• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:50:04
Алматы
+35°

05 Шілде, 2018

Қазақ қоғамы қоразбаевтануға мұқтаж ба?

Сондықтан қазақ қоғамы қазақтануға қатты мұқтаж екендігін ерекше атап өткім келеді.

Мырзантай Жақып елді әбден шулатты. «Магистратураның гранттары әншілерге ғана беріліп, таланттар тасада қалып жатыр» деп пікір білдіріп, айды аспанға шығарды. Профессордың сынына үндемей қалуды намыс көрген Беспаев та ағынан жарылды. Өнердегі ұстазы, әкесі Алтынбек Қоразбаевты магистрлік диссертацияның тақырыбы етіп таңдап алған ол экономиканың емес, өз саласы мәдениеттану ғылымының магистрі атанғанын ерекше атап өтті. Танымал айтыскер Серікзат Дүйсенғазинге редакция атынан хабарласқанымызда ол да аталмыш мәселеге баса назар аудару қажеттігін айтты. Осымен Беспаев төңірегіндегі дау аяқталғандай болды. Сөйтсек, өшейін деп тұрған қызыл шоқ қайтадан маздап шыға келді. Мейрамбектің «Алтынбек Қоразбаевтың қазақ мәдениетіндегі орны» деген тақырыпты зерттеуі қызу талқыға салынды. Қоразбаевтану қазақ қоғамына қаншалықты қажет деген сұрақ туындады. 

Журналист Заңғар Кәрімхан Фейсбук парақшасында былай деп жазады: «Несі бар, жанына жақын тақырып! Бала кезінен жақсы білетін, жақсы танитын дүниені жазу керек қой жазған соң! Ғылымға пайда әкелмейді деп ойлайсыз ба? Қателесесіз! Қазіргі қазақ қоғамы қоразбаевтануға мұқтаж ғой. Анау тану, мынау тануларға қарағанда. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, өнер жолына, үлкен өнерге қаршадай Мейрамбекті әкелгеніне не тұрады?! «Ауыл сахнасының озық әншісі» қалайша «Қазақстанның халық әртісі» атануының сыры кімге керек болмасын?! Мысалы, маған қызық! Қалай жоғары атақ алуға болады, жетудің қандай жолдары бар, нені үйреніп, нені меңгеру керек дегендей, бұл диплом жұмысы эстрада саласына қосылғалы тұрған «үлкен еңбек» емес пе? Ал сіздер бағалай алмай жатырсыздар! Ешбір сабаққа қатыспаса да (қайдан қатысады концерттер мен гастрольдік сапарларда жүрсе, арасында қазағының той-томалағы бар), дипломын өзі жазып шыққан! Қайта уақыт тауып жазып шыққанына рақмет айтуымыз керек! Абай атамыз айтқандай «көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алса» не болар еді?! Және өзі ашық түрде қорғаған екен! Мейрамбек Бесбаевтың дипломы құтты болсын! «Іші тар», «көре алмайтын» адамдар сөйлей бермесін».

Бұл жөнінде көзқарастары екіге жарылып, қырық пышақ болып жатқан ел-жұртына ақын Ақберен Елгезек: «Мейрамбек өзін ешқашан әншімін деген емес. Биік өнерді түйсігімен терең таныған соң, ол өзің музыкантпын деп есептейді. Ол оның берік позициясы. Бұл - бір. Ал, эстрада майданында қазақ әніне тәуелсіздік алып берген бірден бір музыкант болса, ол тағы да - Мейрамбек! «Музарт» тобы құрылып, ел бұларды жаппай тыңдай бастаған кезден бастап, жұрт Ресейден келетін әншілердің концерттеріне баруды доғарды. Соның бастауында кім тұрды? Мейрамбек! Халықты ескі-жаңа термелермен сусындатқан кім? Мейрамбек! Қазір жас әншілерге аға болып, бас-көз болып жүрген де осы маңдайы жарқыраған нағыз қазақ! Бала кезден «бозторғайша» шырылдап, қазақ өнерін аспандатқан оғланыңа бір жапырақ дипломыңды қимадың ба, ағайын?! Сол дипломды қалтасына салған қай өнерлің Мейрамбектей қазаққа еңбек етті?! Өз туғанымызды аяқтан тартып, ырду-дырду боламыз да жатамыз, әйтеуір. Қойсаңдаршы болды, сырт көзден ұят емес пе?!», - деп үндеу тастады.

Енді қазақ қоғамы қоразбаевтануға мұқтаж ба деген сауалға келсек. Біз бүгінгі таңда мотивацияға мұқтажбыз. Жастарымыз кімге қарап бой түзерін білмей, адасып жүр. Болар ел болсақ та (болмайтын деуге қимаймын – авт.) бір-бірімізді батыр деуге аянып, жұлып жеп жүрміз. Сондықтан қазақ қоғамы қазақтануға қатты мұқтаж екенін ерекше атап өткім келеді. Қазақты тану Қоразбаевты танудан, Беспаевты бағалаудан, бір қазақ үшін қуанудан, бір қазақ үшін мұңаюдан басталады. Мейрамбектей асылды өнер әлеміне алып келген Алтынбек Қоразбаевқа тірі кезінде мақтау айтпай, өлгеннен кейін сөзбен ескерткіш тұрғызғаннан не пайда?!

Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір