19 Маусым, 2018 Әлеумет
Қазақ тілінің шет елдегі рөлі: қазақ тілін меңгерген шетелдіктер сырын ашты
Өзге ұлт өкілдері құрметтеп, қадірлеп, соған өз уақыттарын сарп етіп жатқанда, Қазақстанда тұрып сол қазынаны бағалай алмай жатқан отандасқа не дерсің?!
Тәуелсіздік алғанына 27 жыл толған Қазақстандағы мемлекеттік тіл деңгейі қандай? 27 жыл бойы бір қазақ, тіпті бірде бір қазақстандық жауап бере алмайтын, жауап бергеннің өзінде мүңгірлеп, мардымды ештеңе айта алмайтын өзекті сауалға айналды бұл. Жә, «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деп бұл тақырыпқа қайта айналып соғар ойым жоқ. Мен қозғамақ мәселе – қазақ тілінің шет елдерде оқытылуы, шетелдіктердің қазақ тіліне қызығушылық танытуы.
Өткен жұмада Қазақстанның Египеттегі елшісі Арман Исағалиевтің атсалысуымен қазақ тілінің Египетте оқытылатыны жайында хабарланған еді. Каир университетінде әдебиет факультеті ашылып, ондағы пәндер қазақ тілінде жүргізілетін болады. Еріксіз қуанасың, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі – тіліміздің мәртебесінің артқаны емес пе?
Қазақ тілін үйренуге мүдделілік қандай жағдайда туады?
Әлемде қазақ тілін үйреніп, қазақ тілінде сабақ өтетін мемлекеттердің саны артқан. Ресей, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Түркия тағы да басқа елдерде қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлейтін азаматтар өсіп келеді. Иә, үлкен жетістік. Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюы мақсатында қызмет етуде тілді білудің маңызы зор екені айтпаса да анық. Қазақ тілін үйренушілердің мақсатын әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай екі топқа бөлді:
-ғылыми бағытты көздейді;
-жеке тұлғаның қызығушылығына байланысты (сол ұлттың тарихына, мәдениетіне, өмір сүру салтына қызығу т.б.)
«Түріктер үшін қазақ тілі шетел тілі емес»
Бүгінде қазақ тілін үйрену әсіресе түркі тектес мемлекеттерде: Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түркияда тағы да басқа мемлекеттерде едәуір дамыған. Әсіресе Түркияда ептеп қолға алынған екен. Ондағы ерекшелік – қазақ тілі ғылыми деңгейде оқытылады. Яғни, қазақ тілімен қатар бірнеше түркі тілдері бірдей қамтылады. Мақсаты – тілдерді салыстыру, зерттеу. Алайда өзге тілдерден гөрі қазақ тілін оқытудың жетістіктері зор. Белгілі түрколог ғалым Ораз Сапашев қазіргі таңда Ыстамбұл қаласында қазақ тілінен сабақ үйретеді. «Бұл процесс түркітануға аса қажет», - дейді ғалым. Түркиядағы Ыстамбұл университетінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен «Әл-Фараби» зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты – түркітану саласына ірі-ірі ғалымдарды дайындау. Ораз Сапашев 2017 жылдан бері Ыстамбұлдағы «Әл-Фараби» зерттеу орталығында да сабақ береді. Бұдан бұрын 2010-2012 жылдары АҚШ-та, 2015-2016жыладры Анкарада қазақ тілін үйреткен.
Түрколог ғалымның айтуынша, Түркияда қазақ тілін көбіне түркітанушы мамандар оқиды. Тек қазақ тілін үйретуде аздап қиындықтар кездеседі екен. Мәселен, біз кириллицамен жазамыз, ал онда латынша. Сонымен қатар, қыпшақ грамматикасы мен фонологиясы біршама өзгеше. Сөздік қорымыз бен терминдік кешеніміз де ерекшеленіп тұрады.
2025 жылы Қазақстан Республикасы толық латын әліпбиіне көшетінін ескерсек, бұл олқылықтарды да жеңудің бірден бір жолы табылар еді.
Алайда қазақ тілін үйретуде тиімді тұстары да бар. Біріншіден, түріктер үшін қазақ тілі шетел тілі емес. Екі тілге де сөз және сөздік жүйе ортақ, тілдік таным бірдей. Сол себепті шетел тіліне қарағанда түріктер қазақ тілін жылдам үйренеді екен.
ТМД елдерінде де қазақ тілін үйрету кеңінен дамыған. Мәселен Польшаның бірнеше университеттерінде бірнеше жыл бұрын қазақ тілін кәдімгі пән ретінде оқыту қалыптасып, бүгінде сіңісіп кеткен. Белгілі польшалық лингивст Генрик Янковский қазақтан жар алған екен. Әйелі бүгінде сол елдің университеттерінде шетел азаматтарына қазақ тілінен сабақ береді.
АҚШ-та да қазақ тілін оқытатын бірнеше университетте қазақ тілін оқыту жүйесі қалыптасқан. Бүгінде Мэдисон университетінде қазақ тілін оқытатын жаздық курстар бар. Онда қазіргі таңда Назарбаев университетінің оқытушы-ғалымдары сабақ береді.
Бұдан өзге Алмания, Германия, Франция университеттерінде де қазақ тілін оқытады.
Сонымен қатар, Анар Салқынбайдың айтуынша, Қытай елі де қазақ тілін оқытуға көңіл бөліп отырған көрінеді. ҚазҰУ-дың қолға алуымен Бейжің университетінде ірі тілдер кафедрасы ұйымдастырылды. Ондағы қазақ бөлімдерінде 20-25 студент қабылданып, олар Қазақстанның мемлекеттік тілін жетік меңгеріп келеді. Бір қызығы олардың көбі дерлік Қытай қазақтарынан гөрі хунза халықтары екен.
Оның үстіне Әл-Фараби университеті мен Бейжің университетінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен екі дипломдық бағдарлама қолға алынды. Қазірде ол университеттерге қазақ тілін үйрету үшін еліміздің университеттерінен арнайы оқытушылар жіберіледі.
«АҚШ-та қазақтар көп, бірақ қазақ мектептері жоқ»
«Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорктегі Колумбия университетінде магистратураны бітірген Айжан Жұматаева Нью-Йорк қаласында қазақ тілі орталығын ашты. Айжанмен қоса АҚШ-та жүрген бірнеше студент қазақ ата-аналарының көп екенін, алайда қазақ мектептерінің жоқ екенін байқайды. Тілге деген сұраныс болмағандықтан қазақ бүлдіршіндерінің өзі ана тілдерін білмеген. Сол себепті желі арқылы қазақ тілді курстың ашылатынын мәлімдеп, жұмысты бастап кетеді.
«Курсты ашарда ойымызда ақша жасау болған жоқ. Ең маңыздысы – АҚШ-та қазақ тіліне деген қызығушылықтың қандай, қаншалықты сұранысқа ие екенін білу болды. Және қазақ тіліне деген жанашырлық пен патриоттық сезім итермеледі», - деді Айжан.
Алғашқы сабаққа 30 шақты ата-ана балаларын ертіп келген. Олар Қазақстаннан көшіп кеткен, сонымен қатар Қазақстаннан асыранып алынған бүгінде АҚШ азаматы болып отырған балалар келді. Америкалықтар баладан оның өткен тарихын, туып-өскен мекенін, білуі тиіс сырларын ешқашан жасырмайды, міндетті түрде айтады. Сол себепті қазақтан туған америкалық балалардың ана тілін меңгеруі маңызды. Айжанның айтуынша, ата-ана баласы өскен соң оны туған жеріне апарып, туған өлкесімен таныстыруды көздейді. Уақыт өте келе америкалықтардың өздері қазақ тіліне қызығушылық таныта бастады. Тіпті ата-аналарының өздері үйреніп жүр. Қазақтың «Наурыз» сынды мейрамдары барысында орталықтың ата-аналары мен оқушылары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, америкалық қоғамда қазақы орта қалыптастырады.
Қазақстандық ғалымдар не істеп жатыр?
Профессор Анар Салқынбайдың айтуынша, шет елде қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың мамандығы қазақ тіліне байланысты емес екен. Көбіне қазақ филологиясы, қазақ тілі мамандықтарын бітірмеген. Ондағы оқытушыларға қойылатын басты талап – олар шет тілдерін меңгерген болуы тиіс. Осыған орай шет елдегі қазақ тілін оқытуда бірізділік болсын деген мақсатта биылғы оқу жылында А. Салқынбай мен Н. Егізбаевамен бірігіп «Қазақ тілі» оқу құралын шығарды. Бүгін кітапқа сұраныс артып тұр. Әсіресе Вашингтон университетінің ғалымдары АҚШ-та шығаруға ұсыныс тастаған. Бүгінде Анар Салқынбай мен Егізбаева осы орайда жұмыс істеп отыр.
«Бұл шетелдіктерге қазақ тілін оқытуға арналып деңгейлік жүйеде жазылған алғашқы оқу құралы. Модельдік оқыту теxнологиясы негізге алынған. Қарапайым деңгей,базалық және орта деңгей жазылған. Америкалық инновациялық әдістер қолданылған.
Шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп, мәдениеті мен дәстүрін таныту басты мақсат. Қарапайымнан күрделіге қарай үйретіп, сөздік қорын көбейте отырып, ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Яғни тілдің жұмсалымдық ерекшелігін үйрету қамтылған», - деп түсіндірді Анар Салқынбай.
Қазақ тілін жетік меңгерген шетелдіктер
Польшалық Вячеслав Чернев
23жастағы Польша азаматы Вячеслав Чернев бүгінде тоғыз тіл біледі. Оның ішінде қазақша еркін сөйлейді. Өзі зағип болса да, талантты жігіт Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін қалт жібермей қадағалап отырады. Биыл ақпанның басында Қазақстанға алғаш рет қонаққа келген Вячеславпен Қамшы тілшісі сұхбаттасқан еді. Ол Варшава университеті Шығыстану факультетіндегі Түркітану және Орта Азия халықтары кафедрасының докторанты. Зағип бала үшін башқұрт, татар,қазақ халықтарының тілі мен мәдениеті ешқашан жат болған жоқ. Қазақ тіліне деген қызығушылық башқұрт тілін үйренген соң ашылған. Қазақстанға арнайы келіп, елдің өз мемлекеттік тілінде сөйлеуді жөн көрген жігіт Қазақстанда қазақтардың орысша сөйлейтініне налып кеткен еді. Тіпті Башқұрстанның өзінде қазақтар орыс тілді болғандықтан қазақ тілін өз бетінше үйренген. Әрі Вячеслав үшін бұл процесс қиынға соқпаған, себебі башқұрт тілі мен қазақ тілін қатты ұқсатқан.
Сұхбаты барысында «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Әр қазаққа қазақ тілін білгені – парыз, білмегені – ұят», – деді ғой. Осы орайда мынадай сұрақ туады: зағип жандар, дислексиясы бар адамдарға да осындай талап қойылуы керек пе? Сізше қалай?» деп қазақтарды бір састыраны бар. Ағылшын, поляк тілдерінде көзі көрмейтіндерге арналған дыбыстық бағдарлама бар. Ал қазақ тілінде жоқ екен. Сол себепті соқырлардың дені орысша сөйлейді, себебі айналасының бәрі орысша сөйлейді. Мұны Қазақстан азаматтары емес, Плоьшадан келген зағип жан байқап кетті.
Кез келген тілді үйрену үшін оның грамматикасын түсіну керек дейді.
Қазақ жырларын жаттап өскен жапон азаматы
Қазақ тілін жетік меңгерген келесі бір кейіпкеріміз – Жапон азаматы. Токуро Оучи есімді жапон жігіті Алпамыс батыр мен Манас эпостық дастандарын өз ана тілінде оқып, қазақ пен қырғыздың дәстүрі мен мәдениетіне қызыққан.
Осы әуестігі оның Қазақстанға келіп білім алуына себеп болады. Ол қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде қазақ тілін меңгеріп жатыр.
«Мен Жапонияда жүргенде қазақ халқының «Алпамыс батыр, қырғыз халқының «Манас» эпостық жырларын жапон тілінде оқыдым. Бұл эпостық жырлар мені қатты қызықтырды. Жапон тілінде басқа эпостық жырлар жоқ екен. Сондықтан әдебиеттің осы жанрын зерттегім келді», – деді Такуро.
Қазір ол қазақ тілін меңгеріп жатыр. Қазақ тілін үйренумен қатар, осы елдің мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен танысқан. Әсіресе жігітті Айша бибі мен Қарахан баба жайындағы аңыздан екеуінің арасындағы махаббат оқиғасы қатты қызықтырады екен.
Шетелдіктердің қазақ тілін меңгеріп, қазақ халқына қызығушылық танытып жатқаны – тіліміздің, діліміздің, салтымыздың қазыналы екенінің айғағы. Өзге ұлт өкілдері құрметтеп, қадірлеп, соған өз уақыттарын сарп етіп жатқанда, Қазақстанда тұрып сол қазынаны бағалай алмай жатқан отандасқа не дерсің?! Тағы да «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды»-ның соры болдым...
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір