• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:04:00
Алматы
+12°

22 Ақпан, 2013 NEWS

Әз Наурыз келер күн таяу…

Кең құшағын жайып Әз Наурыз – Жаңа жыл таяп келеді. Бір-бірімізбен төс қағыстыра көрісіп, мәре-сәре болып жататын күндер де алыс емес. Жаңа жыл дегенде кейде...

Кең құшағын жайып Әз Наурыз – Жаңа жыл таяп келеді. Бір-бірімізбен төс қағыстыра көрісіп, мәре-сәре болып жататын күндер де алыс емес. Жаңа жыл дегенде кейде «Бұл қай Жаңа жыл?» деп қалатынымыз да бар. Жалпы бүгінгі қоғам 1-қаңтарды да Жаңа жыл деп қабылдап, қос Жаңа жылды тойлау әдетін бойға сіңіріп алды. Алдымен қыс ортасында аязбен бірге келетін кірме Жаңа жылды не нәрседен де кем қылмай, ел қатарлы күтіп аламыз. Болмысымызға жат мерекеге үзілді-кесілді қарсы шықсақ зайырлы еліміздің ұлтаралық бірлігіне нұқсан келе ме екен деген оймен шырайын шығара тойлап жүрміз. 1-қаңтарға дайындықты көрсеңіз ғой, үйдегі көк жәшік бұл туралы бір ай бұрын жар салады, көшелеріміз бен алаңдарымыз жарқырата безендіріледі. Кейде тәп-тәуір салт-дәстүрімізді әлдебір болмашы дүниелерге оңай алмастыра салғанымызды байқамай қаламыз. Сол сияқты 1-қаңтар мен Наурыздың орны ауысып кеткені де айқын көрініп тұрады. Бұған дәлел, алдымен шартараптан хабар жеткізетін үйдегі теледидарды қосыңыз. 1-қаңтар таянғанда мерекелік шаралар, елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан дайындықтар, өтетін түрлі концерттер жөнінде сайрайтын арналар Наурыз жақындағанда мұндай белсенділік танытпайды. Содан соң елді мекендердегі алаңдар мен көшелер алдымызда Ұлыстың ұлы күні келе жатқандай көрініс танытпайды. Сағат санап, сәт санап, асыға күткен 22-наурыздың таңы атқанда ең алдымен көз алдымызға қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, домбырамен құйқылжыта шырқалған дәстүрлі ән орындаушылары, ұлттық киім киген бойжеткендер мен бозбалалар, алтыбақан маңайындағы жастар, сапырып құйып берген қымыз, ауыздан дәмі кетпес наурызкөже елестейді. Бұдан басқа да толып жатқан қызықтардан құр қалуға бола ма?! Алып ұшқан көңіл ұлан-асыр тойдың думанды төріне асығады да тұрады. Наурызда ежелден келіп жеткен дәстүрімізді, өнерімізді көре алмаймыз деуге ауыз бармас. Дегенмен, мерекені тамашалап, өзінің қазақ екенін еске түсіргісі келген жұрт тез тарағысы келмейді. Дәмі тіл үйіретін наурызкөже ішпеген қазақ қазақ па? Осы наурызкөженің өзі жиналғандарға жетпей жатады. Тіпті бағасын шарықтатып жіберетіндер де бар. Басқа күндері ұлтымыздың ұлылығын асқақтататын көріністер бола бермесі анық қой. Қалай десек те, Наурыз мейрамында халқымыздың өнегелі дәстүрі мен өнерін дәріптеуге кеңінен жол ашылады. Сондықтан бұл күнге тиісті деңгейде көңіл бөлініп, ат үстіндегі азаматтардың өздері ықылас танытып, мерекелік шараның басы-қасында жүрсе қандай жақсы. Халқымыздың ауызбіршілігі де осы әрекетімізден айқын көрініп тұрар еді. Еліміздің кейбір өңірлері Ұлыстың ұлы күнін тойлауды ертерек бастап кетеді. Бұл күні жұрт бір-біріне игі тілектер айтып, төс қағыстырып көріседі. Жасы кішілері азын-аулақ сыйлық­тарын алып, үлкендердің үйіне кіріп шығады. Қандай жарасымды! Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтау туралы жиі айтылады. Сондай пікірлердің арасында «Наурызға арнайы бірнеше күн белгілеп, тойлауды енгізу керек» дейтіндер де бар. Осы күндері әр күнімізді бір сауапты іске арнасақ, көпшіліктің көкейіндегісін дәл табатын сияқтымыз. Мысалы, бір күнді бұлақтың көзін ашып, тазалыққа көңіл бөлінсе. Жасыл желек, ағаш отырғызудың өзі дәстүр, ұлтымыздың келешегі үшін жасалатын пайдалы іс. Келесі күні салт-дәстүрімізді ашып көрсетсек, одан соң ән-жырымызды шырқасақ, құба-құп. Тағы бір күні ұлттық ойындарымыз ойналып, ат жарысы өтсе, айтыс ұйымдастырылса деген сияқты ұсыныс-тілектер көп. Сонда Наурыз шын мәнінде жыл сайын асыға күтіп, қуана қарсы алатын үлкен мерекеге айналар еді. Қалай десек те ұлық мерекені ынтымағымыз, бірлігіміз жарасып, зор қуанышпен атап өту – парыз.

Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

"Ана тілі"    

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір