10 Қыркүйек, 2018 Денсаулық
АҚШ-тың компаниясы Қазақстан билігіне пара бергені үшін жазаланды
Бірақ, қазір жұртты қызықтырып отырғаны басқа. Параны бергендер жөнінде естідік дейік. Ал, сонда оны алған кім?
Осы аптада әлеуметтік желіде қызу талқыланған тақырыптардың бірі шетелдің «Sanofi» компаниясына қатысты. Фармацевтика саласының алыбы Қазақстан нарығында өнімдерін саудалау үшін бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барған. Және сол үшін жауапқа да тартылыпты.
Белгілі болғандай, фирманың орталығы орналасқан АҚШ билігі фармкомпанияның бұл былықтарын біліп қойған. Сөйтіп, жемқорлықты су қаны сүймейтін олар жазаның ең тиімді әдісін қолданған көрінеді. Аты дардай компанияға 25 млн доллар айыппұл салып, біраз шығындатыпты. Компания болса бұл іске қатысы бары-жоғы туралы тіс жармағанымен, айыппұлды төлеуге үнсіз келіскен екен. Осыдан кейін бәрі жақсы деп, мәселені жылы жауып қоя салуға болар еді. Алайда, оқиғаның көлеңкелі тұстары көп болып тұр. Параны бергендер туралы естідік. Ал, параны алған кімдер сонда? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қазір басың ауырып, балтырың сыздағаны былай тұрсын, сәл суық тисе болды, жанымыз шығып дәріхана жағалайтынымыз бар.
Алайда, сол денсаулығымызға маңызды дәрі-дәрмектің өзі елге жемқорлықпен жеткізіледі екен.
Бұл туралы жуырда АҚШ-тың қымбат қағаздар мен биржа жөніндегі комиссиясы жеке сайттарында жариялады. Белгілі болғандай, француздың «Sanofi» фармкомпаниясы өнімдерін Қазақстан нарығында саудалау үшін ел шенеуніктеріне пара берген көрінеді.
Бірақ, қазір жұртты қызықтырып отырғаны басқа. Параны бергендер жөнінде естідік дейік. Ал, сонда оны алған кім?
Мұны бас дәрігердің өзінен сұрап білуді жөн көрдік. Алайда, ол кісі бұл жөнінен хабарсыз болып шықты!
«Біздің елде бұл компанияға я олардың дистрибьютерлеріне пара беру, немесе басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар фактілері тіркелмеген» - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұл сұрақтың енді көп сұрақтай көкейімізде көлкіп қалары сөзсіз! Бірақ, қамықпаңыздар!
Өйткені, әр оқиғадан мемлекет болсын, адам болсын, өзіне пайдалы бір дүние түйіп жатады!
Біздіңше, дәл осы мәселеде бізге АҚШ тарапының әрекеті үлгі болу керек.
Фармкомпанияның бармақ басты, көз қысты әрекетке барғанын біліп қойған олар, компанияға 25 млн доллар айыппұл салып, жемқорлықпен күрестің жарқын үлгісін көрсетті!
«Айыппұл тұрғысынан келгенде Американың қылмыстық заңдары бізге қарағанда қатал. Өйткені бізде қылмыстық заң бойынша ең алдымен заңды тұлғаларды қылмысқа тартпаймыз, біз тек жеке тұлғаларды жауапқа тартамыз. Одан кейін тағайындау мүмкін болатын айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіш я пара мөлшерімен ғана шектеледі» - дейді заңгер Нұрлан Ниетуллаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір