйымның бір реттік ырымы байқалмады. Тіпті, су жағасында сонда келіп демалатын қаланың салақ тұрғындарынан қалған қоқыстар ыбырсып жатыр...

қоқыс

Ең сорақысы, биылғы наурызда Астана іргесіндегі Сарқырама тоғанында майда шабақтар жаппай қырыла бастады. Су бетіне қалқып шыққан оларға қауіптің қайдан келгені белгісіз. Себебін анықтау үшін экологтар судан сынама алып, зертханаға жөнелтті. Әзірге оның нәтижесі жарияланған жоқ. Бір білетініміз, Ақмола облысының Целиноград ауданы бойынша осындай қараусыз жатқан 16 тоған бар. Олардың бәрінің жағдайын бақылап отыруға жергілікті биліктің қауқары да, қаражаты да жетпейтін көрінеді. Бұл дегеніңіз – балық шаруашылығымен айналысамын деушілерге таптырмас мүмкіндік. Бірақ, қазір оған да құлшынып отырған бір адам байқалмайды.

Әйтеуір, келешектегі кей әңгімемізді «шабаққырған заманда» деп бастап отырмасақ жарар еді...

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір