• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Мамыр, 13:06:35
+35°

16 Шілде, 2018 Саясат

12 баласы бар Жансейіт Түймебаев асқаралы 60 жасқа толды

Ол кісі құдай қосқан қосағы Ұлмекен Жаман­құлқызымен отбасында 4 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсірген

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев асқаралы 60 жасқа толды. Ол кісінің қызметтік өмір жолы көп­шілікке таныс, дегенмен осы орайда оқырман назарына оның туып-өскен ортасы, отбасы жөнінде және басқа да кейбір деректер туралы айта кетуді жөн көрдік.

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев 1958-жылы 8-шілдеде сол кездегі Шымкент облысының Алғабас ауданына (қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы) қарасты Қайнар ауылында, көпбалалы отбасында өмірге келген.

Ж.Түймебаевтың әкесі Қансейіт Түймебаев кезінде Алғабас және Созақ аудандарында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған. Ол кісі құдай қосқан қосағы Ұлмекен Жаман­құлқызымен отбасында 4 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсірген.

Қансейіт Түймебаевтың үлкен ұлы Байсейіт кезінде Маңғыстау облысында жауапты қызметтер атқарған, кейін Шымкент облыстық, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктерінде еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыс­тарында табиғи монополияларды реттеу, бәсе­келестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау департаментін басқарған. Бәйдібек ауданының әкімі болған.

Ж.Түймебаевтың туған інісі Имангелді бүгінде аймақтық басқармалардың бірінде жауапты қызмет атқарады. Оған дейін Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары болған.

Жансейіт Түймебаев жұбайы Жанат Еңсебаевамен бірге Елдана және Елнар есімді ұл-қыздар өсірген. Кей деректерге қарағанда, Ж.Еңсебаева өнер галереясының директоры болып істейді, кезінде ол Түркиядағы елшілікпен бірігіп, қазақстандық үздік суретшілердің «Заманауи қазақ өнері» атты көрмесін өткізген.

Ж.Түймебаев бала кезінде Шымкенттегі №12 мектеп-интернатта оқыған. Оны алтын медалмен бітірген. Оның математика пәніне қабілеті жоғары болыпты. Ол кейін Қазақ Мемлекеттік университетін, Мәскеу Мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген. Бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор, 2-сыныпты елші дипломатиялық дәрежесінің иегері. Ол кісі – 30-дан астам ғылыми-танымдық кітаптардың авторы.

Ж.Түймебаев кезінде Қазақ Мемлекеттік университетінде еңбек еткен. 1993-жылдан бас­тап Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарған, Қазақстанның Стамбул қаласындағы консулдығын, Қазақстан Прези­дентінің Протоколын басқарған, Президенттің кеңесшісі болған. Білім және ғылым министрі болған. Ресейдегі, Түркиядағы, Албаниядағы Төтенше және Өкілетті елші қызметтерін ат­қарған.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне 2016-жылы қазан айында тағайындалған болатын. Биылғы 20-маусымда жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалды.


Д. Нұрпейіс

"Замана" газеті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір