• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Шілде, 05:24:12
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

15 Тамыз, 2018 Денсаулық

Енем келіні жақында босанған үйлерді аралап, бір кесе шілде суын тапты

Шілде суы деп баланы ең бірінші шомылдырған суды айтады.

Шілде суының қандай қасиеті бар? 
Университеттің соңғы курсында оқып жүргенімде өзім ұнатқан жігітке күйеуге шықтым. Күйеуім ол кезде Қарағандыда жұмыс істейтін. Оқуымды бітіріп, диплом алған соң мен де сонда кеттім. Тұңғыш перзентім де Қарағандыда өмірге келді. Ата-анам да, ата-енем де Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ол кісілер менің ауылға келіп босанғанымды дұрыс көрген болатын. Бірақ мен күйеуімнің жанында болғым келіп, Қарағандыда қалдым. Сөйтіп қақаған қаңтар айында тұңғышымды дүниеге әкелдім. Менің босанғанымды естіген анам он-шақты күннен кейін келді. 
Ол кезде мен перзентханадан үйге шығып қойған болатынмын. Еш икемім келмесе де бірнәрсе етіп баланы шомылдырып, құндақтап қойғанмын. Анам келген соң өзі әкелген бесікке салып берді. Біраз күннен кейін ұлымның екі қолтығының асты мен мойны қызарып жараға айналды. Дәрігерге көрсетіп, жазып берген дәрісін жаққанымызбен кете қойған жоқ. Ауа бармағаннан кейін қызарып тұр ма деп ойлап, шомылдырып болғаннан кейін құрғатып сүртіп, біраз уақыт ашып қоямыз. Алайда оның да пайдасы болмады. Күн сайын телефон арқылы хабарласып отырған енем топырақты әбден өртеп кептіріп, соны жақсақ кететінін айтты. Оны да жасап көрдік. Бірақ нәтижесі болған жоқ. Сонымен не керек анам екеуміз көптеген ем түрлерін жасағанымызбен баланың қызарған жарасын кетіре алмай-ақ қойдық. Бір айдан кейін анам ауылға қайтып кетті. Ал баламның жарасы сол күйінше жазылмады. Жаз шыға күйеуім кезекті еңбек демалысына шығып, ауылға келдік. Үйге келісімен енем баламның денесін ашып көріп: «Мына баланың денесіне шілде суын дұрыс тигізбепсің. Қолтығының асты мен мойны содан қызарып кеткен. Бейшара баланы шірітіп жіберуге айналыпсың ғой. Шілде суын алып қалып па едің?» – деп сұрады. Енемнің сөзін түсінбегендіктен: «Шілде суы деген не, апа?» – деп сұрадым. «Шілде суы деп баланы ең бірінші шомылдырған суды айтады. Сол суды баланың денесіне түгелдей тигізіп шығу керек. Егер олай етпесе, баланың денесі осылайша қызарып, ол оңайлықпен жазылмайды. Шілде суын түгелдей төгіп тастамастан, кішілеу бір ыдысқа құйып алып қалып, кейін қызарған жеріне жақса оп-оңай кетіп қалады», – деді. Мен ондай суды төгіп тастағанымды айттым. Сол күні енем келіні жақында босанған үйлерді аралап жүріп, бір кесе шілде суын тауып әкелді. Сол сумен баламның қызарған жерлерін жудық. Көп ұзамай-ақ баланың денесінің қызарған жерлері жазылып кетті. Шілде суының осындай қасиеті барына сонда ғана көзім жетті. Сондықтан мен жас келіншектерге баланы алғаш рет суға түсіргенде тәжірибелі, көпті көрген аналарға шомылдыртқан дұрыс екен деген кеңес айтқым келеді. 


Х. Сәбенова, Жетісай қаласы. 
«Ауырмаңыз!» газетінен.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір